ХҒТАР 16.01.33
Г.А. Бегимова, Қ.К. Кенжалин
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Нұр-Сұлтан, Қазақстан (e-mail: [email protected], [email protected] )
Қазақ және түрік тілдеріндегі төл сөздер арқылы жасалған дипломатиялық терминдер
Аңдатпа. Қазіргі таңда әлемдік жаһандану құбылысы барлық ғылым салаларында ин- теграциялық процестерді жеделдетіп отырғаны белгілі. Тілдік тұтастықтан шығып, өзіндік ерекшеліктерін орнықтырған қазіргі түркі тілдерінің терминдерін айқындау, олардың жақындығы мен ерекшелігін көрсетіп, ғылымдағы орнын белгілеудің маңызы зор. Дипломатиялық терминдер көптеген салаларға ортақ мәселе болғандықтан, құ- былыстардың негізін түсініп ұғынуға септігін тигізері даусыз. Терминология саласын- да түрік және қазақ тілдеріндегі дипломатиялық терминдерді салыстыра қарастыру жаңа ғылыми көзқарастар мен жаңа тұжырымдар жасауға жол аша алады. Өйткені түркі тілдеріндегі ортақ терминдерді анықтау арқылы біз дипломатия ісіне қаты- сты мамандар мен іскерлердің қарым-қатынас жасауындағы басты қиыншылықтарды анықтап, олардың себебін ұғуға көңіл бөлеміз. Әрі ортақ терминдерді мол жасаудың белсенділігін арттыру арқылы, көптеген қиыншылықтардан құтылудың мүмкіндік- терін анықтауға болады.
Терминология саласында қазақ және түрік тілдеріндегі дипломатиялық терминдерді са- лыстыра қарастыру, зерделеу маңызды әрі өзекті саналады. Осыған орай, елшілік ісінің өсіп, өркендеуімен байланысты және түркі тектес тілдердің ынтымақтастығын арт- тыру мақсатында ортақ дипломатиялық терминдердің санын арттыру қажет. Ор- тақ терминдер желісін құру да туыстас елдердің дипломатиялық ісінің өрістеуі үшін керек факторлардың бірі.
Мақаламызда төл негізді қазақ және түрік тілдеріндегі дипломатиялық терминдердің қалыптасу уәжділігі, қазіргі таңдағы өміршеңдігі көрсетіледі. Қазақ және түрік тіл- деріндегі дипломатиялық терминдердің лексикалық құрамы анықталып, олар семан- тикалық тұрғыдан талданады.
Түйін сөздер: терминдік элемент, терминнің дефинициясы, түркілік терминдер, се- мантика, лексикалық мағына.
DOI: https://doi. org/10.32523/2616-6887/2020-133-4-30-35 Түсті: 23.11.2020 / Жарияланымға рұқсат етілді: 09.12.2020
Кіріспе. Тіл ғылымындағы қалыптасқан теориялық қисын бойынша, кез келген термин сөз ғылыми жағынан негізделген болуы керек.
Егер термин ғылыми тұрғыдан негізделмесе, ол ғылым мен техниканың, мәдениет пен өркениеттінң дамуында құрал бола алмайды.
Ғалым Д.С. Лотте термин өзінің ішкі негізділігін сақтамаса ғылым мен техниканың қалыптасқан толық құралы ретінде қызметін атқара алмайды деп жазады [1]. Яғни термин
мен оның таңбалап тұрған ұғымы арасында үлкен танымдық байланыс болады. Өзі таңбалап тұрған ғылыми немесе техникалық затпен немесе құбылыспен таңбаның арасында байланыс болуы қажет саналады.
Мұның өзі терминнің ішкі танымдық табиғатын көрсетететін негізгі факторлардың бірі. Сондай-ақ, терминнің ішкі ұғымдық уәжділігін де анықтай алады. Тіл ғылымындағы А. Байтұрсынұлы жасаған терминдердің
дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеп көрсетті десек, олардың қай-қайсысының да негізділігі бар екенін аңғару қиын емес. Терминнің өзге сөздерден негізгі ерекшелігінің өзі оның ғылыми түсінігінің (дефинициясының) болуында. Термин түсінігі өзгерген кезде ол белгілейтін ұғым да өзгеше болады.
Терминдердің семантикалық қатынасы оның жүйелілік және құрылымдық қатынастары арқылы анықталады. Дипломатиялық терминдердің қазақ және түрік тілдеріндегі жүйесінде негізгі екі нәрсені анықтап жіктеп алу қажет:
1 Төл сөздер арқылы жасалған дипломатиялық терминдер;
2 Кірме сөздер арқылы жасалған дипломатиялық терминдер.
Осы ретте, мақаламызда қос тілдегі төл сөздер арқылы жасалған дипломатиялық терминдерге тоқталатын боламыз. Ал, кірме сөздер арқылы жасалған дипломатиялық терминдер болашақта бөлек зерттеу жұмысы ретінде қарастырылады.
Тақырыптың зерттеу нысаны мен зерттелу әдісі. Бұл мақалада қазақ және түрік тілдеріндегі төл сөздер арқылы жасалған терминдердің жасалу жолдары мен лексикалық ерекшеліктері талданады.
Терминдердің семантикалық қатынасы, жүйелілік және құрылымдық қатынастары арқылы анықталады. Түркілік термин сөздердің танымдық және мағыналық сипаты талданып, әрбір терминнің құрамындағы сөздер жіктеледі. Нәтижесінде қос тілдегі терминдер лексика-семантикалық және салыстырмалы, жүйелеу әдістері арқылы талданады.
Зерттеудің мақсаты. Қазақ және түрік тілдеріндегі төл негізді дипломатиялық терминдердің мағыналық ерекшелігі және олардың қолдану жиілігін анықтау болып табылады. Ал жұмыстың негізі міндеті екі тілдегі дипломатиялық терминдердің қалыптасуындағы уәжділікті салыстырмалы түрде зерттей отырып, ортақ сөздердің өміршеңдігін саралау.
Зерттеудің талдануы мен нәтижесі. Төл сөздер арқылы жасалған дипломатиялық
терминдердің мағынасы өздері белгілейтін ұғыммен астарласып, сабақтасып жатады. Бұл терминдер арқылы халықтық таным көрініс береді.
Мысалы, түрік тіліндегі elçi – елші сөзінің дипломатиялық термин ретінде қалыптасуының өзіндік тарихи себебі бар.
Бұл лексема қазақ тіліне де, түрік тіліне де тән, екі тілде де бір ұғымды анықтайды. Елші-elçi сөзінің түбірі – ел. Ел сөзі көне түркі тілінде:
“1. племеной союз, племенная организация;
2. управлять племенным союзом, быть во главе племенной организации” деген мағынада жұмсалған.
Сондай-ақ, «ел бегі – должностное лицо, ел кун – народ, ел төрү – власть, ел тұз – племенная организация, ел улус – государство, страна , ел күн бодун – народ»
деген тіркестерде жұмсалып, әртүрлі мәнге ие болған [2]. А.М. Щербак «Грамматический очерк языка тюркских текстов Х-ХІІ вв. Из Восточного Туркестана» деген зерттеуінде аталған кезеңде жазылған «Қутадғу билиг»,
«Хибат ал-хакаик», «Огуз қаған туралы аңыз», Махмут Қашқаридың «Диуани лұғат-ат түрк», Рабғузидың «Қысас ал-анбия» сияқты мұралар тілінің фонетикалық және морфологиялық ерекшеліктерін зерттейді. Зат есімнің сөзжасамдық тұлғаларын анықтаған тұсында – чі тұлғасы арқылы жасалған елчі (посол) сөзінің кездескенін көрсетіп, мысал келтіреді [3].
Тіліміздегі қазіргі қалыптасқан ел мағынасын ел улус тіркесі белгілеген.
Кейінгі кезде ұлыс сөзі түрік тілінде өзінің жаңа мағынасында қалыптасып, белсенді жұмсалады да, ел сөзі халық, көпшілік деген семада жеке қолданысқа ие болады.
М. Сабырдың «Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы (ХІҮ ғасыр жазба ескерткіштері негізінде)» деген еңбегінде ел, елші сөздерінің мағынасы жақсы талданған. «Осы кезеңдегі адамдар қауымы ел деп аталады да, оның билеушісі хақан делінген.
Ел сөзімен қатар қауымдастық атауларында йурт, қурағ сөздері де қолданылған. Ел сөзінің мағынасы кең, «мемлекет, ел, халық, жұрт»
мәні де ұшыраса береді» дей келіп бірнеше мысалдар арқылы дәйектер келтіреді.
Сонымен бірге осы кезеңде жазылған мұраларда елші сөзінің де кездесетінін, және оның мағынасын автор былайша көрсетеді:
«Тәуелсіз еліміздің «жас дипломатиясында»
жиі қолданылатын елші сөзі орта ғасырда да жиі қолданылған, әлеуметтік маңызы зор сөз.
Мысалы, ызалым еляи келтүрсүнләр аны (ХІІІ, 29 а 20). Елші сөзінің тамыры тереңде. Ежелгі түркі тілінде елші, хабаршы мағынасымен қатар «елбасы» мағынасы да бар. Елчи бег тіркесі де ұшырасады. ХІ ғасырдағы «Қутадғу білік» ескерткішінде елшінің жеке басына терең сипаттама берілген». [4].
Қыдырғали би Қосымұлының
«Жылнамалар жинағында» елші сөзі
«татуластырушы, елдестіруші» мағынасында қолданылады. Яғни ХІҮ-ХҮІІ ғасырларда қазақ хандарының сыртқы саясатында елшінің атқаратын қызметі ерекше болған. Елчі сөзін И. Березин «Қутадғу білікте» кездесетін ілачі сөзімен байланыстырады да, оның түбірі ілгері, ілкі деп жорамалдайды» – деп жазады [5].
Е. Әбдірәсілов терминдерді семантикалық тұрғыдан зерттеудің шартты түрде екі түрлі тәсілі немесе бағыты бар екенін көрсеткен болатын. Олар: бірінші әр терминнің, терминдік элементтің мағынасын ашу; екінші сол терминдердің арасындағы семантикалық қатынас түрлерін ашу [6]. Осы тұжырымды негіз ретінде алатын болсақ, онда елші сөзі мен елші терминінің арасында семантикалық қатынас бар деуге толық негіз бар. Елші- елші сөздерінің арасындағы семаларының ұқсастығы анық. Екі сөздің де уәжделген сөзі – ел. Ұғымды таңбалаушы ретінде сөз семаларының бөлігі белгілі ұғымның негізгі белгілерін анықтайды. Демек термин мен оны уәждеп тұрған лексеманың арасында семантикалық қатынас орнайтынын аңғару қиын емес. Танымдық ерекшелігіне келсек, жоғарыда келтірілген мәтінді қазіргі сөздіктерде берілетін елші сөзінің түсінігімен салыстыра отырып көрсетуге толық болады.
И. Баласағуни елшінің қандай болуы қажеттігін жан-жақты ашып, сол кездегі елші туралы түсініктің қандай болғанын, қандай болуы керектігінің үлгісін танытады. Автор Өгдүлміштің ақылы арқылы елшінің ең басты
қасиеті ретінде оның ақылы мен білімінің жетік болуы керектігін көрсетеді. Елшінің кез келген адам бола алмайтыны, елші болу құдай жаратқан адамдардың ішіндегі ең таңдаулысы болуы керектігін алға тартады. Мұның да терең мәні мен маңызы бар.
«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген мақалды еске алсақ, Баласағуни айтқан елші сөзінің танымдық мәні тереңдей түседі. Ақылды, көреген, білімді елші ел мен елдің арасын жақындастырып, татулыққа алып келеді деген ойды танып білуге болады. Елші шешен әрі байсалды болсын деген пікірдің де мәні үлкен. Елші шешен сөйлесе, сөзбен де көп нәрсені шешуге болатынын, сөзінде тұратын байсалды мінез екінші жақтың сенімін туғызатынын байқаймыз.
Ал қазіргі тіліміздегі елші /elçi/ сөзінің анықтамасын байқар болсақ, түрік тілінің дипломатиялық сөздігінде: «Kendi devletini uluslararası düzeydeki ilişkilerde temsil etmekle resmi olarak görevlendirilmiş kişilere verilen ad» [7].
«Дипломатия жаршысы» журналында жарияланған дипломатиялық сөздікте:
«Сыртқы қарым-қатынастар органының дипломатиялық персоналына берілетін жоғары дипломатиялық дәреже» – деп түсінік (дефиниция) берілген [8].
Бұдан аңғарылатын жағдай, қазақ және түрік тілдерінде орта ғасырдан бастап қалыптасқан елші сөзінің мағынасы мен термин ретіндегі мағынасында ортақ семаның дәрежесі жоғары. Дипломатиялық термин мәнінің ерекше семасы – елшілікте қызмет істейтін адамдардың ішінен оның дәрежесін анықтап, дипломатиялық өкілдіктің 1- сыныпты басшысы екенін нақтылауы.
Тілімізде қолданылатын елші сөзінің көпмағыналығы кездеседі. Мысалы: Көгершін – бейбітшілік елшісі деген сөйлемде елші сөзі ауыспалы мағынада қолданылса, Мұхамбет пайғамбар (с.ғ.с) – Аллаһтың елшісі дегенде діни мағынада жұмсалып тұр.
Терминдердің төл сөздер арқылы жасалатыны туралы А.А. Реформатский былай деп жазады: «Откуда же берет язык термин? Пути здесь разные. Первый путь – это употребление в качестве термина своего
слова общенародного языка. Положительная сторона здесь в том, что свой словарный состав сохраняется, язык не засоряется иноязычными словами и слова, взятое в качестве термина, считается в общем понятным любому говорящему на данном языке» [9].
Олай болса, елші сөзінің термин ретінде кірігуінің ең негізгі қолайлысы оның көпке түсінікті термин болатындығы. Екіншіден, ел сөзі арқылы уәжделіп тұрғандықтан, оның мағыналық және танымдық ерекшелігі де түсінікті болып келеді.
Термин болып танылған төл сөздің бірі – түрік тіліндегі anlaşma /анлашма/, қазақ тіліндегі – келісім сөзі. Anlaşma сөзі арқылы – bölgesel anlaşmalar – аймақтық келісімдер, uluslararası anlaşmalar т.б. туынды сөздердің екіншілік мағынасы жасалады. Келісім сөзі арқылы – келісім шарт, квебек келісімі, кульдже келісім шарты сияқты көптеген атаулық тіркестер жасалған.
Түрік тіліндегі «anlaşma» сөзінің төркіні көне түркі тіліндегі аңла сөзінен келіп шығады. ДТС-та: «аңла – понимать. Аңла – біл – понимать, уразумевать; аңлағ – обладающий пониманием, разумный» деген мағыналары көрсетілген. [2]. Anlaşma – сөзінің түбірі ан;
-ла зат есімнен етістік туғызатын жұрнақ; ш – қимыл атау тұлғасы, ма – зат есім туғызушы форма. Түрік тілінде келісім, келісу сөзі де бар. Дей тұрғанмен, термин ретінде anlaşma лексикалық бірлігінің алынуының өзіндік танымдық сипаты бар.
Мұндағы негізгі сема – түсіну, түсінісу, ақылмен аңғару, ақылмен түсіну болған соң, осы терминдік мәнінде орныққан болуы мүмкін. Келісімдердің көпшілігі екі жаққа бірдей ұнауынан не ұнамауынан емес, оның ақылмен түсінілуінің жемісі екені белгілі. Осы ретте түрік тіліндегі терминнің танымдық мәні мен одан шығатын термин мағынасын аңғаруға болады.
Anlaşma терминінің өзге терминдермен семантикалық қатынас түрлерін анықтауға болады. Осы термин арқылы мынадай терминдік атаулар жасалған:
Avrupa Para Anlaşması - Еуропалық ақша / валюта/ келіссөзі
Bölgesel anlaşmalar – аймақтық келісімдер Uluslararası anlaşma- халықаралық келісім т.б.
Бұл терминдердің арасындағы семантикалық ұқсастық таңбаланушының тілдік және танымдық, ұғымдық жағынан бір- біріне ұқсас келуімен байланысты. Әрі терминделген сөз бен терминделуші сөздің арасында уәждемелік жақындық, сабақтастық сақталады. Танымдық тұрғыдан алғанда, аймақтық, не халықаралық, болмаса Еуропалық ақша келісімінің негізі келісім, anlaşma сөзінің ұғымдық мәнінен келіп туындайды.
Avrupa Para Anlaşması – Еуропалық ақша / валюта/ келіссөзі
Bölgesel anlaşmalar – аймақтық келісімдер Uluslararası anlaşmalar – халықаралық келісім т.б. терминдерінің қалыптасу жолы anlaşama терминінің тірек сыңар болуымен де тікелей байланысты. Сондықтан да бұл терминдер парадигматикалық қатынаста тұра алады.
Мұндай терминдердің танымдық және мағыналық сипатын анықтағанда, ескеретін бір жайт бар. Ол терминнің құрамындағы сөздердің барлығы бірдей дипломатиялық терминдік мәнде қабылданбайды, тек терминдік элементтер ретінде көрінеді.
Біз талдап отырған мысалдағы bölgesel, para сөздерін осылай түсіну керек. Яғни, басқаша айтқанда, тілдік бөлшектердің өзі емес, олардың жиынтығы ғана дипломатиялық терминдік мәнге ие болады. Терминдік элементтер белгілейтін ұғымды толық атап, оны белгілеп бере алмайды, тек қана оның жекелеген белгілерін ғана көрсете алады.
Сөйтіп, терминдік атаудың жасалуына себеп болады. Мұндағы bölgesel, para сөздері дейктикалық қызмет атқарады, яғни негізгі терминнің мәні мен мағынасы нақтылану үшін, анықтауыштық қызметте жұмсалады.
Өйткені Түркия мен Еуропа арасында басқа да көптеген халықаралық келісімдер жасалуы мүмкін. Оның сипаты: саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени болуы да ықтимал. Осыны нақтылап, анықтау үшін бөлгесел, пара деген терминдік элемент қолданылған.
Түрік тілінде келісім сөзін anlaşma терминімен, келіссөз деген терминді sözleşme деп атайды. Егер қазақ тілінде келісім,
келіссөз, келісім шарт терминдері бір негізден туындаса, түрік тілінде бұл терминдер anlaşma, sözleşme, antlaşma деген үш негізден тарайтын лексемамен аталған.
Қорытынды. Қорыта айтқанда аталған зерттеу жұмысының нәтижесінде қазақ және түрік тілдеріндегі терминдердің мағынасы мен танымдық ерекшелігі болады. Дипломатиялық терминдердің мағынасы сөздің ішкі уәжділігіне негізделеді.
Мұның өзі халықтың таным-түсінігімен
байланысты болады. Туыстас тілдердің тілінде қалыптасқан дипломатиялық терминдердің көпшілігінің танымдық және мағыналық жақындығы болады. Тілдік және танымдық ортақтық дипломатиялық терминдердің де жақындығын туғызса керек.
Кеңес заманында алшақтап кеткен қазақ және түрік тілдерінің арасындағы дипломатиялық терминдердің жақындығын, ұқсастығын туғызу бүгінгі таңдағы қажетті және өзекті мәселелердің бірінен саналады.
Әдебиеттер тізімі
1. Лотте Д.С. Основы построения научно-технической терминологии. – Москва: Наука, 1961. - 255 с.
2. Севортян Э.В. Девнетюркский словарь / Э.В. Севортян. - Москва: Наука,1969. - 676 с.
3. Щербак А.М. Грамматический очерк языка тюркских текстов Х-ХІІ вв. из Восточного Туркестана /А.М. Щербак. - Москва: Наука, 1961. - 203 с.
4. Сабыр М. Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы (ХІҮ ғасыр жазба ескерткіштері негізінде) / М. Сабыр. - Алматы: Қазақ университеті, 2004. - 315 б.
5. Әбдірәсілов Е. Лингвистикалық терминдердің семантикалық қатынастары: Филол. ғыл. канд.
дис. автореф. – Алматы: Атамұра, 1999. - 29 б.
6. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі / Б. Әбілқасымов - Алматы:
Ғылым, 1982. - 222 б.
7. Sönmezoğlu F. Uluslararası İlişkiler Sözlüğü / F. Sönmezoğlu. - İstanbul: Der, 2005. - 731 s.
8. Реформатский А.А. Введение в языковедение / А.А. Реформатский. -Москва: Наука, 1996. - 224 с.
Г.А. Бегимова, К.К. Кенжалин
Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева, Нұр-Султан, Казахстан
Дипломатические термины, образованные специфическими понятиями на казахском и турецком языках
Аннотация. В данной статье рассматриваются вопросы формирования специфических дипломати- ческих терминов на казахском языке и турецком языке, а также показана их актуальность в настоящее время. В работе анализируется семантика и лексический состав дипломатических терминов в казахском и турецком языке. Известно, что сегодня явление глобализации ускоряет интеграционный процесс во всех областях науки. Важно определить термины современных тюркских языков, которые возникли из языковой целостности и установили свои особенности, показать их близость и специфичность, опреде- лить их место в науке. Поскольку дипломатические термины - обычная проблема во многих областях, они, несомненно, помогут понять основу этого явления. В области терминологии сравнение дипломати- ческих терминов на турецком языке и казахском языке может привести к развитию новых научных взгля- дов и новых выводов. Потому что, определяя общие термины на тюркских языках, мы фокусируемся на выявлении основных трудностей в общении дипломатов и деловых людей.Исследование дипломатиче- ских терминов казахского и турецкого языков является важным и актуальным вопросом в терминологии.
В связи с изменениями в дипломатической науке необходимо увеличить количество общих дипломати- ческих терминов с целью укрепления сотрудничества между тюркоязычными языками. Создание общей базы терминов будет способствовать дальнейшему плодотворному развитию дипломатических отноше- ний между двумя странами.
Ключевые слова. терминологический элемент, определение термина, тюркские термины, семанти- ка, лексическое значение.
G.A. Begimova, K.K. Kenzhalin
L.N. Gumilyov Eurasian National University, Nur-Sultan, Kazakhstan Diplomatic terms formed by specific words in Kazakh and Turkish languages
Abstract. This article discusses the formation of specific diplomatic terms between the Kazakh and Turkish languages, and also shows their relevance at the present time. The work analyzes the semantics and lexical composition of diplomatic terms in Kazakh and Turkish languages. It is known that today the phenomenon of globalization is accelerating the integration process in all fields of science. It is important to define the terms of the modern Turkic languages that have arisen from linguistic integrity and established their own characteristics, to show their closeness and specificity, to determine their place in science. Since diplomatic terms are a common problem in many areas, they will no doubt help to understand the basis of this phenomenon. In the field of terminology, a comparison of diplomatic terms in Turkish and Kazakh can lead to the development of new scientific views and new findings. Because, defining general terms in the Turkic languages, we focus on identifying the main difficulties in communication between diplomats and business people.
The study of diplomatic terms of the Kazakh and Turkish languages is an important and urgent issue in terminology. In connection with changes in diplomatic science, it is necessary to increase the number of common diplomatic terms in order to strengthen cooperation between Turkic languages. The creation of a common base of terms will contribute to the further fruitful development of diplomatic relations between Kazakhstan and Turkey.
Key words: terminological element, definition of a term, Turkish terms, semantics, lexical meaning.
References
1. Lotte D.S. Osnoviy postroyeniya nauchno-tehnicheskoy terminologii [Fundamentals of building scientific and technical terminology] (Nauka, Moscow,1961, 255 p.) [in Russian].
2. Sevortyan E.V. Drevneturkski Slovar [Ancient Turkic dictionary] (Nauka, Moscow,1969, 676 p.) [in Russian].
3. Sherbak A.M. Grammaticheskii Ocherk Yazika Turkskih Tekstov Х-ХІІ cc. Iz Bostochnogo Turkistana [Grammatical sketch of the language of the Turkic texts of the X-XII centuries. from East Turkestan] (Nauka, Moscow, 1961, 203 p.) [in Russian].
4. Sabir M. Orta Turki Tili Leksikasi Men Kazah Tili Leksikasinin sabaktastigi (ХІҮ gasir jazba eskertkishteri negizinde) [Continuity of the vocabulary of the Middle Turkic language and the vocabulary of the Kazakh language (On the basis of written monuments of the XIV century)] (Kazak Universiteti, Almaty, 2004, 315 p.) [in Kazakh].
5. Abdrasilov E. Lingvistikalik Terminderdin Semantikalik Katinastari: Philol. science. Kand. dis. abstract [Semantic relations of linguistic terms: Philol. science candid. dis. author’s ref]. Almaty, 1999. 29 p. [in Kazakh].
6. Abilkasimov B. ХІХ Gasirdin Ekinshi Jartisindagi Kazak Adebi Tili [Kazakh literary language of the second half of the XIX century] (Gilim, Almaty, 1982, 222 p.) [in Kazakh].
7. Sönmezoğlu F. Uluslararası İlişkiler Sözlüğü [International Relations Dictionary] (Der, Istanbul, 2005, 731 р.) [in Turkish].
8. Reformatskii A.A. Vvedeniye V yazikovedeniye [Introduction to linguistics] (Nauka, Moscow, 1996, 224 p.) [in Russian].
Авторлар туралы мәлімет:
Бегимова Гулжанат Абдрахмановна – корреспонденция үшін автор, филология ғылымдары- ның кандидаты, түркітану кафедрасының доценті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан, Қазақстан.
Кенжалин Куанышбек Каримович – Ph.D., қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, Л.Н.Гумилев атын- дағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан, Қазақстан.
Begimova Gulzhanat Abdrakhmanovna – Corresponding author, Candidate of Philology Sciences, Associate Professor of the Department of Turkology, L.N. Gumilyov Eurasian National University, Nur-Sultan, Kazakhstan.
Kenzhalin Kuanyshbek Karimovich – Ph.D., Associate Professor of the Department of Kazakh Linguistics, L.N. Gumilyov Eurasian National University, Nur-Sultan, Kazakhstan.