ХҒТАР 03.20.00
О.Х. Мұхатова
Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Алматы, Қазақстан (Е-mail: [email protected])
Қазақстандағы 1920 жылдардағы оқу-ағарту
Аңдатпа. Мақалада Қазақстандағы 1920-жылдардағы оқу-ағарту тарихы Қазақстан Республикасы Президенті, Орталық және Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қорларында сақталған аса құнды құжаттарды талдау, тың көзқарастар және отандық тарих ғылымында бекітілген ғылыми тұжырымдар негізінде баяндалады. Автор Қа- зақстанда кеңес өкіметі орнатылғанан кейін он жылдан астам уақыт ішіндегі кеңестік білім берудің ұтымды тұстары мен кемшіліктерін көрсетеді. Халық ағарту ісін ре- волюциялық негізде қайта құрудың маңызды құжаттары талданады. Ағарту халық комиссариатының білім беру жүйесін қалыптастыру және дамыту бойынша қаулы-қа- рарлары, олардың мәні мен мазмұны айқындалады. І және ІІ басқыштағы, жеті жылдық білім беру жүйесінің қалыптасуы, мектептер, мектеп-коммуналары туралы айтыла- ды. 1920-1921 оқу жылында Қазақстандағы мектептер және оқушылар саны, бюджет- тен бөлінген қаржы көлемі көрсетіледі. Лениндік еңбек мектебінің қалыптасу және да- мыту үрдістері анықталады. Білім берудегі саяси-ағарту жұмыстарының бағыттары және нәтижелері ашылады. Ағарту жұмыстарындағы қиындықтар, мектепке үй-жай- лары мен мамандардың жетіспеуі түйткілдері қарастырылады. Өлкеде мектептердің және оқушылар санының артуы салыстырмалы түрде көрсетіледі. Орта арнайы және жоғары мектепте білім беру жағдайы туралы айтылады. Орта арнайы және жоғары оқу орындарында білім беру жүйесіне қажетті мамандарды даярлау мәселесі айтыла- ды. Білім берудегі сауатсыздықты жою, латын графикасына көшу, оқулықтар шығару, пәндер бойынша дайындалған оқу бағдарламалары туралы сөз болады. Жергілікті халық ағарту бөлімдерінің бірыңғай қазақ еңбек мектептеріне арнаған жаңа оқулықтарды басып шығару жұмыстары көрсетіледі. 1920-жылдары ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметі және бағыттары көрсетіледі.
Түйін сөздер: «революциялық әскери кеңес»; «оқу-ағарту»; «білім беру»; «еңбек мек- тебі»; «мұғалім»; «декрет»; «Ағарту халық комиссариаты»; «сауатсыздықты жою»;
«оқулық»; «бағдарлама».
DOI: https://doi.org/10.32523/2616-7255-2021-135-2-35-47 Түсті: 05.05.2021 Жарияланымға рұқсат етілді: 15.05.2021
Кіріспе
Қазақстаннның индустриалды иннова- циялық дамуы қоғамның барлық салаларының жаңаша дамуын талап етеді. Соның ішінде білім беруді және оқыту, кәсіби мамандарды даярлауда заманауи талаптар, инновациялық тәсілдер бірінші кезекке қойылады. Заман талаптарына қарай оқытудың тың тәсілдері
мен әдістерін пайдалану кемел ұрпаққа сапалы білім берудің, бәсекелестікке қабілетті, білімді де білікті мамандар даярлаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.
Осынау мақсатқа қол жеткізуде өткен тарихи кезеңдердегі білім берудегі тәжірибені, оның озық тұстарын зерттеу өзекті болып саналады.
Заманауи қоғамдық пікір кеңестік кезеңдегі білім беру деңгейінің жоғары және
мамандардың сапалы болғандығын айтады, өйткені оның тұғыры мықты, ғылымилығы өзіне сәйкес болатын. Ал қазіргі білім беру жүйесі одан мүлде басқа, оның талаптары әлемдік өлшемдерге пара-пар. Сонымен қатар білім берудің кредиттік технологиясы іргелі білімнен жаңашыл бағыттарға өтуге, кәсіби қызметін дербес жүргізе алу қабілетін қалыптастыру мақсатын қойған. Себебі бұл білім беру жүйесі оқыту емес үйретуді көздейді. Ал кеңестік білім беру жүйесінде оқытуға басымдылық танытылған. Кеңес өкіметі орнатылған алғашқы күндерінен- ақ үкімет оқу-ағарту жұмыстарына ерекше назар аударған. Сондықтан бұл үрдістің тарихын білу және тәлімді тұстарын тәуелсіз болашақ дамуына пайдалану көкейкесті болып табылады.
Қарастырылып отырған мәселенің деректік базасын Қазақстан Республикасы Президенті, Орталық және Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қорларында сақталған аса құнды құжаттар және сонау 1928 жылы жарияланған «Одақтық орталық атқару комитетінің 13-шақырылымындағы 3- сессиясына Қазақстан орталық кеңес комитетінің есептік мағлұматы» атты материалдар жинағы құрайды. Сонымен қатар Е. Ривлин және У. Туралиевтің бірлескен «Народное образование в Кзыл- Ординской области за годы советской власти» атты қолжазба құқындағы еңбегі де зерттеудің деректік базасын қалыптастыруға септігін тигізді. Сондай-ақ 1960-жылдары жарияланған деректік тұрғыдағы зерттеулер таңдап алған мәселені терең қарастыруға септігін тигізді.
Ғылыми мақаланың мақсаты - Қазақстандағы 1920-жылдардағы оқу- ағарту жүйесін тың архив құжаттары және көзқарастар негізінде зерделеу.
Көздеген мақсатқа қол жеткізуде мына төмендегі міндеттер қойылады:
- халық ағарту және білім беру ісін қазан революциясы ауқымында қайта құруды талдау;
- лениндік еңбек мектебінің қалыптасу және дамыту үрдістерін анықтау;
- кеңес өкіметі орнатылғаннан кейінгі он жылдан астам уақыт ішіндегі кеңестік білім берудің ұтымды тұстары мен кемшіліктерін көрсету;
- ағарту жұмыстарындағы кедергілер мен қиындықтарды шынайы тарихи ұстаным және архив деректері бойынша қарастыру;
- өлкеде мектептердің және оқушылар санының артуы салыстырмалы түрде талдау;
- орта арнайы және жоғары мектепте білім беру жағдайын баяндау;
- білім берудегі ғылыми, саяси-ағарту жұмыстарының бағыттарын, сауатсыздықты жою, латын графикасына көшу үдерісін айқындау;
- оқулықтар шығару, пәндер бойынша дайындалған оқу бағдарламаларынығ мазмұнын ашу.
Зерттеу әдістері
Мәселені кешенді зерделеу үшін тарих ғылымдарында кеңінен пайдаланылатын тарихилық, шынайылық және әлеуметтік тәрізді жалпы методологиялық қағидалары қолданылды. Жалпыметодологиялық қағидалар және кешенді, әмбебап зерттеу бағыттары 1920-жылдардағы өлкедегі оқу- ағарту жұмысын архив құжаттары және деректік маңызы бар еңбектер негізінде салыстырмалы түрде қарастыруға мүмкіндік береді.Зерттеудеарнайытарихи,деректанулық және тарихнамалық әдістер талдау, синтездеу, салыстырмалы-тарихи, ретроспективті, қорыту, бағалау, моделдеу, есептеу, баяндау кеңінен пайдаланылды. Зерттеу тарих ғылымдарының тұжырымдалары мен теорияларына сүйенді, өйткені олар белгілі бір мәселені мерзімдемелік тұрғыда архив құжаттары және тарихнамалық деректер бойынша талдауға мүмкіндік береді.
Талқылау
Қазақстандағы 1920-жылдардағы оқу- ағарту тарихы - отандық тарих ғылымында арнайы зерттеу нысанына айналмаған тақырыптардың бірі, өйткені мәселе бойынша
іргелі зерттеулер орын алмаған. Осы орайда айтып кететін бір жайт, 1920-1930-жылдардағы өлкедегі білім беру мен ағарту жүйесі тарихы кешендізерттеу нысаны ретінде зерделенбеген.
Дегенмен бірлі-жарым ғылыми еңбектерде мәселе үстірт қарастырылған. Тарихнамада орын алған ғылыми әдебиеттердің арасында Ә.І. Сембаевтың (Сембаев, 1967) оқу құралы түріндегі іргелі еңбегі ерекшеленеді. Дегенмен еңбекте қазіргі тілмен айтқанда орта білім берудің өткені, яғни қазақ совет мектебінің тарихы кешенді түрде баяндалады.
Көрсетілген кезеңдегі білім берудің кейбір мәселелері Қазақстанның мәдени дамуы ауқымында Р.Б. Сүлейменовтің зерттеуінде айтылады. Автор мәдени революцияның аясында орта және жоғары білім беру орындарына, мамандар даярлауға, жоғары оқу орындарын ұйымдастыруға ат салысқан тұлғаларға, сауатсыздықты жоюға, ғылыми мекемелердің қызметіне қысқаша тоқталып кеткен. 1920-жылдардағы оқу-ағарту тарихы К. Құнантаеваның «Қазақстанда халыққа білім беру ісінің дамуы» (Құнантаева, 1998) атты оқу құралында үстірт қарастырылады.
С. Мусиннің кандидаттық диссертациясында (Мусин, 1960) Қазақстандағы 1920-1936 жылдар аралығындағы қазақ кеңестік мектебіндегі оқу-тәрбие жұмыстарының тарихы тарихилық, партиялық қағидалар негізінде зерттелді. И.Б. Мадин Қазақстандағы жоғары сырттай педагогикалық білім беруді зерделеуде 1920-жылдардағы оқу-ағарту ісіне шолу жасап өтті (Мадин, 1961).
Осылайша 1920-жылдардағы оқу-ағарту тарихының зерттелу деңгейіне жасалған шолу мәселенің кешенді түрде зерттелмегендігін дәйектейді. Сол себепті оны жаңа ұлттық көзқарас тұрғысынан шынайы зерттеудің қажеттілігі туындайды.
Нәтижелер
Қазақстанда кеңес өкіметі орнатылғанан кейін шаш етектен атқарылуға тиіс істердің арасында оқу-ағарту мәселесі алдыңғы кезектердің біріне қойылды. Большевиктік биліктің бұрынғы Ресей империясының
барлық аймақтарында орнатылып болмағандығына қарамастан 1917 жылдың 9 қарашасында РСФСР Халық ағарту Комиссарлары Кеңесінің «Халық ағарту істерінің мемлекеттік комиссиясын құру туралы» В.И. Ленин қол қойған декреті жарияланды. Бұл комиссияға бұрын Халық ағарту министрлігі атқарып келген қызметтің бәрі жүктелді. Осылайша халық ағарту жүйесін революциялық жолмен қайта құру шаралары басталып кетті. Бұл шаралардың мәні маркстік-лениндік дүниетану принциптеріне сүйене отырып адамның сана-сезімін ескіліктің сарқыншақтарынан, діннен арылтып, социалистік қоғам құруға бағыттау, білім беру жүйесінің иедологиялық бағытын өзгерту болды. Осыған орай 1917 жылы 15 желтоқсанда «Тәрбие және білім беру ісін діни мекеменің қарамағынан алып, Халық ағарту комиссариатының қарамағына беру туралы» қаулыға қол қойылды.
Бұл қаулыға сәйкес діни ведомствоның қарамағындағы оқу орындарының бәрі (шіркеу-приход мектептері, діни училищелер мен семинариялар, қыздардың епархия училищелері, миссионерлік мектептер, мұсылмандық діни мектептер мен медреселер) және басқа барлық төменгі, орта, жоғары мектептер өздерінің бар мүлкімен Халық ағарту Комиссариатының қарамағына тапсырылды (Сембаев, 1967:50)
Халық ағарту ісін революциялық негізде қайта құру 1918 жылдың басынан бастап одан әрі жалғастырылып, бірқатар аса маңызды құжаттар қабылданды. 1918 жылдың 21 қаңтарында РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Дінді мемлекеттен, мектепті діннен бөлектеу туралы» декрет қабылдады. Бұл декретті орындай отырып мемлекеттік комиссия өзінің 1918 жылғы 18 ақпандағы
«Дүниелік білім беру мектебі туралы» қаулысы бойынша мемлекеттік және жеке меншікті мектептердің бәрінде дін сабағын оқытуға, онда діни ғибадат парыздарды атқаруға тиым салды (Сембаев, 1967:50). 1918 жылы 31 мамырда Ағарту халық комиссариаты ер балалар мен қыз балаларды бірге оқыту туралы қаулы шығарды. Оқу-ағарту ісін
түбегейлі қайта құруда 1918 жылдың 16 қазанындағы «РСФСР-дің бірыңғай еңбек мектебі туралы ережесінің» және «Бірыңғай еңбек мектеінің негізгі принциптері»
үндеуінің маңызы зор болды. Аталмыш үндеу
«Бірыңғай еңбек мектебі туралы декларация»
деп аталып кетті. Бұл құжаттарда кеңестік еңбек мектебінің негізгі принциптері мен ұйымдастыру негіздері баяндалды. Халық ағарту мәселелері туралы кеңес өкіметі қабылдаған директивалар бір жүйеге келтірілді. Бұл директиваларда мектептің міндеттері мен құрылымы, сондай-ақ РСФСР- дің бірыңғай кеңес еңбек мектебіндегі оқу және тәрбие жұмысын ұйымдастыру жүйесі белгіленді. Ереже бойынша еңбек мектебінің екі басқыштағы жүйесі бекітілді. І-басқыш – оқу мерзімі бес жыл, 8 жастан 13 жасқа дейінгі балаларға арналған; ІІ-басқыш – оқу мерзімі төрт жыл, 13 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға арналған (Сембаев, 1967:53).
Көптеген қиындықтар мен кедергілерге қарамастан лениндік еңбек мектебін қалыптастыру мен дамыту идеясы Қазақстанда да жүзеге асырыла бастады.
1919 жылы бірыңғай еңбек мектептері Жетісу облысында, Орынборда және республиканың өзге де аймақтарында құрыла бастады.
Жетісу өлкесінің Қапал уезіндегі ауылдар мен селоларда өткізілген жиналыстардың бәрінде кеңестердің облыстық съезінің делегаттарына арнайы тапсырмалар қабылданды. Бұл тапсырмаларда шаруашылық мәселелерімен қатар сауатсыздықты жою, жаңа мектеп ашу туралы талаптар қойылды (Сембаев, 1967:53).
Халықтың мектеп ашу туралы талаптары көбее берді, бірақ мектепке керекті үй- жай, жихаз, оқу жабдықтары, ең керекті деген оқу, жазу құралдары болмады, қазақ мұғалімдері, білімді педагогтер, басқарушы қызметкерлер жетіспеді. 1920 жылы 6 ақпанда Түркістан республикасының халық ағарту комиссариаты мектептерге қажетті мамандарды жеделдетілген түрде даярлау міндетін қойды. Мектеп өміріндегі жаз айларындағы үзілісті І-басқыштағы мектептер үшін қажетті мамандарды дайындауға арнау күн тәртібіне шығарылды. Осы мақсатқа
жетуде комиссариат республиканың облыстық қалаларында жалпы білім беретін және әдістемелік педагогикалық курстарды ұйымдастыруды қолға алды (ҚОМА, 41:6.).
Комиссариаттың 1920 жылы 5 мамырдағы өкіміне сәйкес жаз айларында екі ауысымда барлық облыстарда дайындық және жаңарту педагогикалық курстарын ұйымдастыру қажеттілігі қадап айтылды. Сол себепті мектептердегі сабақты 1 мамырдан бастап тоқтату көзделді. І және ІІ басқыштағы мектеп жұмысшылары екі бөлікке бөлініп, бір бөлігі екі ай бойы курстың тыңдаушыларына айналды. Ал екінші бөлігі алғашқыларына демалыс жарияланғанда өз жұмыстарын бастады. Қазақ ревкомының халық ағарту комиссариатының шешімімен төрт айлық курстарда мынадай пәндер оқытылды:
социализм тарихы, саяси экономия, совет конститутциясымен байланысты право және мемлекет туралы ілім, ислам тарихы (түркі тайпаларының тарихы), география, орыс әдебиетінің тарихы, арифметика, жаратылыстану, ән үйрету, мектеп гигиенасы, сурет және мүсін жасау, педагогикадағы жаңа ағымдар, еңбек мектебінің принциптері, балалар әдебиеті, ана тілінің методикасы, арифметиканы, географияны, тарихты, жаратылыстануды, оқуды және еңбек процестерін үйрету методикасы, ауыл шаруашылығы, қол еңбегі. Алайда білімді әрі білікті мамандардың болмауы себепті көп пәндердің сабақтары өткізілмеді. Алаш қайраткерлерінің табандылығы арқасында ислам тарихы, түркі тайпаларының тарихы негізгі пәндердің санатында оқытылды.
Мұның өзі зиялы қауым өкілдерінің мектеп оқушыларының ұлттық тарих пен салт- дәстүрді санасына сіңіру мақсатын көздегенін анық көрсетеді.
Ағарту халық комиссариатының
1920 жылғы 26 шілдедегі өкімінде қазақ
мектептерінің мұғалімдерге аса зәру екендігі ашып көрсетілді. Түркістан мұғалімдер семинариясын бітірген, түркі тілдерін меңгергендің европалық мектептерде қызмет ететіндігі айтылды. Жергілікті халықтың мәдени деңгейін көтеру үшін 1920 жылдың
1 тамызынан бастап Түркістан мұғалімдер семинариясын тәмамдаған, өзбек және қырғыз (қазақ) тілдерін меңгерген мұғалімдерді түркі мектептеріне мобилизациялаудың жарияланғандығы және онымен білім берудің жергілікті бөлімдерінің айналысатындығы қадап көрсетілді (ҚОМА, 41:49). Осы жылдың 11 маусымында Ревоюциялық әскери кеңестің Түркістан майданы Фрунзенің қол қоюымен Революциялық әскери кеңес жанындағы кешіктіру жөніндегі орталық комиссияға педагогикалық өтіліне қарамастан барлық мұғалімдерді әскери қызметтен босату туралы қайлы қабылдады. Сонымен қатар барлық мектеп нұсқаушыларын әскерге шақырудан босату, мұғалімдердің дайындық курсындағы курсанттарды курстың аяқталуына дейін, бірінші және екінші басқыштағы мектеп оқушыларын белгіленген мерзімге дейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру бұйырылды. Аталғандардан өзге ұлттық техникалық мектептің тыңдаушылары, педагогикалық, техникалық, қолөнер, инженерлік-құрылыс және ауылшаруашылық мектептері мен курстарының студенттері үшін белгіленген мерзімге дейін әскерге шақырылмайтындығы көрсетілді (ҚОМА, 5:34).
Мектепке арналған үй-жайлардың жетіспеуі биліктегілерді айтарлықтай ойландырды. Ағарту халық комиссариатының 1920 жылдың 1 шілдесіндегі өкімі осы мәселені шешудің алғашқы қадамдарының бірі болды.
Өкімде оқуға арналған ғимараттардың жетіспеушілігі Түркістандағы жалпыға бірдей білім берудегі үлкен кедергілердің бірі екендігі айтылды. Кеңес өкіметін орнату барысындағы қиыншылықтар және азаматтық қарсылық жылдарында орын алған экономикалық ауыр жағдай оқу үй-жайларын салу былай тұрсын аш-жалаңаш халықты азық-түлікпен қамту мәселесі зор қиындықтармен әрең шешілді.
Азаматтық қарсылық жылдары жұмыс жасап тұрған мектептердің мүлкі қиратылып, талан- таражға түсті. Ауылдарда мектепке сай келетін бір, екі бөлмелі болса да үй табылмады.
Алайда өкімде орын алған әлеуметтік- шаруашылық жағдайдың ақиқаты айтылмай
техникалық жағдайларға байланысты жақын арада барлық селоларда, қышлақтар мен ауылдарда мектеп ғимараттарын салудың мүмкін емес делініп қана қойылды (ҚОМА, 41: 44).
Соған қарамастан жалпыға бірдей білім беруді жүзеге асырудағы кезек күттірмейтін бағыт аз да болса мүмкіндіктерді пайдаланбау қылмыс екендігі мойындалды. Көптеген орыс селоларында патша үкіметі салып берген арнайы мектеп үй-жайлары болды. Оларда сабақтар бір аусымда ғана өткізілді. Үй- жайлар толығымен пайдаланылмады. Бар мектеп үй-жайлары қазақ, өзбек тұрғындары үшін пайдаланылмай отырғандығы халық ағарту бөлімдері меңгерушілерінің немқұрайлығынан туындады. Сондықтан осы мектептерде жергілікті және еуропалық тұрғындар үшін екі аусымда сабақ өткізуді ұйымдастыру осы ұйымдарға қатаң тапсырылды.
Елдегі ауыр әлеуметтік-шаруашылық жағдайына қарамастан өлкеде бірте-бірте мектептер саны көбейді. Мәселен, 1920- 1921 оқу жылында Қазақстанда 2410 мектеп болды. Бұл көрсеткіш 1914-1915 жылмен салыстырғанда төрт жүздей артық еді, өйткені осы кезде барлығы 2011 мектеп білім берді. Сәйкесінше оқушылар саны да артты. Егер 1914-1915 оқу жылы 105239 оқушы білім алса, 1920-1921 оқу жылында 144002 бала оқыды (Сембаев, 1967:69), яғни оқушылар саны 35 мыңдай адамға көбейген.
Дегенмен балалардың кейбіреулері, әсіресе Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-батыс аймақтарында, яғни көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы сақталған аудандарда оқуға кешігіп келді, өйткені оларды ата-аналары жайлаудан түскенде ғана мектепке апарды. Ерте көктемде наурыз- сәуір айларында ата-аналары көктеуге көшуге байланысты балаларын мектептен алып кетті (Ривлин, 1957:10). Осылайша балалар толыққанды білім ала алмады. Әсіресе қыз балаларды оқыту өткір сипат алды. Екінің бірі қыздарының білім алуын қолдамады. «Қыз - жат жұрттық» деген түсінік терең тамыр тартқан ауылдарда қыздарды оқытуға құлық
танытыла бермеді. Оның үстіне мектеп үй- жайларының нашарлығы ата-аналарын оқуға беру ынтасынан айырды.
Әлідеболсамұғалімдердіңтапшылығыанық байқалды. Педагог мамандар қысқа мерзімді курстар арқылы дайындалды. 1923 жылы қысқа мерзімді курстарда 147 қазақ мұғалімі даярланды. Жоғары білікті мұғалімдерді дайындау мәселесі әлі де өткір сипатты иеленді. Осы орайда 1920 жылы Ташкентте ашылған Түркістан мемлекеттік университеті мұғалімдер даярлауға, оларды жетілдіруге көп көмегін тигізді. Сол кезде Орталық Азия мен Қазақстандағы бірден бір ғылыми және мәдени орталық саналған бұл университет мыңдаған өзбек, қазақ, тәжік, қырғыз және т.б. ұлт өкілдерінен мұғалімдер даярлады.
Университет түрлі педагогикалық курстарды, әдістемелік кеңес беру, конференцияларды ұйымдастыру және өткізу жолымен мұғалім мамандарды қайта дайындаудан өткізді. 1928 жылы Алматыда тұңғыш педагогикалық институт ашылды. 1920-жылдардың соңы
1930 жылдардың бас кезінде бірқатар
инженерлік, ауылшаруашылық және медициналық жоғары және орта арнайы оқу орындары ашылды: Алматы ветерианарлық- зоотехникалық, Қазақ ауылшаруашылық, Қазақ медициналық, Семей геологиялық барлау, Орал педагогикалық институты.
Ауыр кезеңде құрылған шағын жоғары оқу орындары көп ұзамай жабылып қалды.
Жоғары оқу орындарын ұйымдастыруға орталықтан келген және жергілікті профессор, оқытушылар В.В. Бартольд, С. Асфендиаров, Б.А. Домбровский, О.И. Жандосов, Д.А.
Зыков, С.Д. Арганчеев, П.О. Исаве, С.Е. Малов, Т.К. Жүргенев, Ф.И. Оликов, С. Кособулатов, Б.И. Ильин-Кокуев, Х.К. Жұбанов, И.С.
Баккал, С. Сейфуллин қомақты үлес қосты (Сулейменов, 1987:45-46). 1925 жылға қарай өлкеде педагогикалық техникумдардың қатары көбейіп, олардың саны 14-ке жетті.
Атап айтатын болсақ: Орынбор, Семей, Петропавл орыс, Семей, Өскемен, Петропавл, Бөкей, Қарақаралы, Жетісу, Сырдария қазақ, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе, Орал аралас техникумдары. 7 ауыл шаруашылық және өзге
де техникумдар жұмыс жасады. Қазақстанда бірқатар халық ағарту институттары ашылды.
Солардың алғашқысы – 1921 жылы Орынбор қаласында ашылған халы ағарту институты.
Институт 1925-1926 оқу жылы Орынбордан Қызылордаға көшірілді. Институттың мақсаттық бағыты жетіжылдық қала және ауыл мектептеріне мамандар даярлау болды. 1928 жылдың басынан Қазақ ағарту институтының жанынан екі жылдық мұғалім қыздарды мақсаты Ібасқышауылмектептеріне дайындайтын курстар ашылды. Курстардағы оқушы мұғалім қыздардың жалпы саны 44 адамды құрады. Қазақ ағарту институтында 27 адам, соның ішінде тек институтта қызмет ететін штаттағы оқытушылар саны небәрі 9, қосалқы жұмыс жасайтындар 18 адам болды (ҚОМА, 17:26).
Жалпы өлкеде 4 ағарту институты мамандар дайындаумен айналысты.
Олардағы оқушылар саны 692, солардың ішінде 555 қазақтар болды. 6 фабрика-зауыт училищелері, 7 кәсіби курстар жұмыс жасады.
Ағарту институттарынан өзге аталған оқу орындарында барлығы 4170 адам білім алды (Материалы, 1928:110). Бұл бес миллионнан астам халқы бар республика үшін теңіздегі тамшыдай еді. Дегенмен жыл өткен сайын оқушылар саны да арта түсті. Мәселен, 1926-
1927 оқу жылында 6634, 1927-1928 оқу
жылында 6783 оқушыға көбейді.
1924 жылғы 1 сәуірдегі ресми мәліметтер бойынша республиканың білім беру саласында, әлеуметтік тәрбие мекемелерін, балалар үйлерінің қызметкерлерін қосқанда, барлығы 5388 адам қызмет етті. Солардың 3954-і орыстар (73%), 1149-ы қазақтар (21%), 254 –і татарлар (5%), 31-і басқа ұлт өкілдері
(1%) болды (ҚРОМА, 567:78). Алайда
мектептерде жұмыс жасаған мұғалімдердің барлығының дерлік білімі мен біліктілігі бірдей болмады. Араларында өз қызметіне сай еместері де, қажетті білімдері жоқтар да кездесті. Мұғалімдердің еңбек ақысы сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ауқымында орташа деп есептелді.
І-басқыштағы мұғалімдердің орташа айлық жалақысы 1924-1925 оқу жылында 25 сом 53
тиынды, 1925-1926 оқу жылында 32 сом 85 тиынды, 1926-1927 оқу жылында 39 сом 85 тиынды құрса, 1927-1928 оқу жылында ол 50 сомға жуық болды (Материалы, 1928:110).
Кеңес Одағының жаңа экономикалық саясатқа көшуі білім беру саласында біршама ілгері жылжуға әкелді. Бұл денсаулық және тазалық шарттарына сәйкес келетін мектеп үйлерінің салына бастауынан көрінді.
Дегенмен де әлі болса ауылдарда мектеп үй- жайлары болмады. Ауыл мектептері бір бөлмеден тұратын жертөлелерде орналасты.
Екібөлмелімектептербарболатынболса, оның бір бөлмесінде үй қожасы отбасымен тұрды.
Осындай қиындықтар мен кемшіліктерге қарамастан ауылдық жерлердегі мектептердің саны артты. Мектеп үйлері шикі кірпіштен, ағаштан салынды. Жаңа өкіметтің күш салуына қарамастан білім беру саласы қаржы және материалдық ресурстарға аса зәру болды. А. Байтұрсынов 1923 жылы «ашылатын мектептерге бөлінген ақша 2616 мұғалімдер мен кітапханашылардың жалақысына ғана жетеді. Балаларды оқумен толық қамту үшін 20 мыңнан аса мұғалім керек» екенін айтты.
Ол халықты, губаткомдарды, болыстық және ауылдық биліктерді мектептерді өздері ашуға, оларды ұстауға өз қаражаттарын жұмсауға және аса кедей отбасындағы балаларды тегін оқытуды қарастыруға шақырды. Шалғай және халық сирек қоныстанған елді мекендерде интернаттар және мектеп бөлімдерін ашуды ұсынды (Қазақстан тарихы, 2010:383).
Мектептер салуға бюджеттен арнай қаржы бөлінді. Егер 1924-1925 оқу жылында ҚАССР мемлекеттік бюджетінен 2.709.927, жергілікті бюджеттен 3.706.864, барлығы 6.416.791 сом қаржы бөлінсе, 1925-1926 оқу жылында мемлекеттік бюджеттен 3.295.410, жергілікті бюджеттен 6.121.164, барлығы 9.416.574 сом ақша бөлінді (Материалы, 1928:108). 1924-
1925 оқу жылында республикада барлық
қазақ мектептерінің саны, соның ішінде І және ІІ басқыш, І басқыш үлгілі-тәжірибелі, жеті жылдық мектептер, мектеп-коммуналар
775-ке жетті. Бұл мектептердегі қазақ
мұғалімдерінің саны 31088 адамды құрады (ҚРПА, 141: 1-7). Көшпелі және жартылай
көшпелі шаруашылықты аудандарда мектеп- коммуналар көбейді. Мектеп-коммуналарға көбінесе кедей, жалшы, батырақ, қызыл әскер балалары және жетімдер алынды. Бұл оқушылардың бәрі мемлекет есебінен тегін оқытылды, тегін жатақханамен, тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Ата- аналары тамақтың, киімнің ақысын және басқа шаруашылық шығындарын төлейтін болса, бұл мектеп-коммуналарға орташалардың балалары да қабылданды (Сембаев, 1967:179). 1926 жылы Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі «Қазақ мектеп- коммуналардың жарғысын бекітті. Мектеп- коммуналарымен қатар шаруа жастарының мектептері дегендер жұмыс жасады. Мұндай мектептерге балалар үйінде тәрбиеленген, жасы асқан балалар, сондай-ақ кедейлер мен жалшылардың балалары алынды. Мұнымен бірге жетіжылдық мектептер және ол мектептердегі оқушылар көбейтілді. Егер 1927 жылдың санағында 104 жетіжылдық мектеп, ондағы оқушылар саны 30975 оқушыны қамтыса, 1929 жылдың соңында олардың саны 142-ге, ал оқушыларының саны 34 422-ке жетті.
Кәсіптік бағыттағы ІІ басқыш мектептерді көбейту жұмысы да кеңінен жүргізілді.
Фабрика-зауыт оқуының мектептері басқа автономиялы республикалардағыдай кең өріс ала алмады, өйткені өлкеде ұсақ кәсіпшіліктер болмаса ірі кәсіпорындары жоқ еді. Дегенмен индустрияландыруға бағыт алу фабрика-зауыт оқуына ынта-жігер тудырды.
Индустрияландыруға қажетті мамандарды дайындау және үнемі толықтырып отыруды көздеген кеңес үкіметі бұл оқу түрін басты назарда ұстады. Бастауыш мектептер желісі айтарлықтай өсті. Мәселен, 1924-1925 оқу жылы қазақ бастауыш мектептері 1248 болса, орыс – 1386, ал 1925-1926 жылы сәйкесінше қазақ – 1538, орыс – 1536 болды (Материалы, 1928:108). Оқушылар саны да артты.
1927-1928оқу жылында республикаданебәрі
үш қазақ орта мектебі болды: Ташкент пен Орынборда үлгілі-тәжірибе мектептері және Қызылордада тоғызжылдық мектеп. 1920-1921 оқу жылында Орынборда ашылған коммуна түріндегі үлгілі-тәжірибе мектебі өлкелік
қазақ мектебі болды. Ол РСФСР Халық ағарту комиссариаты үлгілі-тәжірибе мекемелер жүйесіне кірді және Қазақстандағы ең ірісі болды. Мектепте 1923-1924 оқу жылында 383 адам оқып, оның 350-і интернатта орналасты.
Оқушылардың қатарында 47 қыз бала бар еді. Қазақ АССР ХАК-ның нұсқауларын басшылыққа ала отырып, бұл мектеп жергілікті жағдайларда қолданылатын оқу бағдарламалары, педагогикалық және әдістемелік ұсыныстар дайындады. Өзінің қызмет барысында мектеп РСФСР Хак-ның ұсынған үздік оқу материалдарын пайдаланды (Құнантаева, 1998:16). Бұлардан өзге даярлық бөлімдері бар жұмысшы факультеттері дұмыс іседі. Жоғары оқу орындарына түсетін оқушыларды толық жеткізу үшін екі жылдық даярлық бөлімдері онан әрі жұмыс істеді, бұл бөлімдерге жеті жылдық білімі бар қазақ жастары қабылданды.
Дегенмен ауыл мектептері мектеп жасындағы балалардың тек бестен бір бөлігін қамтыды. Мұның өзі бір жағы көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен байланысты болса, екінші жағы мектеп жасындағы балаларды мектепке тарту ісінің жолға қойылмағандығынан хабар береді. Әсіресе қазақ қыздары мектепке әлсіз тартылды. Оқуға беру былай тұрсын ата-аналарының І жалпы ресейлік халық санағы кезінде қыздарын жасырып қалған оқиғалар жиі кездесті. Оның себебі қыздарын қалың малға сатуды көздеген пиғылмен тікелей байланысты еді. Мектепке қажетті құрал-жабдықтар, жазу құралдары, карта, оқулықтар жетіспеді. Балалар жертөлелерде жерде немесе жыртық киіздің үстінде отырып сабақ оқыды. Кейбір мектептерде тақта деген атымен болмады, оның орнына тот басқан темір кесіндісі қолданылды.
Мұғалімдерінің бәрі бірдей білімді болмады, шала сауаттылары да білім беруге ынталы болды. Себебі қоғамды мұғалімнің мәртебесі жоғары еді. Оған деген құрмет пен төленетін жалақы мұғалім болғылары келетіндерге үлгі саналды.
Білім беру саласында да кеңестік идеологияның өрістеуі мектептер мен
жоғары және орта арнайы мектептер үшін дайындалатын оқу құралдары мен оқулықтардан анық көрінді. Дегенмен 1920- жылдардың соңына дейін әлі де болса ұлттық бағыттағы қазақ зиялылары дайындаған оқулықтар қолданыста болды.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында орталықтан келетін оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының болмауы қарамастан мұғалімдер жергілікті халық ағарту бөлімдерінің тапсырмаларын орындай отырып, мектептердің жұмыс жоспары мен басқа да оқу құжаттарын жасап, үлкен әдістемелік жұмыс атқарды. Қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдебиеттерді басып шығару Қазақстанда 1920-жылдан басталды.
Оқулықтар ең алдымен І басқыштағы қазақ мектептерін қамтамасыз ету мақсатында басылды. Орыс және саны аз ұлт өкілдерінің мектептері қажетті оқулықтарды орталықтан және сәйкесінше республикалардан алдырды. Жалпы әдебиетті, соның ішінде оқулықтарды, педагогикалық және саяси сипаттағы еңбектерді жариялау жыл сайын көбейді. Мәселен, 1921 жылы небәрі 3 кітап
7500 таралыммен шығарылса, 1924 жылы 62
басылым 183.000 таралыммен, 1928 жылы 127 басылым 1.054.500 данамен басылды.
Осылардың ішінде оқулықтар 22, таралымы 732.000 құрады (Материалы, 1928:118).
Жергілікті халық ағарту бөлімдері бірыңғай қазақ еңбек мектептеріне арнап жаңа оқулықтар шығару бағытында едәуір жұмыс істеді. Мысалы, бір топ методист мұғалімдер Сырдария және Семей облыстарының халық ағарту бөлімдерінің тапсыруы бойынша бастауыш мектептерде оқытылатын пәндерді, олардың бір аптадағы сағат санын анықтады.
Бастауыш мектептерде мынадай пәндерді оқытуды ұсынды: ана тілі, арифметика, тарих, география, табиғат тану, мемлекеттік тілдердің бірі (орыс тілі), сурет салу, жалпы ән, қолөнер ісі, жалпы гимнастика (Сембаев, 1967:61).
Губерниялық халық ағарту бөлімдерінің көпшілігі курстардың оқу жоспарлары мен бағдарламаларын мұғалімдердің жалпы білім даярлығына бейімдеп және мұнан бұрын өткізген курстардың бағдарламаларын
есепке ала отырып, қайта жасады. Мысалы, Орал-Бөкей губерниясының мұғалімдері білім жетілдіру курстарында мынадай тақырыптағы материалдарды өтті: ауыл шаруашылық-аумақтық бірліктегі біртұтас қауым, жергілікті табиғат жағдайы, ауылдағы социалистік құрылыс. Жаттығу сабақтарында мұғалімдер мемлекеттік ғылыми кеңес (ГУС) бекіткен бағдарламалармен танысты.
Бастауыш және орта мектептердегі жағдай осындай болса, ағарту институттарында оқытушылар бағдарламаларды өздері дайындады. Мәселен, Қызылорда ағарту институтында 1928 жылы І және ІІ негізгі бөлімдердің оқушылары үшін А. Байтұрсынов ана тілін оқыту әдістемесі және сызу пәндері бойынша оқу бағдарламаларын дайындады (ҚОМА, 4:3). Сызу пәні бойынша бағдарлама қысқа болғанымен сызу пәні бойынша оқытылатын тақырыптар барынша толық қамтылған. Осы бөлімдердің оқушыларына арналған география және еңбек мектебінің теориясы және практикасы пәндері бойынша бағдарламаларды Т. Шонанұлы, алгебра және геометрия пәндері бойынша Петропавловский, денешынықтыру - Сосин, қоғамтану - Бурабаев дайындады (ҚОМА,4).
Архив қорларында кәсіподақтар жанындағы жұмысшы факульеттерінің тыңдаушыларына, яғни қайта даярлықтан өтетін мұғалімдерге арналған 42 сағатқа негізделген оқытушы Погодин дайындаған «Эволюциялық ілім негіздері», «Диалектикалық материализм»
курстарының бағдарламалары айтарлықтай қызығушылық тудырады (ҚОМА, 14:1-5).
Білім беруде саяси-ағарту жұмыстарына ерекше мән берілді. Бұл істе сауатсыздықты жою кезек күттірмейтін шаралардың бірінен саналды, жетістіктері биік мінберлерде төңкеріске дейінгі кезеңмен салыстыра көрсетілді. 1925 жылы мамырда Қазақстандағы сауатсыздық қозғалысына кең серпін берген
«сауатсыздық жойылсын» қоғамының бүкілқазақстандық бірінші съезі өтті (Құнантаева, 1998:19). 1924 жылы «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының қазақстандық бөлімі өз жұмысын бастады, 1925 жылға қарай қоғамның 882 бастауыш ұйымына 77 800 мүше
тіркелді (Қазақстан тарихы, 2010:383). Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі сегіз жылдың ішінде сауатсыздықтарын жойғандар саны 245 000 адамға жектен. Алайда мұны үлкен жетістік деп айту қиын. Дегенмен төте жазуды меңгеріп, оқып, жаза алатындарды есепке алмаған үкімет қазақтардың 90%-ы сауатсыз деуден танбады. Сондықтан да сауатсыздықты жою өткір сипатта қала берді. Ауылдағы жаппай саяси-ағарту жұмысының негізгі түрі сауатсыздықты жою мен білім беру ісінің негізгі ошағы көшпелі қызыл киіз үйлер – қызыл отау саналды. Қазақстандағы саяси- ағарту мекемелерінің желісі: сауатсыздықты жою пункттері, нұсқаулық мектептер, шала сауаттылар мектебі, ересектерге арналған мектептер, саяси сауат ашу мектептері, кеңестік партия мектептері, кешкі кеңестік партия мектептері, ересектер клубы, қызыл бұрыштар, халық үйлері, оқу үйлері, шаруа үйлері, қызыл киіз үйлер, кітапханалар, театрлар, қызыл шайханалар (Материалы,
1928:111) арқылы сауатсыздықты жою
жүргізілді. 1923 жылдан шаласауаттыларға арналған мектептер ашыла бастады. Осындай жағдайда орталық билік араб жазуын латын әліппесімен ауыстыруды қатаң талап етті.
Жергілікті халықты байырғы мәдениеті мен тілінен, дәстүрінен, тарихынан аластату үшін, орыстандыру саясатын кең көлемде жүргізуге бағытталған арнайы шара көпшілікке өңі айналдырылып түсіндірілді. Араб әліппесінің құрылымы балалардың сауатын ашуды қиындатты, қазақ тілінің барлық дыбыстық ерекшеліктерін үйретуді қамтамасыз етпеді, ғылыми әдебиет пен мектеп оқулықтарын жасауға орасан зор қиыншылық келтірді.
Оның үстіне араб әліппесі полиграфия өнеркәсібінде қазақ әдебиетін теретін жаңа жетілдірілген машиналарды қолдануға мүмкіндік беремеді, мұның өзі қазақ тіліндегі баспасөздің дамуын қатты бөгеп, өнімнің құнын едуір қымбаттатты деген желеу айтылды (Сембаев, 1967:209). ХХ ғасырдың 60- 70-жылдары латын алфавитін құрастырып, әліппесін дайындаған Ахмет Байтұрсыновтың қызметі түбегейлі бұрмаланып көрсетілді.
«Ахмет Байтұрсынов бастаған байшыл-
ұлтшылдар 1922 жылдан 1928 жылға дейін қазақ әліппесін негізінен өзгертуге (реформа жасауға) қарсы қатты күрес жүргізіп келді.
Олар әліппені өзгерту туралы ұсыныстардың қандайына болса да барып тұрған дұшпандықпен қарсы тұрып, оны қазақ тілі мен жазуын орыстандыруәдісідепатады» деген және осымен үндес айыптар тағылды. Шын мәнінде А. Байтұрсынов пен оның пікірлестері
20-жылдарда мәдениет пен білім саласында
ерен еңбек сіңірді. «Халқын, өз ұлтын сүйген Байтұрсынов қазақтың тұңғыш лингвист- ғалымы. Ол қазақ тілі орфографиясының реформаторы, грамматикасы мен қазақ әдебитеті теориясының негізін салушы», - деп жазды оның замандастары. Сол жылдардағы мамандар жоғары бағалаған Байтұрсыновтың араб әліпбиі араб жазуын сәтті реформалаудың және оны қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне бейімдеудің жарқын үлгісі болды. Бұл зайырлы мәдениетті енгізу және жазудды бірыңғайландыру ісін мәдени дәстүрлерді сақтаумен ұштастыруға мүмкіндік туғызды (Қазақстан тарихы, 2010:
384).
Ұлт қайраткерлерінің қарсылығына қарамастан Қазақстан Орталық атқару комитетінің президиумы мен Қазақстан АССР Ағарту халық комиссарлары кеңесі өздерінің
1929 жылғы 24 қаңтардағы қаулысында
латын графикасы негізінде жасалған қазақ әліппесін бекітіп,оны баспасөз бетінде жариялады. Қазақ жастарының Шығыстық түрікшілдік және исламшылдық бағыттағы әдеби деректерін пайдаланудан аулақтатып, ілгері басуға қадам жасаған қазақ жазуына жасалған реформа сауатсыздықтың жаңа белесіне жол ашты. Осыған орай кеңес үкіметі саутсыздықпен күрестің келесі кезеңін жүргізуді қолға алды.
1920-жылдары ғылыми жұмыс мынадай
бағыттарда дамыды: ғылыми және музей мекемелері желісін дамыту; ғылыми- педагогикалық; басылымдық; ғылыми- зерттеу. Ғылыми және музей мекемелері желісі 1925 жылы мынадай болды: музей -1;
ғылыми қоғамдар - 3; қорықтар -1; ғылыми
кітапханалар - 5. 1927 жылы бұл көрсеткіш былайша өзгерді: музей - 7; ғылыми қоғамдар - 6; қорықтар - 5; ғылыми кітапханалар - 5;
кітап палаталары - 1; кітап қоймалары - 2 (Материалы, 1928:112). Осы кезде ғылыми- зерттеу мекемелері: Қазақ ғылыми- зерттеу марксизм-ленинизм институты, ұлттық мәдениет институты, СССР Ғылым Академиясының Қазақ филиалының тарих, әдебиет және тіл секторлары жұмыс істеді.
Жергелікті ұлт өкілдерінен тұңғыш кеңестік қоғамтанушы ғалым-мамандар: тарихшы С.Д. Асфендиаров,тіл маманы Х.К. Жұбанов, философ И. Кабулов және М. Туленов қалыптасты (Сулейменов, 1987:57-58).
Республикадағы ғылыми-өлкетанулық қоғамдар тарихи-экономикалық зерттеулер жүргізді. 1923 жылдан басталған бес жылдың ішінде бұл қоғамдар өлкенің тарихы және экономикасы бойынша бес іргелі еңбек жариялады. Республиканың ғылыми қоғамдарының құрамында 100-ге жуық қазақ еңбек етті (Материалы, 1928:112).
Қорытынды
Осылайша1920-жылдардағыҚазақстандағы оқу-ағарту ісі революциялық жолмен қайта құрудың кеңес өкіметі орнатылғаннан кейін бірден қолға алынғандығы және осы бағытта бірқатар аса маңызды құжаттардың қабылданғандығына көз жеткізілді. Білім беру діннен ажыратылып, зайырлы оқу-ағарту жұмыстары сауатсыздықты жою, жаңа мектеп ашу шаралары жүргізілді. Алайда мектепке керекті үй-жайына, оқу жабдықтары мен құралдарына, мұғалімдерге және басқарушы мамандарға тапшылық анық байқалды.
Әсіресе қазақ мектептері мұғалімдерге аса зәру болды. Осы орын алған олқылықтарды толтыру бағытында бірқатар өкімдер мен нұсқаулар шығарылды. Оқу-ағартуды жолға қою үшін биліктегілер және бірқатар ұлт зиялылары бар күш-жігерлерін жұмсады.
Ағарту халық комиссариатының табанды қызметінің арқасында мектеп және оларда оқтын оқушылар саны көбейді. Бастауыш,
орта мектептермен қатар дайындық курстары, мектеп-коммуналары, фабрика-зауыт училищелері, ағарту институттары ашылды.
Ауыл мектептерін мектеп жасындағы балалармен қамту баяу болса да жүргізілді.
Өлке басшылары мектептерге қажетті мұғалімдерді дайындап, ғимараттар салып, қаржы бөліп, оқулықтарды басып шығарып, қолдан келген шаралардың барлығын
жасады. Нәтижесінде тұрғындар арасында сауатсыздар саны біршама азайып, мектепке тарту көрсеткіші артты.
Осы кезеңдегі оқу-ағартуда орын алған кемшіліктерді жоюдың тәсілдерін және тәжірибесін зерделеу ХХІ ғасырдың бірінші ширегіндегі білім беруді заманауи талаптарға бейімдеуде пайдалану қоғамның дамуы үшін ұтымды болары даусыз.
Әдебиеттер тізімі
1 Архив Президента Республики Казахстан. Ф.141. Оп.1. Д.361.
2 Кызылординский областной государственный архив. Ф. 173. Оп.1. Д.41. Л. 6.
3 КГОА. Ф. 173. Оп.1. Д.41. Л. 49.
4 КГОА. Ф. 173. Оп.1. Д.5. Л. 34.
5 КГОА. Ф. 173. Оп.1. Д.41. Л. 44.
6 КГОА. Ф. 4. Оп.1. Д. 17. ОЦ. Л. 25-28.
7 Центральный государственный архив Республики Казахстан. Ф.81. Оп.1. Д.567.
8 Қозыбаев М., Байпақов К., Алдажұманов К., Қошанов А. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгін- ге дейін. 4-т. / М. Қозыбаев, К. Байпақов, К. Алдажұманов, А. Қошанов. – Алматы: «Атамұра», 2010. - 752 б.
9 Құнантаева К. Қазақстанда халыққа білім беру ісінің дамуы (1917-1990 жж). Оқу құралы / К.
Құнантаева. - Алматы: Ы. Алтынсарин атындағы қазақтың білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 1998. - 138 б.
10 Материалы к отчету Центрального исполнительного комитета Казакской автономной социали- стической советской республики на 3 сессии ВЦИК 13-го созыва. - Кызылорда, 1928. - 140 с.
11 Мадин И.Б. Высшее заочное педагогическое образование в Казахстане. - Алма-Ата, 1961. - 66 с.
12 Мусин С. Из истории учебно-воспитательной работы казахской советской школы Казахской АССР (1920-1936 гг.). Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата педагогических наук. - Алма-Ата, 1960. - 23 с.
13 Ривлин Е.,Туралиев У. Народное образование в Кызыл-Ординской области за годы советской власти. – Кызыл-Орда, 1957. -117 с.
14 Сембаев Ә.І. Қазақ совет мектебінің тарихы. Оқу құралы / Ә.І. Сембаев. - Алматы: Мектеп, 1967.
- 305 б .
15 Сулейменов Р.Б. Великий Октябрь и культурные преобразования в Казахстане / Р.Б. Сулейме- нов. - Алма-Ата: Наука, 1987. - 88 с.
O.H. Mukhatova
Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Almaty, Kazakhstan Education in Kazakhstan in the 1920s
Abstract. The article describes the history of education in Kazakhstan in the 1920s on the basis of an analysis of valuable documents stored in the archives of the President of the Republic of Kazakhstan, the Central State Archives and the State Regional Archives of the Kyzylorda Region. Also, it considers new views and scientific conceptual conclusions approved in the domestic historical science. The author presents the advantages and disadvantages of Soviet education in Kazakhstan more than ten years after the establishment of Soviet power.