293 ҒТАХР 14.29.09
БІЛІМ АЛУЫНДА ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА МОНТЕССОРИ ӘДІСІ БОЙЫНША БІЛІМ БЕРУ ТӘЖІРИБЕСІ
Ж.Б. Аханова педагог-дефектолог,
Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Алматы қ., Қазақстан, [email protected]
Бұл мақалада Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығында білім алуында ерекше қажеттілігі бар балаларға Монтессори әдісі бойынша білім берудегі тәжірибе жайлы айтылады.
Тәжірибе көрсеткендей, Монтессори әдісінің білім алуында ерекше қажеттілігі бар балардың дамуына қосар үлесі және маңыздылығы жоғары екеніне толықтай көз жеткіздік. Монтессори әдісінің балалардың дамуына қосар үлесі өте зор. Сол себептен де, осы әдісті дамыту, әр мектеп жасына дейінгі орталықтарға енгізуге аса мән берілсе, құба-құп болар еді. Балалармен жұмыс жасай отырып, бөлмеге қатысу ережелерін, олардың іс- әрекетін бақылау күнделігін, сонымен қатар, жаттығуларды өз беттерімен таңдауын белгілейтін сызбаны мақалада кесте ретінде көрсеттік.
Түйін сөздер: білім алуында ерекше қажеттілігі бар балалар, Монтессори педагогикасы, Монтессори-терапиясы, арнайы даярланған орта, алғашқы көрсетілім, бақылау
Қазіргі жаһандану кезеңінде білім беру саласына көптеген өзгерістер енігізіліп, жан- жақты зерттеліп, зерделеніп, алуан түрлі әдіс-тәсілдер жарық көруде. Соның ішінде, мектеп жасына дейінгі балаларға да білім беру мен тәрбиелеуде талқыланып жатқан тәсілдер де жоқ емес.
Осы уақытқа дейін қаншама педагогтер, қаншама бағдарламалар ойлап шығарып, тәжірибеден өткізді, әлі де жаңалықтар, жаңа бағдарламалар, заманауи құралдар шығарылуы толастар емес.
Барлық әдіс-тәсілдердің мақсаты бір, ол – келешек ұрпаққа жүйелі, сапалы білім беру. Десек те, ересектердің өз жоспарын жүзеге асыруда жарысуы, балалардың дамуының өзіндік талаптары мен жылдамдығының ерекшеліктерін ескеруді ұмытып кеткендей. Баланы алдыға сүйрейміз деп, дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына зиянымызды тигізіп алып жатқанымызды да елемейміз.
Бір сәтке тоқтап, баланың жан-дүниесіне үңіліп, оның талабы мен қалауын тыңдау, байқау керектігін бізге ХХ ғасырдың педагогтарының бірі Мария Монтессори айтып өткен еді. Десек те, осы қасиеттен аттап кетіп, өз айтқанымызды істетуге асығамыз. Мария Монтессори: «Баланың дамуына ешқандай жаңашылдықтың, ештеңе ойлап шығарудың керекгі жоқ, баланың дамуына тек арнайы даярланған орта керек» - деп айтып кеткен. Ол өз тәжірибесінде өз қағидасын қолданып, айтқан сөзін дәлелдеп кеткен. М.Монтессори өзінің педагогикалық жүйесін былай атады – арнайы даярланған ортада баланың өзін-өзі дамыту жүйесі. Бұл жүйені ол баланың табиғи және заттық ортада жасаған шынайы әрекеттерін бақылау арқылы құрды [1; 26].
Баланың дамуының маңызы оның өзіндік белсенділігі мен өз еркімен әрекеттенуі болып табылады. Даярланған орта – бұл баланың белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін және мұғалімнің белсенділігін бәсеңдететін орта. Ересек адам ортаның бір бөлшегі ретінде қалыптасады және оның мақсаты, қоршаған ортаның мақсатындай баланың дамуына көмек көрсету. Даярланған орта баланың өз бетімен, сонымен қатар, ересектермен және өзге балалармен әрекеттенуіне түрткі бола білуі қажет. Даярланған ортаның мақсаты – баланы барынша ересек адамдардан тәуелсіз болуға үйрету. Даярланған ортасыз белсенділіктің мұғалімнен балаға өтуі мүмкін емес. Мұғалім орта мен балаларды байланыстыратын буын қызметін атқарады. Мұғалім ортаның негізгі атқаратын қызметін, сонымен қатар, әр дидактикалық құралдардың мәнісі мен қажеттілігін, баланың жас ерекшелігін, құрал ұсынуда ескере білуі, балаға әр құралмен жұмыс жасау үлгісін дұрыс көрсетуі, баланың белсенділігі мен өз бетімен жасаған әрекетін қолдай білуі керек [2; 157].
294
Мұғалім балалармен бірге заттық ортаның тазалығы мен реттілігін сақтап, оның бүлінбеуін қадағалау қажет. Әр құрал өз орнында тұру керек. Тазалық даярланған ортаның негізгі ерекшелілігі болуы керек.
Қазіргі кезде, Мария Монтессоридің қағидасын қолданып жатқан мамандар аз емес.
Дегенмен де, мемлекеттік тұрғыда ешқандай көңіл бөлінбейді. Монтессори әдісі бойынша оқытуда мемлекеттік мектеп, бала-бақшалар жоқтың қасы. Жекеменшік мекемелер өзбеттерінше жұмыстарын атқарып жатыр. Бірақ, кейінгі жылдары, арнайы мемлекеттік мекемелерде Монтессори бөлмелері ашылып, білім алуында ерекше қажеттілігі бар балаларды Монтессори әдісі бойынша білмі беру мен тәрбиелеу қолға алынуда. Сол мекемелердің бірі - Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығы. 2014 жылы «Дара» қорының қолдауымен орталықта «Монтессори-терапиясы» бөлмесі ашылды.
Бөлме Монтессори педагогикасының талаптарына сай жабдықталды. Бес дамыту бөлімдеріне бөлінді: күнделікті өмір жаттығуларына арналған бөлім, сенсорлық дамыту жаттығулар бөлімі, танымдық бөлім, тіл дамыту бөлімі, математикалық түсініктерін дамыту бөлімі [3; 93]. Бөлмеге дамуында әртүрлі бұзылыстары бар балалар қатынайды. Балалардың бойында осындай кемшіліктердің барын ескере отыра, олардың іс-әрекетін бақылай отырып, барлық балаға бірдей қатынасудың қаншалықты қажеттілігі барын саралап, төмендегі алгоритмді ұсындық.
Монтессори-терапия бөлмесінде педагог-дефектолог баламен жеке сабақ (анасының қатысуымен), жұппен және шағын топпен, топпен өткізеді. Әр аталған сабақ түрі белгілі бір мақсатты көздейді, ол төменде көрсетілген. Мүмкіндігінше, баланы топтық сабақтарға қосуға тырысу керек, осы сабақтарды өткізу балаға басқа балалармен қарым-қатынасқа түсуге мүмкіндік береді, басқа баланың әрекетін бақылауға үйренеді, өз кезегін күтуге, өз кеңістігі мен өзгенің жұмысын сыйлауға, топтық жұмыста өз қызметін ажыратуға үйренеді.
Дамуында ауытқуы бар баланың барлығы дерлік арнайы даярланған Монтессори- бөлмесінен пайда көре бермейді.
Сабақ мектепке дейінгі жастағы, заттық-қимылдық және құралдық әрекеттердің белсенді құрылымы кезеңін меңгеріп жатқан, еліктеу икемділігі бар және қоршаған ортаға қызығушылық білдіретін, үлкендермен әрекетке түсе алатын балаларға тиімді болады. Арнайы даярланған ортадағы сабақтар қимыл-қозғалысының күрделі бұзылысы бар, тынымсыз және агрессивті тәртібі бар балаларға ұсынылмайды. Ортадағы көп мөлшердегі тітіргендіргіштер баланың қиын тәртібін ушықтырып жіберуі мүмкін. Яғни, баланы даярланған ортаға кіргізу үшін, оның анықталған дайындығы болғаны қажет. Баланы жүйелі топтық сабақтарға кіріктіру алгоритімі бірнеше бөлімдерден тұрады:
1 кезең – жеке сабақтар, ұзақтығы 30-35 минут. Бұл кезеңде педагог мына міндеттерді атқару керек:
- баламен сенімді қатынас құру, сабаққа деген және дидактикалық құралдармен әрекет орындауға
деген қызығушылығын арттыру;
- қауіпсіздік ережесін және даярланған заттық ортада жұмыс істеу тәртібін сақтауға үйрету [1кесте];
- дидактикалық құралдармен жұмыс істеу әдісін таныстыру;
- өзіне таныс дидактикалық құралдармен өз бетімен жұмыс істеуге, қажет жағдайда көмек сұрауға үйрету;
- баланың тәртібін, белсенділігін, баланың өзекті даму деңгейі мен жақын арадағы даму аймағын
анықтау үшін, баланың құралдармен жасаған әрекетін бақылау, ол жеке даму бағдарламасын құру және даярланған ортанға қажетті құралдарды анықтау үшін қажет. Алға қойылған міндеттер 5-7 жекелей өткізілген сабақта шешімін табуы мүмкін, дегенмен де, сабақ саны баланың даму деңгейі мен мүмкіншілігіне байланысты.
2 кезең – сабақ жұппен немесе кіші топпен (3-4 баламен) өткізіледі, сабақ ұзақтығы 35-45 минут. Баланың жұпты немесе кіші топта жұмыс жасай білу қағидалары: даярланған ортада ережелер мен жұмыс тәртібін ұстану, өз бетімен немесе мұғалімнің бағыттаушы көмегімен құралдармен, өзіне таныс жаттығулармен жұмыс жасай білу. Екінші кезең міндеттері:
295
- әркеттер мен дидактикалық құралдарға деген қызығушылығын, баланың өз бетінше жұмыс
жасау мен таңдауын, даярланған ортаның ережесін сақтауын қолдау [1 кесте];
- дидактикалық құралдармен жұмыс жасау әдісін таныстыру;
- өзге балалармен жақсы қарым-қатынаста болуға үйрету;
- басқа балалардан, мұғалімнен көмек сұрауға және өзгеге көмек көрсете білуге үйрету.
3 кезең – шағын топпен (6 бала) және топпен (6 баладан көп, екінші педагог болуы керек) өткізілетін, ұзақтығы 60 және одан да көп минут. Баланың шағын топпен және топпен жұмыс жасай білу қағидасы: даярланған ортадағы ережелермен жұмыс жасау тәртібін орындау, мұғалімнің көрсеткен жаттығуларымен өз бетімен жұмыс жасай білу, жұмыс жасау үшін, өз бетімен жаттығуды таңдай білу, көмек сұрай білу, өзгеге көмегін ұсына білу.
Үшінші кезеңнің міндеттері:
- дидактикалық құралдармен әркет жасауға деген қызығушылығын, өз бетімен жаттығуды таңдау
мен даярланған ортаның тәртібін сақтауын, өзге балаларға деген жақсы қарым-қатынасын қолдау;
- дидактикалық құралдармен жұмыс жасау әдісін таныстыру. Бұл кезеңде кей кездерде кейбір
балаларға жеке сабақ пен топтық сабақтарды кезектестіру қажеттілігі туындайды. Жеке сабақтарда ережелер мен ортада жұмыс жасау тәртібі, жаңа жаттығулармен жұмыс жасау әдісін көрсету шаралары өткізіледі.
№1 кесте. (Білім алуында ерекше қажеттілігі бар балаларды дамыту жұмысы барысында күнделікті өмір жаттығуларын қолдану, әдістемелік құрал, И.Г. Елисеева, Ж.Б. Аханова, 2017ж [6;
11])
*Арнайы даярланған ортадағы жұмыс жасау ережелері:
- сабақта біз міндетті түрде жұмыс жасаймыз, әрекетсіз отыруға болмайды.
- Құралдармен жұмыс жасау көрсетілімін мұқият бақылаймыз.
- Құралды кім бірінші алса, сол жұмысты орындайды.
- Таныс құралды таңдап, оны сөреден өз бетіңмен алуға болады.
- Біз жұмыс орнын өзіміз таңдаймыз: үстел үстінде ме, әлде кілемшеде ме?
- Құралдармен жұмысты ұқыпты жасаймыз: лақтырмаймыз, бүлдірмейміз
- Жұмыс соңында құралдарды орнына, сөреге апарамыз, кілемшені орап, орнына саламыз.
- Сабақта біз жүгірмейміз, секірмейміз, басқа балаларға кедергі жасамаймыз, егер басқа балалар келіссе, бірге жұмыс жасауға болады
- Сабақта айғайламаймыз, басқа балаларды алаңдатпау үшін ақырын сөйлейміз
Әр сабақтың (жеке және топтық) құрылымы кіріспе, негізгі (әрекеттік) және қорытынды бөлімдерден тұрады.
296
Кіріспе бөлімі әдеттегідей сәлемдесу, жеке қатынас пен сабаққа деген жақсы көңіл туындату үшін өткізіледі. Кіріспе бөлімінде, қажет болса, арнайы даярланған бөлмедегі негізігі ережелер еске түсіріледі.
Сабақтың негізгі бөлімі баланың (балалардың) әрекетіне арналған. Ол баланың (балалардың) өз бетімен таңдалған әрекеттерінен немесе мұғалімнің ұсынған жаттығуларынан тұрады.
Сабақтың қорытынды бөлімінде балаға (балаларға) міндетті түрде белгі беріледі, құралдар мен бөлме реттеліп, жинастырлады, балаларға шағын ғана топтық жұмыс немесе ойын ұсынылады, содан соң, қоштасу жаттығуы орындалады. Технологиялық картаның үлгісі әдістемелік құралда көрсетілген (Білім алуында ерекше қажеттілігі бар балаларды дамыту жұмысы барысында күнделікті өмір жаттығуларын қолдану, әдістемелік құрал, И.Г. Елисеева, Ж.Б.
Аханова, 2017ж [6; 10]).
Бөлме ішін барлық қағидаларды ескере отырып жабдықтадық. Әр құрал біртүсті табақтарға орналастырылды. Сумен жасалатын жаттығулар бір сөреде орналастырылды. Салу жаттығуларының бірнеше түрі ойластырылып қойылды, яғни, қасықпен салу, қалақшамен салу, ыдыстан ыдысқа аударып салу, шұңғыма арқылы салу [3; 45]. Сенсорлы бұрышқа сұрыптау жаттығуының түр-түрінен қойылды, кеспелерді сұрыптау, тастар мен ракушканы сұрыптау, асықтарды көлеміне, түсіне қарай сұрыптау. Матадан түстеріне қарай гүлдерін сәйкестендіруге қалталар тігілді. Бөлмені бір қалыпқа келтіргеннен кейін біз балаларды бөлмеге кіргізе бастадық.
Бөлмеге келетін балалардың аңғарымдары әртүрлі. Алғашқы сабақтар әр баламен жеке жүргізілді.
Кіріспе, таныстыру сабақтары жүргізілді. Балаларды жаңа бөлмемен, жаңа құралдармен таныстырдық. Ең алғаш сумен жасалатын жаттығулардан бастап, алғашқы көрсетілімдер көрсетілді. Қол жуу, судан шариктерді сүзу, айна жуу, қуыршақты шомылдыру жаттығулары көрсетілді. Біртіндеп салу жаттығуларына көштік: жармаларды, каштанды ыдыстан ыдысқа аударып салу, қасықпен салу, қалақпен салу, шұңғыма арқылы салу. Жастары 6-7 жастағы балаларға сенсорлы бұрыштардан жаттығулар көрсетілді. Цилиндрлердің әртүрі, қызғылт мұнара, қоңыр баспалдақ, штангалармен алғашқы көрсетілімдер көрсетілді. Ортаны қолдан жасалған құралдармен толықтырып отырдық (жинақтау ыдысы-капилка, дәнді ыдыс тетігіне салу, төрт түсті қалта, құрастырмалы пирамида, үй, гүл құрастыруға матадан пішіндер, ұлттық құрал асықтар қойылды) [7,14]. Алғашқы кездерде жаттығуды мұғалім таңдап, балаға ұсынып жүрді. Бірте-бірте балалар өздері таңдауға көшті. Десек те, балаларға жаттығуды таңдау қиындық тудырады. Алған жаттығулары даму деңгейіне сай болмай жатады. Бір балалар мүлдем таңдамай, мұғалімнің көмегін күтіп тұрып алады. Бұл кездерде Андрющенко Н.В. айтып өткендей, кезектесу әрекетін жасадық. Яғни, бір жаттығуды мұғалім, бір жаттығуды бала таңдайды. Осылай балалар өз беттерімен таңдауға көше бастады. Бұл жерде байқалған жағдай, кей балалар ойды талап ететін жаттығулардан қашқақтап, жеңіл жаттығуларды таңдайды. Монтессори әдісінің тағы бір басты қағидасы – бақылау. Бақылау баланың болмысын, өзін ұстау, реттеу, өзіне деген, өзгеге деген қарым-қатынасын айна-қатесіз көрсетеді. Бақылай білу де - өнер. Бақылау арқылы баланың даму деңгейін таза көруге болады. Баланың өзі бақылаушыға қажеттілігін, даму сатысын көрсетеді [4;
56]. Міне, осыны көре білген адам нағыз дана десе болады. Өйткені, көп жағдайда баламен ешкім санаспайды. «Мен айттым, осыны жасайсың» - деп, ересек адамдар өз қалауын жасатқысы келеді.
Ал, бала не дегісі келіп тұр, ол нені қалайды? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Монтессори бөлмесінде бұған мүмкіндік бар. Баланы еркіндікке қоя беріп, өз қалауын істеуге мүмкіндік беріп бақылаймыз. Бақылай отырып, оның зейінінің шоғырлануын, қызығушылығының қаншалықты екенін, жүрісін, тұрысын, затты ұстау ерекшелігін, тасымалдауын, жұмыс істеу ұзақтығын, шыдамдылығын, ұқыптылығын айта берсең, көп нәрсе көруге болады. Міне, осыдан шығып, өзің шешім шығарып, баланың ары-қарайғы дамуына өз үлесіңді қосуға белсене қатысуға болады.
Яғни, баланың дамуына еш кедергі келтірместен, одан ештеңе талап етпестен, оған еркін дамуына мүмкіндік беру. Ол үшін дайындалған ортаны құралдармен толықтырып отыру керек. Иә, барлық мұғалімдерде (дефектолог, арнайы педагогтер) мынадай сұрақ туындайды: «Ол бала өзін басқара алмайды ғой. Ол бөлменің астан-кестеңін шығармай ма!? Оның мүмкіндігі шектеулі емес пе!?».
Жұмыс бастамас бұрын бізді де, осындай сұрақтар мазалайтын. Дегенмен де, «Көз – қорқақ, қол - батыр» деп, жұмысты бастап кеттік. Қаншалықты еркіндік болғанмен де, бұл ортаның өз шектеулері бар. Яғни, бөлмеде жүгіруге болмайды, заттарды тарс-тұрс қоюға болмайды,
297
лақтыруға болмайды, төбелесіп, жанжал шығаруға болмайды. Бөлмеде өте тыныш атмосфера болу керек. Аяқтың ұшымен жүріп, заттарды ұқыпты алып-қою, есікті дыбыссыз ашып-жабу керек.
Орындыққа дейін тасымалдау, жылжытып қою әдіс-тәсілдері үйретіледі.
Жұмыс барысында, балаларға бір көрсетілген алғашқы көрсетілім бірнеше рет қайталануы мүмкін. Өйткені, бала ережені сақтамай, бұзықтық жасап, өзін реттей алмай, тежей алмай жатады. Топта бір бала, бұзықтық жасаса, екіншісі де, үшіншісі де, еліктеп кетіп жататындары да бар. Ондай кезде, ерінбей ережені бірнеше рет қайталап, естеріне салып отыруға тура келеді. Қазіргі таңда балалар шағын топта жұмыс істеуге үйренді. Бөлме ережесін меңгеріп, сабақтың реттілігін біледі. Яғни, бір бала есікті баяу ашқаннан соң балалар бөлмеге кіріп, шеңберге тұра қалады. Шеңберге тұрып, сәлемдесу жаттығулары жасалады. Содан соң, мұғалім аттарын атап, есімдері жазылған тақтайшаны таратады. Тақтайшаларына ие болған балалар, өз орындарын таңдап, жайғасады. Содан соң жаттығуларын таңдап, жұмыстарына кіріседі. Мұғалім, кезек-кезек ауысып отырып, көмек керек болса, көмегін ұсынып, алғашқа көрсетілім көрсету керек болса, көрсетіп отырады. Сабақтың бір бөлігі, топтық жұмысқа бөлінеді. Топтық жұмыс әрқилы өтеді. Кейде ас дайындау жұмыстары жасалады. Айта кететін болсақ, балалар көкөніс немесе жемісті жуып, тазалап, одан салат жасайды. Әрине, бұл жұмысты мұғалім толықтай өз бақылауына алады. Әркімге жұмыс бөліп береді. Біреуі жуады, екіншісі шайқайды. Келесісі сүртеді, төртіншісі турайды. Соңында, дастархан жасалып, барлығы отырып тамақтанады немесе шеңберде әртүрлі ойындар ойнатылады. Сабақ соңында қоңырау шалынып, балалар бөлмені реттеп, жинайды. Тақтайшаларын орнына апарады. Қоштасу жаттығуын жасап, бөлмеден шығып кетеді. Міне, осылай Монтессори бөлмесіндегі жұмыс көңілді өтеді. Балалардың әрекетін бақылау жүргізу арқылы көрсетіп отырамыз. Күнделікті бақылау еркін бағытта, жеке дәптерге толтырылады. Сол жазбаларды жинақтап, кестеге салып, бір айдағы өзгерістерін көрсетудеміз.
Кестенің үлгісі төменде көрсетілген.
№2 кесте (Білім алуында ерекше қажеттілігі бар балаларды дамыту жұмысы барысында күнделікті өмір жаттығуларын қолдану, әдістемелік құрал, И.Г. Елисеева, Ж.Б. Аханова, 2017ж [6,7]).
Арнайы заттық дамыту ортасында баланың әрекетін бақылау және сипаттау картасы.
Бала:
Жасы:
Аңғарымы:
Бөлмеге келген уақыты:
Даму сызығы
Баланы бақылау өлшемі Жазылу уақыты: 10.10.2015
1.Эмоционалды жағдайы және сабақтағы жұмысбастылығы Сабақтағы эмоционалды күйі:
Сабақ барысында көңіл-күйінің құбылуы:
Өз жұмысына, өзге балалардың, мұғалімнің әрекетіне эмоционалды әсері (жетістік/сәтсіздік):
Әрекетке қызығышулығы:
Қиындықты жеңуі:
Сабақтағы, сабақтың жекелеген кезеңдеріндегі белсенділігі:
Жұмысқа қабілеттілігі (қанша минутты еселі еңбегі), шаршауы:
298
2. Қозғалысы, арнайы даярланған эатты ортада бағдарлауы
Бөлме ішінде бала қаншалықты ұқыпты және сенімді қозғалады, затты алуы, тасымалдауы, қоюы, жылжытуы, заттарды қолдануы:
- заттардың орнын біле ме (кілемшенің,
алжапқыштың, қыстырғыштардың, кіржайғыштың т.с.с);
- Бөлмеде орнаған тәртіпті сақтауға талпына ма?
(өз бетімен/мұғалімнің ескертуімен).
- Шеңберде қимылға арналған жаттығуларды
орындау ерекшелігі.
3. Әрекеті (затты-тәжірібиелік, танымдық):
- жұмысты өз бетімен/ өз бетімен емес таңдауы;
- бала қандай нақты жаттығуларды таңдайды/ұсынады;
- қандай жаттығуларды ұнатады;
- алғашқы көрсетілімді қалай қабылдайды (мұғалімнің әрекетіне шыдамды/шыдамсыз бақылайды, алаңдайды, мұғалімді тоқтатып, аяғына дейін қарамайды, көрсетілімге қарамайды):
- алғашқы көрсетілімнен кейін өз бетімен жұмыс жасай ма, әлде мұғалімнің қасында болуы немесе көмегін қажет етеді ме (мұғалімнің іске қосылу деңгейі қалай, қандай көмек түрлерін қажет етеді:
- бірлесіп істеу, көрсету, үлгі, сөздік нұсқау, бағыттау, ынталандыру көмегі, тек жанында болу).
Жұмыс барысында зейін қоюы (қанша минут). Бала жаттығуды қайталай ма және қанша рет:
- өз бетімен жұмысты аяқтай ала ма, жоқ
мұғалімнің көмегін керек етеді ме?
- Құралды орнына өз бетімен / ескертумен /
көмекпен апарады.
- Құралдың орнын сөреден таба ала ма?
- Жұмыс барысында неге алаңдайды.
Алаңдағаннан кейін жұмысын жалғастыра ала ма?
- Басқа балалардың әрекеттерін бақылауға
құмартады ма?
- Жұмысты орындаудың қандай ерекшелігі
байқалады, ол нені байқатады?
4. Қарым-қатынасы және сөздік әрекеті
- Мұғаліммен, серіктестерімен қарым-қатынасқа түсуге талпынуы. Мұғаліммен және балалармен қандай қатынас көрсетеді: а) жағымды ә) бірқалыпты б)қорқақтайды в) жағымсыз г) ашулы.
Өз әрекетінде, мұғалімнің алғашқы көрсетілімді көрсету кезінде, басқа балаларды бақылаудағы сөздік белсенділігі:
- қандай сөздік және сөзсіз құралдарды
қолданады: дыбыстар жиынтығы, сөздер, сөйлем, ым, мимика?
- Көмегін ұсына және көрсете, сұрай ала ма?
299 5. Баланың қажеттілігі.
- Арнайы дайындалған ортадағы еркіндігін арттыру үшін, қандай әрекеттің түрі (бөлмедегі жаттығу түрлері, мүмкін қосымша), көмек түрлері қажет?
6. Ата-аналарға ұсыныс:
Жұмыс барысында балаларды топтастырып, 6-7 балаға дейін біріктіріп сабақ өткізіп көрдік. Ондағы мақсатымыз - Монтессори бөлмесінің мақсатына сай, балалардың бір-бірімнен қарым-қатынасқа түсу, бір-біріне қарап үйрену, бір-біріне көмек көрсете білу дағдыларын дамыту болатын. Балалар ондай топта жұмыс істеуге дайын болмай шықты. Әркім өз білгенін істеп, алған жаттығуды аяқтамай, төгіп-шашып, орнына апарып қоймай тастап кетіп жатты. Біреулер бір жаттығуға таласып, біреулер керісінше аңтарылып, жан-жағына қараумен отырды. Олардың әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөлу керек болды. Сол себептен, топтағы балалар санын 2-3 балаға қысқарттық. Осылайша, жұмыс бір ыңғайға икемделе бастады. Балалар өздерін ұстауға, ережеге бағынуға, мұғалімді тыңдауға, кезек күтуге, бір-бірін тыңдауға үйренді. Алған жаттығуларын аяғына дейін орындауға, орнына апарып қоюға үйренді. Бір жыл уақыт аралығында жұмыс нәтижесін балалардың әрекетінен және толтырылған бақылаудың арқасында байқадық. Баланың жетістігі көрсетілген кестеде де өзгерістер байқалады. Құжаттар бойынша, баланың алғашқы кездегі жағдайы толтырылды. Ай сайынғы бақылау кестесі жинақталды және кезең соңындағы даму жағдайы толтырылды. Алғашқы жұмыс нәтижесі бізді қуантады. Балалардың еркіндікке бейімделуі, бөлмеге бар ынтасымен келуі, жұмысқа деген қызығушылығы бет жүздерінен көрінеді. Қазіргі таңда, кіші топтағы балалар саны 5-8-ге дейін жетті.
Осылайша, қазіргі таңда «Монтессори-терапия» бөлмесі өз жұмысын толық қанды атқарып жатыр. 2014 жылдан бері бұл бөлмеге жүзден аса бала қатысты. Олардың ішінде орталықтағы күндізгі қатынау тобының балалары және жеке сабаққа қатысатын балалар да кіреді. Монтессори терапиясы бөлмесінен үйреншікті дағдыларын балалар үй жағдайында қолданатынын ата- аналардың айтуларынан, алғыстарынан біліп жатамыз. Мектеп алды даярлық тобының балалары санау, әріп тану, жазу дағдыларының бастапқы кезеңдерін игеріп, бала-бақшамен қоштасып жатады. Бұл жерде айтып өтетін жайт, балалар Монтессори әдісінің құралдары арқылы заттың санын, құрылымын, бірліктер, ондықтар, жүздіктерді еш қиындықсыз меңгеріп алады. Өйткені, бала қолмен ұстап, көзбен көріп, іспен жасап көреді. Бұл бөлменің ерекшелігі осында - құрғақ сөзбен түсіндіруден гөрі, ұстап-көру арқылы меңгерту. Осы құралдарды жалпы мектепте қолданатын болса, балалардың пәндерді қабылдауы әлдеқайда жеңіл болатыны күмән тудырмайды.
Барлық балалардың жас ерекшеліктерін, дамуындағы бұзылыстарының әртүрлілігін ескере отырып, бөлмедегі іс-әрекеттерін, қабілеттерін, қабылдау ерекшеліктерін бақылай отырып, мынадай қорытынды жасадық. Білім алуында ерекше қажеттілігі бар балаларға Монтессори- терпиясы бөлмесінде жеке сабақ жүйесін бірнеше рет қайталау керек. Яғни, балаға жеке сабақ арқылы барлық ережелерді, жұмыс жасау үлгісін, алғашқы көрсетілімді көрсетуді бірнеше рет қайталап, естеріне салып отырған жөн. Бала кіші топқа қатыстырылғаннан кейін де бақыланады.
Егер бала кіші топқа қатынап жүріп, ережелерді бұзатын болса, келесі жолы ол баланы жеке алып, қайта ережелер есіне түсіріледі. Егер бала бір жаттығуды әрдайым қайталай берсе, жаттығуды таңдауды мұғалім кезекке салады. Яғни, алдымен мұғалім таңдап береді, содан соң бала таңдайды.
Осылайша, баланың таңдай білу дағдысы дами түседі, балада өзіне-өзі сенімділік қасиеті пайда болады. Егер, топта бірнеше балада өзін-өзі реттеу, өзін-өзі бағындыру, бір орында отырып жұмыс істеу дағдылары дамымаған болса, онда топтың тәрбиешісі мұғалімге көмекке шақырылады. Егер, бала алғашқы көрсетілмеген жаттығуды алатын болса, мұғалім бірден алғашқы көрсетілімді көрсетеді немесе келесі жолы көрсететінін ескертеді. Алғашқы көрсетілім көрсетілмеген жаттығуды баланың алуына жол берілмейді. Өйткені, бала оны дұрыс орындамай, жаттығудың мәнісін түсінбей қалуы мүмкін. Әрдайым балаларға айғайлауға, секіріп, жүгіруге, бір-біріне кедергі жасамау, таласпау керектігін естеріне салып отырады.
300
Балалардың жаттығуды таңдау барысы бақыланып, келесі көрсеткіштер алынды. Бір жыл бойғы таңдалған жаттығулардың орташа есеппен саны алынып, кестеге салынды [3 кесте]. Кестеге 3 топтың балалары енді. Олар - ортаншы топ, яғни 4-5 жастағы балалар, даярлық топ, 5-6 жас аралығындағы, сөйлеу тілдерінде бұзылыстары бар, психикалық дамуында тежелістері бар, аутистік ауытқулары бар балалар. Кестеге 3- топ балалары түсірілді. 3- топ балалары - 4-6 жас аралығындағы балалар. Бұл балалардың басым бөлігі - жалпы сөйлеу тілінің дамуы және психикалық дамуы тежелген балалар. 4- топ балалары - 5-6 жас аралығындағы балалар, мектеп алды даярлық тобы. Бұл топта да жоғарыда аталған бұзылыстары бар және аутистік белгілері бар балалар қатысады. 6- топ балалары, 4-6 жас аралығындағы балалар, бұл топқа зерде бұзылыстары бар балалар қатысады.
№3 кесте (кестені автор құрастырды)
0 500 1000 1500 2000 2500 3000
3 топ (4- 6 жас)
4 топ (5- 6 жас)
6 топ (4- 6 жас)
2654 2541 2479
2130
2563
1563 2369
2649
1347 1547 1456 1232 1367 1032
831
КӨ Ж СЖ
КӨЖ - күнделікті өмір жатттығулары СЖ - сенсорлық жаттығулар
ТЖ - таным жаттығулары
СТДЖ - сөйлеу тілін дамыту жаттығулары
МЖ - математикалық түсініктерін дамыту жаттығулары
Қорыта келе, білім алуында ерекше қажеттілігі бар балалар Монтессри-терапиясы бөлмесінде өздерін еркін ұстауға, өз беттерімен құралдарды таңдауға, жаттығуды орындауға (мүмкіншіліктеріне қарай), ережелерді қабылдауға қабілеттері толықтай жетеді. Осы бөлмеде үйренген дағдыларын басқа да ортада, үйде, бала-бақшада емін-еркін орындай алады. Жоғарыдағы кестеге [3- кесте] қарайтын болсақ, балалардың жастарына, дамуындағы ауытқуына қарамастан барлығы көбіне күнделікті өмір жаттығуларын таңдайтыны анықталды. Оған себеп - үй жағдайында ата-аналардың балаларды күнделікті тұрмыстағы жұмыстарға араластырмауы. Бала анасының әрекеттерін бақылап, оны қайталағысы келеді. Бірақ, көбіне ата-аналар баланың қолына берсе ыдыс-аяқты сындырып, су, жармаларды төгіп-шашып алады деген қорқыныштарын алға тартады. Бірақ, балалар кез-келген құралмен жұмыс жасау тәртібін көріп-біліп алса болғаны, олар өте ұқыпты орындауға қабілетті. Екінші орында сенсорлық және танымдық жаттығулар. Балалар өскен сайын білуге құмар болады. Балалар даму ерекшеліктеріне қарамастан, кез-келген құбылысты, затты көріп білуге құмар. Олар заттың түсін, пішінін, көлемін ұстап көруге, салып көруге, қойып көруге құмар. Әсіресе, заттардың түстері қызықтырады. Заттарды түстері бойынша сұрыптағанды, сәйкестендіргенді, сыңарын тапқанды ұнатады. Қоршаған заттарды, жануарларды танып-білуге құмар. Ал математикалық және тіл дамыту жаттығулары соңғы орындарды алуда.
Оған себеп - балалардың зерделік дамулары жастарынан кештеу дамуында. Балалардың басым бөлігінде сөйлеу тілінің дамуында ауытқулар бар. Сол себептен де бұл жаттығуларды көбіне мұғалім ұсынады. Балалар бөлмеге келгенді жақсы көреді. Бар ынталарымен жаттығуды барынша
301
ұқыпты орындайды. Ережелерді бірнеше рет көргеннен кейін, оны бұлжытпай орындауға тырысады. Монтессори-тарепиясының балаларға берген көмегі зор десем, артық етпес. Мария Монтессори әдісін мен педагогиканың бала дамуына ықпалын тигізер әдістерінің бірегейі дер едім және осы әдістің біздің елде одан әрі дамуына, көбейе түсуіне тілектеспін.
Пайдаланылған әдебиеттер 1. Лоре Андерлик. Путь для всех. Пер. с нем. Нефёдовой Н.Е.
2. Maria Montessori. Her life and work. 1957.
3. Мария Монтессори. Помоги мне это сделать самому. Москва. 2007 4. Мария Монтессори. Впитывающий разум ребенка. Моска. 2011
5. Андрющенко Н.В. Монтессори-педагогика и Монтессори-терапия. Санкт-Петербург. 2010 6. Елисеева И.Г., Аханова Ж.Б. Білім алуында ерекше қажеттілігі бар балаларды дамыту жұмысында күнделікті өмір жаттығуларын қолдану. Әдістемелік құрал. Алматы, 2017
7. Елисеева И.Г., Аханова Ж.Б. Білім алуында ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс жүргізуде сенсорлық жаттығуларды қолдану. Әдістемелік құрал. Алматы, 2018
8. Аханова Ж.Б. Білім алуында ерекше қажеттілігі бар мектеп жасына дейінгі балаларға Монтессори әдісі бойынша білім беру тәжірибесі. Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Алматы.
ОПЫТ РАБОТЫ ПО ОБУЧЕНИЮ И ВОСПИТАНИЮ ДЕТЕЙ ДОШКОЛЬНОГО ВОЗРАСТА С ОСОБЫМИ ОБРАЗОВАТЕЛЬНЫМИ ПОТРЕБНОСТЯМИ ПО МЕТОДУ МОНТЕССОРИ
Ж.Б. Аханова педагог-дефектолог,
Национальный научно-практический центр коррекционной педагогики, Алматы, Казахстан, [email protected]
В статье описывается опыт обучения детей с особенными образовательными потребностями по методу Монтессори, которые посещают Национальный научно-практический цетр коррекционной педагогики. Как показала практика, метод Монтессори педагогики полностью полезен и важен для развития детей с особыми образовательными потребностями. Этот метод способствует развитию детей. Поэтому, внедрение данной методики в каждое специальное дошкольное учреждение принесло бы положительные результаты в развитии детей. Работая с детьми, мы показали в статье правила участия в кабинете, дневник выбора упражнений, а также диаграмму по самостоятельному выбору упражнений.
Ключевые слова: дети с особыми образовательными потребностями, Монтессори педагогика, Монтессори-терапия, специальная подготовленная среда, презентация, наблюдение
EXPERIENCE IN TEACHING AND EDUCATING PRESCHOOL CHILDREN WITH SPECIAL EDUCATIONAL NEEDS BY THE MONTESSORI METHOD
Zh.B. Akhanova teacher-defectologist,
National scientific and practical center of correctional pedagogy, Almaty, Kazakhstan, [email protected]
This article describes the experience of teaching children with special educational needs by the method of Montessori pedagogy, who attend the national scientific and practical center of correctional pedagogy. As practice has shown, the method of Montessori pedagogy is completely useful and important for the development of children with special educational needs. The Montessori method promotes the development of children. Therefore, the introduction of this technique in each special preschool institution would be useful. Working with children, we showed in the article the rules of participation in the study, the diary of the choice of exercises, as well as a diagram for self-selection of exercises.
Key words: children with special educational needs, Montessori education, Montessori-therapy, a specially prepared environment, presentations, observation
Редакцияға 04.11.2019 түсті.