• Ешқандай Нәтиже Табылған Жоқ

D.Raysov, master of Philosophy

In document PDF rmebrk.kz (бет 31-71)

(city Almaty, Kazakh National Universety named after al-Farabi)

The role of women in the formation of the Kazakh national spirit in society independent Kazakhstan

This paper investigates the problem of the role of women in the formation of the Kazakh national spirit.

Keywords: Independent Kazakhstan, Kazakh women, national spirit, role in society.

ӘОЖ 930.25

«МӘДЕНИ МҰРА» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМДІ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ

А.Т. Қаипбаева, т. ғ. к., қау. профессор м.а.

(Алматы қ., Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті)

Аңдатпа: Мақалада еліміздің мәдени мұрасын жинақтауға, мемлекеттік тілде гуманитарлы білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруге, ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлы тәжірибені біріктіре зерттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға бағытталған «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануының себептері, басты мақсаты мен міндеттері, барысы, нәтижесі айқын баяндалған.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында ғылыми айналымға енбей қалған еңбектер қайта қаралып, бүгінде ғылымға үлес қосарлықтай құндылыққа айналғандығы сандық көрсеткіштер арқылы дәлелденеді. Төл тарихымыздың жазба деректері арнайы ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде елімізге жеткізіп, рухани игілігімізге айналғандығы сөз болады. Республикада мәдениет мекемелерінің көбеюі, тарихи және мәдени ескерткіштердің жасалуы маңызды орынға ие болғандығы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында ғалымдар халқымыздың сан ғасырлардағы мәдени мұрасын, асыл қазыналарын жоғары теориялық жағынан талдап, зерттегендігі айтылады.

Түйін сөздер: Мәдени мұра, мемлекеттік бағдарлама, рухани игіліктер, тарихи ескерткіштер.

Әр халықтың өзі жүріп өткен тарихы мен қалыптастырған мәдениеті бар. Сондай- ақ оны баға жетпес ұлттық қазынаға айналдыру, рухани кемелдендіру жолдары да әрқилы. Еліміз тәуелсіздік алғалы қол артқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік- экономикалық жетістік пен мемлекеттілікті баянды етпекке әрі келешектегі ел тұтқасы

жастардың санасын дамыту үшін тек материалдық игілікті ғана мансұқ ету жеткіліксіз.

Олардың бойына ата-баба дәстүрі мен ел-халқының тарихын қастерлеуге, ал ең бастысы, отансүйгіштікті нығайту үшін ұлтының рухани-мәдени құндылықтарын сіңіру қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, тарихымыз бен мәдениетіміз тәуелсіздік жылдары жан-жақты дамып, қаржыландыру жағынан да үлкен демеу тапты. Соның бір айғағы ретінде еліміздің өткен тарихын ұрпақ санасына сіңіру үшін «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада: «Тәуелсіздіктің тарихи кезеңінің қысқа ғана мерзімінде Қазақстан территориясындағы мемлекеттілігіміздің рухани ұрпақтар жалғастығын, өткен ғасырлар байланысын, ата-бабалар сабақтастығы мен салт-дәстүрлерін көрсететін жалпы адамзаттың тарихи-мәдени және өркениетті үрдістердің толыққанды құрамдас бөлігі ретінде еліміздің үлкен мәнді дамуының қолдауына ие болды», – деп көрсетілді.

Сондықтан да «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға, жаңғыртуға және тиімді пайдалануға бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігінен туындаған. Оның басты мақсаты, Президент Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткеніндей, «ұлттың бет­бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл­ойы, парасаты» болатын мәдениетті ашып беру, ұлтымыздың өркениеті мен мәдениетін, оның тарихын ұлықтаған ұлы тұлғалардың үлесін танытатын мәдени мұраны сақтаудың, қазақстандықтардың рухани кемелденуінің өркениет көшінен кейін қалмауын қамтамасыз ету» [1].

Яғни, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпыадамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау бағдарламасы. Ежелгі тарихтың негіздерін бүгінгі күнмен қосатын жолды құрап, уақыттың үзіліссіз байланысын көрсететін адамзатқа қажетті көп қырлы қоғамның тарихи тәжірибесін зерттейді. Мәдениеттанушылар мен ғалымдар бұл бағдарламаны еліміздің кешегісі мен келешегін хаттап, әншейін тізбелеп қоя салар кезекті шара емес, ғаламдық маңызы зор, демек, қазақ мәдениетінің әлемдік мәдениетте таласы бар екендігін танытатын құбылыс болатындығы туралы салмақты пікір айтып қалып жүр. Оқымыстылар мен зиялылардың пікірінше мәдениеттің, ғылымның, философияның, әдебиеттің ең үздік үлгілерінің қазақ тілінде жарық көруі мен халқымыздың бай мұрасы мен жетістіктерін орыс және Қазақстанда өмір сүретін жекелеген этникалық ұлт өкілдерінің тілдеріне аудару – ұлтымыздың рухани мұрасын солар арқылы бірте-бірте әлем жұртшылығына таныту болып табылады. Осыған байланысты жадымызды жаңғыртуға арналған қазақтың тарихы мен мәдениетіне, тағдырына қатысты қаншама «ақтаңдақтар» ашылып, мұрағат түкпірінде шаң басқан жәдігерлеріміз жарыққа шықты. Аталмыш бағдарламаның міндеті осы мұраларды зерттеп қана қоймай, оларды пайдаға асыру мәселелеріне көбірек назар аудару керек [2.544б.].

«Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алғалы бері ғылым саласында ашылмаған, жазылмай қалып жүрген көптеген ғылымға үлес қосарлық құнды еңбектер аударылып, жарыққа шыққаны да баршаға белгілі. Мысалы, қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларының әлемдік мәдени мұраларымен бірге терезесі тең екендігін осы аз уақыттың ішінде дәлелдеп шықтық.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тарихтың палеолит заманына жататын Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан мен Кентау қалаларының маңындағы Қошқорған-1 мен Шоқтас-1 кешендерінде қазба жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, палеолиттану тарихнамасында алғашқы ескерткіштің өзіндік орны бар. Себебі, онда қазба жұмыстары ХХ ғасырдың орта тұсында басталған болатын. Ескерткіште қазба

37

жұмыстарын әр жылдары О. Беляева, О. Артюхова, Б. Аубекеров т.б. мамандар жүргізіп, палеолит заманына жататын тас құралдарын, сүйек құралдарын тапқан. Кейіннен өткен ғасырдың соңғы жылдары мен осы ғасырдың бас кезінде Қазақстан-Ресей біріккен археологиялық экспедициясының отрядтары қатарынан бірнеше жыл далалық қазба ісін жүргізіп, палеолитке жататын толымды материалдар жинастырды. Нәтижесінде отрядтарда жұмыс істеген археологтар микроиндустриялды тас құралдарының кешендерін анықтады, яғни тас құралдарын жасауда шағын тастар негізге алынғандығын дәлелдеп көрсетті. Мұндағы шеті қатып-семген травертиналармен қоршалған

«фонтанды» ескерткіштер (6 дана) аясын анықтап, олардың Еуразия палеолитіндегі рөлін нақтылады. Ал Ж.Қ.Таймағамбетов басқарған Қазақстан тас дәуірі ескерткіштерін зерттеумен шұғылданатын археологиялық экспедицияның 2004–2006 жылдардағы маусымдық жұмыстары алынған нәтижелердің растығын тағы да нақтылай түсті [3].

Бұрынғы нәтижелерге қосымша тас құралдары алынып, олардың техникалық- типологиялық сипаттамасы жасалды. Мезолиттен бастап энеолитке дейінгі тарихи дамуды көрсететін ескерткіштердің бірі Павлодар облысындағы Екібастұз қаласынан 50 км батысқа қарай өзімен аттас өзен жағасындағы Шідерті-3 көпқабатты тұрағы болып табылады. Бұл кешенді 1989 жылдан бастап Павлодар археологиялық экспедициясы зерттеп келеді. Бірақ мұндағы зерттеулер жүйелі түрде жүргізілмей келді. Тек 2004 жылы қабылданған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында ғана ескерткіште жүйелі түрде жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік алынды. Тұрақтың 3-6 мәдени қабаттарынан, жалпы ауданы 240 шаршы метр алаңнан сан алуан заттар (тас құралдары, өндіріс қалдықтары, сүйектер, қыш ыдыстарының фрагменттері т.б.) аршып алынған [4].

Энеолит дәуіріне жататын ескерткіштер де мемлекеттік «Мәдени мұра»

бағдарламасы бойынша зерттелді. Солардың бірі де бірегейі – 1980 жылы ашылған Ботай қонысы. Бұл қоныс аумағы жағынан 15 га жерді алып жатыр. Маусымдық ізденістер барысында энеолит кезеңінде далалық шаруашылық-мәдени тип қалыптасқандығын айғақтайтын 300 мыңдай артефактілер, мал сүйектері табылған, 100 шақты баспана орындары ашылған. Табылған сүйектердің 99,9 пайызы жылқы малынікі екендігі анықталған. Қатарынан екі-үш жыл қазба жұмыстары жүргізілгеннен кейін-ақ ескерткіштің өзіндік бір қайталанбастығы анықталды. Мұның бәрі 1983 жылы В.Ф.Зайбертке жиыстырылған материалдар негізінде Ботай мәдениетін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Аталмыш бағдарлама арқасында ширек ғасырға жуық атқарылған археологиялық жұмыстар қорытындыланды. Болашақтағы ізденістер мен атқарылатын жұмыстар бағыты нақтыланды. Қазіргі таңда Ботай қонысы мемлекеттік ұлттық табиғи

«Көкшетау» саябағына енгізілген. Мұның өзі ескерткіш материалдарын қастерлеп ұстауға, көненің көзін келешек ұрпаққа жеткізуге мол мүмкіндік береді. Яғни, бұл 2004- 2006 жж. арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік «Мәдени мұра»

бағдарламасының «елдің мәдени мұрасын қорғау және тиімді пайдалану» сынды негізгі мақсатына сай келеді. Мәдени қабаттарының ерте кезеңі энеолитке дейін баратын Тоқсанбай қонысында да бағдарлама аясында қазба жұмыстары жанданған. Бұл ескерткіш Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Тұрыш ауылынан солтүстік- шығысқа қарай 120 км жерде орналасқан. 1997 жылдан бері Археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі З.С. Самашев) зерттеді [5].

Сонымен қатар аталмыш бағдарлама негізінде атқарылған тағы басқа игі шараларды атап өтсек: жалпы – 230, оның ішінде 79 аталым кітап шығарылған. Айталық, 100 томдық «Бабалар сөзі» топтамасының бай ауыз әдебиетімізді жинақтауға мүмкіндік

берген 50­ге жуық кітабы, әлем әдебиеті кітапханасының 10 томдығы, қазақ әдебиеті тарихының 10 томдығы, қазақ халқының барлық философиялық мұрасының 20 томы, сондай­ақ қазақ өнерінің тарихы, қазақ музыкасының антологиясы, «Әдеби жәдігерлер»

сериясы бойынша т.б. шыққан кітаптар бар [6.260].

Осы құнды еңбектерді ақпараттық технологияны пайдала отырып, «Мәдени мұра»

бағдарламасы бойынша шығып жатқан еңбектердегі ұлттық мәдени құндылықтар туралы мәліметтерді жинап, жүйелеп, білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай іріктеп, дәстүрлі оқулық әдебиеттер мен мультимедиалық ресурстарға енгiзуге болады. Сөйтіп ұлттық мәдени мұраларды білім мазмұнына енгізе отырып, осы салаларда біздің де ұрпақтарымыздың жаңа құндылықтар жасауына мүмкіндік тудыруға аға ұрпақ біздер міндеттіміз. Осы орайда да халқымыздың, төл тарихымыздың жазба деректері «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде алыс-жақын шет елдерде қалған ғылыми құнды мұралар елімізге әкелініп, зерделеніп, халқымызға ұсынылып отыр.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жарияланған рухани игіліктерімізді атап өтсек, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ, бірқатар Батыс Еуропа елдеріне ғылыми­зерттеу экспедициялар ұйымдастырылып, ғылыми ортаға бұрын белгісіз болып келген Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнері туралы бес мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары табылған. Олардың көшірмелері елімізге жеткізілді.

2009 жылдың соңына таман 39 республикалық, 6 мыңға жуық облыстық мәдениет ұйымдары, яғни, 164 мұражай, 3763 кітапхана, 2320 клуб, 50 театр, 58 кинотеатр мен театр, 458 киноқондырғы, 4 зоопарк, 2 цирк, 28 демалыс саябағы жұмыс істеді. 2007–

2010 жылдар аралығында мәдени мекемелер саны 203-ке көбейді. Айшықты жылдар бедерінде 10 драмалық, сазды-драмалық, қуыршақ театрлары, Астана, Шымкент қалаларында опера және балет театрлары ашылды. Елімізде жыл өткен сайын мәдениет мекемелері көбейіп, оған келушілер қатарының арта түскені қуантады.

Мәселен, 2006 жылы елордадағы мұражайларды 260,5 мың адам тамашаласа, былтыр олардың саны 380,4 мыңға жеткен. Театрлар мен кинотеатрларды қызықтаушылар саны да едәуір өскен. 2004–2006 жылдары 35 архитектуралық ескерткіштер қалпына келтіріліп, 30 археологиялық және 17 қолданбалы ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылды. Ежелгі және ортағасырлардағы Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар (Қойлық, Талғар, Қараспан, Түркістан, Сауран, Сарайшық, Жанкент т.б) жайлы мәліметтерді және Отырар мен Бозұқ қалаларынан табылған қазба жұмыстарының нәтижелерін және Ежелгі Тараз қаласының Алматы мен Жетісуда сақтар мен үйсіндердің орналасуына қатысты деректер туралы көптеген мәліметтер алынды.

Республикада тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімі жасалып, 218 республикалық, 11,5 мың жергілікті маңызы бар нысандар мемлекет қорғауына алынды.

Өткен жылы Мәдениет министрлігі «Қазақтың 1000 дәстүрлі күйлері», «Қазақтың 1000 дәстүрлі әндері» жобаларын жүзеге асырды. «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынғалы тарих, археология, этнография, мәдениет секілді сан алуан қатпарлы салаларды қамтитын 442 кітап бір миллион данамен жарық көрді. «Қазақфильм»

киностудиясы қалпына келтірілген, жаңғыртылған тарихи, мәдени жәдігерлер жайлы 10 фильм қойды. «Ұлттық мұра» топтамасы аясында 20 кинофильм шығарылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде жұмыс істеп жатқан көптеген ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің жұмыстары аз емес, бірақ орындалуы тиіс жұмыстар одан да көп.

Атап айтсақ, мәдени мұраны зерттеу мәселелерін: САқатай, М.Х. Балтабаев, А.Сейдімбек, С. Қасиманов, Б.К. Байжігітов, Н. Шаханова, Қ. Жарықбаев, С.К. Қалиев,

39

А. Қалыбекова, К.Ж. Қожантаева, М. Мұқанов, Ә. Нысанбаев, Ұ.М. Әбдіғапарова, А.П.Сейтешев, С.А. Қанапова, Ш.Ә. Ақбаева және т.б. еңбектерінде көрсетілген.

Қазіргі кезде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында зерттеу жүргізуді ғалымдар халқымыздың сан ғасырлардағы мәдени мұрасын, асыл қазыналарын жоғары теориялық биіктен талдап, ғылыми көзін ашуда. Ал Ш. Жұматаева, Е. Жұматаева,

І. Халитова, А. Құдиярова, Қ. Шалғынбаева, Р. Көшенова, А. Тұрсынова, Р. Үсенбаева, А.Елькеева т.б. ғалымдар жиырмасыншы ғасырдың басындағы жекелеген қазақ зиялыларының еңбектері туралы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олардың саяси- әлеуметтік іс-әрекеті мен шығармашылық мұраларын оқып үйрену бойынша ғылыми- зерттеу еңбектерінде қазақ зиялыларының тәлімдік көзқарасы сол кездегі заман талаптары мен ағымына қарай талданып, олардың еңбектерін қазіргі кезде пайдалану жолдарын қарастырған. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005–2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басты принциптері ретінде, студенттердің дүниетанымдық құндылықтарын қалыптастыру арқылы оларды білімділікке ынталандырып, білім берудің сипатын арттыру мәселелері қойылған. Сонымен қатар білім берудің әрбір кезеңдеріне білім жүйелерінің жетілген жаңа үлгілерін енгізу міндеттелді. Оның ішінде, гуманитарлық тәрбие парадигмасына айрықша мән беріліп, мәдени мұра басылымдарын зерттеп,

әдістемелік жүйе жасап шығаруға назар аударылды. Қазақтың әл-Фараби, Ж. Баласағұни, М. Дулати, Қ.Жалаиридың, Ш. Құдайбердіұлы, М. Жұмабаев,

Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ғ. Қарашев, Х. Досмұхамбетов, Ә. Бөкейханов, М. Шоқай сынды зиялыларының баға жетпес мұралары негізінде

студенттерді тәрбиелеу қазақ халқының болашағын қалыптастырушы күш деп білеміз.

Сол кезде әл-Фарабидің өшпес трактаттарын жазып, Ибн Синаның медицинаға арналған 12 томдық еңбегін тәмамдағандығы, ал Қожа Ахмет Ясауидің руханиятты шырқау биікке көтергендігі аян. Сол уақытта Орталық Азияның қалалық мәдениеті мен рухани- материалдық мәдениеті аса гүлденді. Халиф әл-Мамун Араб халифатының астанасы Бағдат қаласында Ғалымдар үйін ашып, көне грек ойшылдарының негізгі шығармаларын араб тіліне аудартқан. Бүгінде ежелгі және ортағасырлық дәуірдің бірегей артефактілеріне, яғни көне қолжазбалар мен жәдігерліктерге қол жеткізіліп, зерттелуде.

Қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғалардың сырын ашатын, бұрын-соңды кеңестік ғылым әлеміне бейтаныс болып келген жазба дереккөздері шет ел мұрағаттары мен қорларынан алынып, ғылыми айналымға енгізілу үстінде. Францияның, Германияның, Түркияның, Қытайдың, Ресейдің, Өзбекстан мен Ұлыбританияның және өзге де елдердің кітап қорларынан, мұрағаттарынан, кітапханаларынан, ғылыми орталықтарынан алынған қазақ халқының тарихы, философиясы, құқығы, мәдениеті, әдебиеті, өнері, халық ауыз әдебиеті мұраларынан түзілген, қорытылған энциклопедиялық еңбектер мен көптомдық академиялық еңбектер басылымға дайындалған.

Осы орайда жоғары оқу орындарының ұстаздары гуманитарлық білім берудің толыққанды қорын жасақтау жолындағы ірі ғылыми жетістіктерге қол жеткізілгендігін мойындай отырып, осынау игіліктер тікелей тұтынушыларға, студенттер мен аспиранттарға, магистранттарға жеткізу жайына алаңдаулы. Өйткені, күні кешегі кеңестік оқу жүйесі бағдарламасының жетегінде келе жатқан студенттер мен магистранттардың көп жағдайда ғылыми жетістіктер мен әлемдік деңгейдегі жаңалықтардан көшкейін қалып отыратыны жасырын емес. Ол үшін белгілі бір ғылыми жаңалық, зерттеулердің нәтижелері сарапталып, бекітілгеннен соң жедел түрде тарих

пен мәдениеттану саласындағы жаңа деректердің оқу құралдарына, білім бағдарламасына енгізудің тетіктерін реттеу қажет. Бұл, ең алдымен, тарих пәндеріне тікелей қатысты. Өйткені, соңғы жылдары отандық тарих ғылымында еліміздің өткенін дүниежүзілік тарихи құбылыстан тыс немесе тек қана ұлттың өз ішінде қарастыру секілді біржақты таныту бой көтере бастады. Өткен мен бүгінгі күнді және болашақты сабақтастырып, жалғап тұратын тарих ғылымы өткенді таразылауда жаза басса, бүгінгі тарихи-саяси және қоғамдық құбылысқа жаңсақ баға берілуі мүмкін. Ал ең қиыны, осындай ауытқушылықтың кесірі ұлт пен мемлекеттің болашағын, оның даму бағытын бұра тартып, әлемдік тарихтағы лайықты үлесіне залал келтіреді. Сондықтан дүниежүзінің әр түкпірінен табылған мол мұраны жүйелеп, ғылыми айналымға енгізу үшін тарих ғылымының мазмұнын көтеру керек.

Студенттердің интеллектуалдық білімін қалыптастыруда мәдени мұраларды да пайдалану мәселелері толық зерттелмегені, оқу-тәрбие үдерістерінде оның мүмкіндіктері жан-жақты қолданылмай отырғандығы, арнайы зерттеуге түспеген қырларының бар екендігін көрсетеді. Осыған орай «Мәдени мұра» бағдарламасы басылымдарының бүкіл халыққа, әсіресе студент жастарға, тарихи-мәдени құндылықтар мен ата-баба мұраларын, оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану арқылы олардың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру бүгінгі таңда Қазақстан ғылымы мен білімінің алдында тұрған көкейкесті мәселе. Бұл міндеттерді шешудің алғышарттары соңғы кездегі дайындалған зерттеулерде қарастырылған. Осы ғылыми мұра аясында жасалынып жатқан іс-шаралар аз емес.

Айтар болсақ, әдебиеттану, философия, тарих, мәдениеттану салалары бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар айтарлықтай. Ежелгі Шығыс, Грекия мен Рим тарихының еңбектерінің зерттеліп, қазақшаға аударылғандығы немесе Аристотель, Платон, Макиевели Вольтер, Руссо т.б. сынды дана-ойшылдарының еңбектері қазақ тіліне аударылып, философтардың «қазақша сөйлеуі» қазіргі жастардың гуманитарлық пәндер арқылы оқып үйренуі, болашақ жастарымыздың интеллектуалдық ой-өрісінің дамуына септігін тигізері сөзсіз. Міне осындай ғылыми іс-шаралар жастарымыздың мәдениетін әлемдік деңгейге көтеретін құрал. Осыған байланысты әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатында Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде реформалар жүріп жатыр.

Осы реформаларға сәйкес жоғары мектептердің оқу үдерісіне мәдени мұра басылымдарын енгізу белсенді түрде қолға алынып отыр. Ол бүгінгі заман талаптарынан туындап, болашақ мамандардың даярлығын жетілдіруді көздейді. «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасында»: «Бiлiм беру жүйесiнiң нарықтық экономика мен ашық азаматтық қоғам талаптарынан айқын артта қалушылық себептерiнiң бiрi – мемлекет тарихын, мемлекеттiк тiлдi, Қазақстан халықтарының ұлттық мәдени құндылықтарын бiлуге негiзделген жасөспiрiм ұрпақтардың мәдениетiн және азаматтық ұқсастықтарын қалыптастырудың пәрмендi тетiктерiнiң жеткiлiксiздiгi», – деп атап көрсетiлген [7.23].

Өйткені, «Мәдени мұра» бағдарламасы басылымдарын жүйеленген білімді оқу- тәрбие үдерісіне енгізе отырып, білім кеңістігін қалыптастыруда таптырмайтын өзекті мәселенің бірі десек, қателеспейміз. Себебі, әрбір мәдени құбылыстар білімдік таным арқылы туындап отырады әрі мәдени құндылықтар білімнің деңгейін, ауқымын, мазмұндылығын анықтауға өлшем бола алады. Осы орайда, «Мәдени мұра»

бағдарламасы басылымдары білімнің құндылығын арттырып, ЖОО студенттерінің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруда септігін тигізеді.

Сол себепті де білім беру жүйесіндегі қарқынды өзгерістер еліміздің жас жеткіншегіне білім беріп, тәрбиелеу ісіндегі басым бағыттарын байқатады. Сөйтіп бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Бүгінгі оқыту үдерісінде әр сабақта

41

жаңа идеялар негізінде жасалған жаңаша оқытудың тиімді жолдарын іздестіру мәселесі ең өзекті мәселенің бірі. Мұның өзі оқу-тәрбие үдерісін оқушының жеке қабілетіне қарай ұйымдастыру мәселесін жан-жақты зерттеуді қажет етеді [8, 273].

Ал келешек ұрпақтардың өнегелі мәдениеті мен азаматтық ұқсастықтарын қалыптастырамыз, тәлiм-тәрбие беру жұмысын өркениетке сай жоғары дәрежедегі тұғырға қоямыз десек, мектептен кейінгі білім беру жүйесіне, әсіресе жоғары оқу ұйымдарына арналып жазылған, ұлттық мүдде тұрғысынан аса маңызды тәлім-тәрбиенiң түп тамыры да, қайнар көзi де – ұлттық мәдени мұралар, яғни ұлттық мәдени құндылықтар туралы оқулық әдебиеттер мен мультимедиалық ресурстар жазылуы тиіс демекпіз [9, 73].

Сол себептен де мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мәселесінің мәні зор.

Осы бағытты жүзеге асыруда оқу пәндеріне мәдени мұра материалдарының енгізілуі, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтардың қалыптасуына негіз бола алады.

2004 жылдан бүгінгі күнге дейін аталмыш бағдарлама негізінде мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, зерттеу, оқыту, насихаттау барысында айтарлықтай ауқымды шаралар атқарылғандығы айқын. Бүгінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұсынуымен ұлттық тарихымызды зерделеудегі келесі маңызды қадам болып табылатын

«Тарих толқынындағы халық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері назарға алынып, дайындалу барысында қарқынды жұмыстар атқарылуда [10]. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының заңды жалғасы болып табылатын бұл бағдарламаның да рухани құндылықтар аясындағы жемісті қозғалыс болатынына кәміл сенеміз. Өйткені, тарихи-мәдени құндылықтар бүкіл адам баласының ғасырлар бойы жинаған тәжірибесін және небір тамаша тарихи фактілерді, оқиғаларды, құбылыстарды, тарихи ұлы тұлғалардың халық үшін жасаған ерлігін баяндай отырып, білім алушылардың жүрегіне, сезіміне күшті әсер етеді. Нәтижесінде, білім алушы жастар – адамгершілігі жоғары, өз елін, Отанын сүйетін, саналы азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосары даусыз.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Назарбаев Н.Ә. Мәдени мұра мемлекеттің соны стратегиялық ұстанымы //

Егемен Қазақстан, 2007. 14 ақпан.

2. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Жиырма томдық. 7­том. – Астана:

Аударма, 2006. – 544 б.

3. ҚР ҰМ. 563-қ., 1-т., 1387-іс.

4. ҚР ҰМ. 563-қ., 1-т., 1466-іс.

5. ҚР ҰМ. 563-қ., 1-т., 1284-іс.

6. Құл­Мұхаммед М. «Мәдени мұра»: мақсаткерлік жұмыс мәйекті болмақ //

Ақиқат, 2008. № 11. – Б.19­21.

7. Дүйсебек Ә.Т. Ұлттық мәдени мұраларды білім мазмұнына енгізудің кейбір өзекті мәселелері // «Ұлттық мәдени мұраларды білім мазмұнына енгізудің кейбір өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдар жинағы. – Алматы, 2009. – Б.23.

8. Аганина Қ.Ж., Тунгатарова Г.К. Мәдени мұра материалдары бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу құралы // Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі;

Халық.ғыл.теория.конф.мат. – Алматы: МСӨИ, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, 2009. – 273 б.

9. Аганина Қ.Ж., Байоразова А.Ж., Тунгатарова Г.Қ. Мәдени мұра бағдарламасы негізінде білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын жетілдіру // Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі. Халықаралық ғыл. теория. конф. мат. – Алматы: МСӨИ, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, 2009. – 443б.

10. Ұлт болмысы – ұлттық тарихта // www.turkystan.kz/kz/articles/view/23676.

РЕЗЮМЕ Каипбаева А. Т., к. и. н.

(г. Алматы, Казахский государственный женский педагогический университет) Результаты программы «Культурное наследие» и ее роль в развитии науки и

образования

В статье представлены письменные источники нашей истории полученные из архивных источников других государств в результате научно-исследовательских экспедиции, организованных в рамках государственной программы «Культурное наследие». А также рассматриваются роль культурно-исторического наследия, полученного при реализации вышеназванной программы, в развитии науки и образования.

Ключевые слова: историческое наследие, государственная программа, духовное благополучие, исторические памятники.

SUMMARY

A.T. Kaipbayeva, candidate of historical sciences (Kazakh State Women’s Teacher Training University)

The state program’s result and its role in developing science and knowledge of the

«Cultural Heritage»

The article presents the written sources of our history derived from archival sources other states as a result of research expedition organized under the state program «Cultural-historical Heritage». Also considers the role cultural-historical heritage, obtained in the implementation of the above program, the development of science and education.

Keywords: historical heritage, state program,spiritual well-being,historical monuments.

ӘОЖ: 94(574)

ХІХ-ХХ ғғ. БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

М.А. Қасымбекова, аға оқытушы (Алматы қ., Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ) А.М. Қоңырова, аға оқытушы (Алматы қ., Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ) Аңдатпа: 1905 жылдан 1917 жылғы Қазан революциясына дейінгі аралықты қамтиды. Мұсылмандық қозғалыстың 1905 жылғы революциядан соң бүкіл Ресей

43

империясын шарпығаны белгілі. Осы мезгілден бастап Ресей мұсылмандарының съездері өткізіліп, жеке мұсылман партиясы мен парламенттік фракциясы құрылды.

1917ж. Кеңестер билігі орнатылғаннан кейін Уақытша үкімет тұсында дүниеге келген

«Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі» өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды.

Түйін сөздер: мұсылман, қозғалыс, отаршылдық, тауқымет, қоныс аудару, миссионер.

Еліміздің егеменді ел болып, тәуелсіздік тізгінін өз қолына алуы өткен дәуірдегі тарихты сол кезеңнің шындығына сай, сыңаржақ қалыптардан ажыратып, ғылыми тұрғыдан ашып көрсетуге жол ашты. Мұсылмандық қозғалыс сияқты тарихи құбылысты жан-жақты қарастырып, объективті зерттеудің мүмкіндігі де енді ғана туып отыр.

Ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс орталық езгіге қарсы Ресейдегі түркі және өзге де мұсылман халықтарын тұтас бір майданға біріктіру жолында өзіндік діни, ұлттық, мәдени және саяси талаптарды көтерген демократиялық сипаттағы күрес болып табылады. Бұл қозғалыстың негізін құрайтын түрікшілдік пен исламшылдық қорғанушылар идеологиясы болатын.

Мұсылмандық қозғалыс Ресей империясының қол астында ұлттық езгіні бастан кешірген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының да азаттық жолындағы күрес тарихында өзіндік із қалдырған. Алайда ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық- саяси өміріндегі мұсылмандық қозғалыс мәселесінің әлі күнге дейін ақиқаты айтылмай келеді. Себебі, тоталитарлық идеологияның үстемдігі тұсында тарихымыздың бүтіндей бір кезеңдері, құбылыстары, соның ішінде Ресей империясын шарпыған ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс мәселесі де әдейі бұрмаланып, «реакциялық»,

«кертартпа», мәнсіз оқиғалар тізбегі ретінде көрсетіліп, объективті тұрғыдан зерттеуден тыс қалды.

Сан жылдар бойы татар, башқұрт, қазақ, өзбек, әзірбайжан т.б. түркітілдес және өзге де мұсылман халықтары Ресей империясының қол астында орыс отарлаушыларының теперішін бірге бастан кешіп, тағдырдың ауыр тауқыметін бірге тартты. «Мұсылмандардың ым-жымын білдірмей, мүмкіндігінше көзін құрта беру керек» деген құйтырқы саясатты ұстаған патша үкіметі ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғасыр басына қарай озбыр отаршылдық саясатын онан әрі үдете түсіп, шеткері отар аймақтарды толық игеруді бұрынғыдан да қарқынды жүргізді. Қоныс аудару саясаты, біріншіден, метрополиядағы аграрлық шиеленісті шешуге бағытталса, екіншіден қоныс аударушылар арқылы шеткері аймақтарда патшалық биліктің сенімді тірегін қалыптастыруды, сөйтіп ондағы отаршылдық билікке қарсы күштерді біржолата құртуды көздеді. Осылайша шаруалар жаңа жерлерге, соның ішінде қазақ жеріне де қоныс аудартыла бастады.

Қазақ жерін отарлаудың алғашқы кезеңінде патша өкіметі жергілікті халықтың

«дініне еріктік» беру бағытын ұстағаны мәлім. Ол негізінен жергілікті феодалдық топ өкілдерінің сеніміне ие болып, отарлық саясатты онан әрі тереңдете жүргізу мақсатында жасалған айла, әрекет болатын. Сондықтан да патша үкіметі қазақ даласында мешіт, медреселер салып, қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне қаратып, ислам дініне еш қарсы келмейтінін, керісінше қолдау көрсететіндігін танытып қалуға тырысқан еді.

Мұны қазақ даласындағы ислам дінінің жалпы жағдайымен арнайы шұғылданған чиновниктердің әкімшілік орындарына беріп отырған мәліметтерінен аңғаруға болады.

Далалық генерал-губернаторға берілген осындай мәліметтердің бірінде: «Біздің даладағы үстемдігіміздің бастапқы кезеңіндегі саяси мүддеміз қырғыздарда және бүкіл Орта Азияда олардың дініне қол сұғылмайтындығы жөнінде сенім қалыптастыруды талап етті.

In document PDF rmebrk.kz (бет 31-71)