• Ешқандай Нәтиже Табылған Жоқ

СВОЕОБРАЗНЫЕ ОСОБЕННОСТИ ФОРМИРОВАНИЯ И РАЗВИТИЯ ШКОЛЫ ИСКУССТВА АЙТЫСА

N/A
N/A
Protected

Academic year: 2022

Share "СВОЕОБРАЗНЫЕ ОСОБЕННОСТИ ФОРМИРОВАНИЯ И РАЗВИТИЯ ШКОЛЫ ИСКУССТВА АЙТЫСА"

Copied!
5
0
0

Толық мәтін

(1)

228 ҒТАХР 17.71.07

АЙТЫС ӨНЕРІ МЕКТЕБІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ, ДАМУЫ, ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІГІ Т.К. Әлбеков, Н.М. Мурсалимова

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы [email protected]

Айтыс өлеңдерінің әдебиет тарихынан алатын орны мен мәні ерекше. Өйткені, бұл жанр аса бай халық әдебиетінің ертеден-ақ өнімді де арналы жеке бір саласын құрап келді. Тіпті, ол бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін бейнелеуге де елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан бұл жанрдың суырыпсалма (импровизация) дәстүріне қарым- қатынасы мен өзіндік табиғи белгі-сипаттарын, оның сан ғасырлар бойы даму ерекшеліктері мен бүгінгі айтысқа жалғасу жолдарын, айтыстағы шындықтың орны мен көркемдік мәселесін арнайы зерттеу қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының басты міндеттерінің бірі болып саналады.

Түйін сөздер: айтыс, жанр, текстология, ақын, дәстүр, фольклор, қолжазба.

Қазақ айтыстарының ерекше жанр ретінде танылып, ел арасынан жиналуы, баспа бетінде жариялануы және зерттеу нысанына алынуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Бұл ретте академик В.В.Радловтың «Жар-жар», «Жұмбақ», «Жанақ пен Түбек», «Ұлбике мен Күдері қожа», Шортанбай мен Орынбай», «Мәнек пен Опан қыз» айтыстарын [1; 320], Ы.Алтынсарин мен Я.Лютштің хрестоматияларында «Жанақ пен бала» [2; 100], «Орынбай мен Қожа», «Болық пен Әзілкеш», «Айдос пен Қарашаш» [3; 124] жыр тартыстарын атап өтуге болады. Мұнан өзге Т.Сейдалин мен С.Жантөриннің, Н.И.Гродековтың, А.В.Васильевтің, М.Ивановтың т.б. жинаған айтыстар Ресейдің орталық қалаларындағы, Түркістан өлкесіндегі баспасөз беттерінде, сондай-ақ «Түркістан уалаяты»,

«Дала уалаяты», «Қазақ», «Айқап» сияқты төл басылымдарда жиі жарияланып келді. Сонымен қатар Қазан төңкерісіне дейін «Біржан мен Сара», «Айқын қыз бен Жарылқасын қожа», «Жүсіпбек пен Шөкей қыз» сынды айтыстар Қазан қаласынан жеке жинақ ретінде бірнеше рет қайталанып басылды.

Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарында осы жанрды жинау шараларына Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ш.Сарыбаев, І.Жансүгірұлы т.б. зиялы қауым өкілдері белсене араласып, жаппай басылым көруіне зор ықпал етті. Бұл шаралар кейін де жалғасын тауып, айтыстардың жекелеген жинақтары жарыққа шығып отырды. Бұған «Айтыс» топтамаларының 1942 (1-т.), 1965-1966 (1,2,3-т.), 1988 (1,2-т.) жылдардағы томдары айғақты дәлел болады. Оған жекелеген халық ақындарының кітаптарындағы айтыстарды қосқанда, қанша мол мұраның кейінгі ұрпаққа қайта оралғанын аңғару қиын емес. Қазақтың айтыс өнерін ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап шет елдердегі қандастардың қолындағы жәдігерлер де толықтырып, халқымыздың осынау рухани құндылығын ұлықтауға, дамытуға атсалысқаны баршаға мәлім.

Қазақ айтысының суырыпсалмалық (импровизациялық) өнердің ерекше дамыған биік шыңы екендігін, оның ұлттық сипаттарын дәлелдеу үшін жазылған зерттеулер ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жарияланып, Ресей, Еуропа ғалымдарын ерекше таңдандырды. Әсіресе, олар жұмбақ айтыстарды суырыпсалма өнердегі аса ірі құбылыс деп түсінді. Мұндай жыр сайысына түсу үшін айтыскердің бойында ақындық дарынмен қатар үлкен тапқырлық, білгірлік қасиеттер қалыптасуы керек. Айтыс кезінде жасырылатын жұмбақтың қаншалық терең болғанына қарамай, оның жауабын қолма-қол, табан астында жүйелі көркем тілмен қайтару айтыс ақындарының барлығына бұйыра бермейтін биік зердені қажет етті.

Жоғарыда айтылғандай, айтыс мәтіндерін жинау, сақтау, жүйелеу, жариялау, зерттеу үрдісі Кеңес кезеңінде ерекше қарқын алды. Себебі ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін айтысты ұлттық өнер ретінде қадірлеген, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен осы қасиетті дәстүрді жеткізуші, дамытушы Жамбыл, Шашубай, Нартай, Кенен, Үмбетәлі, Саяділ сияқты ондаған ақындардың көзі тірі еді. Олар отызыншы жылдардағы ойранды жылдары да, ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы тұсында да қолдарынан домбыраларын түсірмеді, өздерінің отты жырлары арқылы қарапайым жандардың келешекке деген үмітін оятты. Өшіп бара жатқан өнерді қайта жандандырып, жадтарында сақталған айтыс мәтіндерін хатқа түсірді. Осы жанашырлық әрекеттердің нәтижесінде Қазақстанның Ұлттық, Орталық ғылыми кітапханаларының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларында жүздеген жәдігерлер жинақталды.

(2)

229

Бүгінгі таңда аталған қорларда хатқа түсуі екі ғасырды қамтыған бір жарым мыңнан астам айтыс пен олардың ішкі жанрлық түрлері, версиялары, нұсқалары сақталған. Бұларды жүздеген жылдар бойы қалыптасып, шарықтай дамып, ұлттық мұраға айналған айтыстың оннан бір бөлшегі деп санауға болады.

Себебі халқымыздың рухани құндылықтарға деген салғырт мінезі, қоғамның әр кезеңдеріндегі саяси- идеологиялық түйіткілдері олардың толық, сапалы түрде хатқа түсуіне, түпнұсқа негізінде жариялануына кедергілер келтіріп отырды. Осы өнерді іргелі түрде зерделеген ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, Қазақстан мен дүниежүзінің өзге де елдерін мекендеген қандастарымызда сақталған айтыс мәтіндерінен 20-25 том көлемінде жарыққа шығаруға мүмкіндіктер бар.

«Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып, оның рухани өмірінен елеулі орын алып келген осы айтыс жанрының Қазан төңкерісіне дейін дәл қазіргідей мол жиналып, зерттелмегені жоғарыда ескертілді. Алайда, сол кезеңдердің өзінде-ақ халық бойындағы сарқылмас суырыпсалмалық дәстүр мен айтыс өнерінің қоғамдық-әлеуметтік маңызын дұрыс бағалап, ол жөнінде алғаш ғылыми ұстамды пікір айтқан қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы-демократы – Шоқан Уәлиханов еді» [4; 23].

Бұдан кейінгі замандарда орыс оқымыстылары В.В.Радлов, А.В.Васиьев, Г.Н.Потанин, Н.Рычков, А.Янушкевич, П.Н.Распопов, сондай-ақ қазақтың төл ғалымдары А.Байтұрсынұлы, Х.Досмағамбетұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, С.Бегалин, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қасқабасов, М.Жармұхамедұлы т.б. қалам тартып, айтыстың жанрлық сипатын, синкреттік табиғатын, көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты ашуға қол жеткізді. Әсіресе, профессор М.Жармұхамедұлы бұл салаға байланысты ұзақ жылдар іргелі зерттеулер жүргізіп, монографиялық еңбектер жазды.

Қазан төңкерісіне дейін айтыстың қалыптасып, дамуына, ұлттық өнер ретінде танылуына айтарлықтай үлестерін қосқан айтулы айтыскер ақындардың қатарында Жанақ, Түбек, Сүйінбай, Құлмамбет, Құлан, Сабырбай, Орынбай, Шөже, Шортанбай, Кемпірбай, Тезекбай, Арыстанбай, Құлыншақ, Бұдабай, Бақтыбай, Әсет, Ырысжан, Кеншінбай, Жамбыл, Сара, Манат, Молда Мұса, Біржан, Ақан, Кеншімбай сияқты ондаған ақындардың есімдерін атауға болады. Ал кеңестік кезеңінде осы бірегей дәстүрді жалғастырып, оның бүгінгі күнге жетуіне зор ықпалын тигізген ақындар қатары Шашубай, Нартай, Нұрила, Көшен, Нұрқан, Сәт, Нұрлыбек, Есдәулет, Болман, Маясар, Қалқа, Манап, Әсімхан, Әбікен, Қалихан, Муса, Көкен, Тынышбай, Мағираш, Назиха, Шолпан, Нияз, Шәкір, Надежда, Манап, Әселхан, Айтақын, Қонысбай, Жадыра, Қатимолла, Шорабек, Мұхаметжан, Мэлс, Бекарыс, Балғынбек болып тізімделе береді.

Әр кезеңдердегі қазақ мәдениетінің, әсіресе айтыс өнерінің өркендеуіне барынша атсалысқан ақындардың сапында қасиетті Әулиеата өңірінен өсіп-өнген Ұлбике, Майкөт, Сарбас, Орақбай, Тілеміс, Әмір, Кенен, Әлмен, Бармақ, Кенжеқожа, Өзбек, Сауытбек, Ләтипа, Ақбөпе, Қошан, Жақсыбай, Есдәулет, Өкім, Дулат, Аяз, Әзімбек, Алтынгүл т.б. сынды ақындар бар. Өкінішке орай, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген көптеген ақындардың айтыстары дер кезінде хатқа түспегендіктен, ұмытылып, кейінгі ұрпаққа жетпеген. Тіпті, жазып алынып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Орталық Ғылыми кітапхананың сирек қорларында сақталып қалған шығармалардың да мөлшері мардымсыз екендігі жасырын емес. Қорларда бар қолжазбаларға кезінде қазақ қоғамына аса танымал болған ақындардың кейбір айтыстары, болмаса олардың үзінділері ғана түсіп, өмірі мен шығармашылығына байланысты деректері мүлде қамтылмағаны байқалады.

Бұлардың қатарында ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы айтыс өнерінде өзіндік із қалдырған, әсіресе әйел ақындар арасында Қазақстаннан тыс Ресей халықтарына, жалпы түркі жұртына танымал болған сан қырлы талант иесі Ұлбике Жылкелдіқызының да соңында қалған Жанкел, Күдеріқожа, Серәлі қожа, Мәделі қожа, Таспа қожа, Ізтілеу т.б. айтыстары бар. Атап айтқанда, «Ұлбике мен Күдері қожа»

айтысының бір нұсқасын академик В.В.Радлов ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында жазып алып, кейін жарыққа шығарса [1; 322], Ә.Диваев 1920 жылғы Жетісу экспедициясы кезінде хатқа түсіріп, кейін өзіне арналған жинаққа енгізді [5; 22]. Ұлбикенің Жанкел және Күдерімен айтысының ең көлемді нұсқасын Ә.Мұратов арыстық Дүйсенбек Сыдықовтан 1922 жылы, екінші нұсқасын Ә.Әлімбеков (1959), ал Жанкелмен сөз бәсекесін М.Ж.Көпеев, әдебиеттанушы Н.Төреқұлов (1962), Ж.Иманәлиев (1967) жазып алған. Ақынның Күдері қожамен өткен айтысының бірнеше нұсқаларын ел арасынан Ф.Ғабитова, Қ.Байболов, С.Әзденбаев, Ж.Жантөбетов, С.Досалин, Р.Мәзқожаев сияқты жинаушылар хатқа түсірген болса, бір үлгісі Санкт-Петербург (Ленинград) мұрағатынан табылған. Ұлбикенің алты қожамен, Ізтілеумен жыр тартыстарын О.Нақысбеков пен Ж.Иманәлиев жинап, Институт қорына тапсырған.

Майкөт Сандыбайұлы (1842-1902) – ХІХ ғасырдағы азулы айтыскер, әрі ірі эпик ақын, дарынды жыршы. Майкөттің ақындық, өнері жайлы М.Жолдасбеков: «…Оның Құлмамбетпен, Бөлтірікпен, қырғыз ақындары Есенаманмен, Арыстанбекпен айтыстары бұл жанрдың аса көрнекті үлгілерінен

(3)

230

саналады. Сүйінбай да, Құлмамбет те, Жамбыл да, Тоғалақ бастаған қырғыздың көп ақындары да оны ардақтап өлеңіне қосқан [6; 163]», – деген пікір білдіреді. Тілеміс, Арқабай, Жамбыл, Бөлтірік сынды ақындар батасын алып, өздерін Майкөттің шәкірті санады. Ә.Диваев 1883 жылы Әулиеата уезінен халық әдебиеті үлгілерін жинау барысында Майкөттен көп материалдар жазып алып, оларды Я.Лютш [7; 61]

пен П.И.Гродеков [8; 50] шығарған басылымдарда жариялап отырды.М.Құрманбаев, Ж.Иманәлиев, Ф.Ғабитова, Ж.Жантөбетов жинаған Құланаян Құлмамбетпен, Албан Бөлтірікпен, Жамбылмен айтыс- қағыстары Орталық ғылыми кітапхананың қорында жинақталған.

Талас өзенінің бойында туып-өскен Орақбай – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар, ақындық дарынының арқасында Әулиеата өңірі мен Жетісуға тең танылған дара тұлғалардың бірі. Оның әділетсіздікке, менмендікке, мейірімсіздікке, пасықтыққа, әлімжеттілікке қарсы айтылған өлең-толғаулары, арнаулары, айтыстары ел арасына кеңінен таралған. Бірақ ақыннан қалған бұл мұралар дер кезінде хатқа түспегендіктен, көбі ұмытылған.

Айтыстарынан – Р.Кереев жинаған Жиенбаймен өткен жыр-сайысының үзіндісі ғана сақталып қалған.

Сүйегі Аңырақайды мекендеген Тілеуқабыл руынан шыққан Әмір ақын кейін Самсыға қоныс аударып, Жамбыл бастаған Жетісу ақындарымен қоян-қолтық араласып, осы өлкедегі өткен тарихи оқиғалардың басы-қасында жүреді. Ол өзін атақты Сүйібайдың шәкіртімін деп санаған. Әмірдің әзіл- оспақ, тапқыр өлеңдерімен қатар айтыс-қағыстары да халық арасында көп айтылған. Алайда ақынның көзін көрген қариялар азайған сайын олар ел жадынан сырт қалған.

Сарбас Майкөтұлы Жетісу ақындық мектебінің бастауында тұрған атақты ақын-жырау, би-шешен Қабан (Қаблиса) Асанұлын ұстаз тұтқан, Сүйінбайдың ізбасары болып, Майкөт, Құлмамбет, Бақтыбай, Жамбыл, Орақбай, Бөлтірік, Тілеміс сияқты азулы айтыскерлермен үзеңгілесі жүріп талай жыр- бәйгесіне қосылған. Жапсарлас жатқан қазақ-қырғызға тең танылған Сарбас, Қуандық, Жамбыл, Қаңтарбай, Еркебай, қырғыз Қалмырза ақындармен, сондай-ақ Саумал, Күлзипа, Өзипа, Тұрсынай қыздармен айтысқа түсіп, көбінде жеңіске жетіп отырған. Орталық ғылыми кітапхана мен Институт қорында оның К.Әзірбаев жеткізген Қуандықпен, қырғыз Қалмырзамен, С.Шарипов хатқа түсірген Жамбылмен, Қ.Биғожин жинаған Күлзипамен айтыстары сақталған.

Әлмен Байқалмаққызының ел есінде қалған Тәкен салмен, Қарасақалмен қағысуларының мазмұнына қарағанда, оның бойжеткен шағында тілді, тапқыр ақын болғандығын, той-жиындарда талай ақындармен, сал-сері жігіттермен айтысып, көбін сөзбен жыққанын аңғаруға болады. Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін қазақтың өзге де дарынды қыздарының кебін киіп, айтыс өнерінен қол үзіп кеткен сыңайлы. Әлменнің одан кейінгі кезеңдерде Жетісу ақындарының арасынан көрінбеуі – осы пікірді айғақтайды.

Жамбылдың жақын шәкірттерінің бірі Бармақ Мықанбайұлы қарт ақынның маңайында өткен тарихи оқиғалардың куәсі болды. ХХ ғасырдың басындағы екі қоғамды да көзімен көріп, бар ауыртпалықтарды басынан өткізген Бармақ ақын 1937 жылы жазықсыз жазамен ұсталғанға дейін Жамбылмен үзеңгілес жүріп Жетісуда өткен ірі-ұсақты айтыстардың белортасында жүреді. Атап айтқанда, 1918, 1919 жылдары Ұзынағаш маңында Нұриламен өткен айтыстарға Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Саяділ, Шүкітай, Арғынбай, Мақыш т.б. ақындардың қатарында қатысып, өнерін көрсеткен.

Ал оны азулы айтыскер ретінде танытқан туындылары – атақты Кенжеқожамен жауаптасқан хат айтысы мен Сіргелі Жанат қызбен түскен жыр бәсекесі.

Өзбек Ақжолұлы ақын ретінде ерте танылған, діни білімге жетік, шығыс тілдерінен де хабары бар, кітаптан оқығаны да, өмірден тоқығаны да мол адам болғандығын соңында қалған әдеби мұраларынан айқын аңғаруға болады. Ол мазмұны өсиет-өнегеге толы терме, толғауларын, ел мен жер тарихын, ру шежіресін баяндайтын өлең-жырларын, шығыс сюжеттеріне құрылған қисса-дастандарын ауызша айтып та, жазба күйінде де туындатқан аса дарынды тұлға болған. Ал ел арасына кеңінен тараған айтыстары – өзінше бір бөлек әңгіме. Әсіресе, Өзбектің Балқыбекпен, Жүсіпқалимен өткен жыр-сайыстары жұрттың жадында жатталып қалған.

Көрнекті ақын, адуынды айтыскер, дарынды әнші-жыршы Сауытбек Ұсаұлының соңында қалған әдеби, музыкалық мұраларының көпшілігі хатталып, жүйеге түсіріліп, баспа жүзін көріп, ғылыми тұрғыда зерттеліп, оның күрделі тағдыры туралы драмалық шығармалар да жазылғаны баршаға мәлім.

Сауытбектің Майса қызбен, Ақбөпемен, інісі Сыбанбекпен, Мырзабаймен, Балқыбекпен түскен айтыс- қағыстары да жарияланып, сараланып, ғалымдардың зердесінен өтті.

Әдеби мұрасы әлі күнге дейін толық жинақталып, іргелі түрде зерттелмей келген ақындардың бірі – Қошан Жантәліұлы. Оның түрлі билік иелеріне, бай-бағландарға айтқан сыни көзқарастағы туындылары, мысалдары мен жұмбақ өлеңдері, осы мазмұндас айтыстары халық арасында айтылып жүргенімен, арнайы іздестіріліп, жазып алынбаған.

(4)

231

Кенен Әзірбаев – соңына мәңгі өшпейтін өлең-жырын, ән-мұрасын қалдырып, ғасырлар бойы жадтан жадқа ауысып келген қазақ руханиятының асыл үлгілерін кеңестік кезеңге жеткізіп, өзі де ел арасынан жиыстырып, жас ұрпақтың санасына сіңіруге өлшеусіз үлес қосқан көрнекті өнер иесі, қайраткер тұлға. Патша заманында дүниеге келіп, жігіттік шағын сол кертартпа кезеңде өткізгенімен, 60 жылға созылған қалған саналы ғұмырын кеңестік қазақ елінің мәдениетіне арнады. Сондықтан оның ілгергі-бергі шығармалары хатқа түсіп, дені жарияланым көріп, іргелі ғылыми-зерттеу еңбектер жазылды. Өлеңдерінің, айтыстары мен дастандарының, ән мәтіндерінің қолжазбаларын еліміздің сирек қорларына өз қолымен табыс етті.

Кеңестік кезеңде халық ақындарының беделді өкілдерінің бірі Есдәулет Қандековтің шығармалары толық жиналып, жүйеленіп, жарияланып, терең зерттелмегендіктен, олар кейінгі оқырмандардың, зерттеуші-ғалымдардың назарынан сырт қалып келді. Есдәулет 1916 жылғы Әли батыр бастаған көтерілістің белсенділерінің қатарында патша әскерилерінің тарапынан ұсталып, сотқа тартылғаны белгілі. Сол себептен де оның алғашқы туындыларында сол тұстағы халық басына түскен ауыртпалық, қым-қуыт оқиғалар, көтеріліс басындағы тарихи тұлғалар шынайы суреттеледі. Әсіресе,

«Тауда» тарихи жырынан осы тақырыпқа қатысты мұрағаттық құжаттарда көрсетілмеген аса құнды деректерді кездестіруге болады. Ал кеңестік кезеңдегі шығармалары іргелі зерттеулерді талап етіледі.

Есдәулет 1959, 1961, 1962 жылдарда Әбділдамен, Рахметпен, Күлжамалмен, Ақжолтаймен, Қалқамен өткен айтыстарын өзінің қолымен қағазға түсіріп, жоғарыда аталған қорларға тапсырған.

Ақын-жыршы, әнші-термеші, өзінен ілгергі өнер иелерінің әуез-әуендерін, халық музыкасының көне сарындарын жеткізуші Аяз Бетбаевтың облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленгені мәлім. Оның жыр-бәсекелерінде қордайлық Н.Дәутаевпен, Кененнің шәкірті А.Бүрбаевпен, меркілік Ш.Мамасеріковамен кездесіп, дарынды айтыскер ретінде көзге түскені қалың тыңдармандардың есінен әлі де шыға қойған жоқ.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ұлттық айтыс өнерінің қайта қалыптасып, жандануына, жастар арасында насихатталуына мол үлесін қосқан ақындардың бірі – Әзімбек Жанқұлиев. Оның айтыстағы өзіндік стилі, сөз саптау машығы, өзгеге ұқсамайтын бірегей әуені, әуезді үні ел жадында қалды.

Айтыстың дәстүрі бізден өзге қырғыз, қарақалпақ, алтайлықтармен қатар түрік елінде де бар, дегенмен олардағы айтыс дәл біздегідей көлемдік жағынан, көркемдік сапасы тұрғысынан биік деңгейге көтеріле қоймады. Бұл ерекшелік халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігі мен салтына, әдет- ғұрпына байланысты көрініс тапқаны ешбір дау туғызбайды. Сондықтан еліміздің рухани өмірімен ертеден біте қайнасып бірге жасап келе жатқан бұл қайталанбас өнер ұлттық мақтаныш ретінде бағалануға тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Радлов В. В. (1870) Образцы народной литератукры тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Дзун- гарской степи. Часть 3. СПб.: Типография Императорской АН.

2 Киргизская хрестоматия (1879) Оренбург.

3 Киргизская хрестоматия (1883) Ташкент.

4 Жармұхамедұлы М. (2001) Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. Алматы: Мұраттас. - 293 б.

5 Ә.Диваевқа арналған «Тарту» жинағы (1924) Ташкент: Түркістан респуб. Баспасөзмехкамасы.

6 Жолдасбеков М. (1990) Асыларналар. Алматы: Жазушы. – 338 б.

7 Лютш Я. (1883) Киргизская хрестоматия. Ташкент: Тип. Ф. В.Базилевского, 1883.

8 Гродеков П. И. (1889) Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Ташкент: Типо-лит. С.И. Лак- тина.

Своеобразные особенности формирования и развития школы искусства айтыса

Т.К. Албеков, Н.М. Мурсалимова

Институт литературы и искусства им. М.О. Ауэзова, Алматы, Казахстан

Поэзия айтысов занимает в истории литературы особое место и значение. В богатой народной литературе этот жанр издавна представлял собой широко рапространенное и продуктивное направление. На сегодняшний день айтыс продолжает вносить значительный вклад, образно вопроизводя приметы и нравы современного общества. В связи с этим, исследование айтысов в аспекте отражения правды жизни, проблем художественности

(5)

232

жанра являются одной из основных задач современного литературоведения. В частности, в круге интересов научных исследований взимосвязь жанра с традицией поэтической импровизации а также своеобразные знаки и характерные свойства, особенности развития айтыса в течение веков и направления развития на современном этапе.

Ключевые слова: айтыс, жанр, текстология, акын, традиция, фольклор, рукопись.

Peculiar properties in formation and development of aitys art school

T.K. Albekov, N.М. Mursalimova

Auezov institute of literature and arts, Almaty, Kazakhstan

Aitys poetry has a special place and significance in the history of literature. Since ancient times aitys represented an effective and common genre in the rich folk literature. Nowadays, this genre continues to contribute significantly by illus- trating signs and mores of the contemporary society. Therefore one of the main objectives of the modern literary study is scientific research of aitys in the aspect of true life reflection and creative problems of genre; scientific interests include interelation of genre with a tradition of improvisation poetry, peculiar signs and salient attributes, peculiarities of genre development through centuries and contemporary trends.

Keywords: aitys, genre, textology, aqyn, tradition, folklore, manuscript.

Редакцияға 16.01.2020 түсті.

Ақпарат көздері

СӘЙКЕС КЕЛЕТІН ҚҰЖАТТАР

атты кітапта ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бейімбет Қожабаевтың қазақ мәдениетінде, опера өнері мен сахна тарихында өзіндік орны,

Мақалада ХІХ ғасырдың ортасы – ХХ ғасырдың басында қазақ өлкесіндегі мә- дениет саласы – соның ішіндегі, кітапхана ісінің ұйымдастырылуы, қазақ қоғамын

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қабілет- тілікті зерттеудің жаңа кезеңі басталды, психоло- гиялық тестілеу, онымен бірге ғылымның жаңа бағыты

әдісті мектептердің оқулықтарында тыныс белгісі қойылмайтын. Сондай-ақ, бұл оқулықта дін ілімі мен географиялық мәліметтерге қатысты мақалалар жазылған

Бұл мақалада қазіргі қазақ әдебиетінде ӛзіндік орны бар ақын Иранбек Оразбаевтың ақындық болмысы, ӛлеңдерінің кӛркемдік

Мақалада ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметінің

атты кітапта ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бейімбет Қожабаевтың қазақ мәдениетінде, опера өнері мен сахна тарихында өзіндік орны,

Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазіргі Қазақстан территориясына Ресейдің əр түрлі