• Ешқандай Нәтиже Табылған Жоқ

Киноиндустрияны мемлекеттік басқаруда әлеуметтік аудитті

Қазіргі заманғы трансформациялық өзгерістер мен мемлекеттік реформалар жағдайында әлеуметтік аудиттің қоғамдық қатынастар жүйесінде қажетті құрал ретіндегі маңызы арта түсуде.

Әлеуметтік аудитті қоғамдық қызмет салаларында мынадай бағыттарда қолдануға болады (30-сурет):

1. Мемлекеттік басқару жүйесінде. Мемлекеттің қызметін қоғамдық бақылаудың құралы ретінде әлеуметтік аудитті мемлекеттік басқару саласында бірнеше мақсаттарды көздей отырып қолдануға болады:

– мемлекеттік бағдарламалық, ұлттық сипаттағы өзге де құжаттардың әлеуметтік тиімділігін өлшеуде, қоғамдық әсерлерді бағалауда;

– саладағы мемлекеттік шешімдердің, қызметтің әсерін, нәтижесін қоғамдық бақылауда, тексеруде;

– жергілікті басқару нысаны ретінде қаланың немесе ауылдың жағдайын жергілікті халықтың көзімен бағалауда;

– мемлекеттік қызметкерлер қызметінің кәсіби деңгейін және оның тиімділігін айқындауда қолдануда;

2. Квазимемлекеттік сектор мен бизнесте:

– компаниялардың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі бойынша қызметінің нәтижесін көрсетуде, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге үлес қосуын бағалауда;

– әлеуметтік-экономикалық және мәдени қатынастарды реттеу құралы ретінде еңбек жағдайларын арттыруда;

– қоғаммен байланыс орнату арқылы компанияның оң имиджін, беделін қалыптастыруда қолдану.

3. Қоғамдық ұйымдардың жұмыстарында. Мемлекеттік және үкіметтік емес сипаттағы кез келген ұйымның (білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, экологиялық ұйымдар, азаматтық қоғам ұйымдары) қызметінің қоғамдық пайдалылығын, әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізудегі үлесін бағалауда қолдану.

Сурет 30 – Әлеуметтік аудитті қоғамдық қызмет салаларында қолдану бағыттары

Ескерту – Суретті автор әзірлеген

Әлеуметтік аудитті қолдану бағыттары

Мемлекеттік басқару

жүйесінде Бизнесте Қоғамдық ұйымдарда

105

Әлеуметтік аудит көп жағдайда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және адами ресурстарды басқару аясында қолданылады. Алайда бұл технологияның мемлекеттік басқаруда перспективасы жоғары [168].

Мемлекеттік басқару жағдайында туындайтын әлеуметтік сипаттағы шешімдерді қоғамдық бақылаудың құралы ретінде әлеуметтік аудит практикалық әлеуетке ие.

Мемлекеттік басқару контексінде әлеуметтік аудит ұйымның, саланың, өңірдің немесе мемлекеттік органдар қызметінің және олар жүзеге асыратын әлеуметтік бағдарламалардың, жобалардың тиімділігін қоғамдық бақылаудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылуы тиіс. Демек, әлеуметтік аудитті орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметінде бағалау тұрғысынан пайдалану мүмкіндігі өзекті және маңызды мәселе болып табылады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, әлеуметтік аудит – мемлекеттік және жергілікті басқаруда қолданылуы орынды тың технологиялардың бірі. Оның жеке меншік секторда қолданылу тәжірибесі мемлекеттік секторға өтуі оңтайлы болған құбылыс.

Әлеуметтік аудит – «халық үніне құлақ асатын» мемлекеттің негізгі құралдарының бірі, адамға бағдарланудың бір түрі. Мемлекеттің халық алдында есеп беру, мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, қоғаммен байланыс орнату, шешім қабылдауға азаматтардың қатысуы қағидаларының аясында іске асырылатын жұмыстың ұтымды құралы болмақ.

Сонымен қоса, әлеуметтік аудиттің мемлекеттік басқару саласында сыбайлас жемқорлықпен күрестің қосалқы құралдарының бірі ретінде әлеуеті жоғары. Бұл әлеуметтік аудиттің мемлекет бюджетін әртүрлі мақсатта болсын тиімді жұмсау мәселесіне бағытталуымен негізделеді.

Мемлекеттік басқарудағы әлеуметтік аудиттің тұжырымдамалық негізі әлеуметтік серіктестік, диалог қағидатына негізделген, халық мүддесіне бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыруда, іске асыруда, бағалауда мемлекеттік органдар мен институттардың, азаматтық қоғамның, өзге де ұйымдардың бірлесіп өзара әрекеттесуін талдау болып табылады [168, с. 94].

Әлеуметтік аудиттің негізгі мақсаты – мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің әлеуметтік тиімділігін, қоғамдық маңызды қызметтерді іске асырудағы үлесін бағалау.

Мемлекеттік басқарудағы әлеуметтік аудиттің негізгі компоненттері келесі суретте ұсынылған (31-сурет).

106

Сурет 31 – Мемлекеттік басқарудағы әлеуметтік аудиттің негізгі компоненттері

Ескерту – суретті автор әзірлеген

Бұл ретте, мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігін бағалаудың қазіргі жүйесінде персоналды басқару, ақпараттық технологияларды қолдану, стратегиялық мақсаттарға қолжеткізу сияқты және басқа да нақты белгіленген бағыттар бар екені белгілі. Ал әлеуметтік аудит жүйесінде мемлекеттік саясаттың әлеуметтік аудитін жүргізу мүмкін болып табылады. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік органдардың белгілі бір саладағы саясатты қалыптастыруындағы қызметі немесе қоғамдық маңызы бар жоба, проблемалық мәселе бойынша қабылдаған шешімдері де әлеуметтік аудиттің пәні бола алады.

Әлеуметтік аудит киноиндустрияны басқару жүйесін жетілдіруге көмектеседі. Сол себепті әлеуметтік аудит тұжырымдамасын қоғамдық бақылау құралы ретінде қарастырып, оны киноиндустрия саласына қатысты қолдану мүмкіндігі мен маңыздылығы ашып көрсеткенді жөн санаймыз.

Киноиндустрия саласында әлеуметтік аудитті жүргізудің қажеттілігі кино саласының әлеуметтік-мәдени қызметінің маңыздылығымен негізделеді. Кино өнімдерінің идеологиялық қызметі мемлекеттің мүддесіне сай келетін, ұлттық біртектілікті дәріптейтін, қоғамда қалыптасқан рухани-өнегелік құндылықтарды насихаттайтын кинотуындыларды жасап, халыққа ұсынумен сипатталады. Киноның тұтынушысы – әртүрлі әлеуметтік топтан шыққан адамдар. Бұл ретте, мемлекеттің тапсырысымен түсірілген отандық фильмдердің халық арасында қабылдануы, жоғары деңгейде бағалануы, ұнауы, одан әлеуметтік әсер алуы – маңызды компоненттердің бірі. Фильмдердің әлеуметтік-мәдени мәнін, нәтижелілігін айқындауда әлеуметтік аудит элементтері қолайлы болып табылады.

107

Киноиндустрия саласын басқаруға әлеуметтік аудитті қолдану мүмкіндігі бұл саланың бұқаралық сипатқа ие болуымен де негізделеді.

Киноиндустрияның басты өнімі – кино, ал киноның тұтынушысы – халық.

Демек, бұл сала барлық әлеуметтік топтардағы адамдарды жұмылдырады.

Мұнай-газ, құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы сияқты өзге салаларға қарағанда кино саласы туралы қоғамда көбірек талқылау, пікір айту, дискурс жүзеге асырылады. Себебі кино көру үшін адамдардан терең білім, белгілі бір әлеуметтік мәртебеге ие болу талап етілмейді. Әрбір азамат кино туралы ой- пікірін еркін айта алады және фильмдер көп жағдайда қолжетімді болып келеді.

Саланың қоғамдық, бұқаралық сипатқа ие болуы да әлеуметтік аудитті қажет етеді және оның жүзеге асырылуына мүмкіндік туғызады. Жалпы, әлеуметтік аудит әлеуметтік сипаттағы қызметі мен мақсаты, қоғамға әсері бар салалардың барлығында қажетті және тиімді деп тұжырымдауға болады.

Киноиндустрия саласында әлеуметтік аудиттің субъектісі мемлекеттік органдар, кинематографиялық ұйымдар, компаниялар, осы саладағы қоғамдық ұйымдар бола алады. Ал әлеуметтік аудиттің объектісі – осы аталған ұйымдардың немесе жалпы саланың әлеуметтік-мәдени қызметі мен отандық киноиндустрия өнімдерінің қоғамдық пайдасы.

Саланың әлеуметтік тиімділігін бағалауға бағытталған әлеуметтік аудит халықтан кері байланыс алу, айқындау, бағалау, диагностикалау мақсатында жүргізіледі. Зерттеудің мақсатына сәйкес әртүрлі қызметті атқарады (22-кесте).

Кесте 22 – Киноиндустрия саласындағы әлеуметтік аудиттің элементтері Әлеуметтік

аудиттің қағидаттары

Әлеуметтік аудиттің субъектісі

Әлеуметтік аудиттің объектісі

Әлеуметтік аудиттің қызметі кәсіби

біліктілік, еріктілік, ашықтық, тәуелсіздік, объективтілік,

адалдық, мүдделілік, шынайылық

мемлекеттік органдар, кинематографиялық

ұйымдар (компаниялар), кино саласындағы қоғамдық ұйымдар,

ғалымдар

киноиндустрия саласындағы ұйымдардың, әлеуметтік- мәдени қызметі,

отандық киноиндустрия

өнімдерінің қоғамдық

пайдасы

сипаттау, диагностикалау, рефлексия жасау,

талдау, кері байланыс алу,

бағалау

Ескерту – Кестені автор әзірлеген

Әлеуметтік аудиттің кең таралған бағыттарының бірі – мемлекеттік бағдарламалық құжаттардың, ұлттық сипаттағы жобалардың, өзге де қызметтің әлеуметтік тиімділігін өлшеу, қоғамдық әсерлерді бағалау. Қоғамның әртүрлі салаларын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың әлеуметтік

108

тиімділігін, әсерін қоғамдық бағалауда әлеуметтік аудит мынадай жағдайларда өзекті:

– объект бойынша сенімді әрі кең, толыққанды ақпарат алуда;

– бағдарламаларда/жобаларда жоспарланған шаралардың нәтижелілігін айқындауда;

– жаңа бағдарламалық құжаттарды әзірлеуде;

– проблемалық мәселелерді айқындауда;

– тиімді және практикалық шешімдер қабылдауда.

Әлеуметтік аудит жүргізу рәсімі мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды талдауға бейімделуі тиіс.

Мемлекеттік бағдарламалық құжаттардың жүзеге асырылуының әлеуметтік тиімділігі нәтиженің мақсаттарға сәйкес келуі, есептік кезеңде көрсеткіштерге қол жеткізу деңгейі, бағдарламаны жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органның қызмет тиімділігі сияқты критерийлерді қамтуы мүмкін.

Сонымен қоса, әлеуметтік тиімділік – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған көрсеткіш. Мәселен, киноиндустрия саласындағы әлеуметтік тиімділік ретінде отандық фильмдердің саны, балаларға арналған анимациялық фильмдердің саны, өңірдегі 1000 адамға шаққандағы кинотеатрлардың саны, қоғамдық маңызы бар фильмдердің саны сияқты көрсеткіштерді қарастыруға болады.

Мұндағы ескере кететін мәселе идеологиялық сипаттағы өнер, мәдениет, кино, білім беру сияқты салалардағы кейбір көрсеткіштерді сандық өлшеу мүмкін емес, рухани-мәдени даму сияқты сапалық көрсеткіші маңызды.

Қызметтің соңғы нәтижесін өлшеу мүмкін болмағандықтан, мұндай сапалық көрсеткіштерді қоғамдық пікір, сарапшылық сұхбат сияқты әдістермен тереңдетілген ақпарат арқылы айқындауға болады.

Кино саласындағы қызметтің әлеуметтік тиімділігі – мәдени мұра ретінде кинотуындылар арқылы азаматтардың эстетикалық, мәдени деңгейін арттыру, мағыналық хабарламалар беру, қоғамға ой салу.

Мұндай әлеуметтік маңызы бар туындыларды жасаудың қаржылық құрамдас бөліктерінің маңыздылығын да ескерген жөн.

Қазақстанда мемлекет киноиндустрияны қолдап, ұлттық киноөндіріске бюджеттен қаражат бөліп келеді. Осыған байланысты, айрықша назар аударатын мәселе – әлеуметтік аудит арқылы мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік мақсатта тиімді жұмсалуын қадағалау мәселесі. Кино саласында әлеуметтік аудит отандық фильмдерді қоғамның бағалауы мен мойындауын айқындауға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік аудит сарапшылық қауымдастықтың және азаматтардың белсенді араласуының нәтижесінде фильмдерге бөлінетін мемлекеттік бюджетті тиімді жұмсаудың тәжірибесін қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.

Қазіргі кезеңде Қазақстанның киноиндустриясындағы басты проблемалардың бірі фильмдердің түсіріліміне бөлінген қаражаттың прокаттан, өзге де сатылымдардан қаржылық қайтарымның жоқтығы екенін атап өттік.

Білікті, тәжірибесі мол режиссерлердің де мемлекеттік тапсырыс бойынша

109

жасалған картиналары прокатта халықтан қолдау таппаған жағдайлар кездеседі.

Мәселен, «Кенже», «Шал» фильмдері халықтың көңілінен шыққанын, жоғары бағалағанын кейбір интернет-ресурстардағы комментарийлерден байқауға болады. «Шал» фильмін көрген аудитория, ұнатқан азаматтар көп. Ал Интернетте көрсетілген деректерге сәйкес, фильмге бөлінген бюджет мөлшері мен кассалық жинақ арасында едәуір алшақтық бар. Мәселен, «Шал» фильміне мемлекеттен 387 миллион 100 теңге бөлінсе, кассалық жинағы – 59 миллион теңгені ғана құраған. «Келін» фильміне 99 миллион 991 теңге бөлінсе, кассалық жинақ – 3,5 миллион теңге болған, ал «Кенже» фильмінің бюджеті – 505 миллион теңге, прокаттағы жинақ – бар-жоғы 4 миллион теңге [169]. Бұл мысал, яғни кассалық жинақтың аз болуы мэтрдың көркемдік шығарма жасауындағы шеберлігі мен кәсіби біліктілігіне күмән келтірмейді. Алайда бұл жұртшылық тарапынан мемлекеттік қаражат көп мөлшерде жұмсалады, бірақ шығын ақталмайды деген пікір қалыптастыруы мүмкін, яғни бұл өз кезегінде жасалған өнімнің әлеуметтік тиімсіздігі жөнінде әңгіме қозғауға түрткі болады.

Осындай мысал бір ғана жағдай емес, Қазақстанның киноиндустриясында жиі, жүйелі түрде кездесетін жағдай. Сол себепті мемлекеттік бюджетке, нақтырақ айтқанда, салық төлеушілердің ақшасына түсірілетін фильмдердің бюджетін оңтайландыру міндеті жіті назарда болуы тиіс. Бұған тек бір жақты мемлекеттік орган ғана емес, сарапшылық қауымдастықтың да, жұртшылықтың да ден қойғаны жөн. Қаражаттың бөлінген сәттен бастап толық игеріп біткенге дейінгі барлық процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету керек.

Киноиндустрияны басқаруда әлеуметтік аудиттің мынадай элементтерін қолдану маңызды:

– мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғам институттарының жұмысын үйлестіру;

– азаматтардың қызығушылықтары мен қажеттіліктері арқылы қоғамдық қатынастардың шынайылығын бағалау;

– әлеуметтік қатынастардың рухани факторларына назар аудару. Сол кезде ұлттық кино өз көрерменіне қоғам мен мемлекеттік саясаттың өткір проблемаларын сипаттап, жеткізе алатын болады.

Осылайша, кино саласын басқаруда әлеуметтік аудитті жүзеге асырудан алынатын әсерлерді 32-суреттен байқауға болады.

110

Сурет 32 – Әлеуметтік аудитті жүзеге асырудағы әсердің сызбасы

Ескерту – суретті автор әзірлеген

Қазақстанда әлеуметтік аудиттің әлі дербес құқықтық базасы қалыптаспаған. Әлеуметтік аудит жүргізу мен есебін дайындаудың стандартты әдістемесі мен тетіктері де белгіленбеген. Алайда Қазақстанда әлеуметтік аудиттің қарапайым түрлерінен бастауға болатын алғышарттар бар. Әлеуметтік аудитті жеке әлеуметтік әріптестерден де бастауға болады (кәсіподақтар, мемлекеттік, жергілікті билік органдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері).

Мемлекеттік басқаруда әлеуметтік аудитті қолдану әдетте жүргізілетін аудит, тексеріс, әлеуметтанулық зерттеулер үрдістерін қайталамай, өзгеше сипатта болғаны жөн. Ол тек кемшіліктерді тауып қана қоймай, алдағы уақытта қызметті жаңа деңгейге көтеру жолдарын, халықтың қанағаттануын көздеуі тиіс.

Әлеуметтік аудит жаңа құбылыс болып табылғандықтан, оны біртіндеп кезеңмен енгізген жөн. Бұл бір ғана ғылыми зерттеу жұмысымен немесе бір ғана мемлекеттік құжаттың әзірленуімен орындалатын жұмыс емес. Әлеуметтік аудиттің толыққанды жүйесін қалыптастыру үшін кешенді әдіснамалық, әдістемелік, практикалық жұмыстарды жүзеге асыру қажет.

Мемлекеттік басқару саласында әлеуметтік аудитті жүргізудің алғышарттарын қалыптастыру үшін келесі жұмыстар кешені ұсынылады.

1. Әлеуметтік аудиттің алғашқы қадамдарын жасау үшін әрбір мемлекеттік орган немесе ұйым ішкі құжаттардың негізінде оны іске асырудан бастай алады. Әлеуметтік аудиттің нысанына байланысты ішкі немесе сыртқы болып бөлінуіне қарай аудитті іске асыру барысы айқындалады.

111

Әлеуметтік аудит ішкі нысанда болса, мемлекеттік органдардың өз қызметін диагностикалауы көзделеді. Ал сыртқы нысандағы аудит қоғамдық бағалауды, яғни мүдделі тараптарды жұмылдыруды талап етеді.

2. Әлеуметтік аудит жүргізу туралы шешім қабылданған соң мемлекеттік органдар немесе ұйымдар оның жүргізілуі туралы ереже (нұсқаулықтар) әзірлеуі ұсынылады. Әзірленген ережені ұйымның басшылығы бекітіп, оны растайтын ішкі құжатты (акт, бұйрық, хаттама немесе өзге де құжаттарды) дайындау қажет.

3. Ереже әлеуметтік аудитті жүргізудің жалпы талаптары мен қажетті нұсқаулықтарды қамтуы тиіс. Аталған құжатта әлеуметтік аудитті жүргізудің мақсаты, міндеттері, орындаушылар, мерзімі, бақылау, өзге де рәсімдер жазылады.

4. Әзірленген құжаттармен мүдделі тараптарды таныстырып, жұмыстың барысына көшу.

5. Ішкі және сыртқы нысанға байланысты әлеуметтік аудиттің қорытындысы (есеп, акт, баяндама) қызметкерлермен/халықпен таныстырылады. Егер әлеуметтік аудит мемлекеттік органның немесе ұйымның ішкі қызметін айқындау мақсатында жүргізілсе, оны ресми интернет- ресурстарда жариялау міндеті қойылмайды. Сыртқы нысанда жүргізілген аудит түрі болса, оның нәтижелерін халыққа, зерттеушілерге, өзге де мүдделі тараптарға қолжетімді ету, жариялау маңызды.

Әлеуметтік аудитті мемлекеттік басқару саласында жүргізудің тағы бір сценарийлік жолы – мемлекеттік қызмет жүйесінде қолданыстағы тетіктердің аясында іске асыру, мәселен:

– стратегиялық әріптестікті іске асыру шаралары аясында;

– мемлекеттік органның әлеуметтік, консалтингтік, талдамалық зерттеулер жүргізу қызметі аясында;

– мемлекеттік органның операциялық жоспарын немесе іс-шаралар жоспарын, жол картасын қалыптастыру барысында;

– үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау барысында жүзеге асыру мүмкіндіктері.

Мемлекеттік басқару жүйесінде әлеуметтік аудитті жүргізу қосымша көп қаржылық шығындарды қажет етпейді, тегін немесе аз қаражатпен жүргізу де ықтимал, көбіне адами ресурстардың болуын қажет етеді. Қаржылық қаражатты қажет еткен жағдайда оны республикалық бюджеттен жүргізілетін әлеуметтік, талдамалық зерттеулердің тақырыптарын қарау өкілеттігіне ие комиссияның қарауына ұсыну арқылы әлеуметтік аудитті жоспарлауға болады.

Бұл алғашқы қадамдар мемлекеттік басқару жүйесінде қоғамдық бақылауды күшейтуге, кейбір мәселелерді шешуге негіз жасайды.

Киноиндустрия саласындағы мемлекеттік мәселелердің қатарында отандық өнімдерді тұтынуды дәріптеу, сапалы өнімдерді әзірлеуге қабілетті мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мемлекеттік бюджеттің тиімді игерілуін көздеу, жоғары сапалы көркемдік өнімдер арқылы халықтың мәдени даму деңгейін айқындау кездеседі. Бұл мәселелерді жіті назарда ұстау үшін

112

зерделеу құралдарын дұрыс қолданған, әлеуметтік аудитті қалай жүргізудің әдіс-тәсілдерін, яғни әдістемелік негіздерін білген жөн. Киноиндустрия саласына бейімдеп әзірленген әлеуметтік аудитті жүргізудің әдістемелік ұсынымдарын келесі тарауда ұсынылады.

3.2 Киноиндустрия саласында әлеуметтік аудит жүргізудің