Қазақстан Республикасында конституциялық заңдылықты нығайтудағы конституцияның жоғарылығының маңызы
А.Ж. Жарболова
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы қ.
Аннотация. Бұл мақалада конституциялық заңдылық режимін қалыптастырушы фактор ретінде конституцияның жоғарылығы қарастырылады. Қазақстан Республикасында конституциялық бақылауды жетілдіру қажеттігі негізделіп, конституцияның жоғарылығы қағидасының бірыңғай ұғынылуында орын алған қайшылықтарды жою қажеттігі туралы қорытынды жасалады.
Қазақстан Республикасы Негізгі заңы – Конс титуцияда өзін құқықтық, демократиялық мем лекет ретінде орнықтыратынын бекітіп, оған қол жеткізуді мақсат етіп ұстанған тұста конституцияның жоғарылығы мəселесі алдыңғы кезекке шығады. Конституцияның жоғарылығы елімізде мемлекеттік биліктің орнығуы мен жүзеге асуының легитимдігінің, адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің жоғары құндылығы ретінде өз қолданымын табуының, мемлекеттік жəне қоғамдық институттардың қызметінің заңдылығының алғышарты, негізі болып табылады. Конституцияның жоғарылығы қабылданып жəне қолданылып жатқан заң актілерінің Конституцияға, оның талаптарына сəйкес келуін мүмкін ете отырып түрлі қоғам- дық қатынастардың қатысушысы ретінде қоғам мүшелерінің (жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, мемлекеттік жəне қоғамдық ұйымдар) Кон- ституция нормаларын сақтауын, бұлжытпай орындауын шамалайды. Басқаша айтқанда, қоғамның барлық салаларында конституциялық заңдылықтың орнығуын қамтамасыз етеді.
Құқықтық категория ретінде «конституциялық заңдылық» барлық қоғамдық қатынас қатысу- шыларының Конституция ережелерін сөзсіз сақтауын, оған сəйкестікте өзінің іс-əрекеттерін ұйымдастырып, жүзеге асыруын, ал құқық шығармашылық қызметте нормативтік актілер- дің Конституция талаптарына дəлме-дəл сəйкес келуін білдіреді.
Конституцияның жоғарылығы мен конс- титу циялық заңдылық өзара тығыз байла- нысты, бірінсіз-бірі болмайтын жағдайлар.
Бүкіл конституциялық кеңістікте Конститу-
ция пəрменін жүргізу онда конституциялық заңдылықтың орныққандығын білдіреді. Конс- титу циялық заңдылық Қазақстан Республи- касы Конституциясында бекітілген нормалар- ды, идеяларды, принциптерді мемлекеттің, оның органдарының, ұйымдарының, лауазым- ды адамдардың, қоғамдық бірлестіктердің, азаматтардың, заңды тұлғалардың, шетелдік- тердің орындауынан көрінеді [1, 43 б.]. Конс- титу цияның жоғарылығы конституциялық заңдылықтың орнығуының негізі, оның болу- ын шамалайтын фактор болып табылады, ал конституциялық заңдылық – конституцияның жоғарылығының көрінісі, нəтижесі. Тиісінше, конституциялық заңдылық режимінің орнығуы конституцияның жоғарылығын, оның мəнін дұрыс ұғынып, оны қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіруді қажет етеді.
Конституцияның жоғарылығының мəні көпшілігіміз ұғынып жүргендей оған нормативтік құқықтық актілер жүйесінің қатаң сəйкестікте келуінен де тереңде жатыр. Конституцияның жоғарылығын, оны шынайы қамтамасыз ету қажеттігін оны қабылдаған халықтың мақсат- мұратымен байланыстыра отырып қарау керек.
Қазақстан Конституциясын ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды мақсат ете отырып қабылдаған. Тиісінше конституцияның жоғарылығы, яғни нормативтік құқықтық актілердің, билік органдарының (лауазымды тұлғалардың) əрекеттерінің Конституцияға сəйкес болуы сол Конституцияны қабылдаған халықтың мұратына жетудің ең басты негізі болып табылады. Демек, конституцияның
жоғарылығының мақсаты – Қазақстан халқының дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды мұрат ете отырып бекіткен Қазақстан мемлекетінің демократиялық, зайырлы, құ- қық тық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнығуына, адам, оның өмірі мен құқықтарының, бостандықтарының ең қымбат қазына ретінде шынайы танылуына қол жеткізуде.
Кез-келген құқықтық механизмнің тиімді жұмыс істеуі үшін оның кепілдіктерін нығайту қажет. Тиісінше конституцияның жоғары- лығын, оны сақтау маңыздылығын мойын- дап қана қоймай оның нормаларының тікелей қолданылуын, барлық қоғам салаларында конституцияның үстемдігін, бұзылмауын қамта- масыз ету үшін оның кепілдіктерін күшейту қажет. Ондай кепілдіктердің негізгісі болып құқықтық кепілдіктер табылады.
Құқықтық кепілдіктер – бұл конституцияның сақталуын, үстемдігін қамтамасыз ететін барлық құқықтық амалдар. Нақты айтсақ, құқықтық мүмкіндігі өзінің тағайымына лайық конституциялық бақылау тетіктерінің бекітілуі, конституциялық құқықбұзушылық үшін конституциялық жауаптылық институтының реттелуі, т.с.с.
Конституцияның жоғарылығының, бұ зыл - мауы ның келесі бір кепілдігі ретінде идео- логиялық кепілдіктерді көрсетуге болады. Кон- ституция нормаларының сақталуын, құрмет- телуін қамтамасыз етуде қоғам мүшелерінің құқықтық мəдениетін, құқықтық санасын, құқықтық білім деңгейін көтеру маңызды шара.
Келесі кепілдіктердің бірі – əлеуметтік- экономикалық кепілдіктер. Бұл кепілдіктер Кон- ституция нормаларының, əсіресе адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты конституциялық ережелердің сақталуын, бұзылмауын қамтамасыз ететін əлеуметтік- эконо микалық жағдайлардың болуын шама- лайды. Дамыған экономикасы, өндірісі, əлеу- мет тік инфрақұрылымы бар əлеуметтік теңдік пен тұрақтылық орын алған мемлекетте жеке тұл ғаның əлеуметтік-экономикалық, жеке құқықтарын бекітетін конституциялық норма- лардың бұзылу фактісі де неғұрлым төмен бола- ры анық.
Конституцияның үстемдігі, оның сақталуы белгілі бір шамада мемлекеттің саясатына, мемлекеттегі саяси орнықтылық пен түрлі са- яси күштердің тұрақтылығына да байланысты
болады. Бұлар өз кезегінде конституцияның жоғарылығының, бұзылмауының саяси кепілдік- терін құрайды.
Осы кепілдіктер жеке дара емес, бірлескен жиынтығында Конституцияның жоғары, үстем болуын мүмкін етеді. Аталған кепілдіктердің ішіндегі ең ықпалдысы, маңыздысы – құқықтық кепілдіктер. Құқықтық кепілдіктер жайлы сөз болғанда конституциялық бақылау институ- тын жетілдіру мəселесі жиі айтылады. Себебі, конституциялық бақылау конституциялық заңды лық режимін қалыптастырудың маңызды факторы болып табылатын конституцияның жоғарылығын, оның бұзылмауын қамтамасыз ету функциясын білдіреді.
ҚР Конституциялық Кеңесіне конституцияның жоғарылығын, оның нормаларының дұрыс ұғынылып, қатаң орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Тиісінше мұндай міндеттерді жүзеге асыру үшін оның өкілеттіктері оған сай болуы керек. Конституциялық Кеңестің қызметін бекітетін нормаларды саралау Конституциялық Кеңестің құқықтық мүмкіндіктері оның мақ- сатына, тағайымына толықтай жауап бере алмай- тындығын көрсетеді. Ол туралы ғылымда жиі айтылып, бірқатар ғалымдар тарапынан тиісінше ұсыныстар білдіріліп жатыр [2-3]. Сондықтан оларды қайталамас үшін Конституциялық Кеңестің өкілеттіктері мен оған жолданушы субъектілердің шегін кеңейту мəселелеріне тоқталмаймыз.
Конституциялық бақылау институты рет- телген шет елдердің кейбірінде алдын ала конституциялық бақылау жүргізілуі мүмкін
(Ирландия...), ал келесі бірінде кейіннен
жүргізі летін конституциялық бақылау жүзеге асырылады (АҚШ, Швейцария), сондай-ақ конституциялық бақылаудың осы екі нысаны да қолданылатын елдер бар. Қазақстанда басымдық алдын ала бақылауға беріле отырып (оның өзі де жетілдіруді қажет етеді), конституциялық бақылаудың аталмыш екі түрі де қолданылады.
Оның өзінде ол Конституциялық Кеңестің тек- серу объектісі болып табылатын актілердің түрлеріне байланысты. Конституцияны са- ралау алдын ала жəне кейіннен жүргізілетін конституциялық бақылау объектісі болып Парла- мент қабылдаған заңдар мен Республика бекіткен халықаралық шарттардың табылатындығын көрсетеді. Өзге нормативтік құқықтық актілер тек кейіннен жүргізілетін конституциялық
бақылау объектісі болуы мүмкін. Осы тұста айта кететіні, ҚР Конституциялық Кеңесі заңдардың
(халықаралық шарттардың) конституциялығын
тексеруге қатысты негізінен алдын ала бақылауды жүзеге асырады. Əрине, конституцияның бұзылуына жол бермес үшін конституциялық құқықбұзушылықтың алдын-алу маңызды да қажетті. ҚР Конституциялық Кеңесі Парла- мент қабылдаған заңдарды қол қойғанға дейін, халықаралық шарттарды бекіткенге дейін тексеру арқылы алдын ала конституцияның бұзылмауын қамтамасыз етеді, яғни конституциялық құқық- бұзушылықтың алдын алады. Алайда, конститу- цияның бұзылмауын қамтамасыз етуде бұл бірден-бір тиімді жол болып табылмайды. Конс- титуциялық бақылаудың тиімділігін арттыру үшін жəне Конституцияның бұзылмауын ары қарай да қамтамасыз ету үшін қазақстандық заңнамада кейіннен бақылауды да кеңінен енгізген дұрыс. Ол бірнеше жағдайлармен себептеледі: біріншіден, Парламент қабылдаған барлық заңдардың Президент қол қойғанға дейін конституциялық бақылаудан (тексеруден) өтетініне ешбір кепілдік жоқ. Заңнамаға сəйкес Конституциялық Кеңес тек конституциялығын тексеруге қатысты өтініш түскен заңдардың ғана конституцияға сəйкестігін тексере алады. Олай болса, өтініш білдіруші субъектілердің шегінің тым шектелгеніне əрі Конституциялық Кеңеске жүгіну оған жолданушы субъектілер үшін міндет болып табылмайтынына байланысты да бірқатар заңдар конституциялық бақылаудан сырт айна- лып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда кейіннен конституциялық бақылау алдын ала бақылаудан тыс өтіп кеткен Конституцияға қайшы заңдарға
«сүзгі» іспеттес болады; екіншіден, Қазақстанда кейіннен конституциялық бақылау тек соттардың өтініші негізінде ғана жүзеге асырылады. Сот- тардан басқа ешкім қолданымдағы нормативтік құқықтық актілердің конституциялығын тек- серу жөнінде Конституциялық Кеңеске жол- дана алмайды. Оның өзінде соттар тек бір жағдайда ғана – егер сот белгілі бір іс бой- ынша қолдануға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт конституциямен баянды етілген адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзса ғана Конституциялық Кеңеске өтініш білдіре алады.
Конституцияда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарынан бөлек Қазақстанның конституциялық құрылысына, мемлекеттік
жəне жергілікті биліктің ұйымдастырылуы мен қызметіне, мемлекетіміздің саяси жəне экономикалық жүйесінің негіздеріне де қатысты қаншама маңызды, түбегейлі қағидаттар, нор- малар бекітілген емес пе? Демек, қандай да бір нормативтік акт осы аталған мəселелерге қатысты Конституция нормаларын бұзса, оған қайшы келсе ол акт конституциялық бақылау объектісі болмайды. Республика заңнамасын саралау мұндай конституциялық емес актіні
«тұсауға алудың» конституциялық бақылаудан
бөлек бір жолын көрсетеді. Ол – прокурорлық қадағалау. Қазақстан Республикасының «Про- куратура туралы» заңына сəйкес Прокуратура заңдылық бұзушылықты анықтап, оларды жою жөнінде шаралар қолданады, Республиканың Конституциясына қайшы келетін заңдар мен өзге де құқықтық актілерге наразылық жасайды.
Наразылық оны шығарған органға немесе жоғары тұрған органға беріледі жəне ол 10 күн ішінде қаралуға жатады. Наразылықта прокурор заңсыз актінің күшін жоюды не оны Конституцияға ... сəйкес келтіруді талап етеді [4, 19 бап].
Прокурордың конституцияға қайшы актінің ары қарайғы тағдырына қатыстылығы оның тиісті актіге наразылық жасауымен аяқталады деуге болады. Конституцияға қайшы актінің күшін тоқтату сол актіні қабылдаған органмен немесе уəкілдік берілген жағдайда жоғары тұрған ор- ганмен немесе сотпен жүзеге асырылуы мүмкін.
Оның өзінде ондай актілердің күшін тоқтату олардың өздерінің қарауына байланысты. Бұған қоса, республика заңнамасында наразылық жасалған заңсыз актінің күшін жою немесе оны өзгерту механизмі толық реттелмеген. Мы- салы, Парламент шығарған конституциялық емес заңдардың күшін жою немесе оған сəйкестендіру мəселесі жеке реттеуді қажет етеді. Əрі практикада орын алмауына байланы- сты тиісті мəселе біраз түсініксіздік тудырады.
Прокуратура туралы заңда бекітілген наразылық жасалған конституцияға қайшы актілерді жою жəне өзгерту тəртібі Парламенттің заңдарына келіңкіремейді (тиісті заңдардың күшін тоқтатуы немесе конституцияға сəйкестендірілуі жаңа заң шығармашылығы арқылы жүзеге асады...).
Қазақстанда орнықты конституциялық заңды- лық режимін қалыптастыру үшін конститу цияның шынайы жоғарылығының фундаментін жасау керек. Оның бірі – заңдар мен өзге актілердің мөлдірлігі мен толықтығы болып табылады.
Қазақстанда кейіннен конституциялық бақы- лау, атап кеткеніміздей, тек соттардың өтінішінің негізінде, оның өзінде сот қолдануға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқық тық акт Кон- ституциямен баянды етілген адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұсқан келтірген жағдайда ғана жүзеге асыры- лады. Мұның өзі соттардың тиісті актілердің конституциялығын тексеруге қатысты өтініш білдіру мүмкіндігін шектейді. Себебі, Республи- ка соттары тек қарауындағы іске қатысты ғана актілердің конституциялығын тексеру жөнінде өтініш бере алады. Қарауындағы қандай-да бір іске байланысты емес, Конституцияда бая нды етілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын нормативтік құқықтық актілерді байқаған жағдайда соттар қауқарсыз болып шығады. Бұл аталған жағдайлар Қа- зақстанда конституциялық бақылаудың кейін- нен жүргізілетін нысанын да жетілдіруді қажет ететінін көрсетеді.
Республикамыздың құқықтық мемлекет ретінде дамуы үшін, онда конституциялық заңдылық режимінің тұрақты орнығуы үшін конституцияның жоғарылығының дұрыс əрі бірыңғай ұғынылуы маңызды. Көпұлтты Қазақстан халқы Республика Конституция- сын оның қазақша не орысша мəтініне қандай да бір өзгешелік берместен тұтастай бір тари- хи құжат ретінде қабылдады. Тиісінше оның жоғарылығы, бұзылмауы мəселесі де бірыңғай қаралуы керек. Алайда, Республика Консти- туциясына нормативтік актілердің сəйкес келуі тұрғысында тиісті актілердің орыс жəне қазақ (мемлекеттік) тіліндегі мəтіндерінің арақашықтығын көреміз. Нақты айтсақ, ҚР Конституциясы қабылданғаннан бергі 16 жыл ішінде конституцияның жоғарылығы ретінде орыс тілінде мəтінделген Конституцияның жоғарылығы ұғынылатындығын байқаймыз.
Ашып айтсақ, бір мысал: мемлекеттік тілдегі Конституцияның 10-бабының 2-бөлімінде «Ре- спублика азаматын ешқандай жағдайда азамат- тығынан ... айыруға болмайды» деп бекітілген [5]. Ал «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР заңында 21-бапта Қазақстан Респу- бликасы азаматтығынан айырылу жағдайлары қарастырылған [6]. Яғни азаматтық туралы заңның 21 бабы Конституцияның 10-шы ба- бын бұзып тұр. Соған қарамастан мұндай Конституцияға қайшылық 16 жыл құқықтық
кеңістікте қолданылып келеді, тиісінше де- путаттар тарапынан қалыпты жағдай ретінде өз бағасын алып отыр. Оның себебіне келсек, бұл конституциялық қайшылық қазақ тілінде мəтінделген Конституцияға қатысты қайшылық.
Конституцияның орыс тіліндегі нұсқасына атал- мыш заң қайшы келмейді. Өйткені, «азаматтықтан айыру» термині Конституцияның орыс тіліндегі мəтінінде «лишение» деп, ал «Азаматтық тура- лы» заңда (орыс тіліндегі) «утрата» деп реттел- ген. Демек, орыс тілінде жарық көрген тиісті актілердің мəтінінде қайшылық жоқ, тиісінше бəрі дұрыс. Заң шығарушылардың, заң жо- басын түзушілердің мемлекеттік тілге деген немқұрайлығы, заңдарды орыс тілінде қабылдап, сапасыз аудармаға жол беруі ақыр аяғында сонша жыл бойы мемлекеттік тілде жазылған Конституцияға қайшылық жағдайдың тұрақты орнығуына, тіптен еленбеуіне жеткізіп отыр. Ол өз кезегінде Конституцияның жоғарылығының
«орталануына» негіз беріп келеді. Ғылымда
бұл қайшылықты жағдай «утрата» терминінің орнына оның аудармасы ретінде «жоғалту»
сөзін қолданумен шешілген. Сондықтан, атал- мыш конституциялық құқықбұзушылықты ҚР азаматтығы туралы заңға өзгерту енгізіп 21-бап- та көрсетілген жағдайларды ҚР азаматтығынан айыру жағдайлары емес ҚР азаматтығын жоғалту жағдайлары деп анықтау арқылы жойған дұрыс.
Академик С.С. Сартаевтың ойы бойын- ша, Конституция қоғамның негізгі құқықтық идеяларын объективтендірудің аса маңызды нысанының бірі болып табылады. ... Конститу- ция қоғамның саяси жəне құқықтық жүйелерінің дамуының негізгі бағыттарын айқындайды, осы жүйелердің өзегі ретінде қызмет етеді
[7, 501 с.]. Конституцияның жоғарылығын,
конституцияның нормативтік құқықтық актілер жүйесіндегі үстемдігін, оның тікелей əрекет етуін шынайы қамтамасыз ету конституциялық заңдылық режимін қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады. Ал конституциялық заңдылық режимі қамтамасыз етілген шы- найы құқықтық мемлекетте Конституцияны жəне заңнаманы сақтау міндеті бір мезгілде моральдық-этикалық тəртіп категориясы, тиісті қоғамның өнегелік жағдайының көрсеткіші бо- лып табылады [8, 49 с.]. Олай болса, құқықтық қатынастың барлық қатысушылары – мем- лекет, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, заңды тұлғалар, жеке тұлғалар,
қоғамдық ұйымдар өздерінің қызметтерінде, іс- əрекеттерінде алдымен конституциялық тəртіпті қамтамасыз ету арқылы конституциялық заңдылықты тұрақтандыруға бағытталуы тиіс.
Əдебиеттер
1. Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы. Академиялық курс.
– Алматы: Жеті жарғы, 2004. – 480 бет.
2. Мами К.А. Конституционная законность и судебная власть в Республике Казахстан:
основные тенденции и приоритеты: автореф.
дис... д-ра юрид. наук. – Алматы, 2003. – 48 с.
3. Караев А.А. К вопросу об эффективности конституционного контроля // Право и государство. – 2000. – №3. – С.36-39.
4. Прокуратура туралы Қазақстан Республика- сының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы заңы.
5. Қазақстан Республикасы Конституциясы. 30 тамыз 1995 ж.
6. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы 1991 жылдың 20 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының заңы.
7. Сартаев С.С. Мы живем в Конституционном пространстве. – Алматы: ТОО РПИК «Дəуір», 2010. – 696 с.
8. Ким Ю.А. Роль и значение Конституционного Совета в обеспечении конституционной законности // Законотворческий процесс в Республике Казахстан: состояние и проб- лемы: материалы международной научно- практической конференции 27-28 марта 1997 г. – Алматы, 1997. – С.49-55.
А.Ж. Жарболова
В статье рассматривается верховенство Конституции как фактор становления режима конституционной законности, ис- следуется необходимость совершенствования конституционного контроля в Республике Казахстан, сделан вывод о необходи- мости устранения противоречий в едином понимании принципа верховенства Конституции.
A.Zh. Zharbolova
The article deals with the content and essence, guarantee the rule of the Constitution, examines the need to improve the consistent constitutional control in the Republic of Kazakhstan, the analysis of the need to eliminate the contradictions in the study of problems of rule of the Constitution.