Киноиндустрия саласын тұрақты дамытуда мемлекеттің рөлі мен осы саладағы мемлекеттік саясаттың сындарлы іске асырылуы маңызды. Кез келген экономикада мемлекет оның тірегі болып табылады және ұлттық экономиканың аясында болып жатқан шаруашылық процестердің түрлі деңгейлері мен формаларына, өңірлеріне, салаларына қатысады [128].
Мемлекеттік басқаруды жүйе ретінде қарастыратын болсақ, онда өзінің қағидаттары мен заңдылықтары болуы тиіс. Мемлекеттік басқару жүйесі – қағидаттардың, институттардың, функциялардың, қатынастардың жиынтығы.
Елдегі киноиндустрия саласын мемлекеттік басқарудың жүйесі осы саладағы мемлекеттік басқарудың қағидаттарын, қоғамдық қатынастарды реттеуші нормативтік және институционалдық құрылымдарды, стратегиялық даму бағыттарын, мемлекеттік органдардың функцияларын сипаттауды көздейді. Аталған компоненттер кез келген саланы мемлекеттік басқарудың өзегін құрайды.
85
Қазақстанның мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік басқарудағы жаңа үлгі «халық үніне құлақ асатын», тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекеттің қағидаттарына негізделеді.
Бұл қағидаттар мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі сипаттамалары мен мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы бағыт-бағдарлар болып табылады.
Жоғарыда аталған қағидаттарды киноиндустрия саласын мемлекеттік басқару жүйесінде ұстану маңызды. Олардың кино саласындағы мемлекеттік басқаруға қажеттігі төмендегі кестеде негізделген (18-кесте).
Кесте 18 – Мемлекеттік басқару жүйесінің қағидаттары
Қағидаттар Негіздеме
«Халық үніне құлақ асатын» мемлекет қағидаты
Ең бастысы – адамдар. Жүзеге асырылып жатқан реформалар, саясат, жоспарлар адамдарға әсер беруі тиіс. Бұл орайда, отандық фильмдер, әсіресе мемлекет қаражатына түсіріліп жатқан фильмдер халық үшін әлеуметтік тиімді болуы тиіс. Кино арқылы халықтың мүддесі көтерілуі маңызды.
Тиімді мемлекет қағидаты
Қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану арқылы нәтижеге қол жеткізу. Тиімділік пен нәтижелік үнемі өлшеніп отыруы тиіс.
Есеп беретін мемлекет қағидаты
Бұл қағидаттың басты критерийлері – ақпараттық ашықтық пен қолжетімдік. Отандық фильмдердің халық үшін қолжетімдігін қамтамасыз етуде маңызды қағидат болып табылады.
Кәсіби мемлекет қағидаты
Кәсіби біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз ету. Шешім қабылдау, қызмет көрсету үшін жаңа әдіс- тәсілдерді қолдану маңызды.
Прагматикалық мемлекет қағидаты
Қабылданатын шешімдер нақты дәлелдермен ұтымды жасалуы тиіс. Шешімдердің алдағы уақыттағы қажеттілігі ескерілуі жөн.
Ескерту – Кестені автор әзірлеген
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі элементтердің бірі мемлекеттік реттеуді жүзеге асырудағы заңнамалық негіз болып табылады. Қазақстанда кино саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары 2019 жылы алғаш рет қабылданған «Кинематография туралы» Заңда белгіленген. Осы Заң кинематография саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі құқықтық негіз болып табылады.
Көптеген жылдар бойы Қазақстанның кино индустриясындағы қатынастарды реттеу мәдениет саласындағы Заңның бірнеше баптарымен (нормаларымен) ғана реттеліп отырды. Алайда бұрынғы құқықтық негіздердің тиімді болмауы, ұғымдарды толықтыру және жетілдіру, нормаларды айқындау себептерінен кинематография саласында салалық дербес заңның әзірленуін
86
қажет етті. Осыған байланысты «Кинематография туралы» жеке Заң қабылданып, мынадай пәндік салаларды қамтыды: адами капитал мәселелері, басқару шешімдерінің ашықтығын және саланы мемлекеттік қолдау тетіктерін қамтамасыз ету. Бұдан бөлек, фильмдердің классификациясы мен оларды көрермендердің жас ерекшелігіне байланысты көрсету шарттары, фильмдерді прокаттау және көрсету, прокат куәлігін алу ережелері жазылған.
Аталған Заңға сәйкес, Қазақстанда кино саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары бүгінгі таңда бес негізгі бөлімнен тұрады.
Аталған қағидаттар төменгі суретте көрсетілген (23-сурет).
Сурет 23 – Кинематография саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары
Ескерту – Әдебиет негізінде құралған [3]
Саланың стратегиялық даму бағыттарын айқындауда қолданыстағы салалық Заңмен бірге 2014 жылы қабылданған Мәдени саясат тұжырымдамасы және өзге де нормативтік құжаттар басшылыққа алынады. Қазақстанның мәдени саясат тұжырымдамасында киноиндустрия заманауи мәдениет кеңістігіндегі айрықша кластер ретінде айқындалып, оны әрі қарай дамыту бойынша басым міндеттер қойылған [129].
Одан бөлек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» идеологиялық сипаттағы бағдарламалар да отандық кино өнімдеріне ерекше мән беру, қазіргі заманның «батырларын» сипаттайтын образдарды тудыру, елді кино өнімдері арқылы шетелге таныту, ұлт мүддесін қорғау қажеттігін көздейді.
87
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында қазақстандық кинематографияның алдында жаңа міндеттің тұрғанын атап өтті. Тарихи фильмдердің әлемдік киноиндустрияда айрықша орын алатынын ескеріп, Қазақстанда тарихи фильмдерге жаңа серпін беріп, олардың дамуына, масштабтық фильмдерге айналуына ықпал ету қажеттігін жеткізген болатын [130].
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәдениет саласын дамытуды назардан тыс қалдырған жоқ.
Халықаралық аренада елдің мәдени әлеуетін танытуда белсенді рөл атқарып жүрген дарынды жастардың еңбегін айрықша бағалады. Қолданыстағы мәдени саясатты қайта қарау, жаңа мәдениет пен оның өкілдерін ілгерілетуге бағытталған практикалық шаралар әзірлеу міндеттерін алға қойды [131]. Бұл ретте кинематография саласындағы дарынды жастардың жаңа жанрларды игеріп, елдің мәдениеті мен креативті экономикасын дамытуда үлесі әсерлі.
Мемлекеттік жоспарлаудың жаңартылған стратегиясына сәйкес «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасында басты мақсат ретінде мәдени өнімдердің сапасы мен алуан түрлілігін арттыру және жас ұрпақтың рухани-өнегелік құндылықтарын қалыптастыру көзделген [1]. Бұл мақсатқа жетуде отандық киноиндустрия саласының үлесі маңызды, сол себепті кинотуындылардың сапасы мен жанрлық дамуы киноиндустрия саласындағы барлық субъектілер тарапынан қолға алынуы тиіс.
Осылайша, кино саласында басшылыққа алынатын стратегиялық құжаттардың байланысын төмендегі 19-кестемен көрсетуге болады:
Кесте 19 – Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі құжаттардағы кино саласына қатысты ойлар
Бағдарламалық
құжаттар Кино саласына қатысты басты ой Қазақстан-2050
стратегиясы
Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды Жалпы ұлттық
басымдық
Патриоттық сезімді, құндылықты дәріптеу Ұлттық даму
жоспары
Отандық мәдениеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру Мәдени саясат
тұжырымдамасы
Киноиндустрия – заманауи мәдениет кеңістігіндегі айрықша кластері
Ұлттық рухани жаңғыру жобасы
Отандық фильмдердің қазақстандық кинопрокаттағы үлесін арттыру
Ескерту – Кестені автор әзірлеген
Сонымен қоса, мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі элементтердің бірі – мемлекеттік институттардың қызметі. Нормативтік құқықтық базамен
88
бірге саланың сәтті дамуында институционалдық құрылым да маңызды орын алады. Институционалдық орта бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, тиімді қызмет етуді қалыптастыруға ықпал етеді. Киноиндустрия саласында институционалдық ортаның болуы кино өндірушілерге сапалы кино туындыларды жасауға, даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді [132].
Кино саласындағы мемлекеттік басқару құрылымының сызбасы төмендегі 24-суретте ұсынылады.
Сурет 24 – Қазақстандағы кино саласындағы мемлекеттік басқару құрылымы
Ескерту – Суретті автор әзірлеген
Мемлекеттік деңгейде кино саласын қолдаудың басты саяси институты осы саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, қарым-қатынастарды реттеуге, қадағалауға уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті болып табылады.
Аталған уәкілетті мемлекеттік орган кинематография саласына қатысты мынадай міндеттерді орындайды:
1) кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) осы саладағы басшылық және салааралық үйлестіру жұмыстарын жүргізеді.
Мемлекеттік органның негізгі функцияларының ішінен кинематография саласы бойынша мыналарды атап көрсетуге болады:
89
– кинематография саласына қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
– мемлекеттік реттеу және қолдау;
– құқықтық мониторинг жүргізу;
– фильмдердің мемлекеттік тізілімін жүргізу;
– ұлттық фильм куәлігін беру;
– мемлекет аумағындағы фильмдердің прокатын мониторингілеу;
– кинематография саласындағы білім мен ғылымды дамытуға атсалысу;
– кино саласы бойынша халықаралық байланыстарды нығайту және басқалар [133].
Кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жергілікті атқарушы органдардың да құзыретіндегі міндет. Әкімдіктер
«Кинематография туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, өңірдегі халық үшін кинотуындыларға қолжетімділікті ұйымдастырады.
Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес «Фильмге прокаттау куәлігін беру» мемлекеттік қызметті жеке және заңды тұлғаларға көрсетеді [134].
Фильмнің прокаттау куәлігі – фильм туралы техникалық мәліметтер, фильмнің жасаушылары, жас санаты мен жанры туралы ақпарат көрсетілетін жеке немесе заңды тұлғаның Қазақстан аумағында фильмді тарату құқығын куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат [135]. Аталған құжатты алу стандарты мен тәртібі тиісті нормативтік құжатпен бекітілген.
Бұл ретте, мемлекет мынадай себептерге байланысты фильмнің көрсетілуіне заңнамалық негізде тыйым сала алады:
1. Қазақстан аумағында прокаттау куәлігінсіз фильм прокатқа жіберілмейді.
2. «18 жастан бастап» және «21 жастан бастап» көруге рұқсат берілген фильмдерді телеарналарда кешкі 22.00 сағаттан кейін таңғы сағат 6.00 дейінгі уақыттан тыс өзге уақыттарда көрсетуге тыйым салынады. Сағат таңғы 6.00 -ден кешкі сағат 22.00 дейін балалар мен жасөспірімдердің дене, психикалық, рухани, өнегелік дамуына кері әсерін тигізетін фильмдердің көрсетілуіне жол берілмейді. Кинотеатр қызметкерлері көрерменге фильмнің жастық категориясы туралы ескертуі тиіс [3].
3. Егер фильмнің мазмұны мемлекеттің тұтастығына, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни және басқа да араздастыруды тудыруды, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, порнографияны насихаттайтын, үгіттейтін болса тыйым салынады [135].
4. Мемлекеттік тілге аударылмаған фильмдерді көрсетуге тыйым салынады. Кинотеатрлар мен басқа да орындарында көрсетілетін фильмдер қазақ тілінде болмаса, міндетті түрде қазақ тіліне кадрдан тыс аударылуы, дубляж жасалуы немесе субтитрленуі тиіс [135].
Жоғарыда көрсетілген кинематография саласындағы заңнаманың талаптарын орындамау бір жолы ескертуге, ал бір жыл ішінде қайталанатын болса 20 АЕК-тен 200 АЕК дейін айыппұл төлеуге алып келеді [136].
90
Осылайша, аталған кино саласындағы мемлекеттік реттеудің әкімшілік әдістерін, соның ішінде рұқсат беру және тыйым салу жолдарын төмендегі 20-кестеде ұсынуға болады.
Кесте 20 – Кино саласындағы мемлекеттік реттеудің әкімшілік әдістері
Реттеу Рұқсат беру Тыйым салу
- Қазақстан Респуб ликасының «Кине матография тура лы» Заңы;
- заңға тәуелді нор мативтік құқықтық актілер
- прокаттау куәлігін алу;
- «ұлттық фильм»
куәлігін алу;
- мемлекеттік қаржылан дыруға ие болу үшін үміткер атану
- прокаттау куәлігінсіз фильм көрсету;
- фильмдерді рұқсат етілмеген уақыттарды көрсету;
- зиян келтіруші сипаттағы фильмдерді көрсету;
- мемлекеттік тілге аударыл маған фильмдерді көрсету Ескерту – Кестені автор әзірлеген
Қазіргі кезеңде кино саласындағы уәкілетті органның қарамағында ведомствоға бағынысты екі ұйым бар:
1. «Қазақфильм» акционерлік қоғамы;
2. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (22-сурет).
«Қазақфильм» ұлттық кинокомпаниясы – елдегі ең ірі кино-алаң, кино саласындағы маңызды және қуатты субъект. Ол ірі флагман ретінде Қазақстанның мәдени дамуында ерекше рөл атқарады. Кәсіби кинематографияны институттандыру осы ұлттық киностудия қызметінің нәтижесінде жүзеге асты.
«Қазақфильм» елдегі киноөндіріс үшін барлық жағдайларды жасауда, кино түсіру процесін заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етуде. Киноөндірісті жүзеге асыру үшін кино нарығында қызметтер ұсынуда [137].
Отандық кино саласын басқару жүйесіне 2019 жылдан бастап енген жаңа құрылым – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы. Бұл ұйым 2019 жылғы 15 наурыздағы Үкімет қаулысымен құрылған. Орталық өзінің стратегиялық мақсаттарымен және бағыттарымен Қазақстанның кинематография саласын мемлекеттік басқару жүйесінде өзінің елеулі орнын алып үлгерді. Орталықтың негізгі функциясы отандық кинематографияны қолдауға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұлттық мүдделерге сай келетін жоғары сапалы фильмдер жасауға жағдай жасау, отандық фильмдерді тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде танымал ету, сондай-ақ кино саласына инвестицияларды тарту болып табылады [138]. Мемлекеттік орталық киножобаларды мемлекеттік қаржыландыруды ұсынуда және кинематография саласындағы субсидияларды төлеуде бірыңғай оператор болып табылады.
91
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі құрылымдар мемлекеттік қызметтер мен функцияларды іске асыратын мемлекеттік органдар болса, қазіргі good governance қағидаттарының және «халық үніне құлақ асатын»
мемлекет қағидатының негізінде қоғамдастық пен сарапшылық қауымдастықтың мемлекеттік шешімдер қабылдауға белсене араласуы маңызды.
Институционалдық жүйенің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыру болып табылады. Бұл экономиканың дамуы мен трансформациясы үшін де қажетті элемент. Қазақстанда киноиндустрия саласында бәсекеге қабілетті орта қалыптасқан, жеке меншік кинокомпаниялары мен студиялардың, кинотеатрлардың болуы бұған дәлел, алайда олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілік деңгейі өте төмен.
Бұдан бөлек, кинематографияны мемлекеттік және қоғамдық басқару жүйесінде консультативтік-кеңестік орган ретінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанынан құрылған сарапшылық кеңес маңызды рөл атқарады. Сарапшылық кеңестің құрамы Үкімет қаулысымен бекітіліп, біліктілігі жоғары, тәжірибелі кинематографистерді қамтыған.
Кинематография саласындағы қоғамдық бірлестіктерге ерікті түрде бірлескен ұйымдар, субъектілер енеді. Қазақстанда Кинематографистер шығармашылық одағы, Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясы және киносыншылар қауымдастығы сияқты жұмылдырушы қоғамдық ұйымдар басты рөл атқарады.
Қоғамдық басқару субъектілері болып табылатын бұл жұмылдырушы ұйымдардың, мәселен, кинематографистер шығармашылық одағының мақсаты өз мүшелерінің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, шығармашылық қызметінің жақсаруына жағдайлар жасау болып табылады. Мұндай ұйымдардың институционалдық ортадағы позициясы, әсіресе, киноиндустрияны дамыту перспективаларының стратегиясы мен бағыттарын анықтауда, кинематографистердің құқықтарын қолдауда маңызды.
Институционалдық құрылымның тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – кинематографистерді даярлайтын, біліктілігін арттыратын жоғары оқу орындары. Қазіргі кезеңде Қазақстанда бірқатар жоғары оқу орны кинематография мамандарын даярлайды: Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, «Тұран» университеті.
Кино саласының мамандарының кәсіби біліктілігін қалыптастыруда аталған кино мектептерінің қызмет тиімділігі де маңызды мәселе. Кино мектептерінің тиімділігі түлектердің санымен ғана емес, сондай-ақ олардың алдағы уақытта жасаған жұмысының сапасымен де бағаланады. Қазақстанның басқа университеттері сияқты, елдің білім беру жүйесінде бұл жоғары оқу орындарына деген сұранысты арттыру әлі де маңызды міндет болып табылады.
Осылайша, кино саласындағы мемлекеттік және қоғамдық басқару құрылымдардың байланысы 25-суретте көрсетілген. Негізгі мәселе – қоғамдастықтың белсендік танытуы. Мемлекеттік қабылдап жатқан
92
шешімдеріне белсене атсалысуы саланың ашықтығы мен қоғамдық пайдасын арттырады.
Сурет 25 – Кино саласындағы мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың байланысы
Ескерту – Суретті автор әзірлеген
Бұдан бөлек, киноиндустрия саласына тікелей болмаса да, жанама қатысы бар қызметтерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ішінен келесілерді атап өтуге болады (26-сурет):
Сурет 26 – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кино саласына қатысты функциялары
Ескерту – Әдебиет негізінде құралған [139]
93
Қазіргі оқу ағарту министрлігі (бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің) миссиясы – ұлттың интеллектуалды әлеуетін дамыту. Өнер, соның ішінде кино саласына қатысты 27-суреттегі функцияларды іске асырады.
Сурет 27 – Білім беру саласындағы мемлекеттік органның кино саласына қатысты функциялары
Ескерту – Әдебиет негізінде құралған [140]
Кино саласындағы міндеттерді жүзеге асырудағы маңызды бағыттардың бірі – кинематография саласында мемлекеттік тілді дамыту. Тілдерді дамыту комитеті мемлекеттік тілді дамыту міндетін жүзеге асырады. Бұл комитет үйлестіретін Тіл саясатын дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында кино саласында қазақ тілінің қолданылуына бағытталған шаралар көзделген,
Сыртқы істер министрлігінің де мәдени халықаралық байланыстарды, соның ішінде қазақстандық кино күндері сияқты іс-шараларды өткізуде, шетелде отандық кино арқылы имидждік ілгерілету жұмыстарын атқаруда маңызды қызмет атқарады (28-сурет).
Сурет 28 – Сыртқы істер министрлігінің кино саласына қатысты функциялары
94 Ескерту – Әдебиет негізінде құралған [141]
Осылайша, киноиндустрияны мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі ұғымдар мен бағыттарды саралай келе, компонентті талдау қолданылған кесте түрінде ұсынуға болады (Қосымша В).
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі тағы бір маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттік қолдау және қаржыландыру. Киноиндустрияны мемлекеттік қолдаудың қажеттілігін негіздейтін бірнеше факторларды атап өтуге болады.
Ең басты фактор – көптеген елдердің кино нарығында тек америкалық қана емес, трансұлттық өнімді шығаратын Голливуд өнімдерінің басымдығы. Екінші фактор – ішкі кино көрсетілім инфрақұрылымының жеткілікті түрде дамымауы.
Үшінші фактор – видеоконтентті жеткізудің жаңа, соның ішінде тегін каналдарының пайда болуы [142]. Аталған мәселелердің шешімін табу үшін мемлекет отандық кино саласына қолдау көрсетеді.
Киноны мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары ретінде мыналарды көрсетуге болады:
– кино саласындағы арнайы заңды және оған тәуелді нормативтік- құқықтық актілерді қабылдау;
– фильмдерді мемлекеттік қаржыландыру;
– әлеуметтік маңызы бар, ұлттық фильмдерді, соның ішінде балаларға арналған фильмдерді қорғау;
– отандық кинематографистердің біліктілігін арттыру және басқалар.
Киноөндіріс саласын қолдаудың қалыптасқан формалары мен әдістері алуан түрлі, кең тараған түрі – қаржыландыру. Мемлекет пен кино саласының экономикалық өзара әрекеттестігі бойынша кейбір зерттеушілер шартты түрде америкалық, британдық және еуропалық үлгілерді бөліп көрсетеді [143].
Америкалық үлгі кинематографияны қаржыландырудағы мемлекеттің елеусіз рөлімен сипатталады. Ол киноны субсидиялауға ниет білдірген жеке және заңды тұлғаларға салықтық преференциялар жасау арқылы жанама қолдау көрсетеді. Қайырымдылық пен демеушілік көмектің жұмсалуын ынталандырады. Мұндай тетіктерді пайдалану субсидия көздерінің барынша әртүрлілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, алайда шығармашылықты меценаттардың талғамына тәуелді етеді, оны коммерциялық бағытта жасайды.
Британдық үлгі мемлекет пен нарықтың бірдей әрекет етуі қағидасына негізделеді. Бұл үлгі мемлекеттің рөлін асырмайды, ол белгілі бір мөлшерде қаражат бөліп, әрі қарай ұйымдардың шешімдеріне араласпайды. Қаражатты бөлуді осы мақсаттағы арнайы ұйымдар атқарады. Мұндағы маңызды мәселе корпоративтік демеушілік. Бұл үлгі Ұлыбритания, Германия және Скандинавия елдеріне көбірек тән.
Еуропалық үлгі бойынша киноиндустрия ұйымдарын қамтамасыз ету негізінен мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Қаржыландыру көбінесе уәкілетті мемлекеттік орган немесе оған бағынысты ұйым арқылы жүзеге асырылады. Бұл үлгіге Франция, Ресей, Италия, Испания, елдерінің
95
тәжірибесі тән [143, с. 163]. Қазақстандағы қаржыландыру жүйесіне де осы үлгі тән.
Американың бұқаралық киносының қарқынды дамуы белгілі бір әлеуметтік-тарихи себептерге байланысты. Біріншіден, АҚШ кинонарығы, еуропалықтан айырмашылығы, тілі, аумақтық және ең бастысы, идеологиялық жағынан біртекті болып табылады, бұқаралық аудиторияға қол жеткізуге бағытталған. Екіншіден, экономиканың қарқынды дамуына байланысты Америка Құрама Штаттары кино өнері пайда болған кезде үлкен қалалардың саны көп мемлекет болды. Бұл кинотеатрлардың құрылысын және фильмнің жылдам жаңаруына бейімделген кинотеатрлар желісін құруды ынталандырды, өндіріс және өнеркәсіптік мегаполистердің әртүрлі әлеуметтік топтарымен жұмыс істеуге бейім болды. Үшіншіден, бірінші дүниежүзілік соғыстың, одан кейін екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы Еуропадағы киноның дамуын тоқтатып, еуропалық киноөндірісі мен көрсетілім инфрақұрылымын жойды.
Американың кинематографиясы үшін оның аумағына әсер етпеген бұл жаһандық соғыстар, керісінше, ішкі нарықтың ғана емес, сонымен қатар алып халықаралық аудиторияның назарын аудару үшін күресте маңызды бастама болды [144].
Америкалық кинода басты рөлді Голливуд атқарады. Қазіргі кезеңде ол кинематографиялық және эстетикалық стандарттарды, сондай-ақ технологиялық өндіріс деңгейін қалыптастырған мықты жүйе болып табылады.
Одан бөлек, киноөндіріс және кинопрокат қызметтерін атқаратын бірқатар кино нарығының ірі қатысушылары бар: Warner Bros., Columbia Pictures, Paramount Pictures, Universal Studios, 20th Century Fox және басқалар [21, с. 62].
АҚШ үкіметі бұл саланың әлемдік танымалдылық деңгейін сақтауға мүдделі және мүмкіндігінше оған тиісті көмек көрсетеді. Дегенмен, АҚШ-та Ресей мен Еуропа елдері үйреніп қалған формада киноны мемлекеттік қолдау тетігінің жоқтығын баса айтқан жөн. Құрама Штаттарда шетелдік фильмдерге квота жоқ, мемлекеттік субсидиялар жоқ және киноиндустрияға мемлекеттік деңгейде және федералды бағдарламалар арқылы қолдау басқа елдердегі мемлекеттік субсидиялармен салыстырғанда азырақ [145]. Алайда қолдаудың өзге формалары мен жеңілдіктер көзделген.
АҚШ-тағы киноны қолдаудың мынадай түрлері кең тараған:
кинокомпаниялар орташа есеппен 20-30% мөлшерде салық төлеуден босату, гранттар бөлу, рибейт жүйесін, локация ретінде мемлекеттік жерлерді тегін ұсыну [146, 147].
Мәдени протекционизм негізіндегі мемлекеттік араласу еуропалық киноиндустрияның маңызды бөлігі болып табылады.
Еуропалық киноиндустрияның негізінде жатқан қаржыландыру проблемасын шешу үшін Еуропада көптеген елдер субсидиялар беруді реттеу және басқаруды қамтамасыз ететін фильмдерді қолдаудың ұлттық және өңірлік институттарын енгізді. Мұндай ұйымдастырушылық тетіктің мысалы ретінде Франциядағы Centre National de la Cinematographie (CNC), Ұлыбританиядағы Британ кинематографиялық кеңесті, Германиядағы Неміс федеральды кино
96
жөніндегі кеңесті, Латвиядағы National Film Centre of Latvia, Ресейдегі Кино қорын айтуға болады.
Ұлттық киноны мемлекеттік қолдаудың формалары мен тетіктері әрбір елдің өңірлік ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі болып келеді. 2008 жылы Еуропада мемлекеттік қолдаудың 1,3 млрд. еуродан асатын ортақ сомасын қамтамасыз ететін мұндай органдардың саны 200 жуық болған. Көпшіліктің қолдауына қарамастан, еуропалық киноиндустрия коммерциялық тұрғыда жарамсыз болып қала береді, бұл негізінен оның фильмдеріне көрермендерді тарта алмауымен байланысты [148].
Сонымен қатар, еуропалық кеңістікте Eurimages атты фильмдерді қолдау бағдарламасы кеңінен танымал. Еуропа Кеңесі негізін қалаған бұл қор еуропалық киноиндустрияны, бірлескен өндірісті және промоушнды қолдауға бағытталған [149].
Еуропалық киноның ішінде француз киносы кең тараған. Мемлекеттік қаржылық қолдаудың француздық жүйесі бұрыннан ұзақ мерзімді нәтиже мен продюсерлердің үнемі киноөндіріске қызығушылық тудыруына бағытталғандықтан ең тиімділердің бірі [150].
Францияда киноны қаржыландыруға жауапты басты құрылым 1940 жылдары құрылған Кинематография және анимация ұлттық орталығы (CNC) болып табылады. Бұл Орталық Мәдениет министрлігі ұсынатын мемлекеттік қаражат пен дотацияларға иелік етіп, киноиндустрияның қажеттілігіне жұмсайды. Мемлекет қаражаты, нақтырақ айтқанда, фильмдерді өндіру мен прокатқа көмекке, кинотеатрлар желісін дамытуға, киноөнімдерді шетелде ілгерілетуге және басқа да мақсаттарға жұмсалады [151].
Ұлттық орталықтың бюджетінің құрылымы мен негізгі көрсеткіштер мыналар болып табылады: 20% – кинотеатрларда билет сатудан түскен табыс салығы, оның 11% – билет бағасынан; 75% – телевизиялық арналардан салық, оның 5,5% телеарналар табысынан құрайды [152, 153].
Сонымен қоса, Ұлыбритания әлемдік киноөндіріс нарығында өзіндік орны бар ел. Ұлттық фильмдерді қолдау үшін Ұлыбритания билігі ұлттық киноөндірісті қолдауға бағытталған және 2007 жылдан бері қолданылып келе жатқан салықтық жеңілдіктер жүйесін пайдаланады [21, с. 64]. Ұлыбритания жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекет пен киноиндустрияның әрекеттестігінің британдық, яғни мемлекеттік және нарықтық тетіктер тең қарастырылатын эклективті үлгіге жатады.
Қазіргі кезеңде америкалық киномен бірге Қытай киносы да әлемдік үздіктердің қатарына енуде. Қытай әлем бойынша ең көп кинотеатрларға ие мемлекет. Бұл нарықты қорғау мақсатында Қытай квота жүйесін енгізді, оған сәйкес жоғары бюджеттік шетелдік фильмдер саны жылына 34 фильмге дейін ғана шектелген. Бұл шектеуден шығудың бір жолы – халықаралық бірлескен өндіріс. Сол себепті шет елдері Қытаймен бірлесіп фильм түсіруге мүдделі [154].
Ұлттық кинематографияны қолдаудың шетелдік тәжірибесінің өзге де мысалдары мен ерекшеліктері төмендегі 21-кестеде ұсынылған.
97
Кесте 21 – Шет елдеріндегі отандық киноны қолдау ерекшеліктері
Елдер Ерекшеліктері
Жапония Үкімет киноның экспортын 48% дейін шектеген (ұлттық фильмдерде 52% үлес). Федералды үкіметтің негізінде жұмыс істейтін UniJapan ұйымы бар. Ол жыл сайын жобаларға мемлекеттік қаржыландыру бөлетін бағдарламаларды ұйымдастырады.
Германия Ұлттық кинематографты қолдау үшін қаражат бөлетін Кино жөніндегі неміс федеральды кеңесі (FFA) тәуелсіз қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Қолдау екі бағыт бойынша бөлінеді – жеке жобаларды қаржыландыру және продюсерлерге автоматты субсидия (егер олардың фильмдері прокатта жақсы нәтиже көрсетсе немесе фестивальдерде наградалар алса беріледі). Жылына орташа есеппен FFA-ға қаржыландыруға 130 жуық өтініш келіп түседі. Гранттар туралы шешімді комитет жылына 5 рет қабылдайды.
Финляндия 1969 жылы құрылған Фин кино қоры жұмыс істейді. Бұл ұйым киноөндірісті қолдауға, фин фильмдерін ел ішінде және шетелде прокаттауға және дистрибуция жасауға бағытталған. Қор фильм бюджетінің 40% дейін қолдайды.
Қалған ақшаны телекомпаниялар, дистрибьюторлар, халықаралық немесе жергілікті қорлар, продюсерлер жинақтайды (салады). Орташа есеппен Қор жылына 80 картинаға қаражат бөледі.
Канада Канадалық фильмдер бірқатар мемлекеттік бастамалар арқылы қаржыландырылады: үкіметтік жеңілдіктер, телекомпаниялардан алынған үкіметтік қаражат. Жыл сайын федералды бюджеттен 60 млн. доллар бөлінеді, оның тек үштен бірі ғана тікелей киноөндіріске, ал қалған көп бөлігі анимация мен деректі фильмдерге жұмсалады.
Польша 2005 жылы кинематография туралы заң қабылданып, Поляк кино өнері институты құрылды. Аталған ұйым сценарийлік кезеңнен бастап киноөндірісті қаржыландырумен айналысады. Тарихи фильмдер мен Польша аумағында түсірілетін фильмдерге басымдық беріледі.
Ескерту – Әдебиет негізінде құралған [150]
Ресей бойынша мемлекеттік қаржыландыру нысаны ретінде құрылған институт ретінде Ұлттық кинематографияны әлеуметтік-экономикалық қолдау федералдық қорын (Фонд кино) атап өтуге болады. Бұл Кино қоры Ресейдің Мәдениет министрлігі тәрізді киноөндіріс саласының институционалдық