1
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
«Алматы энергетика және байланыс университеті»
коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Шәрібжанова Ғалия Ғабдоллақызы
КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІ Оқу құралы
Алматы АЭжБУ
2017
2 ӘОЖ 811.512.122 (075.8)
КБЖ 81.2 Каз я 73 Ш 34
Пікір берушілер:
филология ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ доценті Б. Б. Абилхасимова,
филология ғылымдарының кандидаты, ҚазМемҚызПУ аға оқытушысы
Р.С. Садықова,
филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы К. О. Жекеева
Алматы энергетика және байланыс университетінің Ғылыми кеңесі басуға ұсынды (21.11.2017 ж. №4). АЭжБУ 2017 ж. ведомостік әдебиеттер басылымдарын шығарудың қосымша жоспары бойынша басылады, реті 14.
Шәрібжанова Ғ.Ғ.
Ш 34 Кәсіби қазақ тілі: ЖОО-ға арналған оқу құралы. Ғ. Ғ. Шәрібжанова. - Алматы: АЭжБУ, 2017.-109 б. Библиограф. -16 атау.
ISBN 978-601-80723-2-1
«Кәсіби қазақ тілі» пәні бойынша оқу құралы 5В070400 - Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бағыттарында оқитын бакалаврларға арналған. Оқу құралында типтік оқу бағдарламасына сәйкес ғылыми-техникалық мәтін және оның талдауы бағытындағы тақырыптар қамтылған. Құрылымы студенттердің мәтін негізінде грамматикалық жаттығулар, ғылыми мәтінді меңгеруге арналған тапсырмалар, аударма теориясы бойынша мәліметтер, жағдаяттық тапсырмалар және лексика-грамматикалық тесттерден тұрады.
ISBN 978-601-80723-2-1
ӘОЖ 811.512.122 (075.8) КБЖ 81.2 Каз я 73 АЭжБУ, 2017
Шәрібжанова Ғ.Ғ., 2017
3 Алғысөз
Оқу құралы «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету»
мамандығы бойынша «Кәсіби қазақ тілінен» типтік оқу бағдарламасына сәйкес құрастырылған және бірнеше бөлімнен тұрады. Әр бөлімде төмендегідей құрылымдар бар: ғылыми-техникалық мәтін және оның сөздігі, талдауы, мәтін негізінде грамматикалық жаттығулар, ғылыми мәтінді меңгеруге арналған тапсырмалар, аударма теориясы бойынша мәліметтер, ғылым тілінің синтаксисі, ғылыми мәтінді талдау, арнаулы лексика, эссе, аңдатпа, жағдаяттық тапсырмалар және лексика-грамматикалық тест. Оқулық соңында бағдарлама негізінде өздігінен оқу үшін берілген оқу материалдары, өздігінен аударуға берілген мәтіндер көрсетілген.
Ғылыми-техникалық мәтінді аудару түпнұсқаға барабар болуды талап етеді. Аударма теориясының негіздерін үйрену студенттердің ғылыми- техникалық мәтін аудару теориясының дағдыларын жетілдіруге септігін тигізеді.
Әрбір мәтіндегі терминдермен терминологиялық сөздіктің көмегімен жүйелі жұмыс жүргізу студенттердің лексика-терминологиялық қорын арттырады.
Мәтіндегі тапсырмалар мен сұрақтар мәтіннен негізгі ақпаратты бөліп алуға және жүйелі мазмұндай білуге, белгілі бір тақырыпқа өтілген бір немесе бірнеше мәтін негізінде монолог құрастыруға, лексика-грамматикалық тесттер арқылы алған білімдерін бақылауға мүмкіндік береді.
Оқу құралында шығармашылық сипаттағы тапсырмалар да (берілген тақырып, жағдаят бойынша өз ойларын пайымдау, монолог, диалог) қарастырылған.
Тілдік материалдардың негізгі көзі - мамандыққа байланысты алынған аутентивті мәтіндер.
4
1-тапсырма. Мәтінді оқып, стилін анықтаңыз.
Ақпарат және оны өңдеуші құралдар
Кез келген жұмысты компьютерде орындау оған енгізілген ақпаратты өңдеумен байланысты. Компьютер жадында сақталынатын немесе оны пайдаланушы енгізген деректер мен программалар, әрі оларды өңдеуден кейін алынатын нәтиженің барлығы ақпарат деп есептелінеді.
Қазіргі замандағы қоғам дамуының бір ерекшелігі – индустриалды қоғамнан ақпараттық қоғамға өту кезеңі. Бұл кезеңді қоғамды ақпараттандыру кезеңі деп атайды. Мұның негізгі себебі – ақпараттың қоғамдағы, өндіріс пен шаруашылықтағы маңызы мен рөлінің артуына байланысты. Кез келген ұйымның немесе кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуі үшін материалдық ресурстардың (табиғи шикізат пен энергетика көздері, еңбек пен қаржы ресурстары және т.б.) болуы жеткіліксіз екендігі дәлелденді. Әрбір әлеуметтік, экономикалық немесе инженерлік жобаның жасалынуы мен жүзеге асырылуы оның ақпаратпен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Сондықтан материалдық ресурстармен қатар ақпараттық ресурстардың жеткілікті болуы қоғам дамуының кепілі.
Соңғы жылдарда ұлттың немесе мемлекеттің даму деңгейі, олардың дүниежүзілік рейтингі қоғамның ақпараттандырылуына тікелей байланысты деп есептелінеді. Қоғамның ақпараттандырылуының техникалық бөлігі – жедел әрі сапалы ақпарат алу мен жинақтауды қамтамасыз ететін компьютерлік құралдармен жабдықталуы. Осы істің ғылыми негізі – информатика. Информатика жаңа ақпараттық технологиялар (ІТ) мен жүйелерді құрастыруға жағдай жасайды.
Адамзат тарихында ұзақ уақыт бойы ақпаратты өңдеу мен жеткізуге байланысты мәселелерді шешудің негізгі құралдары ретінде адамның зердесі, көзі, мұрны, тілі мен құлағы ғана болып келді. Ғалымдардың тұжырымы бойынша, адамзат қоғамының дамуына өте зор әсер еткен оқиға – жазудың пайда болуы. Оның арқасында білімді жинақтау, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу мүмкіншілігі туды. Ал XV ғасырда баспа станогының пайда болуы кітап шығару ісінің дамуына үлкен әсерін тигізді. Бұл оқиғалар (жазу мен кітап басу) адам өмірінің, мәдениетінің, өндірісінің күрт өсуіне жағдай жасады.
XІX ғасырдың соңында электр қуатын пайдалану телеграф, телефон, радио сияқты жаңа құралдарды пайдалануға мүмкіншілік берсе, ал XX ғасырда ғылым мен техниканың, өндірістің үдемелі дамуының нәтижесінде электронды есептеуіш машиналар (ЭЕМ) пайда болды. Бұл оқиғалардың арқасында адам өмірінде, қоғамның дамуында ақпаратты өңдеу, сақтау және жеткізу ісінде ғылыми-техникалық төңкеріс жасалынды деуге болады.
Қазіргі қоғамның дамуы «ақпараттық қоғам» немесе «білімдер қоғамы»
деп аталынатын өзінің жаңа формациясына (қоғам дамуының белгілі бір кезеңі және соған тән құрылыс) өту жағдайында. XXІ ғасыр жаңа ақпараттық технологиялардың (ІТ) адам қызметі мен өмірінде кеңінен пайдалануымен
5
сипатталынатыны көпшілікке мәлім. Осыған байланысты әрбір қоғамның немесе мемлекеттің даму деңгейі олардың халқының жаңа ақпараттық технологияларды игеру мен пайдалану дәрежесімен анықталады.
Сөздік ақпарат – информация
жад – память кезең – этап
кәсіпорын – предприятие өндіріс - производство көз – источник
жоба – проект
қамтамасыз ету – обеспечивать ұрпақ – поколение
өңдеу – обработка сақтау – сохранение жеткізу – доставка деңгей – уровень игеру – освоить
қажеттілік , мұқтаждық - потребность, нужда көңіл болу, байланыс - отношение, связь салыстырмалы - относительно
тұрақтылық – устойчивость
сілтерді басқару құрылғысы - устройство управления курсором ақпарат таратушы – носитель информации
өткізу - пропускание
тендеу, теңестіру, теңеу - уравнение табиғи - естественный
өрнек - выражение
әсер ету, ықпалы тию - влиять, оказывать влияние талап – требование
1.1 Мәтін мазмұны бойынша сұрақ құрастырыңыз.
1.2 Берілген мәтіннен терминдерді тауып, түсіндірмесін жазыңыз.
1.3 Мәтіннің тілдік құралдарын анықтаңыз (зат есімдердің қолданылуы, етістіктер, күрделенген сөйлемдер, баяндауыштардың жасалуы т.б.).
1.4 «Ақпарат» сөзімен анықтауыштық сөз тіркесін жасаңыздар.
Жауаптарыңызды жазбаша түрде толтырыңыздар.
6 Үлгі:
2-тапсырма. Берілген ақпаратты оқып, сұрақтарға жауап беріңіз.
Аударманың түрлері
Аударманы негізінен төмендегідей екі үлкен түрге бөлуге болады:
1) Ауызша аударма. Сөйлеген сөздер, баяндамалар ілеспе түрде ауызша аударылады, шетелдерден келген ресми өкілдер мен қонақтардың пікір алысуына аудармашылар көмектеседі;
2) Жазбаша аударма. Барлық хат-хабар, ресми құжаттар, ғылыми және көркем шығармалар жазбаша аударылады. Түпнұсқаның түрі мен мәніне қарай аударманың да қолданылатын әр алуан амал-тәсілдері бар. Мысалы, ресми құжаттарды аударғанда түпнұсқаны қаз-қалпында бұлжытпай толық жеткізу көзделсе, ғылыми және техникалық шығармаларды аударғанда, белгілі салалардың терминологиялық ұғымдарын дұрыс беру көзделеді.
Адамның ойлау қызметінің жемісі болғандықтан, бір тілден екінші тілге аудару процесі, әрекеті белгілі бір тәсілдер арқылы жүзеге асырылады.
Аударудың дәстүрлі түрде аталатын амалдары: сөзбе-сөз (калька) тәсіл, еркін (вольный) және дәлме-дәл (адекватты) аудару жолдары бар.
Жанрлық-стилистикалық түрлеріне қарай аударма:
- көркем аударма;
- ақпараттық аударма;
- ғылыми аударма;
- ресми аударма;
- публицистикалық аударма;
- жарнамалық аударма болып бөлінеді.
Сөзбе-сөз (калька) аударма – тілдік бірліктердің сыртқы нысанын, ішкі мазмұнын нақпа-нақ, сол қалпында аудару дегенді білдіреді.
Калька амалы – сөзжасамның бір жолы, тілдің сөздік құрамын байытудың оңтайлы көзі деп есептеледі. Бұлайша бағаланудың объективті себептері бар: қазақ әдеби тілінің белгілі бір кезеңдеріндегі күй-қалпында да, даму сатыларында да лексикалық қабаттың қозғалысына калька тәсілінің позитивті пайдасы көп болды. Әсіресе терминдік жүйенің жасалу жолдарының бірдейлестірілуіндегі, реттелуіндегі орны айрықша. Сонымен қатар өзге тіл лексемасының құрылымдық бірлік-тұлғаларының, мағыналық
ақпарат
7
ауқымының дәлме-дәл «көшірмесін» жасау төл сөздердің мағыналарындағы семантикалық процестерге, жаңа синтаксистік қарым-қатынастардың түзілуіне де себін тигізеді.
Ресми құжаттардың күрделі түрлері де (мазмұндама, мәлімдеме, ереже, жарғы және т.б.), қарапайым түрлері де (кеңсе іс қағаздары) сөзбе-сөз тәржімаланады. Тілдік құралдардың осылайша топтасуын қоғамдық- әлеуметтік фактор талап етеді. Кез келген ресми құжат құқықтық мәртебеге (правовой статус) ие; ресми құжаттың екі тілдегі нұсқасы, нысаны (формасы), құрылымы мен түзілімі жағынан дәлме-дәл болуға тиіс. Екінші тілдегі нормативтік-директивалық мәтіннің түпнұсқасының нақпа-нақ көшірілген нұсқасы болуын Біріккен Ұлттар Ұйымы да қадағалап отырады.
Қазақ әдеби тілінің динамикасы, қоғамдық қызметі үшін калька тәсілінің тағы бір тиімді жағы бар.
Калька тәсілі – ғылыми әдебиетті аударуға қажетті амал. Оның қажеттілігі ғылым тілінің стильдік сипаттарына байланысты. Ғылыми стильдің ерекшелігі – пайымдауды, пікірді, нақты бір құбылыстың дәйектемесін логикалық шындыққа сәйкес жеткізу. Бұл міндет ойды тиянақтайтын стильдік байлаулы (маркированный) лексикаға, тұрақты орамдарға және терминдер мен терминдік тіркестерге жүктеледі.
2.1 Аударманың қандай түрлері бар?
2.1 Жанрлық-стилистикалық түрлеріне қарай аударма неше топқа бөлінеді?
2.3 Калька тәсілінің ерекшелігі қандай ?
2.4 Мамандығыңызға байланысты орыс тіліндегі ғылыми-оқу (научно- учебные) мәтіні (диссертация, монография, ғылыми мақала, тезистер, рефереат, мақаланың резюмесі, аңдатпа, сын-пікір, диссертацияға берілген пікір, ғылыми-көпшілік мақала, оқулық, оқу құралы, лекция т.б.) мен көркем әдебиет мәтінін тауып қазақ тіліне аударыңыз және ерекшеліктерін айтыңыз.
Жағдаяттық тапсырма. Сіздің топтың бірнеше студенті «Энтел»
журналының тілшілеріне сұхбат беріп жатыр. Олардан біздің еліміздегі жоғары оқу орындарына «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығына қабылдау ережелерін Германиямен салыстыруды сұрады.
Тілшіге сіз не айтар едіңіз? Диалог: тілші, студент (7-8 ілікпе сөз).
Лексика-грамматикалық тест
1. Тиісті сөзді қойыңыз. Компьютер жадында сақталынатын немесе оны пайдаланушы енгізген деректер мен программалар, әрі оларды өңдеуден кейін алынатын нәтиженің барлығы ... деп есептелінеді.
а) ғылым ә) компьютер
8 б) дерек
в) ақпарат
2. Тиісті қосымшаны қойыңыз. Қазіргі замандағы қоғам дамуының бір ерекшелігі – индустриалды қоғам... ақпараттық қоғамға өту кезеңі.
а) –дар ә) –ы б) –нан в) –ған
3. Тиісті қосымшаларды қойыңыз. Әрбір әлеумет..., экономика... немесе инженер... жобаның жасалынуы мен жүзеге асырылуы оның ақпаратпен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты.
а) –тің, -дің, -н ә) –тік, лық, -дің б) –тік, -лық, -лік в) –тық, лік, -лық
4. Берілген сөздердің дұрыс аудармасын көрсетіңіз. Модельдеу, жүйелер, сипаттама, түпнұсқа.
а) моделирование, сети, характеристика (описание), оригинал а) моделирование, системы, характеристика (описание), оригинал б) моделирование, системы, характеристика (описание), вариант в) модель, системы, характеристика (описание), оригинал
5. Материалдық ресурстармен қатар ақпараттық ресурстардың жеткілікті болуы ненің кепілі?
а) адамзаттың табиғатты тануының ә) қоғам дамуының
б) адам танымының
в) қолданысқа болашақта енгізілетін жүйелердің дамуының
6. Көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойыңыз. Соңғы жылдарда ұлттың немесе мемлекеттің даму деңгейі, олардың дүниежүзілік рейтингі қоғамның ... тікелей байланысты деп есептелінеді.
а) дәрежесіне
ә) ақпараттандырылуына б) салауаттылығына в) деңгейіне
7. XІX ғасырдың соңында нені пайдалану телеграф, телефон, радио сияқты жаңа құралдарды пайдалануға мүмкіншілік берді?
а) су көзін ә) күн көзін
9 б) жел көзін
в) электр қуатын
8. Дұрыс аудармасын көрсетіңіз. Ғылыми аударма, пайымдау, құжат, пікір.
а) научная литература, рассуждение, мнение, документ
ә) художественная литература, перессказ, удостоверение личности, мнение б) научный перевод, доказательство, документ, отзыв
в) научный перевод, рассуждение, документ, отзыв
9. Тиісті сөзді қойыңыз. Калька тәсілі - ... аударуға қажетті амал.
а) ғылым әлемін
ә) ғылымдағы тәжірибелерді
б) ғылыми әдебиеттің нұсқаларын в) ғылыми әдебиетті
10. Дұрыс нұсқасын белгілеңіз. Ғылыми стильдің ерекшелігі – пайымдауды, пікірді, нақты бір құбылыстың дәйектемесін ... жеткізу.
а) логикалық шындыққа сәйкес емес ә) логикалық шындық туралы
б) логикалық шындықтың арқасында в) логикалық шындыққа сәйкес
3-тапсырма. Мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыз.
Ақпаратты өңдеуші және сақтаушы техникалық құралдардың (hardware) жұмыс істеу принциптері
Ақпаратты өңдеу – ақпаратқа қолданылатын амалдардың негізгісі.
Ақпаратты өңдеу үшін арнайы техникалық құралдар қолданылады. Қазіргі заманда ақпаратқа байланысты барлық амалдар интегралды (біріктірілген) түрде есептеу техникасының көмегімен орындалады. Ол үшін ақпарат формалды түрге немесе деректер құрылымы (ақпараттық объектілер) түріне келтіріледі.
Ақпаратты өңдеуде басты рөл атқаратын түсініктердің бірі – алгоритм туралы түсінік. Алгоритм ақпаратты өңдеу үдерісін сипаттайды және қандай амалдарды қандай тәртіппен орындаудың қажеттілігін көрсетеді. «Алгоритм»
немесе «алгорифм» деген сөз ІX ғасырда өмір сүрген, ондық сан жүйесінде төрт арифметикалық амалды қолданудың тәртібін көрсеткен, алғашқы алгебра пәні бойынша кітап жазған, орта азиялық ғалым аль-Хорезмидің атына байланысты.
Алгоритм дегеніміз ақпаратты өңдеуге бағытталған кез келген нақты есепті шешуге арналған және оны жүзеге асыратын орындаушыға берілетін ережелер мен командалардың (нұсқаулардың) жиыны.
10
Алгоритмді орындаушы дегеніміз есепті шешетін адам, компьютер, станок, техникалық жабдық және т.б. Орындаушының ерекшелігіне байланысты алгоритм сөзбен, графиктермен, кестелермен, формулалар тізбегімен және т.б. шартты белгілермен бейнеленуі мүмкін.
Ақпаратты өңдеу үдерісінде қолданылатын немесе алгоритмді жүзеге асыруға қажетті құралдар информатиканың негізгі екі кешенінен тұрады:
- программалық жабдық (software);
- техникалық құралдар (hardware).
Қазіргі заманда негізгі алгоритм орындаушы – ЭЕМ (электронды есептеуіш машина) немесе компьютер (computer – есептегіш). Егер компьютерлік техника пайдаланылатын болса, онда ақпаратты өңдеуге арналған алгоритм программалау тілінде бейнеленуге немесе компьютерге түсінікті әрі берілген тапсырманы орындауға қажетті программа түрінде оның жадына енгізілуі тиісті.
ЭЕМ дегеніміз ақпаратты өңдеу мен есептеулер үдерісін автоматтандыруға арналған электрондық құрылғы. Өңделінетін ақпараттың түріне байланысты электронды есептеуіш машиналар үш түрге бөлінеді:
- цифрлық есептеуіш машиналар (ЦЕМ) цифрлы (дискретті) түрдегі ақпаратты өңдеуге арналған;
- аналогты есептеуіш машина (АЕМ) үзіліссіз өзгеретін ақпаратты өңдеуге арналған;
- гибрид (будан) есептеуіш машина (ГЕМ) дискретті де, үзіліссіз өзгеретін де ақпаратты өңдеуге арналған.
XX ғасырдың 40-жылдары пайда болған алғашқы ЭЕМ-дерден бастап қазіргі заманғы компьютерлерге дейінгі даму тарихында есептеу техникасы мен оларды жасаудың технологиясы көп өзгеріске ұшырады. Ғылым мен техниканың барлық жаңалықтары есептеуіш машиналар мен олардың құрылғыларын жасауда алғаш болып пайдаланылды. ЭЕМ-ді құрастырудың жалпы принциптерін 1945 ж. АҚШ математик-ғалымы Джон фон Нейман ғылыми конгресте жариялаған болатын. Қазіргі заманғы компьютерлердің де жасалуының негізі болып осы принциптер қалуда.
Сөздік амал – операция, метод
техникалық құрал – техническое средство құрылым – структура
үдеріс – процесс жүйе – система
бағытталған – направленный жүзеге асыру – осуществлять ереже – правила
жабдық – оборудование кешен – комплекс
11
3.1 Мәтіннен термин сөздерді тауып, мағынасын түсіндіріңіз.
3.2 Мәтіннен анықтауыштық сөз тіркестерін тауып аударыңыз.
3.3 Аударылған сөз тіркестерінен мәтіннен өзге сөйлемдер құрастырыңыз.
3.4 Мәтіннің мазмұны бойынша сұхбат құрастырып, оны рөлге бөліп айтыңыздар.
3.5 Не дегеніміз не құрылымдарымен келген сөйлемдерді тауып, аударыңыз.
3.6 Санамалау принципімен келген сөйлемдерді табыңыз, жасалу жолын түсіндіріңіз.
3.7 Алгоритм және алгоритмді орындаушы терминдеріне анықтама беріңіздер.
... ...
... ...
... ...
... ...
... ...
4- тапсырма. Берілген ақпаратты оқып, сұрақтарға жауап беріңіз.
Ғылыми-көпшілік және ғылыми-техникалық аударма
Ғылыми аударма және ғылыми-техникалық аударма түрі бар. Бұлардың аудармасын жасау үшін аудармашы алдымен ғылыми-техникалық ақпараттан хабардар болуы тиіс.
Ғылыми-техникалық ақпарат үш ағымға бөлінеді:
1) Патенттік әдебиет – ақпарат алмасудың негізгі түрі, қалай болғанда да ол ғылым мен техника саласындағы жаңа дүниенің бәрі патент сипатында және оның туындылық түрінде ресми құжатталынып тіркелінеді.
2) Ғылыми-техникалық ақпарат алмасу үшін арнайы тағайындалған мерзімдік кезең, мәселен, салалық бюллетендер, мазмұнды рефераттар, түйіндеме және атауы, салалық ғылыми-техникалық журналдар, арнайы сипаттағы пікірталастық өзекті мәселе көтерген есептік мақалалар, тақырып атаулары тізімделген библиографиялық көрсеткіштер, өнертапқыштық және өндіріс өнімдерінің заттары, сондай-ақ аталған сала бойынша түйіндеме мен тақырыптық шолу.
3) Әртүрлі мерзімдік және мерзімдік емес басылымдар және басқа да ғылыми-техникалық ақпарат алмасу үшін арнайы бекітілмеген, алайда осы мақсатта пайдалана беруге болатын ақпарат көздері: мысалы, арнайы кітаптар мен журналдар, жарнамалық материалдар, нұсқаулар және сол тектес арнайы ақпараттық көздер.
алгоритм алгоритмді орындаушы
12
Ғылыми және техникалық материалдардың терминологиямен сәйкестік табуы аудармашыдан терминологияны өте жақсы білумен қатар, аударма процесінде өзара қызмет жасайтын екі тілдің лингвистикасын, тілдік құрылымын жақсы білуді талап етеді. Оларды орынды, дұрыс қолдана білу аудармашының қабілеттілігіне байланысты.
Ғылыми-техникалық сипаттағы арнайы мәтіндер аудармасы арнайы қызметтік әдістемелер арқылы жүзеге асырылуымен бірге, көркем әдебиет аудармасынан дәлдігімен, ықшамдылығымен, қысқалығымен, айқындылығымен, жинақылығымен ерекшеленеді. Ғылыми аударма термині жиі қолданыла отырып, өзінің мағынасы жағынан «ғылыми-техникалық аударма» терминімен сәйкеседі. Дәл сондай мағынаға техникалық мәтіндер аудармасы да ие болады.
Ғылыми және техникалық мәтін белгілі бір ғылым, техника саласына негізделеді. Кез келген ғылым, техникалық мәтін зерттеу еңбекті ғылыми түрде мазмұндауға арналған қалыпты сөздер жиынтығымен, ережелермен, қосымша белгілер жүйесінің бай қорымен бір-бірінен ерекшеленеді (бұған техникалық мәтін, түрлі сұлбалар мен сызулар қосылады). Ғылыми мәтінді жазудың қатаң заңдылығы бар, белгілі бір синтаксистік, морфологиялық құрылымдары, бірыңғай орамдағы сөздер, бірыңғай стиль қалыптасқан.
Мұнда басы артық сөз болмайды. Әрқайсысы қаланған кірпіштей өз орнында тұрады. Әр сөз ғылыми, техникалық шығарманы сипаттау, талдап түсіндіруге бағытталады. Ғылыми мәтіннің когнитивтігі ақпаратты жеткізуге арналған.
Мұндағы сөйлемдер құрылымы күрделі және олар сөз жасау моделі бойынша құрылады. Әр сөздің деректілігі, ақпараттық мағынасы бар. Ең бастысы терминдер жиі кездеседі. Терминдерді бар мағынасындағы сәйкесетін баламалармен аудару керек. Мағыналық жақындықтағы сөздер термин қызметін атқара алмайды. Мұнда терминологияның жалпы ғылыми қабатын құрайтын лексикалар қолданылады. Ғылыми-техникалық мәтіндердің негізгі ерекшеліктері:
- эмоционалдық бояудан айырылуы;
- қазіргі заманғы жазба әдеби норманың бейтарап нұсқасына жатқызылатындығы;
- стилистикалық тепе-теңдіктегі синонимдерге бай екендігі.
Мысалы, «маңызды рөл атқарады», «маңызды мәнге ие», «маңызды сипат алады» т.б. синонимдік орамдар. Мұнда қысқартулар да қолданылады.
ЭКГ – электрокардиограмма, ҒТБ – ғылыми-техникалық бағдарлама т.б.мәтіндегі синтаксистің күрделілігі аудармада ұқыптылықты талап етеді. Ең бастысы аудармада олардың логикалық құрылымы жағынан тұтастығын, байланысын бұзбау. Сондықтан аударма логика жағынан қисынды, тұжырымды, дәлелді болуы тиіс. Ғылыми мәтін түсінікті, айқын, нақты сипатымен тез меңгеріледі. Ойға тез қонады.
Ғылыми аударма арнайы ғылыми мәтіндер аудармасынан тұрады.
Ғылыми әдебиет аудармасында аударма аталған тіл нормасына сәйкес келуі тиіс.
13
Техникалық әдебиетті аудару аударма түрінде алдыңғы орында аударылатын мәтіннің сипатын, негізін, мәнін түсінуден келіп шығады. Қай салада қабылданып, бекітілген стандартты терминологияны қолдануға айрықша нұсқау жасалады. Сипаттамалық аударма қазақ тілінде аталған термин сөздің баламасы жоқ жағдайда ғана қолданылады.
Техникалық әдебиет аудармасы үлкен техникалық білімді, ғылымның жетістіктерімен жете танысуды, сол салаға мамандануды болмаса терең хабардар болуды қажетсінеді. Сондай-ақ аудармашының сенімді көмекшісі ғылыми-техникалық сөздіктер болып табылады.
Ғылыми-техникалық мәтінге ғылыми мақалалар, монография, техникалық сипаттама жатады. Әр саланың өзіндік қолданылатын қалыпты стилі, термині, мәтіндік құрылымы болады. Бұл саладағы шығармаларды аударуға сөздік те аздық етеді, кәсіби маман біліміне, тәжірибесіне де сүйенген дұрыс. Ғылыми мәтіндер қатаң морфологиялық және синтаксистік құрылымға ие, сөздің бірыңғай орамдары, біркелкі стиль қалыптасқан.
Терминдерді мағынасы жағынан жақын сөздермен ауыстыруға жол берілмейді. Ғылыми-техникалық еңбектер аудармасында артық сөз қолдану қателікке әкеп соғады. Қысқарған сөздердің мағынасын бастапқы мәтіндерінде жақшаға алып, толық нұсқасын жазу артық болмайды. Ғылыми мәтіннің коммуникативтік міндеті – білімнің белгілі бір саласына сай жаңа мәліметтерді жинақтау. Аудармашының ғылыми жұмыс, зерттеу, монографияның жалпы мазмұнымен терең танысуы, оны жақсы меңгеруі істің нәтижелілігін береді. Ең бастысы аудармаға ұдайы ізденіс, психологиялық, кәсіби әзірлік керек.
Ғылыми-көпшілік мәтінді аудару ғылыми-техникалық аудармаларға қарағанда оңай. Алайда мүлде жеңіл деуге де болмайды. Кейде мұнда шұбалаңқы сөйлемдер, күрделі бірліктер, тіркестер, анағұрлым ұзақ ережелер, пайымдаулар, жаттығулар, түсіндірмелер басым болуы мүмкін.
Мұнда синтаксистік құрылымдар тұтастай қарапайым, алайда коммуникативтік тапсырма күрделі, өйткені оның құрылымы әр алуан сипатты. Мұның міндеті – оқырманға танымдық ақпаратты жеткізу әрі бір мезгілде соған тарта білу.
4.1 Ғылыми-техникалық ақпараттың ағымдарын атаңыз.
4.2 Ғылыми-техникалық мәтін несімен ерекшеленеді?
4.3 Ғылыми-техникалық мәтінді аударушыға қандай талаптар қойылады?
Жағдаяттық тапсырма. Жұп болып жұмыс істеңіз. Сіз бір журналдың тілшісісіз. _______ кездесіп, одан сұхбат (интервью) алдыңыз. Сұрақтардың үлгісін қалпына келтіріп, жауап беріңіз.
1) Фирмаға қашан келгені.
2) Алған білімдері.
3) Не себепті осы саланы таңдаған.
14
4) Осы ұжымда қанша жыл жұмыс істеген.
5) Қандай қызметтер атқарған.
6) Өміріндегі ең қиын сәттері.
7) Қазір фирмалары немен айналысып жатыр.
Лексика-грамматикалық тест
1. Дұрыс жауапты белгілеңіз. Қазіргі заманда ақпаратқа байланысты барлық амалдар интегралды (біріктірілген) түрде қалай орындалады?
а) есептеу техникасының көмегімен ә) техникалық жабдық көмегімен б) алгоритм көмегімен
в) программалық жабдық көмегімен
2. Тиісті қосымшаны қойыңыз. Физикалық модельдер зерттеліп отырған процестер..., оның физикалық мәні... сақтай отырып бейнелейді.
а) –ді, -н ә) –ды, -н б) –ды, -ын в) –ді, -ін
3. Тиісті сөзді қойыңыз. Орындаушының ерекшелігіне байланысты алгоритм ... және т.б. шартты белгілермен бейнеленуі мүмкін.
а) сөзбен, әріптермен, кестелермен, формулалар тізбегімен ә) сөзбен, графиктермен, кестелермен, формулалар тізбегімен б) ыммен, графиктермен, сөйлемдермен, формулалар тізбегімен в) дыбыспен, ойынмен, пішіндермен, нұсқаулықтар тізбегімен
4. Дұрыс берілген анықтаманы белгілеңіз.
а) Алгоритм дегеніміз ақпаратты өңдеуге бағытталған кез келген нақты есепті шешуге арналған және оны жүзеге асыратын орындаушыға берілетін сөздер мен бұйрықтардың (нұсқаулардың) жиыны.
ә) Алгоритм дегеніміз ақпаратты өңдеуге бағытталған кез келген нақты есепті шешуге арналған және оны жүзеге асыратын орындаушыға берілетін үдерістер мен командалардың (нұсқаулардың) жиыны.
б) Алгоритм дегеніміз ақпаратты өңдеуге бағытталған кез келген нақты есепті шешуге арналған және оны жүзеге асыратын орындаушыға берілетін ережелер мен командалардың (нұсқаулардың) жиыны.
в) Алгоритм дегеніміз ақпаратты өңдеуге бағытталған кез келген нақты есепті шешуге арналған және оны жүзеге асыратын орындаушыға берілетін қағидалар мен жабдықтардың жиыны.
5. Дұрыс тіркесті анықтаңыз.
а) программалық жабдық, техникалық құралдар
15 ә) программалы жабдық, техника құралдар б) техникалық модельдеу, физика күш
в) жабдықта жиыны, орындаушыға берілетін
6. Тиісті сөзді қойыңыз. Ғылым мен техниканың ... есептеуіш машиналар мен олардың құрылғыларын жасауда алғаш болып пайдаланылды.
а) байырғы жаңалықтары ә) барлық жаңалықтары б) бірқатар жаңалықтары в) құнды жаңалықтары
7. Берілген сөздерді ретімен дұрыс аудармасын белгілеңіз. Үдеріс, үрдіс, сұлба, мекеме, кәсіпорын.
а) тенденция, процесс, схема, учреждение, предприятие ә) тенденция, процесс, учреждение, схема предприятие б) процесс, тенденция, схема, учреждение, предприятие в) тенденция, процесс, учреждение, схема,предприятие
8. Аудармашы болу үшін қандай қасиеттер болу керек?
а) екіжақты ізденіс, психологиялық, кәсіби әзірлік ә) ұдайы ізденіс, психологиялық, кәсіби шеберлік б) ұдайы ізденіс, педагогикалық, кәсіби әзірлік в) ұдайы ізденіс, психологиялық, кәсіби әзірлік
9. Тиісті сөзді қойыңыз. Ғылыми мәтінде ... көп кездеседі. а) диалект сөздер
ә) ауыспалы мағыналы сөздер б) көп мағыналы сөздер
в) терминдер
10. Тиісті сөзді қойыңыз. Ғылыми мәтіннің коммуникативтік міндеті – білімнің белгілі бір саласына сай жаңа мәліметтерді ... .
а) жинай беру ә) теріп ала беру б) сұрыптап алу в) жинақтау
5-тапсырма. Мәтінді оқып, мағыналық бөліктерге бөліңіз, тақырыпшасын қойыңыз.
Цифрлық автоматтарды құрастырудың логикалық негіздері
Электронды есептеуіш машинаны құрастыруда оған қойылатын талаптар бойынша ақпаратты өңдеу өте жылдам болуы тиіс. Сондықтан ең
16
жылдам ақпарат тасымалдаушы ретінде электрмагниттік құбылыстарды, дәлірек айтқанда, электр тогы болуы тиіс екендігі түсінікті. Ақпаратты тасымалдайтын құбылыс сигнал деп аталынады. Ол сигнал қандай болуы тиіс?
Егер электр тогының табиғатын қарастырсақ, онда сигнал екі мәннің бірін ғана қабылдайды: ток бар (бір) немесе ток жоқ (нөл). Мұндай конструкцияны реле деп атайды. Басқаша айтқанда, реленің көмегімен екілік мән беретін электр сигналын құрастыруға болады.
Джон фон Нейманның принциптерінің негізінде құрастырылатын есептеу құрылғысы екілік есептеу жүйесінде жұмыс істеуі тиіс екендігі осыған байланысты. Есептеу техникасында және басқа автоматтық құрылғыларда реле элементтерінде ауыстырғыштар, айырғыштар және т.б.
элементтердің кеңінен пайдаланылатыны белгілі. Ондай сұлбаларды құрастыру кезінде логика алгебрасының аппараты қолданылады.
Кез келген дискретті (цифрлы) есептеу құрылғысының негізін қарапайым логикалық сұлбалар құрайды. Бұл сұлбалардың жұмысы логика алгебрасының заңдары мен ережелеріне негізделген.
Логика алгебрасы дегеніміз айтылған пікірдің логикалық мәндері (шындығы немесе жалғандығы) оларға қолданылатын логикалық амалдары жағынан зерттейтін математика бөлімі.
Логика алгебрасының құрастырушысы ағылшын ғалымы Дж. Буль. Ол 1854 жылы ойлау логикасын математика әдістерімен зерттеуге байланысты құрастырған болатын, оны математикалық әдебиетте буль алгебрасы деп те атайды. Басқа формалды математикалық жүйелер сияқты буль алгебрасы да үш жиыннан тұрады: элементтер, операциялар және аксиомалар.
Элементтер. Есептеу құрылғыларының сұлбасын үш топқа бөлуге болады: орындаушы, ақпарат беруші және басқарушы. Орындаушы бинарлық түрдегі ақпаратты өңдейді, екіншісі бинарлық түрдегі ақпаратты жеткізеді, ал үшіншісі тиісті сигналдарды жинақтап, басқару функцияларын орындайды.
Барлық жағдайда және логикалық сұлбаның барлық нүктесінде сигнал екі деңгейде бинарлық символдармен {0,1} немесе логикалық мәндермен {True, False}бейнеленеді. Сондықтан буль алгебрасының элементтерінің жиыны бинарлық болады В= {0,1}. Кейде буль алгебрасын бинарлық алгебра немесе ауыстырғыштар алгебрасы деп те атайды. Цифрлық автоматтарда ақпаратты буль алгебрасының екі элементінің көмегімен бейнелейтіндігі осыған байланысты.
Операциялар. Буль алгебрасының негізгі операциялары:
- AND (және) логикалық көбейту операциясы немесе конъюнкция;
- OR (немесе) логикалық қосу операциясы немесе дизъюнкция;
- NOT (жоқ) логикалық терістеу немесе инверсия.
Операцияларды орындалу кезінде эквиваленттік қатынас белгісі = және жақшалар ( ) қолданылады. Жақшалар операциялардың орындалу тәртібін көрсетеді. Егер жақшалар жоқ болса, онда операциялар келесі тәртіп бойынша орындалады:
- логикалық терістеу;
17 - логикалық көбейту;
- логикалық қосу.
Аксиомалар немесе постулаттар. Буль алгебрасының негізгі аксиомалары немесе постулаттары:
Егер екі айнымалы шаманың ең болмағанда біреуі 1-ге тең болса, онда олардың дизъюнкциясы 1-ге тең болады: 0 + 0 = 0; 0 + 1 = 1;1 + 0 = 1;1 + 1=1.
Сөздік тасымалдау – перенос
құбылыс – явление құрастыру - составлять
ауыстырғыш – переключатель ақпарат - информация
басқару - управление сұлба – схема
көбейту – умножить терістеу – отрицание
5.1 Мәтіннен тірек сөздерді тауып, орыс тіліне аударыңыз.
5.2 Тірек сөздер арқылы атаулы сөйлем түрінде жоспар құрыңыз.
5.3 Жоспар негізінде мәтінді толық мазмұндаңыз.
5.4 Мәтін сөйлемдерінің құрылымдарына (не арқылы, ненің көмегімен, ненің арқасында не болды, ненің әсерінен не болады т.б.) талдау жасаңыз, мағынасын ашып көрсетіңіз, сол сөйлемдердің орыс тіліндегі баламасын табыңыз.
5.5 Мәтіннің көмегімен сөйлемдерді толықтырып, аталған 3 мәселенің неге байланысты айтылғанын тауып, жауабын көрсетілген торға жазыңыздар.
1. ... сигнал 2. ... реле
3. ... логикалық сұлба
6-тапсырма. Берілген мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіз.
Жазбаша аударма
Техникалық аударманың негізгі формасы толық жазбаша аударма болып табылады. Барлық ғылыми-техникалық ақпарат тек осылай өңделеді. Сапалы техникалық аударма жасау үшін аудармашыдан бірнеше кезеңдерден өтуге тура келеді.
1-кезең. Түпнұсқаны аударуға кіріспестен бұрын аудармашы мәтінді бір немесе бірнеше рет оқуға тура келеді. Бұл түпнұсқа тіліндегі айтылмақшы
18
ойды анықтап, контекстегі сөздердің мағынасын дұрыс ажырату үшін қажет алғы шарттардың бірі. Мәтінмен танысу нәтижесінде аудармашыда түпнұсқа мазмұны бойынша күмән туса, ол тапсырыс берушіге бұл жөнінде жазбаша хабарлайды. Егер мұндай жағдай қайталанбаса, аудармашы барлық ақпарат көздерін: сөздіктер, анықтамалықтар т.б. пайдаланып, екінші қайтара мәтінмен танысады.
Ескерте кететін бір жайт, аудармашы толықтай автордың жағына шығып, тұтастай ақпаратты беру тәсілін, дәлелдеу амалдарын қолданады.
2-кезең. Аудармашы түпнұсқаның бөліктерімен (кезеңдер, абзацтар, жеке сөйлемдер) жұмыс істей отырып, мәтіннің алғашқы аудармасын (черновой вариант) жасайды. Аудару кезінде мәтінді мазмұндаудың стиліне, сапасына, бірдейлігіне көңіл аудару қажет.
Үзінді аударылғаннан кейін маңызы бар қалып қалған ақпаратты толықтыру үшін ол түпнұсқамен салыстырылады. Жұмыстың бұл кезеңінде аударманың алдыңғы және кейінгі бөліктерінде қисынды байланыс болуына назар аудару керек.
3-кезең. Бұл кезеңде мәтіндегі нақты емес дәлелдерді жою, стилін, сапасын, бірдейлігін, мазмұндау ретін тексеру мақсатында тағы бір оқып, аударманы редакциялау қажет. Аудару қызметінде «стиль» деп келесі түсініктерді айтады:
- стиль - түпнұсқаның жеке тілдік бірліктерінің жиынтығы;
- стиль - дәстүрлі мазмұндау формасы (аннотация, реферат т.б.);
- стиль - ғылыми-техникалық әдебиетті аударғанда ойды беруде дәлдік, қысқалық, қарапайымдылық және терминологияның қолданылуы.
6.1 Техникалық аударманың негізгі формасы қандай аударма болып табылады?
6.2 Аудармадағы әр кезеңнің ерекшелігі неде?
6.3 Мамандығыңызға байланысты орыс тілінде берілген мәтін тауып, жоғарыдағы талаптарды басшылыққа алып, аударыңыз.
Жағдаяттық тапсырма. Есептеу техникасына еңбегі сіңген қайраткерлер жайында әңгімелеңіздер.
Лексика-грамматикалық тест
1. Тиісті сөзді қойыңыз. Электронды есептеуіш машинаны құрастыруда оған қойылатын талаптар бойынша ... өте жылдам болуы тиіс.
а) ақпаратты өндіру ә) ақпаратты өңдеу
б) ақпаратқа жылдамдық в) ақпаратпен танысу
19
2. Есептеу техникасында және басқа автоматтық құрылғыларда реле элементтерінде ауыстырғыштар, айырғыштар және т.б. элементтердің қалай пайдаланылатыны белгілі?
а) жақсы ә) толық б) кеңінен в) тар
3. Тиісті сөзді қойыңыз. Басқа формалды математикалық жүйелер сияқты буль алгебрасы да ... жиыннан тұрады: элементтер, операциялар және аксиомалар.
а) екі ә) бес б) үш в) төрт
4. Дұрыс баламасын белгілеңіз. Кездейсоқ сандардың көмегімен неше түрлі ықтималдық заңдылықтарына бағынышты кездейсоқ (величины), кездейсоқ (процессы) немесе кездейсоқ (потоков) компьютермен модельдеуге болады.
а) үдерістер, ағындар, шамаларды ә) шамалар, үдерістер, ағындарды б) шамалар, ағындар, үдерістерді в) шамалар, үрдістер, ағындарды
5. Тиісті қосымшаны қойыңыз. Дж. Буль 1854 жылы ойла... логикасы...
математика әдістері... зерттеу... байланысты құрастырған бол....
а) –у, -н, - мен, - ге, -атын ә) –у, -ын, - мен, - ге, -атын б) –у, -н, - бен, - ға, -етін в) –у, -ін, - пен, - қа, -йтын
6. Анықтауыштық сөз тіркестерінің қатарын табыңыз.
а) есептеу және құрылғылар, бөлуге болады, ақпарат беруші
ә) логикалық терістеу, басқару функциялары, автоматтандырылған басқару б) тасымалдаушы ретінде, ең жылдам, зерттеуге байланысты
в) артықшылықтар мен кемшіліктер, жиыннан тұрады, еңбегі сіңген 7. Дұрыс тіркескен сөздер қатарын белгілеңіз.
а) реленің көмегімен, электр сигналы, логика алгебрасының аппараты ә) элементтерінде реле, техникасында есептеу, тиіс жұмыс істеуі
б) кеңінен пайдалану, сұлбаларды ондай, құрылғысы есептеу
в) автоматтық құрылғыларда, есептеу техникасында, алгебра логика
20
8. Ғылыми-техникалық ақпарат қалай өңделеді?
а) сөзбе-сөз аударма арқылы ә) жазбаша аударма арқылы б) ауызша аударма арқылы в) мағыналық аударма арқылы
9. Аудару кезінде мәтінді мазмұндаудың несіне көңіл аудару қажет?
а) әдебилігіне, сапасына, бірдейлігіне ә) стиліне, сапасына, бірдейлігіне
б) стиліне, сапасыздығына, бірдейлігіне в) стиліне, сапасына, бірдей еместігіне
10. Аударманың соңғы кезеңінде қайта тексеру қалай аталады?
а) редакциялау ә) редактор б) редакция в) реакция
7-тапсырма. Мәтінді оқып, мазмұнын қысқаша айтыңыз.
Алгоритм және алгоритмдік жүйелер
Кез келген ақпаратты өңдеуге байланысты компьютерге берілетін тапсырманы есеп деп атайды. Есептің программасын құрастырудан бұрын алдымен оны орындауға арналған амалдардың тізбегі немесе осыған байланысты есептің шешу жолы анықталуы тиіс. Бұл жерде алгоритм туралы түсінік қарастырылады. Кез келген есепті шешу, белгілі бір жағдайда дұрыс шешім қабылдау немесе қойылған тапсырманы орындау – алдын-ала жобаланған амалдарды кезегімен орындауды қажет етеді. Қойылған мақсатқа жету жолында орындалатын амалдардың тізбегін алгоритм деп атайды.
Алгоритм шешілетін есептің жолын көрсетеді. Сондықтан есепті шешудің программасын құрастырудан бұрын оның алгоритмі құрастырылады.
Алгоритм туралы түсінік информатика мен программалаудағы негізгі түсініктің бірі болып есептеледі. Алгоритм (кейде алгорифм) деген терминнің өзі математикалық ғылым саласында жарық көрген алғашқы кітаптың авторы орта азиялық ғұлама ғалым әл-Хорезми атына байланысты пайда болған. Бұл кітапта алғаш рет ондық есептеу жүйесіндегі төрт арифметикалық амалдың орындалу ережелері құрастырылған болатын.
Алгоритмдер теориясы алғашқыда теориялық математиканың ішкі қажеттілігіне байланысты пайда болған. Математикалық логика, алгебра, геометрия және математикалық талдау алгоритмдер теориясының қолданылатын салалары болып есептеледі. Өткен ғасырдың 40-жылдары ЭЕМ-нің және басқарушы машиналардың пайда болуына байланысты алгоритмдер теориясының информатикаға байланысты саласы пайда болды.
21
ЭЕМ-нің пайда болуы және іс жүзінде қолданылуы алгоритмдер теориясының дамуына үлкен әсер етіп, ол қолданбалы сипат алды. Алгоритмнің есепті шешудегі маңызы аса зор. Себебі ЭЕМ-ге арналған программа алгоритм бойынша құрастырылады, сондықтан алгоритмнің қатесіз құрастырылуы оның негізінде жазылатын программаның дұрыс болуының кепілі. Есепті шешу оның алғышарттарын, онда қолданылатын деректерді және есептің мақсатын анықтаудан басталады. Әрбір есептің түріне байланысты өзіндік шешу әдісі және есептеу сұлбасы болады. Осы аталғандардың барлығы есептің алгоритмін құрастыруда пайдаланылады. Сонымен алгоритм дегеніміз берілген алғышарттардан қойылған мақсатқа жетудің дәл сипаттамасы.
Программа құрастырушының талаптарына сай болуы үшін алгоритм келесі қасиеттерді қанағаттандыруы тиіс:
1) Детерминдік (негізделгендік, анықталғандық). Алғашқы деректерге қолданылған ережелер мен амалдар үдерісі (есепті шешу жолы) бір мәнді түрде анықталған. Бұл дегеніміз математикалық есептің тек бір ғана шешімінің болуы туралы тұжырымға сәйкестігі.
2) Көпшілікке арналғандық. Алгоритм бір ғана есепті шешуге емес, бір типке жататын есептердің жиынын шешуге арналған болуы тиіс. Көпшілікке арналғандық дегеніміз алгоритмнің әмбебап болуы, ал жеке есептің алгоритмі оның алғашқы деректерінің мәндерін ғана өзгерту арқылы алынатындығы.
Алгоритмнің әмбебап болуы программаның да әмбебап болуын қамтамасыз етеді.
3) Нәтижелілік. Есептеу үдерісінің алгоритм бойынша ережелерінің белгілі бір орындалу қадамдарынан кейін есептеу нәтижесінің алынуы және есептеу үдерісінің тоқтатылуы.
Осы қасиеттердің негізінде алгоритмнің келесі толықтырылған анықтамасын келтіруге болады.
Алгоритм дегеніміз бір типке жататын есептердің кез келгенін шешуге оны (алгоритмді) орындаушыға мүмкіншілік беретін ережелер мен нұсқаулардың (командалардың) жиынтығы.
Сөздік тізбек - цепь
талдау – анализ
сала – сфера, отрасль, область кепіл – гарантия
әдіс – метод мақсат – цель
сипаттама – описание қасиет – свойство деректер – данные
әмбебап – универсальный қолданбалы – прикладной