Ж.Қ. Балтабаева 1, Б. Қасым 1
1Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы қ., Қазақстан ТІЛ МӘДЕНИЕТІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ: АКАДЕМИК РӘБИҒА СЫЗДЫҚ
ЕҢБЕКТЕРІ НЕГІЗІНДЕ Аңдатпа
Мақалада қазақ тілтаным ғылымында аса ерекше аталатын көрнекті тұлғалардың бірегейі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың тіл мәдениетінің өзекті мәселелері - тілдік норма және оның шарттары (критерийлері) туралы пікірлері талданады.
Рәбиға Сәтіғалиқызы тынымсыз ізденіспен Абай тілін зерттеп, ұлы ақынның жаңа бағыттағы жазба әдеби тілді дамытудағы орнын, ұлттық көркем дәстүрге қосқан үлесін саралап, ақынның тілдік тұлғасын жан-жақты қарастырды, түркітану мұраларын талдап, ақын-жазушылар тілінің көркемдік әлемін саралады. Ғалым сондай-ақ тіл мәдениеті мәселелерімен де 25-30 жыл үзбей айналысып, емле мен тыныс белгілеріне, сөзді дұрыс айту (дыбыстау) заңдылықтарына арнап бірнеше анықтамалық құралдар мен сөздіктер жазған.
Мақалада Рәбиға Сәтіғалиқызының «Сөз құдіреті» және «Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы)» деген еңбектеріндегі тілдік нормалар, олардың түрлері, өлшем-шарттары және қазіргі жай-күйіне арналған тілдік норманы тану үшін қойылатын шарттар (меже) туралы тұжырым-түйіндері және ол шарттардың тәжірибедегі көрінісі жайындағы пікірлері сөз болады. Сондай-ақ ғалым пікірлерінің жоғары оқу орындарында
«Тіл мәдениеті», «Сөйлеу мәдениетінің негіздері» деген атаумен оқытылып жүрген пәндердің мазмұнымен тығыз ұштасып жатқандығы туралы айтылады.
Кілт сөздер: тіл мәдениеті, сөз мәдениеті, тілдік норма, тілдік норма шарттары, тілдің ішкі құрылымдық заңдары.
43
Ж.Қ. Балтабаева 1, Б. Касым 1
1Казахский национальный педагогический университет имени Абая, г.Алматы, Казахстан ВОПРОСЫ КУЛЬТУРЫ РЕЧИ: НА ОСНОВЕ ТРУДОВ АКАДЕМИКА РАБИГИ
СЫЗДЫКОВОЙ Аннотация
В статье анализируются мнения одной из выдающихся личностей казахского языкознания, академика Национальной Академии Наук Республики Казахстан, доктора филологических наук, профессора, заслуженного деятеля науки Республики Казахстан, обладателя Государственной премии Республики Казахстан и премии им.Ш. Уалиханова, ордена «Барыс» I степени – Сыздыковой Рабиги Сатигалиевны об актуальных проблемах языковой культуры – языковой норме и ее условиях (критериях).
Рабига Сатигалиевна в неустанном поиске занималась изучением языка Абая, анализировала роль великого поэта в развитии письменного литературного языка в новой направленности, его вклад в национальные художественные традиции, всесторонне рассматривала языковую личность поэта, проводила анализ наследия тюркологии, а также художественный мир языка поэтов и писателей.
Также ученый непрерывно в течение 25-30 лет занималась изучением вопросов по культуре речи, ею было написано множество справочных пособий и словарей на тему знаков препинания и правописания, закономерностей правильного произношения. В статье говорится о языковых нормах, их видах, размерах и условиях, предъявляемых для понимания языковой нормы в современном состоянии по научным трудам Рабиги Сатыгалиевны «Сила слова» и «Языковая норма и ее становление (кодификация)». Также говорится о том, что мнения ученых тесно сопряжены с содержанием изучаемых дисциплин в высших учебных заведениях под названием «Культура речи», «Основы речевой культуры».
Ключевые слова: культура речи, языковая норма, условия языковой нормы, внутренние структурные законы языка.
Zh.K.Baltabaev 1, B.Kasym 1
1AbayKazakh National Pedagogical University, Almaty, Kazakhstan
SPEECH CULTURE ISSUES: BASED ON THE WORKS OF AN ACADEMICIAN RABIGA SYZDYKOVA
Abstract
The article analyzes the views of one of the outstanding personalities of Kazakh linguistics, academician of the National Academy of Sciences of the Republic of Kazakhstan, doctor of philological sciences, professor, honored worker of science of the Republic of Kazakhstan, winner of the State Prize of the Republic of Kazakhstan and the prize named by Sh. Ualikhanov,
winner of the 1st degree medal “Barys” – Syzdykova Rabiga Satigalievna about the current issues of linguistic culture - language norm and its conditions (criteria).
Rabiga Satigalievna was engaged in the study of Abay language in a tireless search, she analyzed the role of a great poet in the development of a written literary language in a new direction as well as his contribution to the national artistic traditions, she also examined the poet’s linguistic personality comprehensively, analyzed the heritage of turkology and the artistic
language world of poets and writers.
44
The scientist also has been continuously studying the issues of speech culture for 25-30 years, she has written many reference books and dictionaries on the subject of punctuations and
spelling, patterns of the correct pronunciation. The article is about the language norms, their types, sizes and conditions to understand the language norm in the modern state according to the
scientific works of Rabiga Satygalievna “The Power of the Word” and “The Language Norm and its Formation (Codification)”. It is also said that the opinions of scientists are closely associated with the content of studied disciplines in higher education institutions under the name
of “Speech Culture”, “Fundamentals of Speech Culture”.
Key words: speech culture, language norm, conditions of the language norm, internal structural laws of the language
Кіріспе. Академик Рәбиға Сәтіғалиқызының ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізген саласы – тіл мәдениеті. Бұл ретте ғалымның шешендік сөз туралы, сөз қолданыс пен
әдеби норма т.б. мәселелерге арналған бірқатар теориялық зерттеулері ғылыми жинақтарда жарияланды. 1997 жылы «Сөз құдіреті» , 2001 жылы тілдік нормаға арналған «Тілдік норма және оның қалыптануы» деген монографиясы жарық көрді. «Сөз
құдіреті» атты кітаптың бірінші бөлімі «Жазушы тілі және көркемдік әлемі» деп аталып, М.Әуезов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, О.Бөкеев, С.Бердіқұлов, А.Сүлейменов секілді қазақтың көркем сөзінің құдіретін танытқан қаламгерлердің тілі
талданған, ал екінші бөлімде, ғалымның өз сөзімен айтқанда, сөз әлемінің көркемдігін тануға қажетті ғылыми-теориялық негіздерді дәлелдейтін фактілердің қазақ көркем дүниесіндегі көрінісін байқататын түйіндер мен тұжырымдар келтірілген. Екінші еңбек
қазақ тіл білімінде норма мәселесін теориялық тұрғыдан арнайы сөз еткен тұңғыш ізденіс бoлып табылады. Монографияда тіл мәдениеті және оның проблемалары, тілдік
норма туралы ұғым, тілдік норма және функционалдық стильдер, норма және варианттылық, сөз мағынасы және оны түсініп жұмсау, жаңа сөздер мен қолданыстар,
олардың нормалану процесі, терминология мәселелері және норма, сирек қолданылатын лексикалық топтардың, қарапайым сөздер, жаргондар, диалектизмдер және әдеби норма мәселелері, сондай-ақ нормадан уәжді-уәжсіз ауытқитын сәттерді де талдап көрсеткен. Ғалым бұл зерттеуінде тілдік нормалардың түрлері мен типтері жайында,
әдеби тіл нормасының қазіргі қалып-күйін көрсете келіп, басым варианттардың түрлерін нақтылаған. Ғалым монографияда тілдік норма деп тану үшін оған қойылатын
шарттар (меже) болуы керек және ол шарттарды «норма» дегенді көтеріп тұратын тағандар дей келіп, тілдік норманың өлшем-шарттарын (критерийлерін) жүйелеп
берген. Рәбиға Сәтіғалиқызының аталған еңбектері - жоғары оқу орындары студенттеріне әдеби тілдің нормалары жайында кеңінен мәлімет беретін құнды
еңбектер.
Әдістеме.
Қазіргі заман жағдайында жоғары білім беру жүйесі университет қабырғасында алған білім, білік пен дағды-машықтың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби
біліктілікке қол жеткізу мақсатын көздеп отыр. Бұл мақсаттың түпкі шешімі студенттің игерген базалық білімін мазмұнды да дәлелді етіп, әсерлі сөз орамдарымен жеткізе білуіне келіп тіреледі. Сондықтан жоғары мектепте студенттің қазақ тілінің
салалары бойынша меңгеретін білімдері ауызша да, жазбаша да әдемі сөйлеуге дағдыландыратын сөйлеу мәдениетін жетілдіру жұмыстарымен ұштасқанда ғана
нәтижелі болады.
Бәсекелестік өмір сүрудің бaсты шaрты болып отырғaн өзгермелі кезеңде жоғары білім беру жүйесіне қойылaтын талаптар да күшейіп отыр. Болaшақ қазақ тілі
маманы терең кәсіби білімімен бірге, шығармaшылық ойлау қабілеті жоғары, пікірін жүйелі түрде жеткізе алатын, сөйлеу шеберлігі қалыптасқан тұлға болуы тиіс. Осы
45
ретте жоғары оқу орындaрында «Тіл мәдениеті», кейбір жоғары оқу орындарында таңдау пәні ретінде «Сөйлеу мәдениетінің негіздері» деген атаумен оқытылып жүрген
пәндердің мaқсaты – студенттерді өз ойын ауызша да, жазбaшaда дұрыс, жүйелі жеткізе білуге, тіліміздің мол байлығын, көркемдеуші мүмкіндіктерін тиімді пaйдалана aлуға тәрбиелеу болып табылады. Бұл мақсатқа жетуде сөз мәдениетінің негіздеріне,
яғни дұрыс сөйлеу, дұрыс жазу, ойды анық, айқын жеткізе білудің заңдылықтарын, нормаларын, олардың ерекшеліктерін, нормадан уәжді, уәжсіз ауытқулардың себептерін
білімгерлерге түсіндіру қажет.
Тағы бір көңіл бөлетін мәселе – пән атауына қатысты. Ғалымдардың арасында түрліше пікір болды. Р.Сыздық: ең алдымен, тіл білімінің осы саласын қазақша қалай атаған дұрыс: «тіл мәдениеті» ме, «сөз мәдениеті» ме, сөйлеу мәдениеті» ме? Орыс тілінде көбінесе «культура речи» деген термин қолданылып жүр. Сонымен қатар оның
синонимі ретінде «культура языка» деген тіркестің де біраз уақытқа дейін қолданылғандығы байқалады. Орыс лингвистикасында «язык» және «речь» деген терминдер – дербес атаулар: «язык» тілдің өзі (таңбалар жүйесі), «речь» – сол тілдің
қолданыстағы күйі. Ал қазақ тіл білімінде «язык» пен «речь»-ті айырып атайтын терминдер әлі қалыптаспай келеді. «Язык» дегенді «тіл» делік, ал «речь»-ті қалай атауымыз керек. Оны «тіл, сөз, сөйлеу, тіл қолданыс, қолданыс» деп әрқайсысымыз
әртүрлі беріп жүрміз. Сірә, жалпы пәндік термин ретінде «сөз мәдениеті» дегенді таңдаған дұрыс болар,-дейді[1, 20-б.].
Ал Т.Қордабаев: «Біздің «тіл мәдениеті» термині дегеніміз де мазмұнына сай емес, өйткені өмірде мәдениетті тіл, мәдениетсіз тіл деген болмайды, мәдениеттілік те, мәдениетсіздік те тілді қолдануда, сөйлеу (жазу) процесінде болады. Тіл мен сөйлеу бір-
бірімен айырылмастық болатындарына қарамастан, бұл екеуінің бірлігі тепе-теңдік бірлік емес, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар диалектикалық бірлік... Осы себептен «тіл мәдениеті» деуден гөрі «сөйлеу мәдениеті» деу өз мазмұнына сай келеді,-
[2,41] деп көрсеткен. З.Бейсембайқызы сөйлеу мәдениеті деген термин ғылымның мазмұнын толық ашпайтындығын, өйткені онда тек сөйлеу ғана емес, жазу, сөз қолдану
мәселелері де қарастырылатындығын ескерткен [3,18].
Қазақ сөз мәдениетін қарастырған ғалым Н.Уәли ғылымның бұл саласын «сөз мәдениеті» деп атауды жақтайды да, оған мынадай анықтама береді: «сөз мәдениеті,
алдымен, әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық, стилистикалық, орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын меңгеру, сонымен бірге бейнелеуіш, көріктеуіш амал- тәсілдерді қарым-қатынас жасаудың мақсаты мен мазмұнына сай етіп қолдана білу
дегенді білдіреді [4,5].
Белгілі ғалым М.Балақаев сөз мәдениеті тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі екендігін, сонымен қатар ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес,
тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, семантикалық, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы
деп пайымдаған.
Нәтижелер.
Сөз мәдениетінің ғылыми пән ретінде іргелес, салалас пәндерден өзінің төл ерекшелігі бар. Сөз мәдениеті, біріншіден, әдеби тілдің нормаларын саралайды, екіншіден, әдеби тіл нормасын мәдени-танымдық жақтан байыптайды, үшіншіден, әдеби тілдің әуезділігі, сымбаты, өткірлігі, бейнелілігі, байлығы, икемділігі тәрізді сапа-
қасиеттерін дамытудың негіздерін айқындайды[3,36]. Олай болса, сөз мәдениетін оқытуда тілдік нормаларға баса назар аударылуы қажет. Осы ретте, Рәбиға Сәтіғалиқызының тіл мәдениетін әңгімелеуде (талдауда, зерттеуде) «мынау дұрыс, мынау бұрыс» деп қою мүлде жеткіліксіз, сол дұрыстық пен бұрыстықтың негізін табу
46
керек дей келіп, тіл мәдениетінің өзегі норма туралы ұғым деген тұжырымдамасы басшылыққа алынуы керек.
Ғалым 1997 жылы жарыққа шыққан «Сөз құдіреті» деген еңбегінде норма категориясын жалпы тілдік норма және көркем әдеби тіл норма деп екіге бөліп, жалпы тілдік нормаға «белгілі бір кезең ішінде көпшілік қабылдаған, тұрақталған қолданыстар,
яғни сөздердің мағынасы, олардың фонетикалық-графикалық көрінісі(тұлғасы), сөз жасау және сөз өзгерту модельдері, синтаксистік амалдары»,- [1,189]деген анықтама
бере келіп, норма, яғни дәл солай қолданыс (сол мағынада, сол тұлғада, солайша құбылтуда т.т.) бір уақытта пайда болып, ешбір өзгермей, қатып қалатын категория
емес екендігін де ескерткен. Тіптен әрі-беріден соң сол қолданыс дәл сол кезеңде дұрыс деп көпшілік қабылдаған норма болғанмен, тіл тіршілігінде (тәжірибеде) өзгеріп,
«үлгілілік» сипатынан айырылып отыруы мүмкін немесе «норма осы» деп көрсетілгеніне қарамастан, оған бағынбаған кейбір элементтер күнделікті қолданыста көпшілік
тарапынан баспасөзде, радио мен теледидарда, ғылыми әдебиет пен шаршы топ алдындағы шешендік сөздерде қолдау тауып, кеңінен жұмсала бастайды да, жаңаша
нормаға айналады деп пайымдаған. Оған мынадай мысал да келтірген: қазіргі қазақ тілінің грамматикалық нормасы бойынша етістіктің барған жоқ па, келген жоқ па деп
қолданылуға тиісті тұлғалары барды емес пе, келді емес пе болып жұмсалуы етек ала бастады... Жалпы әдеби тілдік норманың кейбір сәттерінің өзгеріп, жаңаларының
әлеуметтік қолдау табуы, әсіресе сөз жасау саласында көзге түседі. Бұған норма ретіндегі кейбір жұрнақтардың пассивтенуі, оның есесіне бірқатар сараң
қолданылатын жұрнақтардың активтенуі немесе екі тұлғаның біріктіріп бір сөз жасау сияқтылар мысал бола алады [1, 189],- деп көрсеткен.
Ғалым зерттеуіндегі тағы бір көңіл бөлетін мәселе – қазақ әдеби тілінің ұлттық белгілері. Ол белгілерді академик Р.Сыздық өз еңбегінде былайша саралап берген:
басын аса бай ауыз әдебиеті тілі мен ауызша туып, ауызша тараған поэзия мен прозалық үлгілер тілінен алған ұзақ дәстүрлі (тарихы үлкен) тіл екендігі;
аса бейнелі тіл екендігі, яғни бейнелі (образды) фразеологизмдердің молдығы, теңеулердің активтігі т.б.
лексикасы бай тіл екендігі, яғни синонимдердің көптігі, халықтық терминологияның, жарыспалы қатарлардың молдығы;
лексикалық, грамматикалық мүмкіндігі күшті тіл екендігі, яғни сөз жасау тәсілдерінің икемділігі, өзге тілдерден сөз қабылдау қабілетінің күштілігі,семантикалық құбылымға
бейімділгі;
қазақ халқы мекендеген барлық аймаққа ортақтық қасиетінің күштілігі, яғни диалектілік ерекшеліктердің аз көрінуі [1, 192].
Бұл белгілер қазақ көркем сөзінің ұлттық сипаты және оның нормалары осындай ұлттық сипатына орайласа, үндесе қалыптасқан деген тұжырым жасаған.
Ғалым атап отырған әдеби тілдің ұлттық белгілерін жоғары оқу орындарында оқитын филолог-студенттердің ажырата білулері және сол игерген білімдерін болашақ кәсіби әрекетінде пайдалана білулері қажет.Сондықтан Ж.Дәулетбекова көрсеткендей, қазақ тілін оқыту үдерісінде білім алушыны әрекет субъектісі деп танитын антропоөзектік парадигма басшылыққа алынуы керек, сонда білім алушының өз өміріндегі тілдің, сөздің
мәнін түсіну, сөйлеуге үйренудің тәсілдерін, амалдары мен жолдарын саналы игере алады.Бұдан білім мазмұнында ой-пікірді білдіруге қатысатын түрлі күрделі тәсілдер мен тіл бөлшектерін қамтып, олардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру қажеттігі
туындайды [5, 23].
Талқылау.
47
Р.Сыздық осындай ұлттық сипаты бар әдеби тілдің нормаларын айқындау қажеттігін айта келіп, тілдік норма деп танылу үшін қойылатын өлшем-шарттар яғни
меже болу керектігіне тоқталып және сол межелерді былайша талдап көрсеткен.
Ғалым талдап көрсетіп отырған тілдік норманың шарттарының бірі – норма сол тілдің табиғи құрылымдық өзіндік (ішкі) заңдылықтарына сәйкес болуы керек, яғни
тілдің грамматикалық құрылысының, сөз қолданысының, сөзжасамының, мағына құбылтуының, сөз сазының табиғи заңдарына қайшы келмейтін тұлға-тәсілдер норма болып саналады екен. Мысалы, бұл күнде жанданған (активтенген) бірқатар жұрнақтар
арқылы жасалған сөздердің норма болып танылуы – осы модельдің тілдік жүйеде бұрыннан бар екендігіне қатысты. Әрине жаңа тұлғалардың жасалуында емес, тілдің өзінде қалыптасқан табиғи нормалар да, кодификацияланған (ережелермен реттелген) жазба тіл нормалары да – баршасы да сол тілдің ішкі құрылымдық заңдарына сәйкес келуі нормалылықтың бірінші шарты немесе айырым белгісі болғандықтан, көп ретте
параллель модельдер болмайды деп көрсеткен. Оған мысал ретінде қазақ тілінде септіктер парадигмасының екінші варианты жоқтығын келтірген. Сондықтан норманың басты белгісі тілдің құрылымдық табиғи заңдылықтарына сәйкес келіп
отыруы деген қағида әрдайым күшін сақтайтындығын ескерткен.
Академик Р.Сыздықтың көрсетуінше, норманың екінші шарты (межесі) – тілдің қатынас құралы ретінде қалың жұртшылықтың әрдайым қолданысында болатындығы,
яғни әлеумет дұрыс деп тауып, көпшілік болып әрдайым қолданып отыратын сөздер, грамматикалық тұлға-тәсілдер, сауатты жазу, сөзді дұрыс дыбыстау үлгілері норма
болып табылады. Бұл жерде нормалылық құбылысы тілдің өмір кезеңіне байланысты қаралады.
Одан әрі ғалым нормалылықтың «көпшілік қолданатын» деген өлшемі «әдеби»
және «әдеби емес» деген қатарларды анықтауда басты шарт болатындығын, «әдеби емес» параллельдердің түрлері әр алуан болып келетіндігін айта келіп, күні бүгінге дейін
бірқатар сөздердің жуан не жіңішке айтылатын қатарларының қайсысы әдеби норма екендігін белгілеу қиындық туғызып келетіндігін: кәзір-қазір, заңғар-зеңгір, пара-пәре, кәйтіп-қайтіп секілді нақты мысалдар арқылы көрсетіп, бұндайда кодификация арқылы,
яғни мына варианты әдеби деп танылсын дегенді сөздіктерде, әсіресе орфографиялық сөздікте, оқулықтарда әдейі көрсетіп, қолдан нормалауға тура келетіндігін айта келіп,
оны да мысалдар арқылы дәлелдеген [6, 58].
Р.Сыздық нормалылықтың келесі белгісі ретінде сөздердің көпшілік қолданысына ие болуы деп есептеп, мұны тек лексика саласынан ғана көріп қана қоймаймыз, семантикалық қолданыстардан да, грамматикалық амал-тәсілдерден де, стильдік қызмет түрлерінен де, орфоэпиялық тәжірибеден де табамыз,- дейді. Бұл белгіге мысал
ретінде, бір алуан сөздердің тек жағымсыз не жағымды мағынада ғана (реңкте) қолданылатындығын, сондықтан өзіне қатысты сөздерді таңдап жұмсалатындығын
жатқызған. Бұған ғалым бірнеше мысалдар келтірген: арқасында сөз жағымды мағынада тіркес құрайтындығын айтады: денсаулықтың арқасында, байлықтың
арқасында, таланттың арқасында т.б. [6, 61].
Ғалым тілдік норма деп танудың үшінші шартына оның әлеуметтік қолдау табуы, яғни қалық жұртшылықтың белгілі бір сөздің, тіркестің, грамматикалық
тұлғаның, жаңадан жасалған не өзге тілдерден енген сөздердің осы мағынада қолданысы, осы тұлғада айтылуы, дұрыс, сөздердің сөйлеу үстінде осылайша дыбысталуы жөн деп мақұлдауы деп есептеген. Әрине, бұл – тілдік норманың «көпшілік
дауыспен» шешілуі емес,- дей келіп, «бұл бағаны бергізетін белгілі бір норманың тіл табиғатынан сәйкес келетіндігі, әрдайым қолданыста болатындығы, яғни нормалылықтың алдыңғы екі шарты соңғы үшінші шартқа алып келеді, өйткені адамдарда тілдегі түзулікті, дұрыстықты сезетін қасиет болады, ол дұрыстықты
48
теория жүзінде талдап, танымай-ақ, неліктен осы қолданыс дұрыс дегеннің дәлелін іздеп жатпай-ақ, адамның интуициясы – «патша көңілі» сезіп отырады» [6, 61],- деп
тұжырымдайды.
Сонымен қатар, ғалым көпшіліктің жиі қолданысы арқылы (демек, қабылдауымен) кейбір бейнорма құбылыстардың дағдыға айналып кететін фактілері бар екендігін, оған
мысал ретінде сөздер аралығында, көбінесе тіпті біріктіріліп жазылған сөздерде қ, к дыбыстарының ұяңдайтын тұстарын ескермей, қатаң түрде айту дағдыға айналып бара жатқандығын: шегара, көгөнүс, қыргүйөк, қолғойұлды, күнүгеше, балагезде деп айтылуға тиіс сөздерді жазылуынша шекара, көкөніс, қыркүйек, қолқойылды, күнікеше,
балакезде деп дыбыстағандарды жиі естиміз деп қынжыла ескерткен.Ғалым айтып отырған кемшілік, яғни әдеби тіл нормасына сай сөйлемеу, өкінішке орай, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны жасырын сыр емес. Сондықтан, сөз мәдениетіне назар аудару
күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе десек, артық айтқандық емес. Тағы да академик Рәбиға Сыздықтың пікіріне жүгінсек: «Бүгінгі таңда ана тіліміз үшін күрес екі
майданда жүргізілуі керек, бірі – қазақ тілінің әлеуметтік қызметаясын кеңейту, оны әсіресе, кеңсе-іс қағаздарының да, ғылымның да, заң-сот істерінің де тіліне айналдыру болса, екіншісі одан кем түспейтін – тіл мәдениетін көтеру, тілімізді тек дұрыс қана
емес, әсерлі, әдемі етіп жұмсау үшін күрес болуға тиіс» [7, 511].
Қорытынды.
Сонымен Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақтың ұлттық әдеби тілінің дұрыс, жүйелі, тіл заңдылықтарына сай ауызша да, жазбаша да көркем, мәдениетті жеткізілуіне аса мән беріп, ұзақ жылдар ана тіліміздің көркемдік-әсемдік қасиетін дамыту, тілді дұрыс және әдемі жұмсаудың қыры-сырын жан-жақты зерделеп, қарастырған еңбектері жастардың, әсіресе педагог мамандығында оқитын студенттер үшін қолдан түспес ғылыми еңбектер деп есептейміз.
Қорыта келгенде, ана тілінің қадір-қасиетін, мол мұра екендігін түсініп, сол мұраны орынды, жүйелі қолдана білу – адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі, нақтырақ айтқанда, сөйлеу мәдениетінің өлшемі. Олай болса, «адам-мәдениет-тіл»
жүйесінің өлшемі болатын тілдік нормалардың ерекшеліктерін, нормалану процесін, ол нормалардың қалыптастырылуы (кодификациясы), нормадан уәжді және уәжсіз ауытқуларды, жаңа сөздер мен қолданыстар, олардың нормалану процесі, терминология мәселелері және норма, сирек қолданылатын лексикалық топтардың, қарапайым сөздер, жаргондар, диалектизмдер және әдеби норма мәселелері жайындағы ғалым Р.Сыздық тұжырымдары мәдениетті сөйлеймін деген әр адамға қойылар талап деп түсінуіміз қажет.
Өйткені, Н.Уәли айтқандай, Отанымыздың жан-жақты жетілген азаматы болу үшін сөз мәдениетінің жұрттың бәріне ортақ қарапайым шарттарын игеру кімге де болса аса қажет.
Өндірістің қай саласында жүрмесін, өз ой-пікірін, сезімін айқын, әсерлі жеткізе алатын азамат қоғамдық өмірге де белсене араласа алады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі 1. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Атамұра, 2005. – 272 б.
2. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму кезеңдері. – Алматы.
3. Бейсенбайқызы З. Сөз мәдениетінің негіздері.Оқу-әдістемелік құрал. – Алматы, 2007. – 158 б.
4. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. – Алматы: Мектеп, 1984. – 107 б.
5. Дәулетбекова Ж.Т.Жаһандану және білім: қазақ тілін оқытудың жаңа бағыттары. //
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Хабаршы, «Филология ғылымдары»сериясы. – Алматы, 2016. -№1(55), 22-25-бб.
6. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. – Астана: Елорда, 2001. – 230 б.
7. Сыздық Р. Ғылыми таным үзіктері. – Алматы, 2009.
49