• Ешқандай Нәтиже Табылған Жоқ

ПЕДАГОГИКА МЕН ӘДІСТЕМЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ ПРОБЛЕМЫ ПЕДАГОГИКИ И МЕТОДИКИ

Ж.ЖАБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ-ТӘЛІМ ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ Б. Сманов-

ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бұл мақалада Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармаларының зерттеу мәселелері қарастырылады. Қазақ орта мектебіндегі жоғары сыныптарға арналған ұлы ақынның шығармалары негізінде талдау сабағының жүйесі ұсынылады. Мектепте оқып-үйрену үшін қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасында Жамбылдың тілі жатық, оқуға жеңіл, әрбір сыныптағы шәкірттің ой орамына сай, оқушы қиялын ұштайтын, мәнді де мағыналы шығармалары іріктелген. «Өтеген батыр» дастанынан үзінді, «Жаныс ақынға», «Патша әмірі тарылды»,

«Сұраншы батыр» дастанынан үзінді, «Кәдірбайдың төбеті», «Шағым», «Ата жаумен айқастық», «Жайлау»,

«Ленинградтық өренім», «Балама хат», «Аттандыру», «Алғадай туралы ойлар» шығармаларын оқытудың рекшеліктері сарапталады.

Ұлттық әдебиетіміздің белді тұлғаларының бірі саналатын, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған атақты суырыпсалма ақын Ж.Жабаев шығармашылығын жалпы білім беретін орта мектепте оқытуға оқу бағдарламасы бойынша арнайы 1-2 сағат көлемінде уақыт бөлінеді.

Француздың ұлы жазушысы Ромен Роллан: «Жаңа адамзаттың жыршысы» деп бағалаған Жамбыл шығармаларымен жас жеткіншектер төменгі сыныптардан бастап-ақ таныса бастайды.

Олар төменгі сыныптарда «Өтеген батыр» дастанынан үзінді, «Жаныс ақынға», «Патша әмірі тарылды», «Сұраншы батыр» дастанынан үзінді, «Кәдірбайдың төбеті», «Шағым», «Ата жаумен айқастық», «Жайлау», «Ленинградтық өренім», «Балама хат», «Аттандыру», «Алғадай туралы ойлар»

шығармаларын оқып үйренеді.

Бастауыш сыныптарда мұғалім көркем шығарманы саналы меңгерту үшін оқушыларды кітаппен жұмыс істей білуге дағдыландырады. Сондай-ақ олардың кітапқа құмарлығын арттыру, оқу материалдарының негізінде қоршаған орта туралы алғашқы көзқарастарын қалыптастыру, оқушының ой-өрісін жетілдіру сияқты мәселелерге көңіл аударады. Әліппеден қазақ әдебиетіне дейінгі аралықта әдеби мәтіндер мен көркем шығармаларды игеру нәтижесінде шәкірт табиғат, оның құбылыстары, жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, әлеуметтік мәселелер, адамдар арасындағы қарым- қатынастарды байқап, жақсыдан үйренерлік, жаманнан жиренерлік ғибрат алады.

Мектепте оқып-үйрену үшін қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы бойынша жыр алыбы – Жамбылдың тілі жатық, оқуға жеңіл, әрбір сыныптағы шәкірттің ой орамына сай, оқушы қиялын ұштайтын, мәнді де мағыналы шығармалары іріктелген.

Жоғары сыныптарда мұғалім әрбір сабағында бағдарлама талабына орай әдебиет пәнін оқыту мақсаттарының бірі – шығарманың көркемдік қуатын, стилін, ақынның поэтикалық шеберлігін, сөз өрнегін, шығарманың образдылығы мен оның атқарып тұрған идеялық-эстетикалық қызметін оқушыға жете меңгертуге күш салады.

Бұл арада ұстаз Жамбыл шығармашылығының тілге тиек ететін ерекше белгілерін ойда ұстауы қажет. Мұнда ең алдымен ауыз толтыра айтатынымыз – ақынның ерен елжандылығы мен халықтар достығының жалынды жыршысы болғандығы.

Жасыратыны жоқ, патриотизм мен халықтар достығы тақырыбы ұлттық әдебиетіміздің кеңестік кезеңінде ерекше кең өркен жайды. Өйткені, әрбір қоғам мүшесін, жас жеткіншекті, жаңа адамды сол кездегі социалистік Отан үшін кеңестік патриотизм рухында, пролетарлық интернационализм – барлық ұлттар мен халықтарды құрметтеу рухында тәрбиелеу ол тұстағы мемлекеттік саясаттың алға қойған негізгі мақсаттарының бірі болатын. Кеңестік қоғам осынау қызыл саясаттың игілікті жемісін көрді де. Бұл – аттап өте алмайтын, айтпай кете алмайтын тарихи шындық. Бұған тоқталып өтпеу, оны бүгінгі егемен елдігімізбен ұштастыра сараламау – өткен өмірімізге, болған тарихымызға қиянат жасағанмен бірдей болып есептеледі.

Сондықтан, мұғалім Жамбыл шығармаларындағы халықтар достығы тақырыбын сөз еткенде, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды мекендейтін халықтардың достық катынастарының тамыры тереңде жатқандығын, осынау сан ғасырлар жемісі іспетті ынтымақтастығымызды қазіргі дәуірде жаңа мазмұнмен, егеменді елдің өркендеуімен, мемлекетімізде қалыптаскан ұлттық келісім, азаматтық бітіммен байланыстыра баяндағаны абзал.

Ақын бұл тақырыпқа жазған өлеңдерінде кешегі өткен өмірдің күйкі тіршілігін бүгінгі шат тұрмыстың көркем көріністерімен салыстыра, халықтардың еңбек пен майданда шыңдалған достық ынтымағын шынайы ақындық шабытпен суреттейді:

Енді бүгін қарасам,

Айналам бақыт кең жатыр.

Бір-бірімен туысқан, Қол ұстасқан ел жатыр.

Қырғыз, қазақ, өзбектер, Моңғол, ұйғыр, дүнгендер, Армян, қалмақ, грузин, Орыс пенен украин – Терезесі тең жатыр.

Бақыттың үні асқақтап, Құлаққа даусы кеп жатыр.

Ақынның отаншылдық шығармаларын әңгімелегенде, орыстың көрнекті жазушысы Л.С.Соболевтің мына пікірін пайдалануға болады: “Жамбыл поэзиясы көркем сөздің шырқау биік шыңына айналды, бір ғажабы – біздің ұлан-байтақ елімізде Жамбылға еліктеуші ақындар қисапсыз көбейді. Поэзия алыбының бір ғана «Отан туралы жыр» атты тамаша өлеңіне еліктеп жазылған мыңдаған өлеңдер туды. Байыптап қарасаңыз, мұның өзі – ақынның ұлылығын танытатын, оның ғажап дарынына ден қойғызып, бас игізетін заңды жайт. Бірақ, түптеп келгенде, әлгі өлеңдердің бірде-біреуі Жамбыл өлендерінің дәрежесіне жетпегені былай тұрсын, солардың көлеңкесі болуға да жарамайды. Неге десеңіз, ұлылық егіз тумайды, ұлы құбылыс қайталанбайды» (Жыр алыбы. Жамбыл жайлы естеліктер. 1971. 220-бет.).

Бұл – әлемге әйгілі жазушының жыр жампозына берген биік те мәртебелі жоғары бағасы болатын.

Жамбылдын ерекше мән беріп, үлкен ақындық талантпен ауқымды жырлаған тақырыптарының бірі – Ұлы Отан соғысы еді.

Мектеп қабырғасында шәкірттер ақынның Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған «Ата жаумен айқастық», «Алғадай туралы ойлар», «Балама хат», «Аттандыру», «Ленинградтық өренім» атты өлендерімен танысады.

Ұстаз сабақ барысында мүмкіндігінше, осы өлеңдердің шығу тарихына мән бергені жөн. Бұдан оқушылар осы шығармалардың дүниеге келу жайынан жанды мәлімет алады. Бұл әрі әдеби туындының шәкірт санасына өмірі ұмытпастай берік ұялауына септігін тигізеді. Мәселен, арқалы ақынның «Ленинградтық өренім» атты баршаға белгілі өлеңінің туу тарихы өзгеше.

Ұлы Отан соғысы кезі. 1941 жылдың күзі. Елімізге қауіп төнген шақтағы Ленинградтың жағдайын естіген қарт ақын катты күйзелді. Ол жөнінде ақын Ә.Тәжібаев былай дейді:

«...Біз – Тайыр (Жароков –авт.) екеуіміз Ленин қаласының күшін кезектесе суреттей бастадық.

-Үлкен қала қалың жаудың қоршауында, жан-жақтан атқылау үзілмейді. Қалада тамақ жоқ, су жоқ, жарық жоқ...

-Не дейді! – деді Жамбыл ызаланып. – Сонда жұрт аштан қырылмай ма?

- Ашықса да қаланы жауға бермей соғысып жатыр. Әсіресе, кәрілер мен балаларға обал.

-Жау не дейді сонда?

-«Қалаға жол ашыңдар, беріліңдер, сонда тамаққа тойындырамыз», – дейді.

-Біздің адамдар не дейді оған?

-«Жаудың нанын жеу үшін берілгенше, өлгеніміз жақсы, бір адам қалғанша соғысамыз!» – дейді.

-Солай ма? – деп Жамбыл орнынан тұрып кетті. – Алып көрсін енді жау! Ел берілмесе, ешкім де сындыра алмайды ерлікті! Шіркін, тиер ме еді сыртынан барып дұшпанның, алар ма еді алқымынан!

Жәкең оң қолын созып, саусағын жыбырлатты. Бұл оның домбырасын сұрағаны екен. Біз дереу домбырасын ұстата қойдық.

-Бір қаланың миллион халқы тас түйін боп түйілген. Өлуге бар, жеңілуге жоқ екен ғой, шіркіндер, – деді Жамбыл өзімен-өзі тілдескендей. – Ел деп осыларды айт, ер деп осыларды айт! – деді бізге

қарап. Біз Жамбылдың кәрі көзінен шүпілдеген жас көрдік. Түнде туған ғажап жыр ертеңіне орысша аударылып, телеграфпен Москваға жөнелтілді. 1941 жылдың 5 сентябрінде Марк Тарловский аудармасымен даңқты «Ленинградцы – дети мои» деген атпен «Правдаға» шықты» (Ә.Тәжібаев.

Жылдар, ойлар. 1976. А., 180-бет.).

Естеліктің осы үзіндісімен танысқан оқушылар әйгілі өлеңнің қай кезде, қалай дүниеге келу тарихын танып біледі.

Ақынның өмір жолы, өскен ортасы, жастық шағынан түсінік бергенде, оның жас кезінде шығарған

«Шағым» атты өлеңінің мына жолдарын шәкірттерге оқып бергеннің артықтығы жоқ:

Шып-шып етіп молданың, Қолындағы тобылғы.

Қозғалтпайды жон жағым, Талай дүре соғылды.

Торсылдатып танадай, Жыртар болды тонымды.

«Тілің ащы бала», – деп, Қайнатты әбден сорымды.

Оқымай-ақ кетейін, Байламаңыз жолымды.

Алдыңыздан өтейін, Не жазым ем сол құрлы?

Оқымаймын молдадан, Екі иығын қомдаған.

Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан.

Ақ сәлдесін төңкеріп, Көзін жұмып теңселіп, Бозінгендей боздаған.

Қайтіп сабақ береді, Айтқаны ішке қонбаған, Оқымаймын енді одан.

Бұл үзіндіден жас шәкірт өзіндей жеткіншектердің молдадан көрген қорлығына, ол кездегі оқу мен білім берудің тұрпайы сипатына көз жеткізеді.

Мұғалім ақын шығармаларының көркемдік-идеялық мәнін жете түсіндіру үшін шәкірттердің назарын әрқашан жыр бойындағы сөз айшықтарына, түрлі теңеу-баламаларға аударуы тиіс. Яғни, окушы жырдың арқауына сүйенуі керек. Ал жырдың арқауы – көркем мәтін. Шығарма мәтініне – өлең жолдарына үңілгенде ғана шәкірт одан эстетикалық-эмоциялық әсер алады. Сонда ғана көркем туынды біздің рухани қажетімізді өтейді әрі өзінің идеялық-тәрбиелік қызметін атқарады.

Шығарманың көркемдік сапасын анығырақ аңғартуда мәнерлеп окудың маңызы зор. Жыр атасы – Жамбыл шығармалары да биік эмоциялық сезіммен, әсерлі де жоғары әуенмен нәшіне келтіре оқуды қажет етеді. Сондықтан ұстаз өлеңнің әрбір жолын өз әуенімен құлпыртып, сазына келтіре оқып, оқушылардың да солай мәнерлеп оқуға үйренуін талап етуі керек.

Сондай-ақ мектеп қабырғасында Жамбылдың дастаншылдықтағы қайталанбас өнерін, айтыстағы импровизаторлық жүйріктігін, Қазан төңкерісіне дейінгі замана жағдайын жыр еткен көркем туындыларын, өз өлеңдерін әсерлі орындайтын әнші-орындаушылық дарынын, композиторлық, күйшілік қабілетін оқушыларға аңғарта кеткен жөн.

Ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты көрнекілік ретінде төмендегі материалдарды атауға болады: КСРО халық суретшісі О.Таңсықбаев, Қазақстанның халық суретшілері Н.Нұрмұхаммедов, А.Ғалымбаева, т.б. қылқалам шеберлерінің шығармалары, ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты түрлі-түсті плакаттар, суреттер, ашықхаттар (открыткалар), ғылыми еңбектер, дерек-құжаттар, ақын жайлы естелік-пікірлер, күйтабаққа, магнитофон таспасына жазылған Жамбыл әндері, поэзия атасының өмір, өнер жолын бейнелейтін Ә.Дайырованың сценарийі бойынша

«Қазақфильм» киностудиясы шығарған оқу диафильмі, С.Тілешованың синтетикалық кестелері, орыс жазушысы Н.Погодин мен көрнекті қазақ қаламгері Ә.Тәжібаевтың сценарийі бойынша жасалған деректі фильм, ақын шығармашылығын зерделеп зерттеген, әдебиетші-ғалым М.Жолдасбековтің сценарийімен түсірілген көркемсуретті фильм т.б.

Ұстаз бұл көрнекіліктер мен техникалық оқу құралдарын пайдалануды күні бұрын күнделікті жұмыс жоспарына түсіріп, сабақтың барысында керекті жерінде, тақырып ыңғайына қарай қолдануы тиіс.

Оқу диафильмі кадрларына оқу бағдарламасында көрсетілген материалдарға қажетті фактілер түгелдей дерлік түсірілген.

Өкінішке орай, мектеп тәжірибесінде диафильм кадрларын кейбір мұғалімдеріміз жеңіл-желпі пайдаланады. Мұндайда мұғалім шеберлігі мен ізденімпаздығы қажет.Ұстаз диафильм суреттеріне құрғақ сілтеме-түсінік бермей, көрнекті суреткерлер мен ғылым қайраткерлерінің ой-пікірлерін, естеліктерін, басқа да қажетті материалдарды әр кадрға сәйкестендіре шығармашылықпен келістіре ұғындырғаны абзал.

Мәселен, Ж.Жабаевтың 1936 жылы Москваға онкүндікке барарда шығарған «Туған елім» атты толғауының үзіндісін алайық.

Диафильмнің бір кадры онкүндік басталарда (7 мамыр күні) толғаумен бірге «Правда» газетінде жарияланған ақын суретіне арналған. Мұғалім осыған байланысты Жамбылмен араласқан, бірнеше жыл әдеби хатшысы болған жоғарыда атаған ардақты ақынымыз Ә.Тәжібаевтың сол әсерлі сапар жөнінде жазғандарынан үзінді пайдаланғаны дұрыс. «Тағы да: «Жамбыл... Жамбыл»,- десті дауыстар.

Қуаныштан күлімдеген сансыз көздер ақ сақалды ақын атаға қадалды.

- Бұлар мені қайдан біледі? – деді шофердің қасында отырған Жамбыл бізге күлімсірей бұрылып.

Мен «Правдадағы» суреті мен өлеңін көрсеттім. Аз ғана көз тоқтатып қарады да: «Өлме, Жамбыл!» - деді өз суретін өзі шертіп қойып» (Жыр алыбы. Жамбыл жайлы естеліктер. 1971. 72- бет.).

Жоғарыда келтірілген мысалдарды, ақын өлеңінің үзінділерін, ой-пікір, естеліктердің барлығын жыршының мерейтойларына арнап шығарылған «Жыр алыбы» , «Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы» атты естеліктер, ғылыми еңбектер жинақтарынан, ақын таңдамаларынан тауып пайдалануға болады.

Бүгінде қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың атымен облыс, бірнеше аудандар, көптеген оқу орындары, қоғамдық ұйымдар, мекемелер аталатынын, оның өзі туып-өскен ауылда (Алматы облысының Жамбыл ауданында) ұрпақтары өмір сүріп жатқанын, ақынның немересі Әлімқұл Жамбылов атасының жолын қуып, айтыскер ақын ретінде елге танылып, Қазақстанның халық ақыны атанғанын мұғалімнің сабақ барысында ескерте кеткенінің еш артықшылығы жоқ.

Ұлы ақын шығармашылығын оқыту барысында жас жеткіншектерге ұлттық тәрбие беру мәселесіне де айрықша назар аударған орынды. Өйткені, ол жастардың бойында елдік сана мен мемлекетшілдік рухты қалыптастырады. Нәтижесінде әрбір шәкірт өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі тануға, өз-өзіне жауапкершілік артуға машықтанады. Сол арқылы олардың әрқайсысының бойындағы ұлттық сана, қадір-қасиет көбірек дамиды. Қонақжайлылық, адамгершілік, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділік, сөзге мән берушілік, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылық, мәдениеттілік, кеңінен ойлаушылық, қарапайымдылық, төзімділік, келешекке сенімділік, ұлтжандылық, ізденімпаздық, алға ұмтылушылық, жасампаздық, жаңалыққа құмарлық, батылдық, өз мүмкіндігі шеңберінде армандау, қиялдай білу, сыйласа білу, өзін-өзі ұстау, әзіл-қалжыңды дұрыс түсіну, қиын-қыстауда жол табу, қай нәрсеге болсын икемділік таныту, өз қатесін білушілік, соны жою жолында талпынушылық, сарыуайымға салынбаушылық, өмірге оптимистік көзқараспен қараушылық, ақылдың, сабырдың, ашудың өз орны болатынын білу және олардың арасалмағын бағамдау, достыққа, жолдастыққа адал болу, тағы-тағы өмірдің сан- салалы толқынында су түбіне кете бермей, одан желқайықтай жүзіп өтуге дайын болу – мектеп қабырғасында мүмкіндігінше қаланады. Ал жоғары оқу орындарында, өзгермелі өмірдің өрінде оқушы бойындағы тәрбие танымдары одан әрі беки түседі.

11-сыныпта өтілетін Жамбыл шығармалары ішінде ұстаз, мүмкіндігінше, «Сұраншы батыр»

жырына монографиялы түрде тоқталғаны жөн. Өйткені, бұл – ақын шығармашылығынан елеулі орын алатын шығарма. Ақын шығармашылығына оқу бағдарламасы талабы бойынша бары-жоғы 1 сағат бөлінгендіктен, «Сұраншы батыр» дастанына тоқталамыз да, «Өтеген батыр» дастанына бөлінген уақыт көлемінде шолу жасалады.

Ұстаз Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастанының мазмұнына орай мынадай жүйеде сабақ жоспарын жасап, сабақ үдерісін осы негізде өрбіткені абзал:

1. «Сұраншы батыр» жыры қалай дүниеге келді? Дастанның шығуына кім себепші болды?

2. Сұраншы батыр кім? Ол қандай ерліктерімен, азаматтық-адамгершілік игі қасиеттерімен белгілі болған адам? Жырдағы батырдың жақсы қасиеттері суреттелген жолдарды жаттап алыңдар.

3. Қоқан әскерлерінің шабуылы, Құдияр, Орман хандардың опасыздық іс-әрекеттері мен жалпы халықтың ашу-ызасы, ой-пікірі жырда қалай бейнеленген?

4. Сұраншы батырдың:

Неге мені шақырдың, Жай шақырсаң келмейтін, Ханға сәлем бермейтін, Халық үшін туған батырмын.

Хан деп сені сыйлар ем, Басың үшін сатылдың.

Арасына өрт болдың, Ала бүлік дерт болдың Қырғыз, қазақ жақынның.

Бейбіт елге тигізіп,

Жендетке басын қиғызып, Қаннан сусын сапырдың, –

деген сөздерінен қандай ой түюге болады?

5. «Сұраншы батыр» дастанында қазақтың қандай батырларының аттары аталады.

6. Дастанның идеялық-тақырыптық мәні.

Сұраншы Ақынбекұлы – тарихта болған адам, Жетісу жерінің, халқының мүддесін қорғаған нағыз батыр. Ол 1815 жылы Верный уезі, Қарғалы болысы, үшінші ауылда (қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданы) дүниеге келіп, 1864 жылы Сайрам қаласын қоқандықтардан азат ету соғысында қайтыс болған жаужүрек ер. Жер жаннаты Жетісуды алу үшін бір жақтан Ресейдің ақ патшасының, екінші жақтан Қоқан хандығының ашқарақтана ұмтылғаны тарихтан белгілі. Ақын осы тарихи жағдайды, ел басына түскен ауыр күнді көрсете отырып, Қоқан әскерлерінің жауыздық, тонаушылық әрекетін, озбырлығын шебер бейнелейді. Мұны ұстаз мына жыр жолдарынан таныта алады:

Қоқаннан келген көп әскер, Жер қайысып сыймайды.

Мал мен басты шулатып, Қойша иіріп жинайды...

Ақ семсерлер жарқылдап, Қомпаң-қомпаң шоқысып, Тебінгілер сартылдап, Зерделі шапан бектер де, Шағылып күнге жалтырап, Түйеге мінген жас әйел, Бетін жыртып аңқылдап, Жасөспірім сұлу қыз, Жүрегі ұшып қалшылдап.

Жалаң қағып жасауыл, Мәз-мейрам боп қарқылдап.

Түйеде тұрған әйелді,

«Түс, жылдам», - деп алқымдап.

Шабылған елде дәрмен жоқ, Жылай берді солқылдап... –

дей келіп, ақын халық басына осындай қаралы күн туған шақта ел қамын жеп, оның жаны мен арына, малы мен басына қорған боларлық елдің арқа сүйер батыр ұлы – Сұраншыға ойысады. Ел адамдары жаудан құтылудың жалғыз үміті Сұраншы батырда екеніне тоқтасып, батырға хабар беруге қос атты хабаршы жібереді. Бұл көрініс шығармада едәуір орын алады. Хабаршылардың Сұраншыға келіп жеткен жері дастанда былай жырланады:

Сұраншыға жетті де, Жығылды қарттар атынан.

Сорғалап аққан жасынан.

Арыстан мүше жас батыр

Сүйеді келіп басынан...

Қарттардың осы әңгімесінен кейін жырдағы Сұраншы батыр тұлғасы бұрынғыдан да даралана түседі:

Дауыл соққан теңіздей, Күш көбігін сапырды.

Алатауды қозғалта, Қырға шығып ақырды.

Буырқанды, бұрсанды, Ақтұяққа ер салды...

Сұраншы бейнесі мен оның батырлық тұлғасын даралау үшін ақын дастанда халықтың батыр мен батырлық туралы дәстүрлі ұғым-түсініктеріне мейлінше жақын келеді. Батырлар жырларындағы ерлерге тән кейбір ерекше белгі-қасиеттерді Сұраншыға тели суреттеп, оның өзінің болмыс бітіміндегі айрықша қасиеттерге халық ұғымындағыдай дәстүрлі сипат береді. Соның нәтижесінде, Сұраншы образын жасаудағы Жамбылдың ақындық ерекшелігін ұстаз осы жайттар арқылы байқатады.

Дастанда Сұраншы батырдың Қоқан шапқыншыларына қарсы соғысы үлкен ақындық шабытпен шынайы суреттеледі. Соғыс қимылдары бейнелеген көріністердегі Сұраншы орасан зор күш иесі, үлкен батыр ғана емес, соғыс айласы мен тәсілдеріне жетік, озық ойлы, кемеңгер қолбасшы ретінде де оқушыға жақсы әсер қалдырады. Ел намысын қорғаған ақтық айқаста азулы жауды жеңу үшін қуатты күш-қайратпен қоса айла да қажет екендігін өсиет еткен Қарасай батырдың кескілескен ұрыстағы амал-тәсілдерін ой елегінен өткізе келіп, Сұраншы да үлкен әскери айла жасайды. Соның нәтижесінде Сұраншы жеңіске жетеді. Қаннен-қаперсіз жатқан жаудың алдыңғы шебінің ордасы ойран болып, елге зорлық көрсеткен Қоқан бектері Сұраншы батыр сарбаздарының ойсырата соққан соққысының астында қалады.

Дастан жас жеткіншектерді елін сүюге, оны көздің қарашығындай қорғап-сақтауға тәрбиелейтін құндылығымен қымбат. Өйткені, Сұраншы батыр секілді әділдік үшін, халқының еркіндігі мен бас бостандығы, тәуелсіздігі үшін жанын берген, қасық қаны қалғанша күрескен есіл ерлер есімі мәңгі естен шықпайтыны анық.

1 Жабаев Ж. Толық шығармалар жинағы: 4 томдық. – Алматы, 2014 ж.

2 Жыр алыбы // Жамбыл жайлы естеліктер. – Алматы, 1971 ж.

3 Тәжібаев Ә. Жылдар, ойлар. – Алматы: «Жазушы», 1976 ж.

4 Сманов Б. Қазақ әдебиеті. Оқу-әдістемелік құрал. ХІ-сынып (Қоғамдық-гуманитарлық бағыт). – Алматы: «Мектеп», 2015.– 256 б.

Резюме

Б. Сманов доктор педагогических наук, профессор КазНПУ имени Абая Oбучение творчество Ж.Жабаева

В данной статье рассматриваются проблемы изучения жизни и творчества Жамбыла Жабаева.

Рекомендуется система уроков анализа произведений великого акына – импровизатора в старших классах казахской средней школы.

Summary

B. Smanov doctor of pedagogical sciences, professor Abai Kazakh National Pedagogical University Education the creativity of Zh. Zhabayev

In this article the problems of studying the life and creativity of Zhambyl Zhabayev are concidered. We recommend the system of analyze lessons of great poet-improviser in the senior classes of secondary school.

ӘОЖ 821.512.122-1

СӘЙФ САРАЙИДІҢ «ГҮЛСТАН БИ-Т-ТҮРКИ» ДАСТАНЫНДАҒЫ МЕТАФОРАЛАР Сүлеймен Д.Абай атындағы ҚазҰПУ 6М011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2

курс магистранты, [email protected]

Ғылыми жетекшісі: Есіркепова Г.Е.ф.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, [email protected]

Бұл мақалада Сәйф Сарайидің «Гүлстан би-т-түрки» дастанындағы метафора тәсілінің қолданылуы мен оның сөз мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейтудегі рөлі айтылады. Дастандағы метафоралық қолданыстардың ерекшеліктері сараланады. Әсіресе, көркемдік, мазмұндық тұрғыдан метафора тәсілін пайдаланғандағы ақын шеберлігі талқыланады. Мақалада Ахмет Байтұрсынұлының метафораға берген анықтамасы талдалынады.

Сонымен қатар Қажым Жұмалиев пен Зейнолла Қабдолов сынды әдебиетші-ғалымдардың метафораға қатысты тұжырымдарына дастаннан мысалдар келтіріледі. Сәйф Сарайи дастанында кездесетін метафоралардың берілу тәсілі де қарастырылады. Дастандағы адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттер туралы ой оралымдарының Абай шығармашылығында да ұшырасуы сөз етіледі. Әр түрлі тақырыптар қамтылған «Гүлстан би-т-түрки»

дастанында кездесетін метафоралардың кейіпкердің ішкі жан дүниесін, мінезін және өзгелермен қарым- қатынасын ашу мақсатында қолданылғаны мысалдармен көрсетіліп, талданылады.

Түйін сөздер:Сәйф Сарайи, «Гүлстан би-т-түрки» дастаны, метафора

Алтын Орда әдебиетінің көрнекті өкілі, парсы ақыны Сағди Ширазидың «Гүлстан» дастанын аударып, «Гүлстан би-т-түрки» деп жазып шыққан ақын – Сәйф Сарайи. Ақынның өмірі туралы толық мәліметке қанық бола алмасақта, оның атақты дастаны арқылы шайыр өмір сүрген қоғам жағдайын, әдеби-мәдени дәуірден хабардар бола аламыз. «Шығыс халықтары сөз өнерінде назира дәстүрінің рөлі ерекше. Ортағасырлық шығыс классиктері бұл дәстүрді тек назира (жауап) түрінде ғана емес, сонымен бірге: тарик (мәнерінде) тарз (рухында), ранг (үлгісінде), тавр (стилінде), т.б.

түрінде хамса,ғазал, рубаи жанрларында да дамытты.» [1, 120 б.]. Дастанды аударып, оны өз халқының ұғымына бейімдеп жырлай білу шеберлігін байқай аламыз. Дастандағы суреттеу шеберлігіне тәнті боласыз. Оның бір дәлелі –дастандағы метафорлар.

«Бір нәрсенің, көбінесе адамның мінезін, құлқын, ғамалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту – бернелеу болады. Қазақтың бернемен сөйлеп отыр дегені – осы бернелеу. Бейнелеу бернелеумен екі арасы жақын. Бейнелеу де, бернелеу де екі ұқсас нәрсенің бірін бірінің орнына айтудан шығады. Бейнелеу ұлғайғанда бернелеуге айналып кетеді» [2, 31 б.]. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, Сәйф Сарайи да ойын оқырманына әсерлі жеткізуі үшін қарапайым бейнелеуі ұлғайып бернелеуге(метафораға) айналып кетіп, былай қолданады:

«Ей, баһадүрлер,біліңдер, келдім бүгін майданға мен,

Басымды беріп, ерлерше жанымды тәрк етуге тәуекел еттім мен Ат үстінде сүңгісін ойнатып, неше түрлі ерлік көрсетіп,

Айтты: «Шынжырын үзген салт атты сұрапыл жауынгермін» [3, 14 б.].

Өлеңдегі «Шынжырын үзген салт атты сұрапыл жауынгермін» деген жолында ақын күрделі метафоралық тіркес қолданған. «Жауынгер» деген сөз арқылы өзінің күштілігін, ел алдында қызмет атқырып жүрген азамат екенін, алдындағы анықтауыш суреттеу сөздер арқылы айбынды, мықты жауынгер екенін айтып тұр.Бұл жолдарды оқып отырып, Махамбеттің жалынды тіркестері еріксіз оралады. Қарсы жаққа өз күшін көрсету мақсатындағы «мен – құстан туған қалықпан» сынды тіркестердегідей Сәйф қолданған тіркестерде де дұшпанына бағытталған сөз екпіні байқалады.

Қ.Жұмалиев метафораны «сыртқы не ішкі бір ұқсастығына қарап, бір нәрсені екінші нәрсеге балау, екі нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісін қою» деп анықтаса [4,117 б.], З.Қабдолов «метафора сөз мәнін түрлендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау, сөйтіп, зерттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту» деп тұжырымдайды [5, 219 б.]. «Айбынды ерлердің өліп, олардың орнын дарынсыздар алуы – әділетсіздік» [3,10 б.]. – деп, келетін «Патшалар туралы» деп аталатын дастанның бірінші бабында патшаның балаларын арасындағы күндестік туралы баяндай отырып, патшаның жауынгер ұлының әкесінің орнына дарынсыз адамның келуін әділетсіздікке балайды. Бұл ғалым Қ.Жұмалиев айтқандай,сыртқы не ішкі ұқсастығына қарап балауға жатады.Білімсіз адамның іс-әрекетін юағамдап,