Дөкей ТАЛЕЕВ
Археология
Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған
Оқулық
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
АРХЕОЛОГИЯ
Оқулық
Астана, 2010
УДК 902/904(574)(075,8)
ББК 63.4 (5каз)я 73 Т 16
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кеңесі ұсынған
Пікір жазғандар:К.М. Байпақов, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Е. Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор
А.Х. Бикенов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Т – 16. Талеев Д.Ә. Археология: Тарих, археология және этнология мамандықтарына арналған оқулық. –
ISBN 978-601-7252-25-0
Оқулықта Шығыс Еуразия жерінің тас дәуірінен ерте орта ғасырға дейінгі археологиясы қамтлған. Сондай-ақ Еуразия құрлығын мекендеген халықтардаң материалдық мәдениеті мен тарихы археологиялық зерттеулер негізінде байыпталған. Адамзаттың қарапайым иемденуші шаруашылықтан оның өндіруші түріне өту үдерісіне қарастырылып, жекелеген археологиялық мәдениеттерге сипаттама жасалады.
Кітап оқу жүйесінің кредиттік технологиясына негізделген. Тарихшы, археолог және этнолог дайындайтын жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттары мен оқытушыларына, сондай-ақ ежелгі тарихқа қызығатын көпшілік оқырманға арналған.
ББК 63.4 (5каз)я 73
© ҚҰУ, 2014.
© Талеев Д.А., 2010.
МАЗМҰНЫ
АЛҒЫ СӨЗ ... ......3
Кіріспе Пәннің мақсаты мен міндеттері... ……….. ...4
Археология ғылымының қалыптасып, даму тарихынан ...7
1-тарау. Тас ғасыры Адамның арғы тегі туралы мәселе ………...21
Еуразияның көне тас (палеолит) дәуірі ...23
Мүстьер дәуірі ...29
Шығыс Еуразияның жоғарғы тас мәдениеттері ...33
Көне тас дәуірі өнері ...37
Еуразия құрлығының орта тас (мезолит ) дәуірі ...42
Жаңа тас (неолит) мәдениеттері ...48
Жаңа тас өнері ………..59
2-тарау. Қола ғасыры Шығыс Еуразияның егінші және бақташы тайпаларының энеолиттiк мәдениеттер ...64
Орта Азия мен Кавказдың қола ғасыры мәдениеттері ...77
Орта Азия қола ғасыры мәдениеттері ……… ………...77
Кавказдың қола ғасыры мәдениеттері ...80
Шығыс Еуразияның далалық аймағындағы қола ғасыры ...88
Сiбiрдiң мен Қазақстанның қола ғасыры ………95
Шығыс Еуразияның орманды аймағының қола ғасыры ...105
Еуразияның қола ғасыры өнері ...110
3-тарау. Темір ғасыры Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның ерте темір ғасыры ...116
Таулы Алтай мен Оңтүстiк Сiбiрдiң сақ тайпалары ...118
Аржан мен Пазырық обалары ……….120
Қазақстанның ерте көшпелі тайпалары...126
Қырым мен Қара теңiздiң солтүстiк жағалауындағы скифтер …...132
Савраматтар мен сарматтар ………138
Еуразия даласының орманды аймақтарының ерте темір ғасыры ...142
4-тарау. Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның ежелгі құлиеленуші және феодалдық қоғамдарының археологиясы Құлиеленуші Урарту мемлекеті ...148
Қара теңiздің Солтүстiк жағалауларындағы антикалық қала мемлекеттер археологиясы ...152
Орта Азияның құл иеленуші және феодалдық қоғамдарының археологиялық ескерткіштері ...159
Ежелгі славян археологиясы ...166
Негізгі археологиялық терминдер сөздігі ...171
АЛҒЫ СӨЗ
КСРО кезінде жоғары оқу орындарының тарих, археология және этнология мамандықтарының студенттеріне арналған «Археология» курсы жалпыға бірдей міндетті пән болатын. Одақ ыдырағаннан кейін осы курстың жоғары мектеп бағдарламасында сақталып қалуы пәннің қажеттілігін көрсетеді.
Шығыс Еуразия жерін ежелгі заманнан бері мекендеп келе жатқан халықтардың тарихи тағдыры өзара тығыз байланысты. Олардың материалдық мәдениеті мен этникалық тегінде, саяси-экономикалық өмірі өзара ықпалда дамыған.
Сондықтан айтылған кеңістіктегі тарихи үрдістің қалыптасып, даму жолдарымен қатар тіршілік кешкен көптеген археологиялық мәдени қауымдастықтардың өзара мәдени, экономикалық және саяси ықпал, этникалық байланыста жүргендігін зерттеу – болашақ тарихшы мамандарды оқытуда қажет те маңызды мәселе.
Қазақ тілінде алғаш жарық көріп отырған осы оқулық кеңес өкіметі кезінде кеңінен қолданыста болған «Основы археологии», «Археология СССР»,
«Археология» (орыс тілінде) оқулықтары мен ғылыми монографиялар материалдары негізінде ұлттық археология материалдармен толықтырыла отырып жазылды. Оқулық жазу барысында кеңес дәуірінде зерттелген археологиялық ескерткіштердің материалдары мен жекелеген кезеңдерді зерттеу нәтижесінде жазылған монографиялық еңбектердің тұжырымдары пайдаланылды.
Елімізде егемендік алғана бері археологияға қатысты оқулық екі рет қана басылып шықты. Олар: К.М. Байпаков, Ж.Қ. Таймағамбетов, Т.Ж.
Жұмағанбетовтердің «Археология Казахстана» (1994 ж.) және К.М. Байпаков пен Ж.Қ. Таймағамбетовтің «Археология Казахстана» (2006 ж.) атты оқулықтары. Осы оқулықтардың алғашқысы қазақ тіліне аударылып, 2006 жылы қайта басылды. Бұл еңбектердің таралымы шамалы және тек Қазақстанның ғана археологиясына арналған. Ал, қолдарыңыздағы оқулық Шығыс Еуразияның археологиясын қамтиды және қазақ тілінде алғаш жарық көріп отыр. Археология пәні жоғары оқу орындарының гуманитарлық мамандықтарының көпшілігіне оқылатын болғандықтан қазақ тілінде жазылған осындай оқулықтар көптеп әзірленуі тиіс. Оқулықтардың көбеюі олардың сапасының жақсаруына көмектеседі және оқырманның немесе студенттің шынайы және ғылыми негізде жазылған оқулықты таңдау мүмкіндігін арттырады.
Оқулықта Еуразия кеңістігінің археологиясы мүмкіндігі болғанша тең дәрежеде қамтылды. Сондай-ақ еліміздің археологиясына да едәуір орын берілді. Қазақстан археологиясына қатысты материалдар К.А. Ақышев, К.М.
Байпақов, Ж.Қ. Таймағамбетовтердің оқулықтары мен әр кезеңнің археолог мамандары (М.Е. Елеуов, Ж.Қ. Құрманқұлов, З.С. Самашев, В.Ф. Зайберт, В.В.
Ворфоломеев, А.З. Бейсенов, т.б.) дайындаған ғылыми еңбектерден алынды.
КІРІСПЕ
Пәннің мақсаты мен міндеттері: Біз адам қоғамының қалыптасып дамуы жайлы тарихи деректердi зерттеу арқылы танып бiлемiз. Дерек ретінде адамзаттың өткен тарихынан мысқалдай болса да мәлiмет беретiн кез келген зат есептеледi. Тарих ғылымында деректердi үлкен екi топқа бөлiп қарастыру қалыптасқан. Оның бiрiншiсi – жазба, екiншiсi – заттай деректер. Археология екiншi топқа жататын заттай деректердi зерттеумен айналысады. Заттай дерекке, қайсыбiр заманда адам баласының қолынан шыққан кез келген бұйым жатады. Олар атқарған қызметiне қарай еңбек құралдары, қару-жарақтар, тұрмыстық заттар болып топтастырылады. Осындай танымдық деректерден басқа, ғылымда археологиялық ескерткiштер деген түсiнiк те бар.
Археологиялық ескерткiштер: мекенжайлар және жерлеу ескерткiштерi болып екiге бөлiнедi. Археологиялық ескерткiштердiң басым көпшiлiгi осы екi топқа кіреді. Бұлардың ешқайсысына қатысы жоқ ескерткiштер бар. Олар:
өндiрiстiк құрылыстар мен рухани мәдениет жәдiгерлерi. Бұлардың бiрқатары мекендердiң iшiнде (шеберханалар, мешiттер, храмдар т.б.), бiрқатары мекендерден тысқары жерлерде (суару жүйелерi, тастағы таңбалар, кен алған орындар т.б.) орналасуы мүмкiн.
Ежелгi адамдар тұрып, өз тiршiлiгiнiң iздерiн қалдырған мекен-жайлар археологиялық ескерткiштердiң iшiндегi ең көп таралған түрi. Осындай мекен- жайлардан үйлердiң қалдықтары жиi кездеседi. Темiр ғасырына жататын, сыртында қорғаныс құрылыстары бар мекенжайлар археологияда қалашықтар деп аталады.
Археологиялық ескерткiштердiң келесi бiр түрi – жерлеу ескерткiштерiнiң де ғылыми маңызы үлкен. Жерлеу ескерткiштерiне тастан салынған склептер, үстiне тас немесе топырақ үйiлген обалар, түркi дәуiрiнiң зираттары және қарапайым жер қабiрлер жатады. Бiздiң елiмiзде жерлеу ескерткiштерiнiң ең көп тараған түрi – жер қабiрлер мен үстiне топырақ немесе тас үйiлген обалар.
Мекенжайларды қазу барысында мамандар ежелгi адамдардың тiршiлiк iздерi сақталған қабат – мәдени қабатқа тап болады. Мәдени қабаттың қандай тереңдiкте жатқаны мен оның қалыңдығы аса маңызды. Мәдени қабаттың қандай тереңдiкте жатқанына және одан табылған заттарға қарап, бұл жердi адам баласы қашан және қанша уақыт мекендегенiн анықтауға болады.
Мысалы, темiр ғасырының мекенжайлары жердiң бетiне жақын орналасса, тас дәуiрiнiң тұрақтары әдетте жердiң бетiнен едәуiр тереңдiкте сақталған. Кейде бiр мекенжайдың орнында әртүрлi археологиялық кезеңдерге жататын бiрнеше мәдени қабат кездесуi мүмкiн. Мекенжайдағы тiршiлiк үздiксiз ұзақ уақыт жалғасқан жағдайда мәдени қабат бiрiнiң үстiне бiрi түседi. Оларды құрамында ешқандай археологиялық артефактiлер кездеспейтiн, құмнан немесе топырақтан түзiлген аралық қабат бөлiп жатуы мүмкiн. Бұндай жағдайда мекенжайдағы тiршiлiк белгiлi бiр уақыт аралығында үзiлiп, араға белгiлi бiр уақыт салып қайта жалғасқан деуге болады.
Археологиялық мәдениет түсiнiгi бiр мезгiлде, бiр жерде дамыған шаруашылығы мен құрылымы жағынан бiр тектес ескерткiштерден алынған еңбек құралдары, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдары секiлдi археологиялық заттардың кешенiн қамтиды. Кейде археологиялық мәдениет өздерiнiң шаруашылығы мен рухани дамуы жағынан бiр-бiрiне жақын, шығу тегi, тiлi, материалдық және рухани мәдениетi ортақ бiр этникалық адамдар қауымдастығына тән болуы мүмкiн. Археологиялық мәдениеттер әдетте, шартты түрде алғаш зерттелген жердiң атымен (Атбасар, Андрон, Беғазы- Дәндiбай т.б.) немесе археологиялық ерекше белгiлерiне қарай (Катакоба, Бесшатыр, Тасмола т.т.) аталады. Археологиялық мәдениет заттай деректердi жiктеу (классификация) мен жүйелеудiң (систематизация) негiзi болып есептеледi. Барлық археологиялық заттар мәдениеттiң қайсы бiр түрiне жатады.
Адам қоғамының тарихын олардың негiзгi еңбек құралдарының қандай материалдан жасалғандығына қарай археологиялық кезеңдеу қалыптасқан. Осы кезеңдеуге орай бүкiл адамзат тарихы тас, қола және темiр ғасырларына бөлiнедi. Өз кезегiнде бұл ғасырлардың әрқайсысы жеке кезеңдер мен мәдениеттерден тұрады. Дәуірінің ұзақтығы мен өзiндiк даму ерекшелiктерiне қарай бұл ғасырлар әркелкi. Мәселен, тас ғасыры басқаларына қарағанда едәуiр ұзақ уақытқа созылған. Осы ұзақ мерзiмге созылған тас ғасыры кезiнде тас еңбек құралдары үздiксiз дамып, оларды жасау әдiстерi де жетiлiп отырды.
Осыған орай адамның өзi де өзгерiп, тәжiрибесi артты. Сондықтан да тас ғасыры ғылымда палеолит (көне тас), мезолит (орта тас) және неолит (жаңа тас) болып, үш кезеңге бөлiнедi. Олардың әрқайсысынан аймақтық (территориялық) және мерзiмдiк (хронологиялық) тұрғыдан ерекшеленетiн энеолит (мысты тас) тас пен қола ғасырларының ортасындағы аралық кезең болды.
Адамзат тарихында қола ғасыры мыс пен қалайының қосындысынан алынатын қоланы адамның игерген уақытынан басталады. Бұл ғасыр оңтүстiк аудандарда б.з.д. үшiншi мыңжылдықтан басталса, солтүстiк аудандарда кiшкене кешеуілдеп қалыптасты. Ақыр соңында темiр өндiрудiң қыры мен сырын жаппай меңгерген шақ б.з.д. VІІІ ғасырдан бастап, адам баласы темiр ғасырына қадам басты.
Сонымен археологиялық кезеңдеу негiзгi еңбек құралдарының эволюциясымен оларды жасау әдiсi негiзiнде құрылды. Археологиялық деректердiң өзiндiк ерекшелiктерiне сай заттар мен мәдениеттердiң мерзiмiн (хронологиясын) анықтау арнайы әдiс пайдалануды қажет етедi. Осыған орай археологиялық мерзiмдеуде нақты және салыстырмалы мерзiмдеу деген екi түрлi әдiс қолданылады.
Салыстырмалы әдiс – кез келген мәдениетке немесе кезеңге тән заттарды олардың жасалу әдiсi мен материалына қарай бұрын ғылымда жасы анықталған заттармен салыстыру арқылы жүзеге асырылады.
Нақты мерзiмдеу жаратылыстану ғылымдарының әдiс-тәсiлдерi арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, калиоргонды (радиоактивтi элементтердiң ыдырау
мерзiмiне қарай), геохронологиялық (жер қыртысының жылдық қатпарларын есептеу арқылы), дендрохронологиялық (ағаштың жылдық сақинасына қарай) мерзімдеу әдістері. Әдетте, нақты мерзiмдеу үшiн бiрнеше әдiстер қорытындысының жиынтығы алынады.
Археология ғылымының өзiнiң зерттеу нысаны мен деректердi жинақтау және зерттеуде өзiне ғана тән әдіс, тәсiлi бар. Осы тұрғыдан алғанда археология жеке ғылым болып есептеледi. Дегенмен, тарих пен археологияның мақсат, мiндеттерi бiр және бiртұтас ғылым екендiгiн ұмытуға болмайды. Олардың айырмашылығы зерттеу деректерi мен оларды қолдану әдiстерiнде. Археология тарих секiлдi адам тiршiлiгiнiң барлық кезеңдерiн қамтымайды, ол алғашқы қоғам тарихын зерттеуге негiзгi, ал құлдық және феодалдық қоғамдар жайлы қосымша материалдар бередi. Олай болса, археологияның адамзат iлiмi жүйесiндегi алатын орны орасан зор. Ең алдымен, ол адамзат тарихының мерзiмдiк шеңберiн кеңейттi. Жазба деректер адам қоғамының 5 мың жылдық тарихын, яғни таптық қоғамның қалыптасып, дамуынан берi қарайғы кезеңдi зерттеуге көмектессе, археологиялық деректердi пайдалану ешқандай жазба дерегi жоқ, таптар қалыптасқанға дейiнгi қоғамның тарихын қалпына келтiруге мүмкiндiк бередi. Осылайша археология тарихтың мерзiмдiк шеңберiн 2 млн.
жылдан астам уақытқа ұзартып, адамзат өркениетiнiң басталуына дейiн жеткiздi.
Кеңес өкiметi кезiнде археологияға ерекше мән берiлiп, оның тарих ғылымының дамуындағы рөлi жоғары бағаланды. Археологияның жеке ғылым ретiнде қалыптасып, одан әрi дамуына көп жағдай жасалды. Тарихи мұралар мен археологиялық жәдiгерлердi табиғи апаттар мен кездейсоқ бұзылыстардан қорғау және зерттеу туралы заң шығарылды. Кеңес одағы кезiнде жүргiзiлген игi iстер бұл күнде дұрыс жалғасын таппай отыр. Елiмiздiң кең-байтақ территориясы археологиялық ескерткiштерге өте бай. Олардың көпшiлiгi шаруашылық жұмыстарын жүргiзу барысында бүлiнiп, жойылып кету қаупi тууда. Сондықтан тарих пәнiнiң болашақ мұғалiмдерi мен оқытушылары археологиялық ескерткiштердiң мемлекеттiң меншiгiндегi тарихи, мәдени мұра ретiнде заң жолымен қорғалып, оның бұзылуы мен жойылуына жол берген кiсi немесе мекемелер (заңды тұлғалар) заң алдында жауап беретiндiгiн бiлгенi абзал.
Археологиялық ескерткiштермен жан-жақты шұғылдануға, қазып, зерттеуге арнайы рұқсат қағазы бар мамандар ғана құқылы. Өз бетiмен, ешқандай арнайы рұқсатсыз қазба жүргiзген кез келген жеке тұлға яки мекеме «Тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғау және пайдалану» заңына сай жауапқа тартылады. Сондықтан мектептер мен оның мұғалiмдерiнiң iс-әрекетi жас ұрпақты археологиялық ескерткiштердi танып, бiлiп оларды қорғауға тәрбиелеуге бағытталуы тиiс.
Археологиялық зерттеулер үш кезеңнен тұрады. Бiрiншiсi – археологиялық барлау, яғни ескерткiштердi iздеп тауып, мемлекеттiк есепке алу, қорғау.
Екiншiсі – археологиялық ескерткiштерде қазба жүргiзу және қазбадан табылған заттарды зерханалық зерттеуден өткiзу. Қазбадан табылған заттар арнайы зерханалық өңдеуден өткеннен кейiн ғана толыққанды дерек болып саналады. Олардың атқарған қызметiн, құрылымын және материалын басқа заттармен байланысын анықтау барысында әртүрлi зерттеу әдiстерi мен тәсiлдерi пайдаланылады. Үшiншiсі – зерттеу нәтижесiне сай ежелгi адамдардың тұрмыс-тiршiлiгiнiң қалыптасып, дамуындағы қайшылықтар мен заңдылықтар жайлы арнайы ғылыми мақалалар мен кiтаптар жазу. Соңғы кезең арнайы кабинеттер мен кiтапханаларда, мұрағаттарда жүзеге асырылады.
Археологияның жетістіктері жайлы мәліметтер әдетте, мамандарға арналған ғылыми еңбектер арқылы таралады. Археологияның табыстарын көпшілікке уағыздайтын тағы бір көз бар. Ол-әртүрлі музейлердің археологиялық бөлімдері. Олар біздің саланың зерттеу жетістіктерін елге уағыздап, үлкен отансүйгіш, тәрбиелік мәндегі жұмыстар атқарады. Музейлер қорында археологиялық заттар өте көп шоғырланған. Сақтау қорында жиналған заттар саны көрсетуге қойылған заттардың санынан бірнеше есе асып түседі. Музей қорлары да жазба деректер, ежелгі қолжазбалар сақталатын мұрағат іспеттес.
Музейлердің ғылыми қызметкерлері мен қор меңгерушілері археологиялық ғылыми ошақтармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізеді. Олардың арасындағы жүйелі байланыс археологиялық жаңа жетістіктерге жол ашады.
Адамзаттың өткен тарихын танып, білуге бағытталған жұмыстарды бірлесіп атқарады.
Археология ғылымының қалыптасып, даму тарихынан
«Археология» атауы адам баласына сонау Ежелгі Грек дәуірінде белгілі болған. Бұл сөзді әртүрлі дәуірде әртүрлі мағынада қолданған. Терминді алғаш қолданғандардың бірі Плотон археологияға ежелгі дүниеге қатыстының барлығын жатқызған. Ал еуропалық қайта өрлеу дәуірінде археология антикалық өнердің көрнекілік құралы қызметін атқарып, әсілі антикварлық істің бір бөлігіне айналды. Қазірдің өзінде әлемдік тәжірибеде археологияның міндеті мен мақсаты жайлы ортақ түсінік жоқ. Әсіресе, оның хронологиялық шеңбері жайлы мәселеде. Кейбір елдерде қазіргі замандық мәдени қыртыстарды зерттейтін археология да кездеседі. Бірқатар елдерде археология адам жайлы ғылым – антропологияның бір бөлігі ретінде танылады.
Шығыс Еуразия елдерінде археология ғылымының қалыптасу кезіндегі Қазақстанның тарихы Ресеймен тығыз байланысты болғандықтан осы ғылымның алғашқы даму жолдарын Ресейдегі археологиялық дамумен бірге қарастырамыз. Сонымен, көне дүниеге қатысты мұраларды зерттеуде І Петрдің арнайы әмірі мен оның бастамасы бойынша Сібір және Ресейге іргелес жатқан елдердің жерін зерттеу мақсатымен жүргізілген шаралар маңызды рөл атқарды.
1707 жылы Тобыл боярының ұлы С. Ремезов жазған "Чертежная книга Сибири"
("Сібірдің сызба кітабы") атты еңбек жарық көрді. Онда географиялық деректермен қатар, Еуразия сахарасының археологиялық ескерткіштері туралы мәліметтер жинақталған. Сібірді игеру мақсатымен жүрген Ресейлік шонжарлар мен жергілікті әкімдердің патшаға сыйға берген көне дүниелерінен құралған заттар кейіннен Петрдің «Сібірлік коллекциясы» деген ғылыми атқа ие болды. Негізінен сақ-скиф дәуірінің өнер туындыларынан тұратын асыл металлдардан жасалған бұйымдар бұл күнде Шығыс Еуразия тарихының теңдесі жоқ мұрасы саналады.
Осы күнгі мағынасындағы археология ғылымы ресей жерінде ХІХ ғасырда қалыптаса бастады. Археология адамдардың ежелгі заманнан бастап орта ғасырларға дейінгі іс-әрекетіне қатысты заттарды қазып алып, оларды зерттеумен айналысады. Әлемдік ғылымдардың құрамдас бір бөлігі саналатын археологияның дамуы сол кездегі Ресейдегі қоғамдық ойдың дамуымен байланысты дамыды. Ол кезде Украйна, Беларуссия, Малдовадан бастап, Кавказдың көпшілік бөлігі, Қазақстан мен Сібір, сонау Қиыр Шығысқа дейін Ресейдің билігінде болатын. Осы айтылған ұлан-ғайыр жерлерді зерттеуге бағытталған археология жеке дара емес әр дәуірдегі қоғамдық сұранысы пен саяси жүйеге байланысты дамыды.
Ресей археологиясының дамуын уақыты ғана емес, әдістемелік бағыты мен ғылыми зерттеу тәсілі, мәліметтерді алу жолдары және тарихи қалпына келтіру мақсаттары жағынан бір-бірінен ерекшеленетін бірнеше кезеңдерге бөлуге болады.
Бірінші кезең (ХVІІІ – ХІХ ғ. басы) – археология қалыптасуының алғашқы даму кезеңі. Бұл кезде скиф-сақ қорымдары, антикалық қалалар, қола дәуірі қорғандардың алғаш қазылып, археологиялық мұралардың қорлануы басталған.
Дегенмен, бұл кезеңдегі археологиялық ізденістерді дердес ғылыми зерттеулер деп айтуға болмайды. Өйткені археологияның ғылыми әдістемелік тәжірибесі әлі түпкілікті қалыптаспаған кез-ді. Жүргізілген қазба жұмыстары әуесқойлық деңгейдегі, ескерткіштерден көне бұйымдарды қазып алумен шектелген-ді.
Еуропа мен Ресейде археологиялық зерттеулердің негізгі қарқыны ғылыми энциклопедизм қалыптаса бастаған ХVІІ ғасырдан басталады. Еуропада археология ғылымы өткен тарихқа деген қызығушылық артқан ағартушылық дәуірдегі қажеттіліктен туды. Археологияның алғашқы тәжірибесі Везуви жанар тауы (вулканы) атқылаған кезде қираған (79 ж.) Помпей мен Геркуланум қалаларының орнын қазудан басталды. Помпейді қазу арқылы осыдан 1600 жылдан артық уақыт бұрын өмір сүрген қала тұрғындарының тіршілігін сипаттайтын мәліметтер алынды. Зерттеу барысында тұрмыстық заттар мен еңбек құралдары, т.б. олжалар қаншалықты маңызды дерек екендігіне ғалымдардың көзі жетті.
Археология мен оған қатысты заттар жайлы алғашқы мәліметтер ХVІ – ХVІІ ғасырларының өзінде белгілі бола бастаған. Бірақ бұл археология ғылымының басы емес еді. Осы кезде Ресейдің қоластына жаңадан енген шығыс аймақтарды
өз еркімен игеруге әрекет жасаған еркін белсенділер көп болған. Оларды қызықтырған бос жатқан жерлердің табиғаты, минералдық шикізаттары, сонда тұрған адамдардың әдет-ғұрпы мен археологиялық ескерткіштері болды.
Сондай алғашқы игерушілердің қатарында В. Поярков, Е. Хабаров, С. Дежнев секілді көптеген есімдері тарихқа айналған тұлғалар бар.
Сібір мен Алтайдың жеріндегі қорғандарды қазып, ішіндегі алтын, күміс заттарды алу үшін қазу науқаны басталды. Қазып алынған көне заттар Тобыл, Томск және Краснояр базарларында сатылды. Археологиялық заттарды негізгі сатып алушылар елшілер мен ақсүйектер болатын. Ресейде археологиялық коллекциялар алғаш осылай жиналды. Кейбір көне бұйымдар осындай жолмен шетелдерге де кетіп жатты. Сібірді игеруші Демидов сыйлаған І Петрдің
«Сібірлік коллекциясы» осылай пайда болды. Археологиялық заттарды Петербургке сібірлік шонжар М.П. Гагарин де жіберіп тұрған.
Мемлекет тарапынан археологиялық ескерткіштерді қорғап, көне заттарды жинау әрекеттері Ресейде ХVІІІ ғасырдан бастап жолға қойыла бастады. Осы істің басы І Петрдің 1718 жылы «Сібірлік коллекцияны» алғаннан кейін шығарған жарлығы. Жарлықта: «Егер кімде-кім жерден немесе судан көне заттар тауып алса... алып келсін, ол үшін заттың құнына қарай төлем төленеді», – делінген. Екінші жарлық бойынша табылған заттың орны және өзін сызып алу туралы айтылған. Ең алғашқы археологиялық қазбаны 1722 жылы Сібірдегі Абакан-Перевозной ауылының маңында Г.Д. Мессершмид пен Ф.И.
Страленберг жүргізді. 1733 – 1743 жылдары аралығында В.И. Беринг басқарған алғашқы академиялық экспедиция Сібір мен Қазақстан жерінде зерттеулер жүргізді. Экспедицияның мақсаты жаңа кірген жерлердің топографиясы, геологиясы мен тарихын зерттеу болатын. Экспедицияның мүшелері И.Г.
Гмелин, Г.В. Стеллер, Г.Ф. Миллер, С.П. Крашенинников, И. Фишер, Л.
Делаклоер, А.Иванов, М. Ушаков және Я. Линденаулар Сібір мен Қазақстанның археологиялық ескерткіштері жайлы мол материал жинады.
1768 – 1774 жылдары Еділ бойы, Урал, Сібір мен Қазақстан халықтарының тарихын, географиясы мен этнографиясын зерттеу мақсатымен ұйымдас тырылған екінші академиялық экспедиция Қазақстанда археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедиция мүшелері П.С.Паллас, И.П. Фальк, И.Г.
Георги, ІІ.И.Рычков, Х.Барданес археологиялық ескертіштерді топтастыруға үлкен үлес қосты. П.И.Рычков өзінің «Топография Оренбург ская» атты еңбегінде өзі кездестірген кен алған жерлерді, мыс, қорғасын және қалайы қорытатын орындарды сипаттап кетті.
1763 жылы А.П. Мельгунов Украинада скифтердің үлкен обасын қазды.
ХVІІІ ғасырда орыс тарихшысы В.Н. Татищевтің археология ғылымына қосқаны мол болды. Ол түрлі тарихи деректерді жинаумен, археологиялық ескерткіштерді бақылаумен де айналысты. Тіпті, археологиялық материалдарды жинақтау туралы нұсқау құралын да дайындаған. Ол тарихты география, археология және этнграфиямен бірге зерттеуді қолдаған.
Бұл кезеңде осы күнгі түсініктегі археология ғылымы қалыптаспаған, алдына қойылған мақсат, міндеті мен ғылыми зерттеу әдістемесі жоқ болатын.
Дегенмен, археологиялық ескерткіштер мен көне заттарға деген қызығушылық көбейіп, сол кезеңге сай ғылыми теория қалыптасты. Мәселен, В. Татищев скиф, сармат және славяндардың пайда болуы жайлы теориялық тұжырым жасауға әрекет жасаған.
ХІХ ғасырда қанат жайған үлкен көлемдегі қазба жұмыстары археологияның ғылымы ретінде дамуына ықпал жасады. Еуропа археологиясындағы бірқатар жетістіктер өзінің оң әсерін тигізді. Помпей мен Вульчи зиратындағы қазбадан кейін Ассирияның астанасы Ниневиде Г.Лэйяр жүргізілген зерттеуі тамаша табыстар әкелді. Археология Ашшурбанипалдың кітапқанасының 20 мыңнан астам сына жазу мәтінін әлемге сыйға тартты. Мысырды жүйелі зерттеу жұмыстары басталды. Осының бәрі археология мүмкіндігін көрсетіп, археологиялық қазбаларға қанат бітірді. Ресейдің оңтүстігінде антикалық ескерткіштерді зерттеу басталды.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында дат ғалымы К.Ю. Томсен археологиядағы әйгілі ашылыс «үш ғасыр жүйесін» жасады. Ол Копенгаген музейінде жиналған археологиялық заттарды олардың жасалған материалдарына қарай топтастыра келіп, адамзат баласы тас, қола және темір кезеңдерін басынан өткізген деген тұжырым жасады. Ол осы ұлы жаңалығын өзінің «Северные древности» (1831) және «Каталог музея в Копенгагене» (1836) атты еңбектерінде тұжырымдаған.
Адам баласының тарихын археологиялық тұрғыдан кезеңдеудің басы осы жаңалықтан басталды. Томсеннің археологиялық кезеңдеу жүйесін жалғастырушы оның шәкірті Я. Ворсо неолит пен қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу барысында мезгіл анықтаудың салыстырмалы әдісінің нақты заттарға негізделген тәсілін ғылымға әкелді. Ол өзінің жаңалығын «Новое подразделения каменного и бронзового века» (1859) атты еңбегінде жариялады. Томсен мен Ворсоның жаңалығын француз археологы Г. Мортилье жалғастырды. Ол ежелгі тас құралдар сапасы жағынан бәрі бірдей еместігін аңғарды. Құралдардың бірсыпырасы дөрекі де тұрпайы болса, басқалары едәуір жетілген. Осындай ерекшеліктеріне қарай Мортилье көне тасты бірнеше кезеңдерге бөліп оларға шартты түрде табылған жерінің атын берді (Ашель үңгірінен табылған тас құралдарды ашель дәуірі құралдары деп атаған). Тағы бір дат археологы С.
Нилсон көне заттарды осы күнгі дамуы жағынан артта қалған қоғамдардың құралдарымен салыстыру арқылы белгілі бір теңдестіру жасауға болатындығын байқаған. Оның ұсынған тәсілі кейіннен салыстырмалы мерзімдеудің бір бөлігін құрады. Осы ашылған жаңалықтар әлемдік археологияның дамуына үлкен үлес қосып, Ресейдегі археологиялық ойдың қалыптасуына әсерін тигізді.
ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары қазба жұмыстары Ресейде жүйелі түрде жүзеге аса бастады. Қара теңіздің жағалауларындағы антикалық ескерткіштерді алғаш зерттеген И.А. Стемпковский жүйелі қазба жұмыстарының да негізін қалады. 1830 жылы Керчтің маңында скиф патшаларының әйгілі обасы Күлоба
қазылды. Шығыс Еуразия жеріндегі қазба жұмыстарының жандануына жол салушы Зориан Ходаковский болды. Ол славяндардың жерлеу ескерткіштері мен қалашықтарын қазды.
Екінші кезең (ХІХ ғ. ортасынан – ХХ ғасырдың 30-жылдары) – Еуразя археологиясының дамуындағы демократиялық кезең. Бұл уақыт археологиялық қоғамдардың, жергілікті басылымдардың және музейлердің ашылу, сол кездегі деңгеймен үлкен қазбалардың басталуы, көне тас, жаңа тас және қола дәуірлері ескерткіштерінің ашылуымен сипатталады. Археологияның ғылым ретінде қалыптасып, оның негізгі бағыттарының (скифтік, славяндық, антикалық) қалыптасуы да осы кезеңде жүзеге асты. Археологияның Кавказдағы, Орта Азиядағы және Сібірдегі аймақтық орталықтары қалыптасты. Бұл кезең Шығыс Еуразия (В.В. Городцов) мен Сібірдің (С.А. Теплоухов) археологиялық кезеңденуінің эволциялық жүйесінің жасалуымен аяқталды.
ХІХ ғ. орта тұсында граф А.С. Уваров Владимир-Суздаль жеріндегі жерлеу ескерткіштерін жаппай қаза бастады. Төрт жыл ішінде ол 7729 обаны қазып тастады. Өкінішке орай, бұл қазбаның пайдасынан зиянды жағы басым болды.
А.С. Уваров 1864 жылы Петербургте «археолого-нумизматикалық» қоғам мен Мәскеудегі археологиялық қоғамдардың құрылуына ұйтқы болды. Негізінен орыс археологиясын зерттеумен айналысқан бұл қоғамдар Ресейде археологиялық ілімнің таралуына басты назар аударды. Сол кездегі өлшеммен кең көлемдегі қазбаларды жүзеге асырған археологиялық қоғам Бүкілресейлік 15 археологиялық съезд өткізген.
ХІХ ғ. осындай археологиялық қоғамдар мен үйірмелер Казанда, Тибилисте және Ташкентте құрылды. Ресейдің оңтүстігінде алғашқы музей 1806 жылы Николаев қаласында, кейіннен Феодоси, Одесса, Керч қалаларында ашылды.
Бұл музейлердегі негізгі көрме заттарын археологиялық материалдар құрады.
Иркутскіде алғашқы палеолиттік тұрақты алғаш 1871 жылы тауып зерттеген И.Д. Черский мен А.П. Чекановский болды. 1879 ж. К.С. Мережковский Қырымда тас ғасырының үңгірдегі ескерткіштерін зерттеді. Костенкодағы палеолиттік тұрақ сол кезде ашылды. 1883 жылы Мәскеуде тарихи музейдің ашылуы тарих пен археологиялық зерттеулердің жандануына жол ашты.
ХІХ ғасырдағы Ресей археологиясының дамыуында негізгі екі бағыт қатар қанат жайды. Олардың алғашқысы – ресми мемлекеттік, екіншісі – құрамына Император археологиялық комиссиясы, музейлердің археологиялық қоғамдары, археологиялық съездер кірген қоғамдық ұйымдар.
Г. Шлиманның ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жерорта теңізі алабында ежелгі өркениеттің ескерткіштерін ашып, зерттеуі әлемді дүр сілкінтті. Бұл оқиға әлемдік археологияның дамуына айтарлықтай серпіліс берді. Әлемдік археологиядағы екінші елеулі оқиға ағылшын археологі А. Эванстің Крит аралындағы ашылулары болды. Эванс қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан қалалар, патша сарайлары, шеберханалар мен храмдардың орындарын ашты. Ол
жүргізген зерттеулер Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі көне тарихты тануға тамаша жол ашты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында археологиялық материалдарды тарихи тұжырым жасауда пайдалануға деген құштарлықтың артқандығы айқын байқала бастады. Мәскеудің маңындағы обалар мен скифтің атақты обасы Чертомлыкты қазған И.Е. Забелин – осындай үстанған зерттеушілердің бірі. Ол қорғандарды қазу әдістемесін жасап, археологиялық материалдар негізінде тұрмыстық тарихты зерттеу тәсілін ұсынды. Д.Н. Анучин Ресейде С. Нилсонның тәсілін қайталап, археология мен этнографиялық материалдарды сәйкестендірумен айналысты. Осы арқылы әртүрлі халықтардың тарихи даму жолдарының ұқсастығын түсіндірді. Тіл танушы ғалым кәсібін археология және этнографиямен ұштастырған В.В. Радлов Сібірде қазба жұмыстарын жүргізді.
Абакан өзенінің бойында ерте темір ғасыры мен түркі дәуірінің обаларын қазды. В.В. Радловтың Орхон-Енисейдегі көне түркі руналық жазуын оқуы әлемдік деңгейдегі ашылулар қатарына кірді. Ол дайындаған «Сибирские древности» аталған археологиялық материалдар альбомы үлкен маңызға ие болды. Ұзақ жылдар жүргізген зерттеулердің нәтижелерін түйіндей келе, ол Енисей маңындағы өлкеде аса жоғары дәрежедегі қола дәуірі мәдениеті дербес қалыптасып, дамыған деген болжам айтты. Радлов 1862 – 1869 жылдары аралығында Қазақстанның солтүстік, шығыс аймағы мен Жетісудың Түрген ауылы маңында қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде солтүстік-шығыс Қазақстан мен Сібірдің ежелгі ескерткіштерін кезеңдеу және мерзімдеу жүйесін ұсынды. 1867 жылы Археологиялық комиссия мүшесі, шығыстанушы П.И.
Лерх Сырдарияның бойындағы Сауран, Сығанақ және Жанкент қалашықтарына қазба салды. Ол өзі зерттеген ескерткіштерді жазба деректерде аты аталатын тарихи қалалармен баламалады. Археологиялық комиссияның тапсыруымен ХІХ ғ. соңында Қазақстан жерінде Ф.Д. Нефедов, Э.Ю. Петри, С.Н. Назаров, А.Н. Харузин, Н.Н. Пантусов Е.Ф.Каль секілді ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізді.
ХІХ ғ. соңында Қаратеңіздің жағалауларындағы ежелгі грек колония-қалаларын зерттеу едәуір нәтижелерге жетті. Өзінің бүкіл ғылыми өмірін Қаратеңіздің жағалауларындағы антикалық ескерткіштерді зерттеуге арнаған археолог Б.В.
Фармозов орыс археологиясын дамытуға көп үлес қосты. Орыс археологиясы ғылым ретінде қалыптасып, салалық өзгерістерге ұшырады. Украина, Кавказда, Сібірдің қалаларында Орта Азияда жергілікті археологияға қызығушылар көбейді. Олардың көпшілігі сол кездегі деңгеймен алғанда жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істеді. 1895 жылы Ташкентте Түркістанның археологияға қызығушылар үйірмесі құрылды. К.А. Кларе, А.А. Черкасов, П.П. Иванов секілді көптеген үйірме мүшелері Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін тауып, зерттеуге алғашқы үлес қосушылар болды. 1904 жылы Отырар қаласының орнында алғашқы кәсіби қазба жүргізілді. Үйірменің ашылуы мен белсенді зерттеулер жүргізуіне негізгі ұйытқы болған В.В. Бартольд
Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды зерттеудің дәстүрін жасап берді. 1847 жылы Енисей мен Саянда болып, Уйбат даласының ескерткіштерін зерттеген ғалым М.А. Кастрен өзі жинақтаған археологиялық, этнографиялық және топонимикалық материалдары негізінде Оңтүстік Сібір жерінде финдердің арғы бабалары болған деген болжам айтты. Бірақ бұл болжам ғылыми жан-жақты дәлелденбеген жеке көзқарас күйінде қалды.
ХІХ ғ. соңында археология өзіндік ұстанған мақсаты мен міндеті анықталған, зерттеу нысандары белгілі ғылым ретінде түпкілікті қалыптасып болды.
Мәскеуде, Петербург, Киев, Тифилис, Томск, Минусинск, Красноярск, Иркутск секілді қалаларда ғылыми орталықтар құрылды. Қаратеңіздің жағалаулары мен Кавказдағы антикалық ескерткіштер зерттеліп, Орта Азияда Анау мәдениеті ашылды, Батыс Сібір мен Алтайдың қорымдарында қазбалар жүргізілді. Түрлі дәуірдің ескерткіштерін зерттеген ғалымдар археологиялық материалдарды талдауға байланысты түрлі идеялар айтты. Осының бәрі археологиялық материалдардың маңызды тарихи дерек екендігін түсінудің басы болатын. Археологиялық материалдарды талдаудың негізгі үш бағытын атап айтуға болады. Олар: 1) ежелгі мәдениеттердің даму деңгейін анықтау; 2) оларға мерзімдік байланыс беріп, археологиялық ескерткіштердің мерзімделуі мен кезеңделуін анықтау; 3) қайсыбір археологиялық ескерткіштердің қандай этносқа тиістілігін анықауға деген әрекет.
ХІХ соңында патшалық Ресей археологиясы еуропалық ғылыми дамудың құрамдас бөлігі түрінде дамыды. Үдере дамыған капитализм тұсында еуропалық археологияда мәдениеттер мен халықтардың пайда болуы жайлы түрлі теориялар қалыптасып жатты. Қоныс аудару (мигация), диффузионизм, географиялық детерминизм, экологиялық мектептер қалыптасты. Осы айтылған мектептердің жақтаушылары қайсыбір тарихи құбылысты түсіндіруде жекелеген факторлардың рөлін өсіріп көрсетуге тырысты. Сатылық теориясы едәуір қолдауға ие болды. Археологияда осы теорияны жақтаушылар тарихи үдерісті эволюциялық-кезектілік ретінде қарастырды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында әйгілі болған эволюционизм теориясының көне қоғамдар мен мәдениеттер дамуын марксистік тұрғыдан түсіну тәжірибесі кеңестік археологияға да ықпалын тигізді.
Кеңестік археологияға едәуір әсер еткен веналық мәдени-тарихи мектеп (В.Шмидт, Ф. Гребнер, Б. Анкерман т.б.) болды. Олар әртүрлі халықтардың мәдениеттердегі ұқсастық құбылысы олардың бір орталықтан таралуынан деп түсіндірді. Ал, жаңа мәдениеттердің пайда болуын мәдени құбылыстардың қоныс аудару және механикалық орын ауыстыру нәтижесі деп қарастырды. Бір- біріне жақын және өте алыс орналасқан мәдениеттер үлкен тұтастықты –
«мәдени шеңберді» құрады. Адамзат дамуында халықтардың қоныс аударуының әсері болғандығына едәуір көңіл аударылды. ХХ ғ. басында еуразиялық археологияда Оңтүстік Сібір мен скифтік материалдардың өзара ұқсастығына назар аударыла бастады. Осыған байланысты скиф мәдениеті мен
скиф-сібір қауымдастығының тегі бір деген теория (Ядринцев, Минц) қалыптасты. Дегенмен, скиф мәдениеті шығысқа қарай дамыған деген теорияда (Фармаковский) болды. Бірақ соңғы теорияның қателігін археологиялық зерттеулердің нәтижелері толығымен растайды.
Тарихи дамуға географиялық ортаның әсерін бағалау археологияда қарама- қайшы көзқарастар пайда болды. Кейбір ғалымдар географиялық ортаның әсерін толығымен жоққа шығарса, басқалары керісінше, географиялық детерминизм концепциясын қолдап, табиғи орта адамдардың қоғамдық өмірі мен мәдениетінің дамуына жол ашты деп есептеді. Олардың пікірінше, халықтардың тарихы олар мекен еткен ортаға тікелей байланысты болған.
Сонымен қатар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында теорялық археология жаңа археологиялық мәдениеттердің ашылуы, мәдени кешендердің зерттеуінің басталуы және салыстырмалы анализ әдісін жемісті қолдану, халықтардың қоныс аударуының тарихтағы рөлі, мәдениеттердің уақыт пен кеңістік аралығында таралуын бақылау, оның себептерін анықтау әрекеті секілді бірқатар жетістіктерге жетті. Осы жетістіктер ХХ ғасырдың бірінші жартысында әлемдік археологияға үлкен үлес қосқан еуропалық атақты археолог Г.Чайлдің еңбектерінде көрініс тапты.
Ресейде археологиялық ескерткіштерді түрлерге бөлудің негізінде олардың мерзімделуіне көңіл аудару байқала бастады. В.В. Радлов осындай тәсілмен Оңтүстік Сібірдің төрт тарихи кезеңге (мыс және қола, ежелгі темір, жаңа темір және кейінгі темір) жататын обаларын бірнеше түрлерге бөлді. ХІХ ғ. соңында обаларға жасаған өзінің класификациясын Д.А. Клеменц ұсынды. Ол обасыз жерлеулердің алты, обалы жерлеулердің жеті түрін көрсетті. Өзінің пікірінше, Оңтүстік Сібірдегі қола ғасыры дамуындағы белгілі бір кезеңдерге сәйкес келетін обаларды И.Т. Савенков бес түрге бөлді. Және олар бөлек бес тайпаларға тиесілі деген ой тастады. Сонымен қатар ол полеометалды – мыс және қола кезеңдеріне бөліп, соңғысы уақыты жағынан ұзақ мерзімге созылған деді.
Сібір тарихының кезеңделуін жасауға А.М. Тальгрен әрекет жасады. Сөйте тұра Сібірде қола дәуірі мәдениеті батысқа қарағанда кеш дамыды деген қате болжам жасады. Ол қола ғасырын: ежелгі – б.з.д. 2500 – 1500 жылдар; орта – б.з.д. 1500 – 1000 жылдар; кейінгі – б.з.д. 1000 – 500 жылдар деп үлкен үш кезеңге бөлді; б.з.д. 500 ж. темір құралдар пайда болды. Тальгрен минусиндік мәдениеттің пайда болуын б.з.д. 2000 – 1000 жылдары аралығында жүрген деп есептеді. Оның дамуының екінші кезеңі б.з.д. 1000 – 500 жылдары, яғни екі құлақты келттер, қайқы пышақтар, қанжарлар, геометриялық өрнектер пайда болған кез. Үшінші – б.з.д. 500 жылдары және скифтік әсердің басым болған кезеңі.
В.М. Флоринский Еуразия даласының қола ғасырын б.з.д. ІІ – І мыңжылдықпен мерзімдеп, Ресейдің далалық аймағындағы көпшілік обаларды б.з.д. бірінші мыңжылдыққа жатқызды. Ол темір дәуірінің мәдениеті өзіне