• Ешқандай Нәтиже Табылған Жоқ

Қазақстандықтардың партизандар қозғалысына қатысуы Қарсыбаева Ж.А

In document ХАБАРШЫСЫ ВЕСТНИК (бет 127-133)

ƏОЖ 94 (574):355.425.4

Қазақстандықтардың партизандар қозғалысына қатысуы

Қарсыбаева Ж.А.

кеңес халқын жау уақытша басып алған аудандарда, жекелеген жау əскері бөліктерімен күресу үшін партизандық отрядтар мен диверсиондық топтарды құруға шақырды [2; 63].

Кеңес адамдарының асқан патриотизмінің көрінісі болып неміс-фашист басқыншыларының тылындағы бүкілхалықтық күресі болды. Тіптен басып алынған территориялардағы көпшілік кеңес азаматтары өлім қауіпін сепкен қатаң террор жағдайында да басқыншыларға мойынсұнбады, неміс билігінің экономикалық жəне саяси шараларын бұзу мен бүліктер ұйымдастыруға қатысты, олардың полицайларын жазалады. 1941 жылдың жаз-күзінде уақытша басып алынған аудандарда жасырын партизандық астыртын жұмыс жүргізушілер, комсомолдық ұйымдар жұмыс жасады. 1943 жылдың аяғында миллионнан астам кеңес халқы партизандық қозғалысқа белсенді қатысты.

А.М. Синицынның «Всенародная помощь фронту» деген еңбегінде құжаттық мəліметтер негізінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы фашист басқыншыларды талқандауда үлкен үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің жаппай патриоттық қозғалысы, ерікті ұлттық құрамалардың майдандағы ерліктері жəне басқа да мəселелерді көтерген. Мұндағы «Ұлттық құрамалар» деген тарауында партизандық бөлімдердің құрылу тарихы, соғыс уақытындағы атқарған қызметі баяндалады.

Партизандар бөлімдерінің Қызыл Əскердің қуаты мен күшінің өсуінің маңызды қайнар көздерінің бірі болғандығын атап өтеді. Автордың көрсетуінше, 1941 жылдың басында жау тылында 250 мыңдай партизандар əрекет етсе, 1943 жылдың басында Белоруссия, Украина, Латвия, Литва, Эстония, Карелия жəне РКФСР жекелеген облыстарында 120 мыңнан астам партизандар соғысқанын көрсетеді. Толық емес деректер бойынша, партизан бөлімдерінде барлығы миллионнан астам адам соғысқан. 1943 жылы партизандар барлығы 11 мың поездарды аударуды, 6 мыңдай паровоздар мен шамамен 40 мыңдай вагондарды, цистерналар мен платформалардың көзін жойған немесе зардап келтірген, ал бұл уақытта халық кекшілдері 6400 темір жол жəне тас жол көпірлерін жойып, 22 мыңнан астам көлігін жарған [2; 65].

З.А. Швыдконың құрастыруымен жарық көрген «Шла война народная. Партизаны Великой Отечественной — казахстанцы» атты еңбекте соғыс жылдарындағы партизандық қозғалыстың тарихы, қазақстандық партизандар туралы біршама қызықты мəліметтер беріледі. Партизандардың жұмысын координациялау мақсатында Қызыл Əскермен 1942 жылдың мамырында Партизандық қозғалыстың орталық штабы (ПҚОШ), ал кейіннен республикандық жəне облыстық штабтары құрылды. Қызыл Əскердің кеңестік партизандармен өзара əрекетінің жарқын үлгісі болып жаудың темір жол желісі бойынша жаппай соққы беруі «Рельстік соғыс» болды. Бұл кеңес əскерінің 1943 жылдың жазғы шабуылы кезінде болды. ПҚОШ тапсырмасы бойынша жау тылына ауыр соққыны берген С.А. Ковпак, А.Ф. Федоров, А.Н. Сабуров, П.П. Вершигор, М.И. Наумов, С.В. Гришин, И.З. Коляд, А.В. Герман, В.З. Корж, М.Ф. Шмырев жəне басқаларының басшылығымен партизандық бөлімдер болды. Соғыс жылдарында партизандар жалпы 1,5 миллионнан астам неміс офицерлері, солдаттары, қызметкерлерінің көзін жойған. 21376 поездардың аударылуы, 116 бронепоездарды жарды, 16869 паровоз бен 170812 вагондарды қатардан шығарды немесе жойды, 4538 танк пен бронемашиналарды, 2500 түрлі калибрлі қару, 253 темір жол желілері мен стансаларын, 2900 ірі қоймалары мен материалдық-техникалық базаларын жарған [3]. Сонымен қатар партизандық бөлімдердің ұлттық құрамы туралы да айтып өтеді, мəселен, Украина партизандық бірлестігінде 1536 украин, 452 орыс, 263 белорус, 31 өзбек, 79 қазақ, 20 татар, тағы басқа ұлт өкілдері болғандығын көрсетеді. Ал екі рет «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған С.А. Ковпактың партизандық бірлестігінде 70-тен астам қазақ болған.

Н. Едігенов «Участие казахстанцев в партизанском движении в Белоруссии в годы Великой Отечественной войны» атты еңбегінде Белоруссияның 65 түрлі бригадалық бөлімдерінде бір жарым мыңдай қазақстандықтардың болғанын көрсетеді, олардың кейбірі партизандық қозғалысқа БКП(б) ОК, сондай-ақ Қазақ КП(б) ОК тапсырмасымен соғыстың алғашқы күнінен бастап қатысса, кейбірі еріктілер түрінде, жау тұтқынынан құтылып келіп қосылғандар болғанын да көрсетеді. Жау тұтқынынан, қоршауынан шығып партизандарға қосылғандардың қатарында қостанайлық И.А. Ерошенко, К. Темірханов, А. Данияров, М. Павлов, Е. Балатенов, И. Булаевты жəне басқаларын атап өтеді [1; 25]. Сонымен қатар Белоруссияның түрлі аудандарындағы партизандық бөлімдердегі қазақстандықтарды да атап көрсетеді. Малорит ауданында Ленин атындағы бригадада қазақстандық жауынгерлерден А.С. Королев, Ж. Даутов, Х. Қайсагин, П. Волошин, А. Дедов, П. Горбачевті көрсетсе, Коссовский, Телеханск, Картуз-Березовский аудандарында соғыс қимылдарын жүргізген Дзержинский атындағы партизандық бригадада сегіз қазақстандықтың болғанын жазады. Олар В.Л. Верещагин, И. Новаченко, К. Ержанов, П.И. Осипова, Т. Дүйсенов, П. Синицкий, И. Пашин,

Қазақстандықтардың партизандар қозғалысына…

И.В. Бартов болған, басым көпшілігі көрсеткен батылдығы, ерліктері үшін II дəрежелі «Отан соғысының партизаны», «Əскери қызметі үшін», «Батылдығы үшін» медальдарымен марапатталған [1; 32].

«Великая Отечественная война, 1941–1945. События. Люди. Документы: Краткий исторический справочник» атты көлемді еңбекте соғыс жылдарындағы Жоғары командованиенің құжаттары, жалпы соғыс тарихына қатысты мұрағат құжаттары жүйелі түрде келтіріліп, шайқастардың тарихы, кеңес елінің соғыс жылдарындағы дамуы баяндалған. Онда барлығы соғыс жылдарында жау тылында Ресей, Украина, Белоруссия, Литва, Латвия, Эстония мен Молдавия жерінде 6200 партизандық бөлімдер, астыртын жұмыс жүргізушілер топтар əрекет еткенін, оларда миллионнан астам партизандар қызмет еткенін жазады. Əлеуметтік құрылымына байланысты мəліметтер береді: 1944 жылдың басында партизандардың 30% — жұмысшылар, 41 — колхозшылар, 29% қызметкерлер болған. Партизандардың оныншы бөлігін дерлік əйелдер құраған [4]. Партизандық құрамаларда Кеңес Одағының барлық ұлт өкілдері күресті.

Жау тылындағы кеңес адамдарының күресі басқыншыларға ауыр соққы тигізді жəне оларды талқандауға үлес қосты. Толық емес деректер бойынша, кеңестік партизандар мен астыртын жұмыс жүргізушілер жаудың əскери техникасы мен əскерлері бар поездардың 21 мыңнан астамының аударылуын ұйымдастырған, 1618 паровозды істен шығарған, 170,8 мың вагондарды, 12 мың темір жол жəне тас жол көпірлерін жарған жəне өртеген, 1,6 миллионнан астам гитлерлік солдат, офицерлер мен олардың қолдаушыларын тұтқынға алған жəне көзін жойған, Қызыл Əскердің басқармасына көптеген маңызды барлаушылық мəліметтер əкелген.

«Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы» атты көлемді еңбекте партизандық қозғалыс туралы

жалпылама сипаттаушы мəліметтер кездеседі. Украина партизандарының саны 1943 жылдың қаңтар- сəуірінде 2,5 есе, ал белорус партизандарының саны 1943 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін 2 еседен аса көбейген. Партизан бөлімдері көбейіп, нығайған: Литвада олардың саны 2,5 есе, Латвияда 4 есе, Эстонияда 9 есеге артқан. 1943 жылдың аяқ шенінде неміс-фашист əскерлерінің тылында 250 мыңдай қаруланған партизан əрекет жасады, жасырын резервтер, өзін-өзі қорғау, өзін-өзі сақтау жəне басқа да құрамында жүз мыңдаған адамдары бар бөлімдер солардың тікелей тірегі болды [5; 302].

Партизан бөлімдері мен құрамаларының санының өсуі, жауынгерлік қабілеттерінің артуы, партизандарды қару-жарақ, оқ-дəрімен жəне қопарғыш техникамен жабдықтау ісінің жақсаруы олардың кең көлемде күресуіне жəрдемдесті, оларды көздеген мақсатқа неғұрлым сай пайдалануға мүмкіндік берді. 1943 жылдың көктемінен бастап партизандардың соғыс əрекеттері əдетте Қызыл Əскердің операцияларымен үйлестіріліп отырылды.

Аса ауыр қиыншылықтарды жеңіп, қатерлі қауіпке қарамай, партизандар жаудың қатынас жолдарын қиратты, темір жолдарын істен шығарумен болды. 1942–1943 жылдың қысында Қызыл Əскер Волгада, Кавказда, Орта жəне Жоғарғы Донда жау əскерін талқандап жатқан кезде халықтық кекшілдер жаудың майданға резервтерін тасып жеткізіп тұрған темір жолдарын соққының астына алды. 1943 жылдың ақпанында Брянск партизандары Брянск-Карачев, Брянск-Гомель бөліктерінде бірнеше темір жол көпірлерін, оның ішінде Деснадағы көпірді бұзды. Күн сайын осы көпір арқылы майданға қарай 25-тен 40-қа дейін эшелон өтетін, ал тамтығы қалмаған бөлімдер, техника жəне тоналған мүліктер тиелген соншама поездар кері қарай өтіп жататын. Белоруссия партизандары тек

1942 жылдың 1 қарашасынан 1943 жылдың 1 сəуіріне дейін 65 темір жол көпірінің көзін жойған.

Украина партизандары Киев-Коростень алаңында Тетерев өзеніндегі темір жол көпірін жəне басқа аудандарда бірнеше көпірді қиратты. Партизандар Смоленск, Орша, Брянск, Гомель, Сарны, Ковель, Шепетовка сияқты ірі темір жол тораптарына үнемі соққы берумен болды [5; 304]. Партизандар тек

1942 жылдың қарашасынан 1943 жылдың сəуіріне дейін Волгадағы қарсы шабуыл мен жалпы

шабуылдың қызған кезінде дұшпанның 1500-ге жуық эшелонын құлатты.

Жазғы-күзгі науқанның барысында жаудың негізгі қатынас жолдарына күшті соққылар берілді.

Партизандар жаудың қайта топталуын, резервтер мен ұрыс техникасын тасып жеткізуін қиындатты, сөйтіп Қызыл Əскерге зор көмек көрсетіп отырды. Партизандардың 1943 жылы қыркүйектің бірінші жартысында жүргізген, «Рельстік соғыс» деген атпен тарихқа енген операциясы өзінің көлемі, оған қатысқан күштердің саны мен қол жеткен нəтижелері жағынан алғанда орасан зор болды. Оны партизан қозғалысының Орталық штабы жоспарлап, ұзақ жəне жан-жақты дайындаған болатын.

Операцияның басты мақсаты рельсті қатарынан жаппай қопару арқылы немістердің темір жолмен тасымалының берекесін кетіру еді. Бұл операцияға Ленинград, Калинин, Смоленск, Орел облыстарының, Белоруссияның партизандары мен ішінара Украина партизандары тартылды. Ол 1943

Қарсыбаева Ж.А.

жылдың 3 тамызға қараған түнінде басталды. Алғашқы түннің өзінде-ақ 42 мыңнан астам рельс қопарылды. Бүкіл тамыз бойы жəне қыркүйектің бірінші жартысында жаппай қопару жүргізіле берді.

Тамыздың аяғына дейін 170 мыңнан астам рельс істен шықты, мұның өзі сыңар темір жолдың 1 мың километріне тең. Қыркүйектің ортасына қарай қопарылған рельс саны 215 мыңдай болды. «Рельстік соғыстың» жаңа операциясы 19 қыркүйекте басталды, оның шартты аты «Концерт» болатын. Бұл жолғы күрес жаңа аймақтарды да қамтыды. Бұған Карелияның, Эстонияның, Латвияның жəне Қырымның партизандары қосылды. Бұрынғыдан да күшті соққылар берілді. Мысалы, «Рельстік соғыс»

операциясына бірінші кезеңде 96 мыңға жуық адамы бар 170 партизан бригадасы, бөлімі жəне тобы қатысқан болса, екінші кезеңде 120 мыңнан астам адамы бар 193 бригада мен бөлім қатысты [5; 306].

С.В. Гришин, С.А. Ковпак, Я.И. Мельник, М.И. Наумов, В.Е. Самутин, Ф.Ф. Тараненко жəне басқалары басқарған партизан құрамалары сияқты ірі құрамалардың жау тылдарына еніп, барлау жасауы халықтың патриоттық күресін өрге бастыруда жəне жау тылының берекесін қашыруда орасан зор рөл атқарды. Партизандар мен астыртын жұмыс жүргізушілер Қызыл Əскерге өзендердегі өткелдерді басып алу, жеке елді мекендерді, жолдардың тораптарын азат ету жəне олардың біздің əскерлердің алдыңғы бөлімдері келгенше ұстап тұру арқылы да көмектесті. Мысалы, Украина партизандары кеңес əскерлерінің Днепрге шабуылы кезінде олар үшін Деснадан өтетін үш өткелді, Припятьтан өтетін 10 өткелді жəне Днепрден өтетін 12 өткелді басып алды, ұстап тұрды. Жергілікті халық партизандарды барынша қолдап, олардың қатарын ылғи толықтырып отырды. Кеңес адамдары партизандарды əскери күш деп білумен қатар, саяси күш деп таныды.

Партизан қозғалысына белсене қатысушы Əди Шəріпов өзінің естелігінде былай деп жазады:

«Біз қасықтай қанымыз қалғанша Отан-ананың алдында сүттей таза, əскери антқа берік болуға серт

бердік. Біз Белоруссияның орман-тоғайы, орыстың кең жазық даласында қан кешкен ұрыстарда жүрсек те туып-өскен Қазақстанды, сүйікті Отанымызды, қорғайтынымызды жақсы білдік. Қай- қайсымыз болмайық, біз совет азаматы екенімізді, біздің күшіміз — халықтар достығының бірлігінде, коммунистік партияның төңірегінде тығыз топтасуымызда екенін жақсы білдік» [6; 24].

М. Құсайынов «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кітапшасында тек Белоруссияның партизан отрядтарында 800-ден астам қазақстандықтар, ал Украинаның территориясында 633 қазақ партизандары болғандығын жəне олардың кейбірін атап өтеді, олар:

А. Айсаев, Г. Ахмедияров, Ф. Барабаш, Ж.Саин, Ə. Шəріпов, Қ.Қайсенов, С. Төлешов, Т.

Жангелдин, И. Савельев, К. Еремеев, Ф. Озмитель, Н. Көшекбаев [6; 26].

Герман фашизміне қарсы күресте асқан ерлік көрсеткен жүздеген қазақстандық партизандар болды. Олардың ішінде Ғалым Ахмедияров (Фрунзе атындағы партизандық бригаданың штаб бастығы), Əди Шəріпов (2-клетнян партизандық бригадасының комсомол жұмысы жөніндегі комиссардың орынбасары), Сатымбек Төлешев («Заря» отрядының командирі, соңынан партизандық құрамасының штаб бастығы), Василий Шарудо («Железняк» партизандық бригадасының командирі), Жұмағали Саин (партизандық ротаның политругі), Тоқтағали Жангелдин (комсомол жұмысы жөніндегі бригада командирінің орынбасары) жəне басқалары.

З.Ш. Қашкенбаевтың «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты еңбегінде қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы жайлы айтылған. Соғыс тарихы бойынша, алдын ала берілген мəлімет бойынша (1946), Украинадағы 98,583 партизанның ішінде 633 қазақ болған, толық емес мəліметтерге қарағанда, Белоруссияның əр алуан аудандарында шайқасқан 28 партизан бригадасында, полктер мен бөлімдерінде 300-ге жуық қазақстандықтар болған. Ондағы көрсеткен ерліктері үшін 200-ден астам қазақстандықтар орден, медальдармен наградталған, ал екеуіне «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген [7].

А.Л. Манаенков, Е.П. Горелин, А.Ф. Маркова жəне басқаларының құрастыруымен жарық көрген

«Партизанские формирования Белоруссии в годы Великой Отечественной войны (1941 июнь – 1944 июль)»

атты еңбегінде соғыс жылдарындағы Белоруссияның партизандық күштерінің ұйымдастырушылық құрылымы, партизандық құрамалардың жəне бригадалардың, бөлімдердің қысқаша құрылу тарихы, əскери қимылдарды өткізген жері, Қызыл Əскер бөліктерімен біріккен уақыты жəне өмір сүруін тоқтату себептері, олардың сандық, ұлттық құрамы, басқару құрылымы туралы біршама толыққанды, қызықты мəліметтер беріледі. Берілгендер жүйелі түрде, құжаттар негізінде баяндалған.

Белоруссиядағы партизандық бөлімдерде белорустер — 71,19%, орыстар —19,23, украиндар — 3,88,

5,7% — басқа ұлт өкілдері құрағанын көрсетеді. Олардың ішінде 1,2 мыңнан көбісі шетелдік

антифашистер, яғни поляктар, словактар, неміс, француз, тағы басқалар болған [8; 10]. Сонымен қатар Черник атындағы партизандар бөлімінде рота командирі болған Алматы облысының тумасы

Қазақстандықтардың партизандар қозғалысына…

Нұрым Сыдықовты, көкшетаулық Хамий Исмағұловты, ақмолалық М.Ф. Стрельниковтың соғыстағы ерліктері туралы айтып өтеді. Мысалы, Нұрым Сыдықов аталған партизандық бөлімнің барлық дерлік шайқастарына қатысқан, жаудың 3 эшелонын, 9 автокөлігін жаруға қатысып, 13 рет ашық ұрыста болған. Оның жеке əскери есебінде барлығы 65 өлтірілген жау солдаттары мен офицерлері бар [8].

А.Н. Нүсіпбековтың «Вопросы истории Казахстана» атты еңбегінде қазақстандық партизандар туралы қысқаша мəліметтер кездеседі. Онда 1941 жылы Кеңес Одағының Батыры Лиза Чайкинаның бөліміндегі партизандық топтардың бірін бұрынғы мұғалім Нəумет Көшекбаевтың басқарғандығы жазылады. Ол Калининград облысын азат етуге қатысқан соң Қызыл Əскердің қатарында Украина, Польшаны азат етуге, Берлинге шабуылдауға қатысқан [9]. Сонымен қатар партизандар Əди Шəріпов, Г. Омаров, Қ. Қайсенов, Ж. Саин туралы жазады.

«Боздақтар» топтамалық көлемді ғылыми еңбектің Қарағанды облысына қатысты жазылған

жинағында да партизандар құрамасы туралы біршама жалпылаушы мəліметтер кезедеседі. Онда Белоруссия жеріндегі партизандар қатарында екі мыңға тарта қазақстандықтар болғанын, олардан:

Қасым Қайсенов, Əди Шəріпов, Федор Озмитель, Дмитрий Сачаев, Петр Шленский, Ғалым Омаров, Жылбек Ақəділов, Сағымбек Төлешов, Тоқтағали Жангелдин тəрізді жігіттермен бірге Жамал Ақəділова, Нұрғаным Байсейітованы атап өтеді [10].

Партизандық қозғалыс үлкен саяси маңызға ие болды. Партизандық бөлімдер мен партиялық астыртын жұмыс жүргізушілер жергілікті тұрғындар арасында үлкен ауқымды жұмыстар жүргізді.

Парақшалар, астыртын жұмыс газеттері арқылы, жеке əңгімелерінде олар басып алынған территорияларда тұрған кеңес адамдарына кеңес-герман майданындағы жағдай туралы шынайы ақпараттар берді, басқыншы биліктің жаласы мен өтірігін жоққа шығарды, фашистік езгіден азат болу жəне жаудың түпкілікті талқандалатындығына сенімді қолдады.

Басқыншылармен күрестегі үлкен жеңіске қосылған маңызды үлесті Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде жүрген Қарсыласу қозғалысы қосты. Оның алдыңғы шебін коммунистер құрады.

Бұл патриоттық қозғалыс көп жағдайда күштерін жоғалтып, ал кейбір елдерде Кеңес Одағының материалдық көмегіне сүйенді. «Саламин мен Марафон адамзат өркениетін құтқарғандар бүгінде Мəскеу, Вязьма, Ленинград, Севастополь мен Сталинград аталады» деп сол жылдары астыртын грек жұмыс жасаушы газеті жазды [1; 27].

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ КСРО-ға үлкен қолдау көрсеткен Югославия, Польша, Греция, Франция, Қытай, Италия, Бельгия, Албания, Чехословакия, Болгария, Румыния, Үндіқытай, Бирма жəне Еуропа мен Азияның басқа да бірқатар елдері халықтарының, неміс антифашистерінің қаһармандық күресі болып табылады. Кеңес үкіметі бірқатар елдерде өз территорияларында ұлттық əскери құрамаларды құруға көмек көрсетті, əдетте олар Қызыл Əскермен бірге əскери əрекеттер жүргізген. Қару-жарақ пен əскери техникамен жарақталған екі поляк əскер, чехословактық əскери корпус, екі румын жаяу əскер дивизиясы, бірнеше югославтық бөлімдер, «Нормандия-Неман» француз авиаполкы құрылған. Бұл құрамалар 550 мыңнан астас адамды құраған [1; 25].

Шетелдегі Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақтар туралы біршама маңызды ақпараттар Қ. Исабайдың «Жаумен жат жерлерде жағаласқандар» атты мақаласында беріледі.

Партизандардың естеліктеріне сүйене отырып, автор Еуропаның кейбір елдерін азат етуге қатысқан қазақтар туралы баяндайды. Мəселен, 1944 жылдың жазында Арден орманында шайқасқан Бельгия партизандары қатарында жау тұтқынынан қашып шыққан қазақтарды: Өтеген Абдуллин, Қашкен Жарбеков, Əмен Қанбаев, Жортуды Ыдырысов, Абдолла Бабановтарды атайды.

Сонымен қатар 1944 жылдың күзіндегі Франция жерінде ірі операциялар жасап, фашистерден Саит, Аулуа, Фуа, Тулуза, Альба, Монтабан, Сант-Жерен жəне басқа қалаларды азат етуге қатысқан, Қадем Жұманиязов бастаған 90 адамдық партизан бөлімін ерекше айтады. Италияның «Гуйда Баскалье»

партизандар бөлімі құрамында болған ақмолалық Кəрім Мұстафин өзімен бірге 70 шақты қазақ болғанын айтқан. 1943 жылдың күзінде Югославияның Словения аймағында 1 партизан отряды құрамында болған Бейсен Раисов 1945 жылы сəуірде Югославияның халық азаттық армиясы, 9 корпус, 18 бригада құрамында кеңес елінің жалпы алғанда 20 шақты ұлт өкілі болғанын атап көрсеткен. Олардың ішінде 130 орыс, 70 қазақ, 60 украин, 50 əзербайжан, 25 өзбек, 10 түркімен, 10 тəжік, 5 татар, 5 қырғыздың шайқасқанын айтып өткен [11].

Қорыта келе, неміс-фашист əскерлерімен басып алынған территориядағы кеңес адамдарының бүкілхалықтық күресі ауқымы, саяси жəне əскери нəтижесі бойынша фашизмді талқандаудың маңызды əскери саяси факторы мағынасына ие болды. Қазақстандықтар басқа да кеңес ұлт өкілдері

Қарсыбаева Ж.А.

қатарында соғыс жүріп жатқан аумақтың қай бөлігінде соғысса да, Отан алдындағы борышын абыроймен атқара білді. Партизандар қозғалысына қатысқан қазақстандықтар туралы мəселе əлі де талай тың зерттеулерді қажет етеді.

Əдебиеттер тізімі

1. Едыгенов Н. Участие казахстанцев в партизанском движении в Белоруссии в годы Великой Отечественной войны. — Алма-Ата: Наука, 1972. — 208 с.

2. Синицын А.М. Всенародная помощь фронту. — М.: Военное изд-во, 1985. — 319 с.

3. Шла война народная. Партизаны Великой Отечественной — казахстанцы. — Алма-Ата: Казахстан, 1985. — С. 8.

4. Великая Отечественная война, 1941-1945. События. Люди. Документы: Крат. ист. справоч. — М.: Политиздат, 1990. — С. 63.

5. Совет Одағының Ұлы Отан соғысы. — Алматы: Қазақстан, 1972. — 692 б.

6. Құсайынов М. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында. — Алматы: Мектеп, 1985. — 48 б.

7. Қашкенбаев З.Ш. Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында. — Алматы: Мектеп, 1970. — 29 б.

8. Манаенков А.Л., Горелин Е.П., Маркова А.Ф. Партизанские формирования Белоруссии в годы Великой Отечественной войны (1941 июнь – 1944 июль). — Минск: Беларусь, 1983. — С. 20.

9. Нусупбеков А.Н. Вопросы истории Казахстана. (Избранные труды). — Алма-Ата: Наука, 1989. — С. 185.

10. Боздақтар. Қарағанды облысы. — Алматы: Қазақ энцикл., 1994. — Т. 1. — 17-б.

11. Исабай Қ. Жаумен жат жерлерде жағаласқандар // Жалын. — 2007. — № 5. — 57 б.

АВТОРЛАР ТУРАЛЫ МƏЛIМЕТТЕР

In document ХАБАРШЫСЫ ВЕСТНИК (бет 127-133)

Outline

СӘЙКЕС КЕЛЕТІН ҚҰЖАТТАР