ҒТАМР 21.21.31 https://doi.org/10.26577/EJRS-2019-3-r5
Затов Қ.А.1, Борбасова Қ.М.2, Алдиярова Ж.Е.1
1Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті универститеті, Қазақстан, Алматы қ., e-mail: [email protected]
2әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы қ.
ДІНДАРЛЫҚ ФЕНОМЕНІ, МӘНІ МЕН ТИПТЕРІ
Мақалада қазіргі дін әлеуметтануы мен психологиясының маңызды мәселелерінің бірі – діндарлық феномені қарастырылады. Осы тақырыпқа арналған ғылыми мақалалардың қатары үнемі көбейіп отырғанына қарамастан діндарлық күрделі зерттеулік мәселе, өйткені оның мазмұны мен формасы қоғам мен жеке адамның рухани сұраныстарына қарай өзгеріп отырады.
Бұл зерттеу міндетерін, теориялық қағидаттар мен методологиялық принциптерді қайта қарауды талап етеді. Мақала авторлары мәселенің пәнаралық сипатына назар аудара отырып, оны зерттеудегі жүйелі-құрылымдық және функциональдық қадымдардың нәтижелігін қолдайды.
Қазіргі дін психологиясы мен әлеуметтануында қалыптасқан діндарлықтың типтерін сипаттай отырып, авторлар қазіргі Қазақстан қоғамындағы діндарлық көріністеріне талдау жасайды. Бұл діндарлықтың позитивті, авторитарлық және деструктивтік типтерін ажыратуға мүмкіндік береді.
Позитивті діндарлық типі ашықтылығымен, диалогқа бейімділігімен және толеранттылығымен сипатталады. Авторитарлық типтегі діндарлық иелеріне топтық оқшаулану, төзімсіздік, басқа діни дәстүрлерді терістеу мен сынау, сындарлы пікір-таласқа бейімсіздік тән болып келеді.
Деструктивті діндарлық адам психикасында теріс үдерістердің белең алуымен сипатталады.
Деструктивті діндарлық адептінің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқында жағымсыз діни сезімдер – үрей мен күнәһарлық, апокалипсистік дүниетүйсіну сияқты белгілер айқындалады және оған сындарлы ойлаудың тежелуі, қоршаған әлеуметтік шындықты қабылдамау, оқшауланушылық пен әртүрлі фобиялар тән. Мақалада келтірілген авторлардың тұжырымдары мен ұстанымдары діндарлыққа қатысты теориялық және практикалық мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етеді.
Түйін сөздер: дін, діндарлық, діндарлық типтері, діни тұлға, діни конверсия, сакральдылық.
Zatov K.1, Borbassova K.V.2, Aldiyarova Zh.E.3
1Egyptian University of Islamic Culture “Nur-Mubarak”, Kazakhstan, Almaty, e-mail: [email protected]
2Al-Farabi Kazakh National University, Kazakhstan, Almaty Religious phenomenon, subject and types
The article analyzes one of the actual problems of modern sociology and psychology of religion – the phenomenon of religiosity. Despite the abundance of scientific articles, religiosity is the most dif- ficult problem for the researcher, since its content and form are modified in accordance with the spiritual needs of the individual and society. And this circumstance requires a rethinking of the research problem, revision of theoretical principles and methodological principles. The authors of the article emphasize the interdisciplinary nature of the problem and support the system-structural and functional approaches to its study. Focusing on the concept of types of religiosity developed in psychology and sociology of reli- gion, the authors describe the manifestations of religiosity in Kazakhstan society. This allows the authors to highlight positive, authoritarian and destructive types of religiosity. The positive type of religiosity is characterized by openness, the ability to dialogue and tolerance. The authoritarian type is characterized by group isolationism, insensitivity to alternative views, critical attitude of the religious tradition of other religious communities. Destructive religiosity generates negative religious feelings in the behavior and consciousness of believers – an irresistible sense of sinfulness, fear and other various phobias. The con- clusions and results of the authors of the article can contribute to the further development of theoretical and practical aspects of the phenomenon of religiosity.
Key words: religion, religiousity, religious types, religious personality, religious conversion. sa- cradnes.
Затов R.А.1, Борбасова R.М.2, Алдиярова Ж.Е.1
1Египетский университет исламской культуры Нур-Мубарак, Казахстан, г. Алматы, e-mail: [email protected]
2Казахский национальный университет имени аль-Фараби, Казахстан, г. Алматы
Религиозный феномен, субъект и типы
В статье анализируется одна из актуальных проблем современной социологии и психологии религии – феномен религиозности. Несмотря на обилие научных статьей религиозность является наиболее сложной для исследователя проблемой, так как ее содержание и форма видоизменяется в соответствии с духовными потребностями личности и социума. И это обстоятельство требует переосмысления исследовательской задачи, пересмотра теоретических положении и методологических принципов. Авторы статьи акцентируют внимание на междисциплинарный характер проблемы и подддерживают системно-структурные и функциональные подходы ее изучения. Ориентируясь на сложившееся в психологии и социологии религии концепции типов религиозности, авторы описывают проявления религиозности в казахстанском обществе. Это позволяет авторам выделить позитивные, авторитарные и деструктивные типы религиозности.
Позитивный тип религиозности характеризуется открытостью, способностью к диалогу и толерантностью. Авторитарному типу характерно групповой изоляционизм, невоспримчивость альтернативному взгляду, критическое отношение религиозной традиции других религиозных сообществ. Деструктивная религиозность порождает в поведении и сознании верующих негативные религиозные чувства – непреодолимое чувство греховности, страх и другие различные фобии. Выводы и результаты авторов статьи могуть способствовать дальнейшей разработке теоретических и практических аспектов феномена религиозности.
Ключевые слова: религия, религиозность, религиозные типы, религиозная личность, религиозная конверсия, сакральность.
Кіріспе
Қазіргі дін социологиясы мен психология- сындағы маңызды әрі күрделі мәселелердің бірі – діндарлық ұғымы. Дін социологиясы діндарлық феноменін зерттеуде оның әлеуметтік көріністері мен өлшемдеріне басты назар аудара- тын болса, дін психологиясы діндарлықтың ин- дивидуальды және топтық деңгейдегі көріністері мен ерекшеліктерін сипаттауға талпынады.
Діндарлықтың социологиялық анықтамалары макро және микроәлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне негізделсе, психологиялық анық- тамалар тұлғалық, тұлға аралық және кіші топ- тар талдауына сүйенеді.
Өкінішке орай, қазіргі әлеуметтік-гумани- тарлық ғылымда, соның ішінде дін социология- сы да діндарлық құбылысы мен оның өзгеріске ұшырау себептерін түсіндірудің біртұтас тұжы- рымы қалыптаса қойған жоқ (Хлопкова О.В:
154). Алайда қазіргі кезде діндарлықты жеке тұлғалық және ұжымдық деңгейде түсіндіруге қабілетті теориялық тұжырымдамаларға деген сұраныс артып отыр. Діндарлық пен діни ахуал- ды зерттеуде жаңа методтар мен принциптерге деген қажеттіліктің артып отырғанын отандық ғалымдар да атап көрсетеді (Джалилов: 179-187)
Ирандық зерттеушілер Масуд Азарбайджа- ни мен Сейед Махди Мусави-Асл діндарлық
феноменін зерттеуде кездесетін бірқатар қиын- шылықтарға тоқталып, оларды алты топқа бө- леді: 1) Діннің сакральдылығы; 2) дінді түсінді- рудегі алуантүрлілік; 3) діндарлықтың нақты және шынайы көрсеткіштерінің жоқтығы;
4) қойылатын сұрақтардың нашар дайындалуы мен пісіп-жетілмеуі; 5) тәжірибеге (сауалнамаға немесе экспериментке З.Қ.) қатысатындардың индивидуальды ерекшеліктеріне қатысты ту- ындайтын қиыншылықтар; 6) дінге қатысты сұрақтарға жауап беруге байланысты туын- дайтын қиындықтар (Масуд Азарбайджани:
148-152). Алайда, ирандық ғалымдар мұндай қиыншылықтардың зерттеу жұмыстарына тос- қауыл бола алмайтындығына назар аударады және оларды шешудің жолдарын көрсетеді.
Осы алты қиындықтарды біз өз кезегінде үш топқа біріктірген дұрыс болар деп ойлай- мыз: алғашқы екі сұрақ теориялық сипаттағы қиыншылықтарды, ортаңғы екі сұрақ зерттеу методологиясына байланысты туындайтын және соңғы екеуі жеке тұлғалық және әлеуметтік психологиялық қиындықтарды шешуді қажет етеді.
Негізгі бөлім
Социологиялық зерттеулер қоғамдық дамудың белгілі бір кезеңдердегі діндарлықтың
өсуінің немесе кемуінің тенденциялары мен факторларын анықтауға мүмкіндік береді, ал психологиялық талдау оның мәні мен себептерін ашуға ықпал етеді. Яғни діндарлықты социологиялық және психологиялық тұрғыдан зерттеу бір-бірін толықтырып отырады. Социо- логиялық және психологиялық зерттеулер қазір гі діндарлықтың мәні мен тұрпаттарының өзгеріске ұшырағанын аңғартады.
Қазіргі дінтанулық ғылымда діндарлықтың орныққан ортақ ұғымы жоқ, осы себепті зерттеушілер бұл феноменді әртүрлі аспек- тілерінен қарастырып, нақты зерттеу үшін маңызды қырларын ашып көрсетуге ұмтылады.
Дін социологиясында діндарлық деп тыл- сым күшке, «қасиеттілікке» сенетін және оған құлшылық жасайтын, дін мен оның қағидат- тарын ұстанатын индивидтер мен олардың топ- тарына тән күйді айтады. Мұнда маңыздысы діни сенім мен дін канондарының индивид- тер мен олардың топтарының жүріс-тұрысына ықпалы мен әрекеттерін мотивациялауы. Бұл діндарлық дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Діндарлық дәрежесі діндарлық белгіле- рінің көріністерін анықтайды (Құдайға деген сенімнің беріктігі немесе әлсіздігі, құлшы- лықтар жүйелігі мен діни ұстанымдардың тұрақтылығы және т.б.). Діндарлық дәрежесімен салыстырғанда діндарлық сипаты ұғымы инди- видтер мен олардың топтарының діни наным- сенімінің нақты түрі мен бағытын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, конфессионалдық тие сілігін, діни сенімнің ұлттық немесе ай- мақтық ерекшеліктерін ашады. Сондай-ақ дін социологиясында діндарлық деңгейі ұғымы да кеңінен қолданылады. Бұл сауалнамаға қатысқан барлық респонденттердің діндарлық белгісі анықталғандарға қатысты көрсеткіші.
(айталық 100 адам сауалнамаға қатысып, оның 10-да діндарлық белгілері байқалса, діндарлық деңгейі 10% болады). Діндарлық деңгейі динамикалық көрсеткіш, уақыт аралығында өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан дін социологиясындағы тағы бір маңызды өлшем – діндарлық қалпы. Діндарлық қалпы белгілі бір уақыт аралығындағы діндарлықтың дәрежесінің, сипатының, деңгейінің сандық және сапалық көрсеткіштерін синтездейді. Мы- салы діни уағыз-насихаттардың, миссионерлік қызметтің қарқыны діндарлық қалпына ықпал етуі мүмкін. Мұндай кезеңдерде құлшылық орындарына баратын, діни ұстанымдарды сақтайтын индивидтердің үлес салмағы артады (ораза уақытында мешіт жамағатының санының
артқанын, бірақ оразадан тыс уақыттарда мешітке келушілердің санының азайғанын байқауға бо- лады). Әрине бұл көрсеткіштер діндарлықтың сыртқы белгілері мен өлшемдеріне қатысты, де- генмен олар дін саласында орын алып отырған құбылыстар мен өзгерістер туралы объективті мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Ел аумағындағы (немесе белгілі бір ай- мақ тардағы, ірі қалалардағы) діни ахуал- ды бағалау үшін сауалнама нәтижелерімен шектелуге болмайды, діни ахуал туралы дұрыс мәліметтерге қол жеткізу үшін бұқа- ралық санадағы діни үдерістерді, діни идео- ло гия лардың мазмұнын, тұрғындардың кон- фессиональдық құрлымын, ресми және бейресми діни ұйымдар мен бірлестіктердің қызметінің бағыты мен қарқынын және олардың қызметінің жалпы әлеуметтік орта мен нақты топтарға ықпалын есепке алу қажет. Мысалы қандай діни бірлестіктердің қатары өсіп отыр, олардың культтік және культтен тыс қызметінің нәтижелері қандай, діни бірлестік мүшелерінің жыныстық, жастық, әлеуметтік құрлымы және т.б. көрсеткіштерін сараптау маңызды. Мұндай горизонтальды социологиялық зерттеуді вер- тикальды (тереңдетілген) психологиялық тал- даумен сабақтастыру маңызды. Бұл тұста діни тұлға, кіші әлеуметтік орта ұғымындарына назар аударып, олардың психологиялық-ментальдық ерекшеліктері мен сипаттарын ашып, түсіндіре білу қажет.
Діндарлықтың құрлымында когнитивті, эмо циональдық және жүріс-тұрыс (поведенче- ский) компоненттерін ажыратады. Кейінгі зерт- теушілер бұл құрылымды идентификациялық және нормативті-құндылықты компоненттермен толықтырады (Е.А. Ходжаева, Е.А. Шумилова).
Когнитивті компонент діндар санасындағы Құдай және басқа да құдіретті күштер туралы түсініктерді және олардың образдарын қамтиды.
Діни наным-сенімдер діндарлардың түсініктері мен түйсіктерінің, сезімдері мен эмоцияларының, толғаныстарының бастаулары, солар арқылы діндар қасиеттілікпен қарым-қатынас орната- ды. Когнитивті компонент діни ілімнің барлық элементтерін өзара байланыстырып, бұқаралық санаға бейімдейді. Тұжырымдай айтқанда, когнитивті деңгейде иррациональдылықтың ра- ционалдануы орын алады. Адам санасы мен ой- лауы хаосқа төзбейді, ұзақ уақыт түсініксіздік жағдайында қала алмайды, сондықтан сана мен ойлау қоршаған әлемді реттілік пен тәртіпке келтіруге, түсініксізді түсіндіруге, иррационал- дыны рационалдандыруға ұмтылады. Миф, дін
және ғылым адам санасы мен ойлауының осы эволюциясындағы тізбектер болып табылады.
Алайда бұл эвоюцияны бір бағытты, тізбекті құбылыс ретінде қабылдауға болмайды.
Анығында қоғамдық санада мифтік, діни және ғылыми түсініктер қабаттасып жатуы мүмкін, бірақ белгілі бір факторлар олардың біреуінің басымдылыққа ие болуына ықпал етеді (мы- салы, секуляризация үдерісі мен ағартушылық идеялары қоғамдық санада ғылымның үстемдік етуін қамтамасыз етті).
Діни сана Құдайға, құдіретті күшке деген сенім негізінде жаратылыс пен адам болмы- сын, олардың мәні мен мақсатын түсіндіруге, дәйектеуге, тұжырымдауға ұмтылады. Діни сана- да концептуальдық және күнделікті тұрмыстық деңгейлерді ажыратады.
Діндарлықтың эмоциональдық компоненті түйсіктермен, сезімдермен байланысты.
Дін оны қабылдаған адамға психологиялық әсер етеді. Діни наным-сенімнен туындай- тын және дінмен ғана байланысты ерекше сезімдер болады, олардың қатарына тәуба, мойын сұну, Жаратушыға деген махаббат, разылық, жұбаныш және т.б. жатады. Діннің аса маңызды психологиялық қызметінің бірі – жұбату қызметі. Кең мағынасында жұбату – жағымсыз толғаныстарды жойып, жан-дүниесі мен көңіл-күйіндегі қақтығыстардан тазарту мақсатында адамға ықпал ету. Діни жұбатудың өзіндік ерекшеліктері діндардың санасына діни түсініктер мен идеялардың, образдардың әсер етуімен байланысты (өмірде кездесетін қиындықтар Құдайдың сынағы, оған төзе білген адамға осы және бақи дүниеде Құдайдың сыйы болады және осыған ұқсас идеялар). Діннің жұбату қызметінің психологиялық астарла- ры өмірлік қиындықтарды, азап тартуды жеңе білумен байланысты. Яғни, ол адамдардың белгілі бір психологиялық қажеттіліктерін өтейді. Діни құлшылықтар мен рәсімдер адам бойындағы жағымсыз сезімдер мен көңіл-күйді залалсыздандырады және сол арқылы діндар тұлғаның психикалық тұрақтылығын, тепе- теңдігін қамтамасыз етеді. Алайда, деструктивті- тоталитарлық діни ағымдар мен ұйымдар адам бойында жағымсыз діни толғаныстар мен сезімдерді үнемі жаңғыртып отыру арқылы олар- ды бағыныштылықта және бақылауда ұстауға талпынады. Олар үрей, күнә, басқаларға деген төзімсіздік пен сенімсіздік сияқты сезімдер мен эмоцияларды қоздырып отырады.
Діндарлық адам бастан кешетін діни тәжі- рибеден де нәр алады. Діни тәжірибені зертте-
ген ғалымдар оны онтогносеологиялық емес, психологиялық қадым тұрғысынан қарас- тыру қажеттілігіне назар аударады. Психоло- гиялық қадым өз кезегінде діни тәжірибенің мәдени-әлеуметтік астарлар мен қырларын назарда ұстауды талап етеді. Себебі діни наным-сенімдер этноментальдық және мәдени- әлеуметтік контекстерді де қамтиды. Қоғамда дін тек әлеуметтік институт, әдет-ғұрыптар мен ғибадат-құлшылықтар ретінде ғана емес, діни толғаныстар, сезімдер мен эмоциялар ретінде де орын алады. Дінге бетбұрған адам үшін оның сыртқы көріністеріне қарағанда ішкі мәні әлдеқайда маңызды болмақ, ал ішкі мәні мен мазмұнды тұлғаның психологиялық толғанысынан, сезімі мен эмоциясынан тыс қарастыру мүмкін емес. Діни тәжірибенің осы аспектілеріне алғашқылардың бірі болып назар аударған У. Джеймс «психология аясында қала отырып, біз діни ілімдермен, әдет-ғұрыптармен емес, діни сезімдермен, көңіл-күйлермен істес боламыз» деп жазады (У. Джеймс: 2). (Діни тәжірибе ұғымын талдауға арнайы мақаламызды арнағандықтан бұл жерде қайталауды артық са- наймыз. Қызығушылық танытқандар мақала мәтінімен таныса алады).
Діндарлық адамның жүріс-тұрысында және басқалармен қарым-қатынасында көрініс береді. Діндарлықтың жүріс-тұрыс компонентінің екі аспектісін ажыратуға бо- лады. Біріншісі, құл шылық және т.б. діни рәсімдермен байланысты культтік аспектісі, екіншісі діни сенімнен нәр алатын культтен тыс аспектісі. Екіншісіне діни бірлестік немесе діни ұйым мақсаттарына қызмет ету, қайырымдылық шараларына атсалысу, діни мазмұндағы ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу не- месе қатысу сияқты әрекеттер кіреді. Белгілі бір жағдайларда, діндар адам осы қызметті діни парыз ретінде қабылдайды. Өз кезегінде, оның мұндай әрекеті діндарлықтың нормативтік- құндылықты компонентінен туындайды. Бұл компонент діни ілімнің, оның моральдық- этикалық ұстанымдарының діндар санасында қаншалықты терең орныққанын айқындайды.
Дінді қабылдау күнделікті өмірде осы діннің қағидаттары мен ұстанымдарына сай әрекет ету- ге, діни сенім өлшемдері мен құндылықтарын әртүрлі тұрмыстық жағдайларда басшылыққа алуға бағыттайды. Діндарлықтың нормативтік- құндылықты компоненті діни сенімнің догматикалық және концептуальдық негіздерін игеруді, білуді қамтиды және діндар адамның құндылықтар жүйесін қалыптастырады.
Діндарлардың құндылықты ұстанымдары олардың құлшылық-ғибадаттар мен діни парыздарға деген қатынасын, діни қауым мүшелерімен өзара байланысын, әлеуметтік және адамгершілік қасиеттерін және жүріс- тұрысының мотивтерін сипаттауға мүмкіндік береді. Мұнда діни ілімде насихатталатын діни өсиеттердің маңызы зор. Нормативтік- құндылықты компонентте дін тарихында өзіндік орын алатын тұлғалардың іс-әрекеті мен обра- зы арқылы дін канондарына сай келетін жүріс- тұрыс үлгілері діндарлардың бойына дарытыла- ды, яғни бұл діндарлықтың бұл құрамдас бөлігі діни қағидаттар тұрғысынан дұрыс әрі позитивті саналатын жүріс-тұрыс үлгілерін концептуальды негіздейді, насихаттайды және қалыптастырады.
Діндарлықтың идентификациялық компо- ненті адамның қай конфессияға тиесілі екенін сезінуімен байланысты. (Мысалы шиа немесе сунниттік бағыттағы мұсылман, православ немесе католик христиан және т.б.). Идентификациялық компонент конфессиональдық діндарлықтың қалыптасуында маңызды орын алады және оның бағытын анықтайды. Бұл компоненттің қалыптасуы мен дамуында діни дәстүрдің ала- тын орны ерекше. Адам әлеуметтену барысын- да қоғамда қалыптасқан құндылықтарды, діни наным-сенімдерді, моральдық-этикалық норма- ларды игереді. Қоғамның рухани-діни негіздері берік, мығым болатын болса азаматтардың діни немесе конфессиональдық бірегейлігін шайқалту оңайға соқпайды. Мұндай қоғамда діни конвер- сия үдерістерінің қарқыны бәсең және қоғам үшін қауіпті деңгейге жетпейді. Қоғам дәстүрлі дін институттарына қолдау көрсету арқылы өзінің конфессиональдық идентификациясын нығайтады және жат діни ағымдардың ықпалына тосқауыл қояды.
Діндарлық біртұтас құбылыс және жоға- рыда аталған компоненттердің барлығын қам тиды және олар бір-бірімен тығыз байла- ныста болып, өзара ықпалдасып отырады. Сон- дықтан діндарлық құбылысын зерттегенде құрылымдық-функциональдық методологияның тиімді тұстарын кеңінен қолдану қажет. Бұл әрбір компоненттің діндарлық жүйесіндегі орны мен рөлін, қызметін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал мен діндарлықтың даму тенденцияларын талдау барысында оның үш типін анықтауға болады.
Шартты түрде оларды позитивті діндарлық, авторитарлық діндарлық және деструктивті діндарлық деп жіктеуді жөн көрдік.
Позитивті діндарлық тарихи қалыптасқан діни дәстүрдің аясында дамиды және жүзеге асады. Діндарлықтың бұл тұрпаты діни неме- се конфессиональдық тиесілікті сақтай оты- рып, өзге діни дәстүрлердің құндылығын, діни- моральдық ұстанымдарының маңыздылығын теріске шығармайды. Мұндай діндарлық типі ашықтылығымен, диалогқа бейімділігімен және толеранттылығымен сипатталады.
Авторитарлық діндарлық топтық діни бірегейлік негізінде қалыптасады. Діндарлықтың мұндай типіне өз діни сенімінің ақиқаттылығына күмәнсіз сену және оны Құдайды танудың бірден бір бірегей жолы ретінде қарастыру, өздерінің діни сенімін абсолюттендіру тән. Бұл типтегі діндарлық иелеріне топтық оқшаулану, төзімсіздік, басқа діни дәстүрлерді терістеу мен сынау, сындарлы пікір-таласқа бейімсіздік тән болып келеді.
Деструктивті діндарлық адам психикасын- да теріс үдерістердің белең алуымен сипатта- лады. Бұл көбінесе, тоталитарлық секталардың құрбаны болғандардың мінез-құлқы мен жүріс- тұрысында көрініс береді. Олардың психикасын- да жағымсыз діни сезімдер – үрей мен күнәһарлық, апокалипсистік дүниетүйсіну сияқты белгілер айқындалады. Мұндай діндарлық типіне сын- дарлы ойлаудың тежелуі, қоршаған әлеуметтік шындықты қабылдамау, оқшауланушылық пен әртүрлі фобиялар тән. «Діни деструктивтілік терминінің мазмұнын кең мағынада түсінуіміз керек. Біздің мазмұндық талдауымыздың аймағы барлық нақты фактілерді, бастысы әлеуметтік ұйымның әртүрлі деңгейлері мен қоғамдық қызметтің әртүрлі салаларындағы тұлғаның қалыпты, позитивті әрекет етуі бұзылған жағдайлар мен олардың себептерін қамтуы тиіс»
(Лобазова О.Ф.). Діни деструктивтілікке ав- тор діни фанатизм көріністерін де жатқызады.
Алайда, біз діни фанатизмді авторитарлық діндарлық аясында қарастырғанды дұрыс деп санаймыз. Себебі авторитарлық діндарлық типінде психопатологиялық ауытқушылық орын алмауы да мүмкін, ал деструктивті діндарлықта мұндай ауытқушылықтың жиі көрініс беру ықтималдылығы артады. Осыған орай индивидпен әлеуметтік-психологиялық және теологиялық кеңес пен оңалту жұмыстары жүргізіледі. Ал деструктивті діндарлықтың ықпалына түскендермен психотерапевтикалық және психологиялық оңалту жұмыстарын жүргізу қажет болады.
О.А. Лобазова діндарлықты зерттеуге ар- налған диссертациялық жұмысында оның алты
типін ажыратады: канондық діндарлық, әлеу- меттік діндарлық, эмоциональдық діндарлық, концептуальдық діндарлық, тұрмыстық діндар- лық және протестік діндарлық (Лобазова: 18-19).
Қазақстан дінтанушылары «Религиозная кон версия в постсекулярном обществе (опыт фе номенологической реконструкции)» (Алма- ты, 2017) атты еңбектің авторлары да өз зерт- теулерінде “тұрмыстық діндарлық”, “квазидін- дарлық”, “жасырын діндарлық” (150 бет),
“әлеуметтік діндарлық” (162 бет) ұғымдарын кеңінен қолданады (Бижанов А.Х. 150-162).
Авторлар бұл ұғымдарға мазмұндық анықтама беруді мақсат етпегенімен, қоғамдағы діни үдерістерді зерттеп, зерделеу үшін аталған ұғымдардың мазмұны мен мәнін, ауқымын ашып, талдаудың маңызы зор. Діндарлық діни сана және жүріс-тұрыспен байланысты болғандықтан, оның осы санада қаншалықты терең тамырланғандығы мен индивидтің күнделікті тұрмысында, әлеуметтік қарым- қатынастарында айқындалатынына назар ауда- ру қажет. Күнделікті өмірде адам діни парыз- дарды басшылыққа ала ма және соларға сәйкес әрекет ете ме немесе олардың маңыздылығын мойындағанымен кейбір жағдайларда осы парыз- дарды орындаудан жалтара ма, оның құндылықтар жүйесінде діни парыздардың орны қандай және тағы да басқа мәселелер діндарлық пен оның деңгейлерін анықтауда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар ұлттық және әлемдік діндер де діндарлық деңгейі қалай анықталады, осы деңгейлерді белгілейтін ұғымдар қалыптасқан ба деген сұрақтар туындайды. Барлық діндердегі діндарлық көріністерін қарастыру мүмкін болмағандықтан христиандық және исламдық дәстүрде діндарлықтың қалыптасқан өлшемдеріне тоқталып өтейік. Христиандық дәстүрге сай адам дүниеге күнаһар болып келеді және оның мақсаты осы күнаһарлықтан арылу, З. Фрейд атап көрсеткендей, “... дін кінәні сезіну мен тәубеге келуге (раскаяние) негізделеді”
(З. Фрейд: 335). Осыған сай христиандықта діндар лық “күнәһарлық” пен “әулиелік” (“гре- ховность” – “святость”) қатынасында сипат- талады. Діндарлық “күнәһарлықтан” арылып
“әулиелікке” ұмтылу үдерісі ретінде жүзеге аса- ды. Яғни христиандықта діндарлық бағытталған векторлық үдеріс, оның бастапқы нүктесі
“күнәһарлық” болса, соңғы мақсаты “әулиелік”.
Діндарлық адамның өзінің күнәһарлығын сезініп, бойындағы рухани қуатты одан арылуға жұмылдыруында көрініс табады. Христиан діні әулиелер образын қалыптастырады және сол
арқылы рухани ізденістің бағытын айқындайды.
Бұл рухани ізденісте адамның өз әлсіздігін сезініп, күнәнің арбауынан құтылуға ұмтылуы маңызды. Шынайы христианин өз күнәсін мойындап, одан тазарып отыруы қажет. Осы мақсатта христиандық “исповедь” рәсімін енгізеді және оны діни тәжірибенің маңызды элементіне айналдырады.
Ислам дінінде діндарлық имандылықтың синонимі ретінде қабылданады және соны- мен қатар, иман діндарлықтың негізгі өлшемі де болып табылады. Осыған орай исламда діндарлықтың бірнеше деңгейлері белгіленген, олар: тақуа, мүмін, мұнафық, пасық, кәпір.
Әрбір мұсылман үшін ең маңыздысы Алланың разылығы, оның сыртындағының бәрі – пенделік. Тақуа мен мүміннің діндарлығы қарқындылығы, рухани қуаттылығы арқылы ерекшеленеді. Мұнафықтықты сыртқы діндар- лық немесе ситуативті діндарлық ретінде айқындауға болады. Мұнафықтық үшін болу- дан гөрі көріну маңызды. Пасықтық – рухани әлсіздік, табансыздық пен жігерсіздік. Пасықтық өз нәпсісімен күресте жеңіліске ұшырау неме- се тіпті, бұл күрестен бас тарту. Мұнафықтық пен пасықтық кәпірліктің алғыбастауы, адам өз бойындағы екі жүзділік пен күнәдан ары- лып, күпірлігін жеңе алмаса кәпірлер қатарынан болады.
Діндарлық феноменін талдауды дәстүрлі діндерде қалыптасқан өлшемдермен де сабақ- тастыру қажет, өйткені оларда адамтанудың (ең алдымен рухани-психологиялық) көп ғасырлық тәжірибесі көрініс табады.
Діндарлық феноменін жас мөлшеріне, жыныстық ерекшеліктеріне де байланысты классификациялауға болады. Айталық бала- лар мен жасөспірімдердің діндарлығы, жас- тар мен қариялар діндарлығының, ер және әйел адамдардың діндарлығында белгілі айырмашылықтардың болуы мүмкін. Бұл осы топтағы адамдардың дүниетанымына, тәрбиесі мен әлеуметтік ортасына қатысты айқындалуы ықтимал. Сонымен қатар діни тәжірибесі аз неофиттер мен діни тәжірибесі мол тұлғаның да діндарлығында айтарлықтай өзгеріс болуы заңды. Осыған орай діндарлықтың еліктеушілік және шынайы түрлерін ажыратуға болады.
Еліктеушілік діндарлықта таза діни мотивтерге қарағанда, әлеуметтік ортаның, діни насихаттың ықпалы басым болуы мүмкін. Еліктеуші діндарлықта діннің ішкі мазмұнына қарағанда сыртқы формасы алдыңғы қатарға шығады, діндарлықтың бұл түрінде жеке тұлғалық руха- ни ізденіспен салыстырғанда дайын үлгілерді
басшылыққа алу, діннің терең ілімдік негіздерін зерделеуден рәсімдік-ғұрыптық аспектілеріне мән беру басымдылыққа ие болады. Еліктеушілік діндарлық эволюциясы екі түрлі нәтиже беруі мүмкін. Біріншісінде, белгілі бір уақыттан кейін, адептің бойында діни ілім мен дәстүрге көңіл толмау, ұсынылған діни ілім мен тәжірибеге күмәнділіктің артуы орын алуы мүмкін. Бұл аталған діни дәстүрден бас тартуға, жаңа діни дәстүрді іздеуге немесе діни индиференттілікке, тіпті атеистік ұстаным алып келуі ықтимал.
Мұндай индивидтер діни конверсияға бейім келеді. Екіншісінде, еліктеушілік діндарлық жеке тұлғалық рухани ізденіске түрткі болуы мүмкін. Айталық баланың немесе жасөспірімнің ата-анасына немесе жақын туыстарына еліктеп дінге бет бұруы уақыт өте діни дәстүрге де- ген терең қызығушылыққа ұласып, діннің барлық аспектілерін қамтитын білімділіктің қалыптасуын қамтамасыз етуі ықтимал. Яғни шынайы діндарлық әрқашан адамның терең толғанысы мен рухани ізденісіне негізделеді (діндер тарихында мұндай құбылыстар жиі орын алған, атап айтқанда христиан патристикасының өкілі Августин Блаженныйдың өмірбаяндық
“Исповедь” шығармасына сілтеме жасайық).
Шынайы діндарлық бұл – бірінші кезекте, орныққан діндарлық және тұлғаның рухани- экзистенциялық ізденісінің нәтижесі әрі жемісі.
Шынайы діндарлық – адамның өмірлік мәні мен мақсатын, оны толғандырған сауалдардың шешімін қамтитын діни тәжірибенің тұтас көрінісі. Еліктеуші діндарлықта сезімдік- эмо ционалдық компоненттер алдыңғы қатарда тұрса, шынайы діндарлықта са- бырлы рационалдыққа, ақыл мен парасатқа басымдылық беріледі. Шынайы діндарлық адамның тұтас тұлғалық қасиеттерін қалыптастырып, жүзеге асырады. Шынайы діндарлыққа дін мен оның қағидаттарын өмірлік ұстаным, өмір салты ретінде қабылдау
тән. Шынайы діндарлықтан квазидіндарлықты ажырата білу қажет, өйткені квазидіндарлықта дін дүниелік мақсаттарға жетудің құралы, әлеуметтік статус пен беделдің атрибуттары ретінде қарастырылады.
Қорытынды
Діндарлық мәселесін зерттегенде ең алдымен, діндарлықта ішкі жан дүниенің, сенімнің рухани актілерінің жиынтығының маңызы зор екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеулер респонденттердің 90%
пайызының өздерін діндар санайтындықтарын, бірақ олардың тек 11,5% ғана ғибадаттарды ұстанатынын, 7,9% құлшылық орындарына тұрақты баратынын көрсетті (Cоловьева Г.Г.) 317-319. Еліміздің көптеген азаматтары діни нор- маларды қатаң ұстанбағанымен, өздерін діндар деп таниды, яғни олардың дүниетанымында, ұстанымдары мен құндылықты бағдарларында діннің ықпалын теріске шығара алмаймыз. Мұны айқындалмаған діндарлық ретінде қарастыруға болады деп ойлаймыз, өйткені діндарлықты үнемі даму мен өзгеріс үдерісіндегі құбылыс ретінде қарастырсақ оның айқындалмаған фор- мадан шынайы кемел тұрпатына эволюцияла- нуы мүмкіндігін де есте ұстағанымыз абзал.
Діндарлықтың эволюциясы барысында адам Жа- ратушы туралы айқын әрі нақты, толық әрі кемел сенім мен білімге қол жеткізе алады. Шынайы діндарлық Жаратушыға деген сеніммен шектеліп қалмайды, ол Жаратушының болмысқа, өмір мен тағдырға қатыстылығын сезінумен сабақтасады.
Айқындалмаған діндарлықта Құдай адам өмірі мен болмысының перифериясында орналасса, шынайы діндарлықта ол тұлға өмірінің өзегінен орын табады. Адам ендігі кезекте, жаратылысты Жаратушы призмасы арқылы қабылдайды және бағалайды.
Әдебиеттер
Хлопкова О.В. Современные западные подходы к изучению феномена религиозности // Вестник Нижегородского университета им. Н.И. Лобачевского. Серия Социальные науки, 2011, № 4, 154 б.
Джалилов З.Г. К методам и подходам изучения религиозности в современном обществе // «Рухани жаңғыру концепті идеясын жүзеге асыру аясындағы «Ұлы дала халқының діни бірегейлігі қалыптасуының рухани қырлары»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинағы. – Алматы, 2019. – 179-187 бб.
Масуд Азарбайджани. Сейед Махди Мусави-асл. Введение в психологию религии. – М.: «Вече», 2012. – 148-152 бб.
Джеймс У. Многообразие религиозного опыта. Бесплатная электронная библиотека Royallib.ru. 2б.
Лобазова О.Ф. Методологические основы научного анализа религиозной деструктивности. new.z-pdf.ru/33 raznoe/230906-1-0…
Лобазова О.Ф. Религиозность современного россииского общества: автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора философских наук. – М., 2009. – 18-19 бб.
«Религиозная конверсия в постсекулярном обществе (опыт феноменологической реконструкции)». – Алматы, 2017. – 150-162 бб.
Фрейд З. Я и Оно. – Тбилиси: «Мерани», 1991. – 335 б.
Cоловьева Г.Г. Религия в Казахстане. История и современность: учебное пособие. – Алматы, 2018. – 317-319 бб.
References
Xlopkova O.V. Sovremenny’e zapadny’e podxody’ k izucheniyu fenomena religioznosti. Vestnik Nizhegorodskogo univer- siteta im. N.I. Lobachevskogo. Seriya Social’ny’e nauki, 2011, № 4, 154 b.
Dzhalilov Z.G. K metodam i podxodam izucheniya religioznosti v sovremennom obshhestve. «Ruxani zhaңғy’ru konceptі ideyasy’n zhүzege asy’ru ayasy’ndaғy’ «Ұly’ dala xalқy’ny’ң dіni bіregejlіgі қaly’ptasuy’ny’ң ruxani қy’rlary’» Xaly’қaraly’қ ғy’ly’mi-tәzhіribelіk konferenciya materialdary’ zhinaғy’. Almaty’. 2019, 179-187 bb.
�asud Azarbajdzhani. Sejed �axdi �usavi-asl. Vvedenie v psixologiyu religii. �. «Veche», 2012. – 148-152bb.
U. Dzhejms. �nogoobrazie religioznogo opy’ta. Besplatnaya e’lektronnaya biblioteka Royallib.ru. 2b.
Lobazova O.F. �etodologicheskie osnovy’ nauchnogo analiza religioznoj destruktivnosti. new.z-pdf.ru/33 raznoe/230906-1-0…
Lobazova O.F. Religioznost’ sovremennogo rossiiskogo obshhestva. Avtoreferat dissertacii na soiskanie uchenoj stepeni dok- tora filosofskix nauk. �oskva – 2009 g. 18-19 bb.
«Religioznaya konversiya v postsekulyarnom obshhestve (opy’t fenomenologicheskoj rekonstrukcii)» Almaty’, 2017, 150- 162 bb.
Z. Frejd. Ya i Ono. Tbilisi, «�erani», 1991. 335 b.
Colov’eva G.G. Religiya v Kazaxstane. Istoriya i sovremennost’. Uchebnoe posobie. Almaty’ 2018, 317-319 bb.