• Ешқандай Нәтиже Табылған Жоқ

А. Байтұрсынұлы – ұлттық журналистиканың негізін қалаушы

Аңдатпа. Ұлтқа адал қызмет етудің хас үлгісін өз еңбегімен тарихымызға тасқа қа- шағандай етіп, өшпестей таңбалап кеткен Ахмет Байтұрсынұлының халқымыздың жоғын түгендеп, барын бүтіндеуге, ұлтымыздың сана-сезімін кемінде елу жыл алға оз- дыруға сіңірген өлшеусіз қызметін түгел айту үшін том-том кітап жазсақ та, түгесе алмайтын шығармыз. Бір ғана қыры – ұлттық журналистикамыздың қалыптасуына қосқан үлесінің өзін таратып айтуға бір ғылыми мақала тұрмақ, тұтас монография арнасақ та сыйғыза алмасымыз анық. Сол себепті бұл жолы тақырыпты толық ашу үшін ғылыми тұжырымдарымызбен ғана бөлісуді жөн көрдік.

Әу баста айтарымыз, бар саналы ғұмырын халқының қамын күйттеуге арнаған, сол жолда қуғын-сүргіннің жеті атасын көріп, әуелі патшалық Ресейдің, кейіннен Кеңес Одағы аталатын алып империяның саяси қуғын-сүргін, зорлық-зомбылығын бастан әб- ден шегіп, ақырында ату жазасымен үлкен жүрегі мәңгілік дамыл тапқан Ұлт Ұстазына арнап талай шара ұйымдастырылар, Тәуелсіз Қазақстанның әр қаласынан алып ескерт- кіш ашылар, ерен еңбегіне қарай бар сый-сыяпаты жасалар. Ел егемендігін сақтап тұрар болсақ, ол күн де туар, оған ешқандай күмәніміз жоқ.

Дей тұрсақ та, ең үлкен құрмет Ұлт Ұстазының ұлы идеяларын, уақыт сынынан өт- кен асыл ойлары мен ұрпаққа қалдырған өсиеттерін бұлжытпай орындап, шынайы жү- зеге асырсақ, басқаша айтқанда, аманатқа адалдық танытсақ, әруақ алдындағы парызы- мыздың ең үлкен өтемі сол болар еді-ау деген ой санамызда жаңғырады.

Кілт сөздер: ұлт, ұстаз, Байтұрсынов, алаш, газет, көсемсөз.

DOI: 10.32523/2616-7174-2022-139-2-103-109

Кіріспе

Ахмет Байтұрсынұлы – шын мәнінде ұлт журналистикасының негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол – талас туғызбайтын аксиома. Осы тұста “оған дейін де газет-журнал шығарушы- лар болды ғой, олардың еңбегін еш етіп оты- рған жоқсыз ба?” деген сұрақ туындауы мүм- кін. Оған қайтарар жауабымыз, айтар уәжіміз дайын.

Ол рас, қазақ тіліндегі тұңғыш баспасөзіміз ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүние- ге келді. «Түркістан уалаятының газеті» мен

«Дала уалаятының газетінің» қазақ журнали- стикасы тарихынан алар орындары айрықша.

Оны теріске шығара алмаймыз. Бірақ бұл ба- сылымдар ұлттық мүддені көздеп шығарыл- мағанын, патшалық Ресейдің қазақ даласын билеп-төстеуге жіберген генерал-губерна- торларының тікелей басшылығымен, солар

Қ.Ө. Сақ

бөлген қаржы-қаражатпен жарық көріп, отаршыл империяға қызмет еткенін жасыра алмаймыз. Сондықтан аталған газеттер ұлт- тық журналистикамыздың бастауы бола ал- майды.

Ал ХХ ғасыр басында жарық көрген га- зет-журналдар туралы әңгіме бөлек. Қа- зақтың басына қара бұлт үйірілген алмағайып заманда алаштың оқыған-тоқыған азаматта- ры халықты жойылудан аман алып қалудың амалын ойлағанда бұрынғыдай білектің емес, білімнің күшімен күресу керегін терең түсін- ді. Қолдарындағы жалғыз қару қаламдары екенін ұқты. Ал сол қаламмен өрілген құнды ой-толғамдарын қалың жұртқа жеткізудің жалғыз жолы баспасөз болатынын еуропа ел- дерінің тәжірибесінен түйді. Сол себептен де газет-журнал шығару қамында күрес көрігін қыздырды. Ол оңайшылықпен орындала қой- мағанына кәрі тарих куә.

Зерттеу әдістері

Алаш зиялылары 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясының ықпалымен қазақ халқының қордаланып қалған ұлттық мәселелерін шешу күресінде жаңа жол сайла- ды. Ол халық атынан патшалық Ресей үкіметі- не арыз-талап (петиция) ұйымдастыру түрін- де көрініс тапты. «Бүкілелдік наразылықтың қазақ қоғамына бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш рос- сиялық революция болғанда, ал оны жазған азаматтық қозғалыстың басына келген жаңа әлеуметтік күш – ұлт-азаттық интеллигенция өкілдері еді» [1] - деп жазады бұл жөнінде көр- некті алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиев.

Қазақ даласының түкпір-түкпірінен уезд ба- стықтарына, байтақ жерімізді губернияларға бөліп тізгіндеген генерал-губернаторларға, Ресей Ішкі істер министріне, тіпті император Николай екіншінің атына жолданған пети- циялардың ірісі 1905 жылдың 25 шілдесінде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесіне жи- налғандардың арыз-талабы болды. 12 мыңнан аса (тағы бір деректерде 16 мыңға жуық) адам- ның қолы қойылған петицияда, профессор Зарқын Тойшыбаевтың аудармасы бойынша,

«қазақ, татар, араб тіліндегі діни кітаптарға цензураны жою», «қазақ балаларына панси- он ашылсын, кәсіби мектептер мен жоғары оқу орындарына түсу үшін стипендиялар кө- бейтілсін», «қазақ тілінде газет шығарылсын»,

«қазақтардың иелігіндегі жерлер олардың меншігі деп танылсын», ««Далалық ереже» қа- зақ депутаттарының қатысуымен өзгертілсін»,

«судьялар қазақ тілін білуі шарт және де қазақ даласына присяжной сот жүйесі енгізілсін»

т.с.с. талаптар қойылған. «Петицияны дайын- дап, халық өкілдеріне қол қойғызғандардың ішінде Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, К.Тоғысов, А.Аяғанов болған» [2].

Осы дерекке жүгінсек, ұлт мүддесіне қыз- мет ететін газет шығару идеясы қашан және кімдердің қатысуымен туындағанын пай- ымдау аса қиындық туғызбайды. Алаш зиялы- лары «қазақ тілінде газет шығару» жөніндегі талап-тілектерінің орындалуына атандай 8 жыл талмай күрес жүргізгенін, нәтижесінде 1913 жылы ақпан айында Орынборда Ахмет Байтұрсынұлының «бас жазушылығымен», қазіргі тілмен айтқанда, бас редакторлығымен

«Қазақ» газеті шыққанын отандық баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдар растайды.

Талқылау

Ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұқтар Әуе- зов айтқандай, «қазақтың еңкейген кәрі, еңбек- теген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқы- сынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газетінің» [3]

өзінен бұрын жарық көрген басылымдардан артықшылығы көп болды.

Біріншіден, ХХ ғасыр басында ұлттық са- наның ұйытқысы болған газет-журналдар- дың ішінде ең ұзақ өмір сүргені «Қазақ» екені баспасөз тарихын зерттеушілерге жаңалық емес. 1907 жылы жарық көрген «Қазақ га- зеті» мен «Серке» журналының ғұмыры тым қысқа болды. Бар болғаны 2-3 нөмірі ғана ба- сылып шығып, патша үкіметі жендеттерінің қолымен жөргегінде тұншықтырылды. Ал 1911 жылы қазақ оқырманына жол тартқан

«Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналының А. Байтұрсынұлы – ұлттық журналистиканың негізін қалаушы

тағдыр талайы бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан 3-4 жылдан аспады. Олардың ізін ала дүниеге келген «Қазақ» газеті болса, 1913 жылы Қазақстанның тұңғыш астанасы Орын- бордан атойлап үн қатып, ә дегеннен қаймана қазақтың жүрегін жаулап алды да, 1918 жылы Алашорданың бас қаласын большевиктер жа- улап алғанға дейін 6 жыл бойы үзбей шығып тұрды. Ахмет Байтұрсынұлынша айтсақ, шын мәнінде, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қы- зметін абыроймен атқарды.

Екіншіден, таза қазақ тілінде жарық көр- ген басылым «Қазақ» газеті болды. Оған дей- інгі газет-журналдарда араб, парсы, татар, башқұрт, орыс тіліндегі сөздер араласып, тіл шұбарлығына жол берілсе, «Қазақтың» бірін- ші санынан бастап Ахмет Байтұрсынұлы оған қатаң тыйым салды. Соның арқасында таза ұлттық баспасөз тілі қалыптасты. Оның үсті- не, араб таңбасынан алынған, ел ішінде Ах- мет әліпбиі атанып кеткен 28 әріптен тұратын жазумен шығуы оқырманына керемет ұна- ды. Газетті жаздырып алушылар қатарының жылдан-жылға еселеп артуының бұл да бір себебі болды.

Үшіншіден, «Қазақ» газеті XX ғасырдың ба- сындағы қазақ қоғамының шынайы шежіресі, ұлттық сананың ұйытқысы және жаңа үлгідегі қазақ баспасөзінің негізін қалаған энциклопе- диялық басылым болды. Сол кезеңдегі бір- де-бір уақиға «Қазақ» газеті оқырманының на- зарынан тыс қалмады. Қазақ ұлтына қатысты бар мәселе осы басылым бетінде талқыланды.

«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыз- дың әруақты аты» [4] өшпесін, әрі «киргиз»

болып шатаспасын деген мақсатта «Қазақ»

деп атаған газеттерінде алаш азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» халқы- ның қамы үшін аянбай қызмет етті. Олардың

«білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген аталы сөзді алдарына тұтып, өздерін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрып, жанкеш- тілікпен ұлтқа сіңірген еңбектері зая кеткен жоқ. Ұдайы «қазаққа деген игілік нәрсені ен- гізу жолында» болған, «сырттан жамандық болса, күзетші орнына жұмсалған» [5] газет өз заманында халықтың көшбасшысы болып, қараңғы түннің пердесін түрген күн іспетті

ұлт азаттығы ақ таңының жарқырап атуына ықпал етті. Оған газет тігінділерінің кез келген бетін сөйлету арқылы көз жеткізу аса қиын емес. «Қазақта» жарияланған материалдар деректілігімен және терең мазмұндылығымен ұлттық тарихымызды «ақтаңдақтардан»

арылтып, қазақ руханиятының алтын арқауы болуға әбден лайық.

Төртіншіден, «Қазақ» газетінде оқырман талқысына түспеген тақырып жоқ десек, әсіре айтып, ауа жайылғандық болмайды. Бір кере- меті және өнеге алуға болатыны, басылым қай мәселені көтерсе де, елдік мүдде бірінші орын- да тұрады. Газетте жарық көрген ұлт саясаты, ұлт экономикасы, ұлт идеологиясы: тілі, діні, ділі, ұлт өнері, ұлттық білім мен ғылым мәсе- лелері туралы жарияланымдар бүгінгі күнмен өзектес, өміршеңдігімен маңызды. Көсемсөз авторлары мәселені көтеріп қана қоймай, оны оң шешу жолдарын көрсете білгендіктен, ол материалдардың жарияланғанына жүз жыл- дан аса уақыт өтсе де, құны жойылған жоқ, қазір де пайдалануымызға жарап тұр.

Айталық, кезінде қазақ жастарын жаппай оқуға шақырып, білім-ғылым жолына салған, өнер үйренуге жетелеген «Қазақ» газетінің ұстанымы бүгін де маңызын жойған жоқ. Бұ- дан ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру идеясы алаш заманынан бастау алатындығын көруге болады. Басылымның сол бастамасы өз жемісін бергені де ақиқат. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов сынды ұлты- мыздың әлем мойындаған таланттары – Ахмет Байтұрсынұлы бас редакторы болған «Қазақ»

газетінің шәкірттері. Ұлтымыздың жүз жыл- да бір туар ұлыларының білім мен ғылым, өнер көгіне көтерілуі – «Қазақтың» оқырман жүрегін жаулап алып, сана сәулесін ашуының жемісі. Бұған Мұхтар Әуезовтің мына сөзі бұлтартпас айғақ: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табал- дырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жа- тыр» [3].

Бұдан түйетініміз, алаштың бас басылымы қазақ жастарының рухани өсіп, кемелдену Қ.О. Сақ

мектебі болғаны тарихи шындық. Өкінішке қарай, кешегі кеңестік тотолитарлық қоғамда сол мектептің есігі тарс жабылып, елге қызмет етуі өктемдікпен тоқтатылды. «Қазақ» газеті туралы ақиқатты айтуға қатаң тыйым салы- нып, оның шындығы шыңырауда шынжыр- лап ұсталды. Шығарушылары түгел атылып, олардың есімдері мен ерен еңбектерін тілге тиек еткендер саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

Соның салдарынан ұлылар мектебі шәкіртсіз тұл жетім күйін кешті. Ұлы тұлғаларымыздың айшықты жолы жалғасын таппай, адасуымы- здың себебі сол. Тек КСРО атты алып держа- ваның күйреуіне себепші болған 1985 жылғы сәуір жылымығы – жариялылық туралы тари- хи шешім қабылданғаннан кейін ғана Алаш баспасөзі мектебінің сығырайып есігін ашып, ішіне енуге мүмкіндік алдық. Содан бер- мен ғана «Қазақ» газетінің тұнық бұлағынан ішінара сусындауға қолымыз жете бастады.

Бірақ нарықтық экономика қыспағынан ол мектептің берерін толық қажетімізге жарата алмай келеміз. Ендеше, ендігі жерде сол асыл қазынамызды ұрпақ игілігіне міндетті түрде пайдалану аса көкейкесті деп білеміз.

Бесіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы бас- шылық еткен басылымда сол кездегі қазақ оқығандарының, көзі ашық, көкірегі ояу алаш зиялыларының үн қатпағаны жоқтың қасы.

Осыдан-ақ газеттің арқалаған жүгінің қанша- лықты ауыр әрі жауапты болғандығын аңдау қиын емес. Алдымен, патша үкіметінің, кей- ін келе кеңес өкіметінің газет соңынан шырақ алып түсіп, ізін аңдуы, жөн-жосықсыз айы- пқа тартуы, ақыр соңында үні жұрт құлағына жетпестей зынданда тұншықтырылып, тар қапаста «құлыпталып» ұсталуы бекерден-бе- кер емес. Халықтың көзі, құлағы һәм тілі қы- зметін адал атқарған «Қазақ» газетін санадан өшірмей, қазақтың ақыл-есін жаулау босқа төгілген термен тең екендігін жақсы ұғынған отаршыл пиғылдағы жүйе басылым үнін өшіру арқылы ойлаған мақсаттарына қол жеткізуге тырысып бақты. Белгілі бір дәреже- де ол армандары орындалды да. Қазірге дейін мәңгүрттік дертінен айыға алмай келе жатқа- нымыз, тіліміз бен дініміздің нашар халі, ке- рек десеңіз, ел тәуелсіздігінің қадыр-қасиетін

жете бағалай алмай отырғанымыз сол сепкен ұрықтың жемісі деп білеміз. Күні кеше ғана халқымыз көз жасын көлдей төккен, бейкүнә жандар қиянат көрген «қаңтар оқиғасы» да сол қасіреттен айыға алмай келе жатқанымы- здың салдары демеске лажымыз жоқ.

Аурудан құлан-таза айығудың амалы ке- селдің неден болғанын біліп, соған қарай ем қолдануда екенін «Қазақ» газеті көсемсөз- шілері оқырмандарына жете түсіндіріп, жиі тілге тиек етіп отырады. Олай десек, кезінде соқыр саясат салдарынан жөн-жосықсыз жа- былып қалған ұлттық рухани бұлақтардың көзін ашып, шөліркеген жұртына сусынын қандыра қызмет етуіне мүмкіншілік туғыз- сақ, елдік рухтың артуына септігін тигізерінен үмітсіз емеспіз, сеніміміз мол.

Нәтижелер

Алты жыл бойы алашына адал қызмет еткен «Қазақ» газетінің бай мұрасынан бү- гінгі тірлігімізбен үндес, әлі де қоғамдық мән-маңызын жоймаған көптеген дүниелерді молынан кездестіруге болады. Олардың ішін- де ел егемендігінің іргетасы қаланып жатқан бүгінгідей алмағайып заманда жолсыздан адаспай, өз даңғылымызды салып, ілгері озуымызға жол көрсетіп, ақыл қосатын құнды өсиет көп. Сөзіміздің жаны бар екенін сездіру үшін бір мысал келтірейін. Газеттің 1917 жылғы 226-санында «Ел еркі өзінде» деген бас мақала жарияланған. Авторы көрсетілмесе де, сөз саптау мәнеріне қарап, туындының Ахмет Байтұрсынұлы қаламынан туғанын айыруға болады. Онда айтылар ойдың бүгінгі күнмен үндес, әлі де құнын жоймағанын дәлелдеу үшін мақаладан үзінді келтірейік: «Хакім- дердің айдауынан, хакімдердің түрткісінен басқа түк көрмеген біздің қазақ не берсе, хакім береді, не істесе, хакім істейді деп мұрнын те- скен тайлақтай жетекшіл болып қалған. Әлі де болса әркімнің жетелеуіне қараса, онда бо- станшылықтың игілігін дұрыс көре алмайды.

Өз тіршілігін өзі істеп, өз шаруасын өзі жөн- деп, өз күнін әркім өзі көрген сияқты бостан- шылық болған соң әр жұрт өзіне керек істің бәрін өзі істеу керек» [6].

А. Байтұрсынұлы – ұлттық журналистиканың негізін қалаушы

Міне, ардақты алаш азаматының халқына арнау сөзі, ұрпаққа қалдырған өсиеті. «Ай- тылған айтқан жерде, жазылған жазған жерде құр сөз күйінде қалып, іс жүзінде көрінбесе, онан түк өнбейді» (А.Байтұрсынұлы) деп ама- наттап кеткен ақыл-кеңесі. Осыны жадымы- зда ұстап, «бұл бостаншылық – көп жұрт- тың ер жетіп, іс білген-білмегеніне емтихан»

екені туралы айтқан пікірін есте ұстап, санаға сіңірсек, ұтарымыз ұшан-теңіз болар еді-ау!

«Жібекті ұстай алмаған жүн етеді» деген Ұлт Ұстазының сөзін ұмытып, «жақсы нәрсе жа- манға айналуы оп-оңай екенін» санаға тоқы- мағандықтан еліміз кешегідей бүліншілікке ұшырағанын айтпасқа лажымыз жоқ. «Ештен кеш жақсы» деген, қателіктен сабақ алуды ел болашағын ойлаған басшылар мен қосшылар қаперде ұстаса игі.

Мың өліп, мың тірілген қаймана қазаққа қалтқысыз қызмет еткен «Қазақ» газеті қолы- мыздағы деректер бойынша патшалық Ресей монархиясының жергілікті жендеттерінің та- рапынан алты рет сотталған. Соның бірінде генерал-губернатор Сухомолинов: «Қазақ»

газеті редакциясы 3 500 сом (рубль) айып төлесін, я болмаса бас редакторы 2 ай абақты- да отырсын» деп шешім шығарғанын архив құжаттары растайды. Сонда Ахмет Байтұр- сынұлының ол айып пұлды төлесек, онда қолдағы бар қаражатты тауысатындықтан газет шығуын тоқтатады, өйтетін болсақ, 6 миллион қазақ «көз, құлақ һәм тілінен» ай- ырлып, залал шегеді, түрмеге қамалсам өзім ғана зиян көремін деп шешіп, абақтыға оты- руға бел бууы ұлт жолында жанын құрбан- дыққа шалған нағыз көсем екенін айғақтайды.

Ұлт журналистикасының негізін қалау оңайға соқпағанын, оның жолы ауыр болғанын, сол қиындықты жеңіп, ұлы даңғылды аманаттап кеткен Ахмет Байтұрсынұлы екенінің бұл да бір дәлелі. Ертеңгі ұрпақ оның жанкешті ең- бегі мен ерлікке толы ісін ұмытпай, әрдайым үлгі тұтуы тиіс.

Қорытынды

Осы орайда, тоқсан ауыз сөздің түйінін ай- тсақ, бұған дейін де бір емес, бірнеше жерде

тілге тиек етіп келе жатқан мына тұжыры- мымызға тағы да бір назар аудартқанды жөн көреміз. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлы ілімінің маңызы зор. Бұл – теория. Оның мәнісі өте терең. Оны түсінетін уақыт туды. Алаш зама- нының қаруы болған газетті кейіннен радио, телевидение толықтырып, қазір олардың қа- тарына интернет журналистика деген зама- науи құрал келіп қосылды. Бір сөзбен бұлар- ды бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) деп атаймыз. Бірақ, аты айтып тұрса да, олардың бұқаралығына маңыз бере бермейміз. Басқа- ша айтқанда, шын мәнінде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып тұр ма, сол қызметіне адал ма дегенге көңіл бөлмейміз. Шындыққа тура қарасақ, қазір оларды бұқаралық емес, топтық ақпарат құралдарына айналдырып алғанымызды көрер едік. Бүгінгі БАҚ халықтан ажырап қалған, ат төбеліндей биліктің, одан қала берсе, қолында қаржысы бар байшыкеш- тердің құралына айналғанын ел көріп отыр.

Көпшіліктің газет-журнал оқымайтынының, радио тыңдап, телеарналардың бағдарлама- ларын көрмейтінінің түпкі себебі сонда. Олай болса, миллиардтаған қаржы жұмсап, шаш етектен шығынға батудың, халық жеріген ақпарат құралдарын шығарудың қажеті қан- ша? Бұл ел қамын жеген жайсаңдарымыз бен жақсыларымызды қатты ойландыруы керек.

БАҚ-тан қажетін таппаған халықтың еріксіз әлеуметтік желіге ойысып кетуінің мәнісі сон- дықтан. Ал әлеуметтік желі деген өте қауіпті қару. Оның ар жағында кім отырғанын, кімнің тапсырысы орындалып жатқанын біліп бола алмайсың. Дамыған елдердің халқы әлеумет- тік желіні өсек аяңның, жалған ақпараттың алаңы деп қабылдап, шындықты дәстүрлі БАҚ-тан іздее, бізде керісінше жағдай қа- лыптасқаны қорқынышты. Кешегі «қасіретті қаңтар» бүліншілігінің бір ұшы сонымен са- бақтасып жатқанын айтудың өзі артық. Енде- ше, қателіктен сабақ алудың өзі жақсылықтың бастауы десек, еліміздегі БАҚ-ты халыққа қай- тарып, әлеуметтік институт ретінде дербес қызмет етуін қамтамасыз етуді күн құрғатпай қолға алу маңызды. Отандық БАҚ «Қазақ»

газетінің тарихи тәжірибесін негізге алып, Қ.О. Сақ

биліктің, я болмаса байлықтың қолжаулығы болмай, шын мәнінде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қызметін адал атқарса ғана халықты өзіне қаратып, ел тыныштығы мен тұрақты

дамуына септігін тигізететінін ұғатын уақыт туды. Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының журналистика туралы ілімі осынысымен құн- ды.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Қойгелдиев М. Оянған сана үні // «Ана тілі» газеті, 1990 жылдың 12 сәуірі;

2. Тайшыбай З. «Қарқаралы петициясы» туралы ақиқат // «Ақиқат» журналы, 2003 ж. №7;

3. Әуезов М. Ахаңның елу жылдық тойы //Ақ жол, 1923, 4-ақпан;

4. «Қазақ» газеті материалдарының жинағы // Құрастырғандар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С., Са- хов Қ. – Алматы : Қазақ энциклопедиясы бас редакциясы, 1997 ж.

К.О. Сак

Евразийский национальный университет им. Л. Н. Гумилева, Нур-Султан, Казахстан

А. Байтурсынулы – основатель национальной журналистики

Аннотация. Ахмет Байтурсынов оставил большей след в истории казахского народа, показав пример верного служения нации. Как поэт, ученый, педагог и журналист в судьбоносный период для народа приложил все усилия для поднятия национального духа и самосознания. Ни научные статьи, ни мо- нографии не могут полностью отразить Ахмета Байтурсынова в становление и развитие национальной журналистики.

Великий ученый и поэт, Учитель нации прошел сложный и трудный путь, посвятив всю свою созна- тельную жизнь служения народу. Ахмету Байтурсынову было суждено пройти через гонения колониаль- ного гнета России, массовые репрессии в годы советской власти. Сегодня во всех уголках Великой Степи его имя носят школы и улицы, ему установлены памятники. И во все времена имя Учителя нации будет жить в независимой и суверенной стране, о которой он мечтал.

Идеи, мысли и заповеди, творческое и научное наследие Ахмета Байтурсынова стало величайшим наследием казахского народа. Все это проверено временем и испытано историей. Поэтому уважение к наследию, воплощение в жизнь его идей станет настоящим данью памяти Учителя нации.

В этой статье рассматриваются труды Ахмета Байтурсынова как основателя национальной журнали- стики.

Ключевые слова: национальность, учитель, Байтурсынов, алаш, газет, публицистика.

K.O. Sak

L.N. Gumilyov Eurasian National University, Nur-Sultan, Kazakhstan Akhmet Baitursynuly – founder of national journalism

Abstract. Akhmet Baitursynov left his mark in the history of the Kazakh people, showing an example of faithful service to the nation. As a poet, scientist, teacher and journalist in a fateful period for the people, he made every effort to raise the national spirit and self-awareness. Neither scientific articles nor monographs can fully reflect Akhmet Baitursynov in the formation and development of national journalism. The great scientist and poet, the Teacher of the nation has passed a difficult and difficult path, devoting his entire adult life to serving the people. Akhmet Baitursynov was destined to go through the persecution of the colonial oppression of Russia, mass repressions during the years of Soviet power. Today, schools and streets bear his name in all corners of the Great Steppe, monuments have been erected to him. And at all times, the name of the Teacher of the nation will А. Байтұрсынұлы – ұлттық журналистиканың негізін қалаушы

live in the independent and sovereign country that he dreamed of. Ideas, thoughts and commandments, the creative and scientific heritage of Akhmet Baitursynov has become the greatest heritage of the Kazakh people.

All this has been tested by time and tested by history. Therefore, respect for the heritage, the implementation of his ideas will be a real tribute to the memory of the Teacher of the nation. This article examines the works of Akhmet Baitursynov as the founder of national journalism.

Keywords: nationality, teacher, Baitursynov, alash, newspapers, journalism.

References

1. Qoigeldiev M. Oianğan sana ünı // «Ana tılı» gazetı, 1990 jyldyñ 12 säuırı;

2. Taişybai Z. «Qarqaraly petisiasy» turaly aqiqat // «Aqiqat» jurnaly, 2003 j. №7;

3. Äuezov M. Ahañnyñ elu jyldyq toiy //Aq jol, 1923, 4-aqpan;

4. «Qazaq» gazetı materialdarynyñ jinağy // Qūrastyrğandar: Sūbhanberdina Ü., Däuıtov S., Sahov Q. – Almaty: Qazaq ensiklopediasy bas redaksiasy, 1997 j.

Авторлар туралы мәліметтер

Сақ Қайрат Өмірбайұлы – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы; Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан, Қа- зақстан.

Sak Kairat Omirbayuly – Candidate of Philology, Dekan of the Faculty of Journalism and Political Science, L.N. Gumilyov, Nur-Sultan, Kazakhstan.

Қ.О. Сақ