1
Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ
БОЙТҰМАР
2
Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ
БОЙТҰМАР
«Нұра-Астана» баспасы, Астана –2014
3
УДК ББК С
Құрманбай Гүлтас.
БОЙТҰМАР
Астана: «Нұра-Астана», 2014. ...бет
ISBN
Гүлтас Құрманбайдың «БОЙТҰМАР» кітабы қыз бала тәрбиесіне және бүлдіршіндер тәрбиесіне арналған. Жаңа түскен келіннің міндеттері, өзін-өзі ұстау әдебі туралы қарапайым тілмен жазылған педагог-ұстаздың ақыл- кеңестері отау тіккен жастар үшін өте пайдалы. Кітаптың екінші бөлімі «Жақсы мінез сабақтары» деп аталады. Кішкентай бүлдіршін кезінен сәбиді тәрбиелі болуға, өзін барлық ортада дұрыс ұстауға, дұрыс сөйлей білуге үйрету қажет.
«Жақсы мінез сабақтары» дәл соған үйретеді.
Кітап көпшілік оқырманға, ата-аналар мен тәрбиешілерге арналады.
4
Құрманбай Гүлтас Сайынқызы -1958 жылы, 9-маусымда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Күреңбел аулында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұттық университеті, филология факультетінің түлегі.
Педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің профессоры, қазақ тілі, әдебиет және мәдениет кафедрасының меңгеушісі.
5
Бағың жансын, ақ көкем!
Қыз бала – шаңырақтың шаттығы, әкесінің еркесі, анасының тірегі, бауырларының қамқоршысы. Қыз бала дүниеге келгенде ата-ана, туыстары ешқашан ренжімеген, керісінше қатты қуанатын болған. Атамыз қазақ қызды қонаққа балаған, әрдайым төрге отырғызып, құрметтеген. Киімнің де, тамақтың да жақсысын қызға берген. Қыз баланың тәрбиесіне аса мән беріледі. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» деген сөздің астарында үлкен мән бар.
Елдің көркі болатын қызда біріншіден, ақыл-парасат болу керек. Тектілік, бекзаттық, киген киімі, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, қылығы мен мінезі сай болып, «пәленшенің қызы», «сол елдің қызы» деген мәртебелі атқа ие болған қыз жақсы жар, жақсы ана, жақсы келін бола алады.
Қызым, бұл кішкентай кітапша сенің бойтұмарың болсын деп арнайы жаздым. Өмір дегеннің жолы бар, қалыбы бар. Ал адам деген атқа лайық өмір сүрудің жолын өзің саласың. Адам бақытты да өзі жасайды. Біреудің ісін, жұмысын жасап беруге болар-ау, бірақ өмірін сүріп бере алмайды.
Құлыным, қыз тағдырын Жаратушы Иеміз осылай шешкен. Оған ешкім де қарсы бола алмайды. Ал дана халқымыз: «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деп, тоқетерін айтқан. Қыз дәурен мен келін дәуреннің айырмашылығы өте үлкен. Оны білуге тиіссің. Өз үйіңдегі өмір салтыңды өз үйіңде қалдыр.
Келін болғанда саған келіннің жолымен жүруге тура келеді.
Әсіресе жаңа түскен келін бір жылға дейін сынақта болады, үйдегі ата- енеңнен бастап, ол үйдің басқа ағайын-туыстары, жекжат-жұраттары сынап қарайды, тақырыптары да сен туралы болады. Келіннің шайын ішеміз деп сынап келетіндер де табылады. Келген қонақ тамағыңнан да бұрын қабағыңды қабылдайды. Сол себепті адамдарды бөліп-жармай бірдей құрметте. Жылы қабақ таныт. Шаршағаныңды білдірме. Тамақты соншама ықыласпен жасап, риясыз таза жүрекпен ұсын. Ыдыстарың айнадай таза болсын. Әйелдің жақсы, жамандығы ыдыс-аяғы мен шыны аяқ сүртетін орамалдың тазалығынан көрінеді. Ешқашан сынған ыдысқа тамақ құйып берме. Ол адамның көңіліне келеді. Ұйқың келіп бара жатса да, ыдыс-аяқты жумай жатып қалма.
Дастарқаныңды жинап, тамақтың бетін ақ орамалмен жауып қой. Жуылмаған
6
ыдыстарға жаман энергетика жабысып қалады. Ол адам денсаулығына да өте зиян болады.
Келін – сол үйдегі барлық жандарға қамқоршы. Ол бірінші өзінен бұрын жолдасын, азаматын ойлауға тиіс. Азаматтың ішетін тамағын, киетін киімін әзірлеу – әйелдің ісі. Тек күйеуің ғана емес, сол үйдегі ата-енеңнің, туыстардың да ішер асын ойлаған артық болмайды. Ер адамның бой тазалығы, киген киімінің тазалығы – әйелдің төлқұжаты. Жаным, байқасаң мұның бәріне уақыт керек. Ал уақытты орынды пайдалану – өнер. Келін – үйдегі таңғы періште. Ол бәрінен ерте оянып, ас әзірлеуге тиіс. Өзі қызметке асығатын болса да, келіндік парызын дұрыс орындау керек.
Жастықтың өз қуаты, күші болады. Адамның жасы ұлғайған сайын қимыл-қозғалысы бәсеңдей береді. Сол себепті де Алланың жоспарлы кезеңімен адамдар өмір сүреді. Баланы адам қартайғанда емес, жас кезінде табады, асырап-жеткізуге күші бар кезде. Ал қайраты кеми бастағанда келін түсіріп, қолын ұзартады, сүрінсе сүйеу болатын, бал тілімен ермек болатын немерелер дүниеге келеді. Осы жолмен, жан балам, бізден бұрынғылар да жүрген, біз де жүрдік, сендер де жүресіңдер. Солай...
Қызым, ер азаматыңды сыйлай біл. Ешқашан оған ұнамайтын қылық жасама. Сабырыңды серік ет. Оның істегені дұрыс болмаса да, бетінен алма, жұрттың көзінше кемшілігін айтпа. Үйге келгенде, екеуің оңаша қалғанда, сені жақсы көріп тұрғанда жай дауыспен, алдын ала дайындап барып, айтсаң ол түсінеді. Сен сондай құрмет көрсетсең, жолдасың сені одан да бетер жақсы көріп, қолдайтын болады.
Бір-бірлеріңді түсінуге тырысыңдар, кешірімді болыңдар. Естеріңде болсын, кешірімді кім ерте сұраса – сол ақылды.
Айналадан, ата-анадан, туыстардан азды-кем сөз есітіп жатсаңдар, ұсақ- түйек кемшілік көріп жатсаңдар, іштеріңе сақтаңдар. Кемшіліксіз тек бір Алла ғана. Пенде болған соң кемшілік болады. Ұсақтық ұсақтарға ғана жарасады, ал сендер ірісіңдер. Жүрегінде махаббаты бар жандар ұсақ болмайды.
Айналайын қыздар, іштей маған өкпелеп отырған шығарсыңдар. «Неге ер азаматтардың парызын айтпайды» деп. Ер азаматты Алла Тағалла үлкен махаббатпен жаратқан. Бірінші Адам атаны, сонан соң оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Неге қабырғасынан? Себебі қабырға жүрекке жақын. Әйел адам ер азаматтың жүрегіне жақын, сезімін, сүйіспеншілігін оятады. Ер азаматтар өздерінің парызын біледі. Әйел адамды құрметтеу, көмек беру, киіндіру, қалағанын алып беру олардың тікелей парызы. Үйленген соң әйел еркекке
7
аманат. Алланың аманаты. Сондықтан аманатқа қиянат жасалмайды. Ер азамат ол парыздарын біледі. Және олардың әйел баласынан тағы бір артықшылығы – ірілігі, мәрттігі, сабырлығы. Нағыз ер адам ұсақ-түйекті термейді, ұсақ әңгімелерді тыңдамайды, тар болмайды, жүрегімен де, қолымен де жомарт болады, әйелдер сияқты ашуға тез берілмейді. Әйел бір күндігін ойласа, ер адам мың күндігін ойлайды. Олар қашанда кешірімді болады, әйелдердің мінезіндегі осал тұстарын «әйелдің аты әйел ғой» деп кешіре салады.
Сондықтан да оларға қандай ақыл айтуға болады? Олар бәрін біледі. Екі жақтың ата-аналарын сыйлайды, балаларына қарайды, ойнатады, әйелі үлгермей жатса көмектеседі, өзін ғана ойламайды, не алса да бірінші өзіне емес әйеліне, балаларына алады. Адам сыйлауды, дұрыс қарым-қатынас жасауды, ішкілікке салынбауды, құмар ойын ойнамауды... Бәрін біліп тұрған адамға ақыл айтып, басын ауыртудың қажеті қанша?
Ал енді бала тәрбиесі туралы айтуға болады. Себебі ол жағынан тәжірибелерің аз. Бір қызығы 1970 жылдан бері қарай әр отбасында ары кетсе үш немесе бір-екі тал ғана бала болды. Оның әр түрлі себептері де бар.
Қалалық жерде тұрған қазақтардың үй-жайлары болмады, пәтер жалдап тұрды.
Балалары көп болса, пәтер беруші түрлі сылтау айтып шығарып тастады. Аз жалақының үлкен бөлігі пәтер ақысына кетеді. Сондықтан (көп жағдайда) қаладағы отбасыларында бала аз болды. Енді бір тал, екі тал баланы қатарынан кем қылмаймыз деп, тапқанын, таянғанын сол балаларына жұмсады. Еркелетті, жұмыстың ауырын жасатпады, «құрсын, қиналсақ өзіміз қиналайық, балаларымыз қиналмасын. Біздің көрген қиындығымызды бұлар көрмесін» деп, балаларына үй-жай жасады, 18 жасқа тоған күні машина сыйлайды. Үй-жай жасау, машина алып беру оңай емес. Ол үшін ата-аналар бір емес, бірнеше жерде жұмыс жасайды. Үйдегі тоңазытқышты толтырып қойып, күні кешке дейін телевизор көріп, үйді тазалауға ерініп жатқан балаларын айналып- толғанып, анасы дәмді тамақ пісіріп, кір жуып, киім өтектеп, артылған күшін қайын жұрты мен, төркін жұртынан ағылып келіп жататын абитурент, студент, олардың ата-аналарына жұмсап, түннің бір уағында төсегін табар-таппас қисая кетеді. Осындай өмір салты 90% қалада тұратын қазақ отбасыларының басында болды. Осы өмір салтымен біздер өзімшіл, ата-ананың қадірін біле бермейтін, ата-анасы ақыл айтса жек көретін, еңбек етуге құлқы жоқ ұрпақты «тәрбиелеп»
алғанымызды білмей де қалдық. Бұның бір қауіпті жері бар. Ол – ген (қан) қуалап кетеді. Оны тез арада санамен ойлап, өзгерту керек. Өзгертетін ұрпақ сендерсіңдер. Біріншіден қазіргі жастарға ата-аналары бар жақсылықты жасап
8
берді. Енді олар қорықпай ұрпақтарын көбейту керек. Отбасында ең кемі бес бала болғаны дұрыс. Балалар бірге өсіп, бауырмал болып, мейірімін төккен ата- аналарының қадірін біледі. Ата-анаға қамқор болады. Бірін-бірі тәрбиелейді,есейгенде бір-біріне қолдау көрсетіп, сүйеу болады. Оларды кішкентай кезінен еңбекке баулу қажет. Үйдегі, сырттағы бар шаруаны бөліп тастап, талап етіп отырған дұрыс. Баланың істеген қателігін елемей қоя салуға болмайды. Ол өз әрекетіне жауап беріп үйренсін. Өмір деген үлкен сынақта оны ешкім де еркелетпейді. Осы кітаптың соңғы жағына «Жақсы мінез сабақтары»
деген бала тәрбиесіне жазған еңбегімді беруім мүмкін)))
Той – өмірдің қуанышты естелігі
Өмірдегі ең үлкен той үйлену тойы. Екеуіңнің отбасын құрғандарыңды көпшілікке жария етіп, ең көп тілек тыңдап, бата алатын той осы той. Қызды ұзату тойының да мән-мағынасы сондай. Қыздың өз еліндегі соңғы тойы. Оны ата-ана қыздарының жолын ашу үшін, елінен, ағайын-туыстарынан бата алу үшін жасайды. Қыздың ұзату тойына көп қонақ шақырмайды. Себебі бұл шағын, уақыты шектеулі той. Мұнда ең бастысы рәсімдерге мән беріледі.
Айтылған ақ тілек, баталарды мұқият тыңдау керек. Қазақта «қырықтың бірі – қыдыр» деген түсінік бар. Сол көптің ішінен бір адамдардың сөзі дуалы (қасиетті) болып, періштелер есітіп, аумин дейді. Сол тілектер орындалады.
Қызды шығарып саларда сәукеле кигізеді де, қызыл орамалын алып қалады.
Сәукелені сақтап қою керек. Оны басқа адамдарға беруге, кигізуге болмайды.
Кейін өз қыздарың тұрмысқа шыққанға кигізуге болады. Немесе өз шаңырақтарыңның киелі заты болып, сақталуы қажет.
Ұзатылар кезде жасы үлкен ата-әжелері бата береді. Әжесі немесе анасы қыздың мойнына тұмар тағады (тіл-көзден сақтап жүрсін деген ниетпен). Жолы үлкен, ауылдың дана аналарының бірі арнайы тігілген камзолды кигізеді (ырысым жұғысты болсын, иығы төмен түспесін, елдің алды болсын деген ниетпен), қыз анасы сәукелесін кигізеді (адал жар, мендей ана болсын деген ниетпен). Қарт әже құдағиға перзентін тапсырып: «Құдағи қолыңызға асыл тасы бар құдағи жүзікті тағайын, қызымыз асыл тастай жарқырап жүрсін, қымбатыңыз болсын, бізден кетіп барады, Алла бағын ашсын. Сіздерге жақсы келін болсын, күйеу баламыз екеуі елдің бетке ұстар азаматтары болсын. Ақ батамды періштелер қолдап, Алла берсін. Аумин» дейді. Құдағи алғысын білдіріп, қыздың ел-жұртына рақметін айтып: «балалардың бесік тойында қосарлы құдағи жүзігін сізге сыйлауды Алла нәсіп етсін» дейді. Содан кейін
9
сыңсу әні орындалып, асабаның қоңыр даусымен қыз төселген ақ жолға келіп тұрады. Қыз баланы екі жеңгесі қолтықтап, күйеу жігітке тапсырады, күйеу жігіт екі жеңгесіне тапсырады, ары қарай келіннің екі абысыны қолтықтап алып кетеді. Күйеу жігіт қолтықтап алып келген екі жеңгеге жоралғы (сыйлық) жасауға тиіс. Ұзатылып бара жатқан қыз бала артына қарауға болмайды.
«Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген мақалдың мәнін түсін. Ол деген барған еліңді жатсынба, тас сияқты бол. Ол сол жерде ғасырдан-ғасыр өткізіп жатқан тас, оны сол елдің әр адамы таниды. Ал судай сіңу деген – барған еліңде көгер, көкте, сол елді көрікті ет дегенді білдіреді.
Бұдан кейінгі тойларыңды екеуің жасайтын боласыңдар. Үйлеріңе қонақ келіп, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, т.б. көптеген тойларды өткізесіңдер. Сонда әр тойдың өзінің жазылмаған ережесі болады. Соны орындау керек. Жандарым, қашанда той кезінде де, басқа уақытта да қанағатшыл болыңдар. Тойдың жүгірісі де көп болады. Сондай сәттерде сабырлы болыңдар. Бір-бірлеріңді ренжітіп алып, келген қонақтың көзінше томсырайып отырсаңдар жараспайды, ұят болады. Жалпы ерлі-зайыптылардың арасындағы әңгіме сыртқа шықпағаны жақсы. Ұрсыспайтын отбасы жоқ. Бірақ шекарадан аспаған дұрыс, қазбаламау керек. Сөз қуған адам бәлеге жолығады.
Бәленің басы ажырасу болады. Отбасын қандай жағдайда да сақтау керек. Оған әр азаматтың санасы жетіп, өзінің қасиетті шаңырағын шайқалтпай ұстап тырысқаны жөн. Үйлену оңай, үй болу қиын деген бабаларымыз ескерту ретінде көп дүниелерді айтып кеткен.
Қит етсе төркінге қашып, төркінге айтып отыратын қасиет – өте жаман қасиет. Ол ақылдылық емес. Қаншама адамдардың жүрегін ауыртып, ұйқыдан бездіріп, сарсаңға салу қайбір жақсы. Одан да сабыр сақтап, татуласудың жолын ізде. Бұрынғы кездері қыз бала ұзатылып барған соң, кішкентайлы болғанда ғана нағашысына жиенді апарып, қырық серкешін аламыз деп төркіндеп келген.
Ол заманда телефон да, ватсап та жоқ. Ал керісінше, үлкендерге деген, келген жеріне, қайын жұртына деген құрмет бар.
Қазір де осы дәстүр жалғасса, дұрыс болар еді. Қыздың анасының ролі күшті. Ол қызына батырып айта алады. Қайын енесі айта алмағанды қыздың анасы айту керек. Кеткен қызды еркелетуге болмайды, ол енді сіздің отбасының адамы емес. Керісінше қылығымен, мінезімен барға жеріне жақса, келінін енесі туған анасындай еркелетеді. Ол жарасымды.
Осымен айта бермей, сөзімді доғарайын. Менің айтқаным заң емес, көргеннен, естігеннен, өмірде түйгеннен айтылған ойлар. Бұл сөздер қазір
10
сендерге ұнамауы да мүмкін, бірақ сендер де ұрпақ өсіріп, біздей болғанда түсінесіңдер. Ал біз ол кезде ... кім біледі???
Қыз ұзату тойының дастарқанына ат қойдық. Ол ат қыз дәурендегі бойжеткеннің естіген, ата-ана, туыстарының, жеңгелерінің еркелеткен аттары.
Тойдың табиғатына сай дастарқанға ат қойып, мәнін түсіндірер болсақ, сол дастарқанда отырған әр адам өз перзенттеріне деген ата-аналық парыздарын ойлайтын болады. Жүректерінде әдемі бір сезім пайда болады. Әдемі той жасауға ниет етеді деп ойладық.
Сонымен, стол аттары мынадай болды:
№ 1–АҚ ҚҰСЫМ (жас жұбайлар дастарқаны);
№ 2 – ЕРКЕМ;
№ 3 – СЫРҒАЛЫМ;
№ 4 – ЕЛІГІМ;
№ 6 – АЯУЛЫМ;
№ 7 – ШАШБАУЛЫМ;
№ 8 – ТҰМАРЫМ;
№ 9 – ШУАҒЫМ;
№ 10 – КӨРКЕМІМ;
№ 11 – ҮКІЛІМ;
№ 12 – ҚАРЛЫҒАШЫМ;
№13 – САНДУҒАШЫМ;
№14 – АЙЫМ;
№15 – КҮНІМ;
№16 – КӨКТЕМІМ;
№17 – САМАЛЫМ.
11
АҚ ҚҰСЫМ
Биіктерге самғаңдар, Аласа жерге қонбаңдар.
Сезімдеріңді мәңгілік
Көз жанарларыңдай қорғаңдар!
ЕРКЕМ
Ерке қызым, өмірімнің гүлісің, Отбасымның күн шуағы, Күнісің.
Сен күлгенде сыңғырлаушы ед қоңырау, Оңға бассын, құлыншағым, әр ісің!
СЫРҒАЛЫМ
Сыңғырлаған сырғаңмен, Жарасымды тұлғаңмен, Қуантушы едің анаңды.
Айналайын, күйеужан, Бір өзіңе тапсырдым, Әлпештеген баламды.
ЕЛІГІМ
Табиғатта екі сұлу бар болса, Бірі – елік, екіншісі – сен едің.
Елігімді өз жұртына жіберіп,
Қосағыңмен бақытты бол, дер едім.
АЯУЛЫМ
Балаңдай аяулы болмас жан, Бұл сөзде, байқағың, үлкен мән.
Аялап өсірген раушан гүлімді Тапсырдым өзіңе, өзіңе Талғатжан.
12
ШАШБАУЛЫМ
Қазақтың қызы өр болған, кем болмаған, Күміс шашбау сыңғырлап, жанды арбаған.
Қасиеті халқыңның – дәстүр мен тіл, Білген жандар биіктерге самғаған.
ТҰМАРЫМ
Бойтұмар – бабалардан жеткен мұрам, Қасиеті сол – жазылған оған Құран.
Асылдарын сұқ көзден сақтау үшін Жаратқаннан сұраған ана қыран.
ШУАҒЫМ
Шашылған нұрдай шуағым, Бойыма тағар тұмарым.
Қимасам-дағы құлынды Теңіңе, жаным, сыйладым.
КӨРКЕМІМ
Қырмызы гүлдей көркемім, Тынбай бір айтар ертегім.
Өрісім болып барасың, Құтты да болсын өз елің!
КӘУСАРЫМ
Тасты жарып бір бұлақ ағар керім, Қасиетке баладым, кәусар дедім.
Тұнығыңды сақтағың, ақ періштем, Құтты болсын, ақ отау мекендерің!
ҚАРЛЫҒАШЫМ
Қарлығашым, қарындасым, қамқорым, Қимас көңіл сен ешкімге деуші едім.
Жүрегімнен үзілгендей тамшы өмір,
13
Қимасымды қидым саған, сақтай біл!
САНДУҒАШЫМ
Сандуғашымсың сайраған, Ерке құсым бақтағы.
Бауырларыңмен ойнаған Естелігіңді сақтағың.
АЙЫМ
Түнімді жарық еткен айым едің, Құлыным жар болуға дайын ба едің?
Уақыт ұшқан құстай жүйрік екен, Мінеки, қанат қақтың, дайын болдың.
КҮНІМ
Сен Күн сияқтысың, нұрыңды шаша білетін, Сен жыр сияқтысың үнемі жаттап жүретін.
Сен қанатсың биіктерге самғайтын,
Сен Керімсің асыл адам ғана таңдайтын.
КӨКТЕМІМ
Жанымды жылытқан көктемім, Сен менің ақ гүлім, бар демім.
Бақшасын көктетіп жүруге Аттанып барасың...
бар дедім.
САМАЛЫМ
Самалым менің самалым, Ай дидар жүзді жамалым.
Сағынып сені отырмын, Қайдасың менің, Самалым?..
14
PS. Осы өлеңдердің, кеңестердің әр дыбысында, сөзінде, үтірінде, нүктесінде менің және саған жақын бар жандардың сезімі, сағынышы, бақыты, қуанышы бар. Құлыншағым, жолың ақ болсын, берекең мол болсын. Қосағыңмен қоса ағарып, ғажап өмір сүріңдер. Бір-бірлеріңді күтіңдер, әбден қартайғанда да бір- бірлеріңді жақсы көріңдер. Екеуіңнің махаббаттарыңды аңыз етіп ұрпақтарың айтатын болсын.
Ізгі тілекпен, Гүлтас әпке
15
ӘКЕ ТІЛЕГІ
Ерке қызым, қызғалдағым – Әйгерім, Ата анаңның ізгі арманы – Әйгерім.
Бақытты бол, қосағыңмен, құлыным, Айдай сұлу, ақ перзентім – Әйгерім.
Барғаң жерің бағың болсын, Әйгерім, Ата енең: «жаным» десін, Әйгерім.
Шуағыңды мейіріміңмен төге біл, Сүйген жарың Пірің болсын Әйгерім!
Ақ батамды бердім, қызым, Әйгерім, Көгеріңдер, көп болыңдар, бұл – сенім.
Берсін Алла тілегімді ең ізгі
Сонда ғана бақыттымын дер едім!
АНА ТІЛЕГІ
Қызым, бақытыңды тауып, өз жұртыңа барасың, Өзге елге, жаным-ау, адалдығыңмен жағасың.
Ата-енеңді құрметте, жат көрмегің, құлыным, Бақытыңды баянды сонда ғана табасың.
Азаматыңды ардақтап, сыйлай да білгің, құлыным, Ерің – сенің тірегің, сүйенішің, жүрегің.
Бақыт атты сарайда бір тыныстап, бір жүріп, Ұрпақтарың көп болсын, Жаратқаннан тіледім.
16
ӘЖЕНІҢ АҚ БАТАСЫ
Жақсы келін атанып, абырой жина, Жамандыққа, жан балам, ешкімді қима.
Жүрегіңнен орын алған қосағыңды Басың жерге жеткенше сыйла.
Ата - енеңді құрметтеп жүргің, Отбасыңды бағым деп білгің.
Жаныңнан шуақ таратып,
Төсегіңнен күнде қуанып тұрғың!
АҒА ТІЛЕГІ
Қарындас деген халқымдай қастерлі екен, Өзі – бауыр, өзі – отан, өзі – тілек, өзі – көз.
Қарындасым ... қамқоршым... тілекшім- ау, Уақыт деген патша екен... айтатын сөз.
Сен барда алаң болмай анам асқа, Сен барда көңіл басқа, үй де басқа.
Күн болып шуақ шашып жүргеніңді Сағынып жүрер болдық, амал қанша?
Жылуым алыс кеткендей жат жұртқа, жаным, Қабырға тұстан сезілді бос қалған орның.
Қимағанменен өзіңді болмайды екен Бұл -дағы берік ұстанған өмірдің заңы.
Ашылсын бағың, ақ құсым, ұядан ұшқан, Тауып та бердің біздерге жаңа бір туысқан.
Қарындасым-ау, қимасым, бірге туғаным,
17
Аға – қарындас дегеннің мәнін ұқтырған.
Разымын саған, разымын саған, қарындасым...
БАУЫР ТІЛЕГІ
Балалығымды, қателігімді кешірген, Еркелетіп, киіндірген өзің ең.
Сен жүргенде салтанатым келісіп, Мақтанышпен бас көтеріп жүруші ем.
Бақытыңды басқа үйден таптың ба, Күлімдейсің, бақыттысың, білсем мен.
Жездем сені ардақтасын, сақтасын, Жаңа тапқан ата-енең мәз болып, Ел жұртына бір өзіңді мақтасын.
Соны есітіп бауыр көңіл шаттансын!
Бақытты бол, бақытты бол, әпкешім!!!
ЖЕҢГЕ ТІЛЕГІ
Бақытты бол, шырайлым, бақытты бол, Ақ босағаң аттаған құтты болсын!
Ізетіңе, пейіліңе, ақылыңа, жан қалқам, Барған еліңнің көңілі толсын!
Жар болып, ана болып, әже атанғың, Бар жаннан жүрген сайын бата алғың.
Екі елдің ақ көпірі өзің болып,
Барған еліңнің Бақ Келіні атанғың!
18
Әйгерімнің қоштасу әні
Асыл әкем, бағаң жетпес бағаңа, Сендей әке бұл ғаламда бола ма?
Өрлігімді, ерлігімді мадақтап, Шық жуытпай жүруші едің балаңа.
Сендей жанды бұл ғаламнан табам ба?
Күн сияқты шуақты анам, жан анам, Сендей болса әлемдегі бар адам.
Бақыт деген жердің бетін жайлап ап, Бақытты боп күн кешер ед бар адам.
Сендей болса әлемдегі бар адам.
Тағдыр деген қант емес, бал емес, Өмір деген мәңгі тұрар жаз емес.
Қысы, күзі суығы бар жалғанның Суығына тоңдырмаған ақыл-ес.
Ақтасам деп әкемнің асқақ үмітін, Білім іздедім тегімде тұрар аты деп.
Ақтасам деп ана сүтін, тілегін,
Адал жар іздедім, тегімді сыйлай білетін.
Теңімді таптым, қуаныңдар, туғандар, Әр аруда жар болсам деген арман бар.
Екі елдің арасына бақыт көпір салуға
Аттанып барамын, бер батаңды, бауырлар!
19
20
ЖАҚСЫ МІНЕЗ САБАҚТАРЫ
(жас ата-аналар мен тәрбиешілерге арналған)
PS. «Жақсы мінез сабақтарын» жазып жатқанда (бірнеше жыл бұрын) Әйгерім оқып ұнатқан еді. Енді болашақта Талғат екеуі өз сәбилерін дұрыс тәрбиелесін деген мақсатпен кітаптың соңына беріп отырмын.
21
ЖАҚСЫ МІНЕЗ САБАҚТАРЫ
(«Жақсы мінез сабақтары» – тәрбие құралы. Балаларды ізгі әдепке тәрбиелейтін сабақтар).
«ЖАҚСЫ МІНЕЗ САБАҚТАРЫ». Сондай да сабақ болады ма? Иә болады екен... Негізгі сабақтарға қарағанда бұл сабақ қосымша сабақ сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олай емес, керісінше ең негізгі сабақ осы. Ең бастысы, адам жақсы мінезді, ақылды, сабырлы болу керек. Сонда ғана ол сабағын да жақсы оқиды, достарымен де жақсы қарым-қатнаста бола алады. Өзін барлық жерде мәдениетті адам ретінде көрсете алатын болады. Көрдіңдер ме, бұл сабақ сендерге керек екен, ботақандар.
Қымбатты жақсы мінезді балалар, сендерге сәттілік тілейміз! Әрине, барлық нәрсеге адам баласы өз қалауымен, ізденісімен жетеді. Сендер де солай етіңдер. Бұл кітапты сендерге ең сүйікті аналарың, апайларың айтып, түсіндіреді. Менімше, ішінде өте пайдалы ақыл-кеңестер бар, сондықтан ұмытып қалмай, өмірлеріңде қолданыңдар. Достарыңа, бауырларыңа, қарындастарыңа жақсы мінездеріңмен үлгі бола біліңдер.
Сәлеммен, Гүлтас апайларың
22
БІРІНШІ САБАҚ СӘЛЕМ – СӨЗДІҢ АНАСЫ
Қайырлы күн, достым. Бірінші сабағымызды сәлемдесуден бастасақ, қалай қарайсың? Біздің бабаларымыз: "сәлем – сөздің анасы" деп, сәлем беруге үлкен мән берген. Балалардың анасы болатыны сияқты сөздердің де анасы болады екен. Ал біз аналарымызды жақсы көреміз ғой... Ендеше сәлем бергенді де жақсы көрейік. Онда сабағымызды бастадық.
Сәлемдесу ережесі:
• Жасы кіші адам үлкендерге бірінші сәлем береді. Бірақ кейде жасы кішілердің сәлем беруін күтіп тұрмай-ақ, үлкендер де сәлем бере береді, себебі ол тәрбиелілікті көрсетеді. Сондықтан сәлем беруге асыққан жөн.
• Егер сәлем беретін адам сенен алыстау тұрса, қолыңды бұлғап, айқайламау керек. Жанына жақндап барып, ізетпен сәлем бергенің дұрыс болады. Достарыңмен алыстан бір-біріңді көріп қалғанда да бастарыңды изеп, сәлем жасау жеткілікті болады.
• Сен сәлем бергелі тұрған адам басқа біреулермен әңгімелесіп тұрса, күте тұр, олардың әңгімесін бұзу – әдепсіздік болады. Егер ол адам сенің күтіп тұрғаныңды көрсе, өзі ыңғай білдіреді. Сол кезде ол адамның ғана қолын алып амандаспай, басқаларға да амандасу керек. Қатар тұрған екі адамның біріне қолыңды беріп амандасып, екіншісіне амандаспасаң ол – мәдениетсіздік.
• Жақын танысыңды көргенде айқайлап, шулап, «мен кімді көріп тұрмын!», «Сені де көретін күн бар екен», «қайда жоғалып кеттің?» т.б сондай сөздерді сәлемдесу деп айта алмаймыз.
• Егер бір адаммен күні бойында бірнеше рет кездесіп қалатын болсаң, кездескен сайын сәлемдесудің әр түрін қолдан. Басты изеп, жылы
23
жымиып, ақырын қол бұлғап, не болмаса асханада жолығып қалсаң «асыңыз дәмді болсын» деп сыйластық ілтипат көрсеткен дұрыс болад
24
Тамшы сөздер:
Сәлемі түзудің – жұмысы тез бітеді.
Сәлемі жоқ адамды санасызға санаған.
Адамды сәлем бергенінен тануға болады.
Амандасып, жөн сұрасу – кісіліктің белгісі.
Сәлемдесуге асық, ол – ең жақсы іс.
Үлкенге құрметтің бірінші белгісі – сәлем беру.
Танымайтын үлкен кісіге сәлем берсең – алғыс аласың.
ЕКІНШІ САБАҚ
ДОСЫҢДЫ СЫЙЛАЙ БІЛ
– Сәлеметсің бе, менің кішкентай досым! Жақсы мінез сабақтарын бастайық. Дайынсың ба? Сабақтың тақырыбы саған таныс қой. Дос деген сөзді естігенде ойыңа алатын, көзіңе елестейтін достарың бар. Ол – өте жақсы.
Иә, достым, қал-жағдайың қалай? Мен өзімді сенің рухани ақылшы досыңмын деп санаймын. Халықта мынадай сөз бар: «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген. Оның мәні – қандай істі де ақылдасып отырып жасау керек дегенді білдіреді. Досым, сенің менен де жақын бірге ойнайтын, сабаққа бірге баратын достарың бар. Сол достарыңмен де жақсы, жылы қарым-қатынаста болу керек. Ендеше оның да ережесі бар екен.
Достық ережесі
* Досыңа әрдайым көмектес. Егер қолыңнан бір нәрсе істей алсаң, оны досыңа да үйрет, егер досың қауіп қатерге тап болса, қолыңнан келген көмегіңді аяма. Міне, нағыз дос деген сондай болады.
* Егер сенің қызықты ойыншықтарың болса, достарыңмен бөлісіп, бірге
25
ойна. Достарыңмен бірлесе жұмыс істегенде, ойнағанда ең жақсыларын өзіңе алуға тырыспа. Ол жақсы қасиет емес.
* Егер досың жаман іске бет бұрса, тоқтат, оның дұрыс іс еместігін көзіне айт. Ренжісе де, сен айтуға тиістісің. Тіпті қиын болып жатса, досыңның ата-анасына айт. Ол сатқындық емес, досыңа көмек.
* Ойнағанда, не болмаса бірлесе жұмыс істегенде достарыңмен ашық- жарқын бол. Ұсақ-түйекке ренжімей ойна, жеңіске жетсең, кеудеңді көтеріп мақтанып кетпе, досыңның жеңісіне қуана біл. Егер достарыңды ренжітіп алсаң, не болмаса айыпты болсаң, айыбыңды мойныңа алып, кешірім сұрап түзеуге тырыс.
* Достарыңның ескертулерін, ақылдарын, көмектерін дұрыс қабылда.
Досыңның орнына өзіңді қойып көр. Досыңды жақсы көрсең, сен де солай жасайсың ғой.
*Досым, сен досыңның жіберген қателігі болса, қызғаншақтық мінезі болса, кешіре біл. Екеуің кейін жақсы ойнап отырғанда: «осыдан кейін біз бір- бірімізден еш нәрсені қызғанбайық» деп, келісіп алыңдар.
Досты сақтауға арналған кеңестер:
• Жақсы мінез танытсаң, адал, кішіпейіл болсаң, достарың көп болады. Сен достарыңды ешқашан өкпелетпе. Достарыңа жағымсыз сөздер айтпа. Достарыңа басқа жанама ат берме.
• Барлық достармен бірдей амандасуды ұмытпа, тіпті өзіңнен кішкентайлармен де амандас. Кішкентай балалармен де, үлкендермен де дос болу керек және ұлдармен де қыздармен де дос бол. Сен «қызсың»
немесе керісінше «сен ұлсың» деп бөлме. Сендердің ұрандарың: «Біргеміз біз бәріміз, кемсітпейміз оны біз» деген сөз болсын.
• Өзіңе жақсы орынды қалап, онда тұрған баланы ығыстыруға, итеруге болмайды.
• Егер досың сені өкпелетіп қойса, сен өш алуға тырыспа, керісінше өкпеңді тез ұмытуға тырыс, кешірімді бол, ашуланба.
26
• Егер сен досыңның кітабын немесе ойыншығын алсаң, бүлдіріп алмай тұрғанда, қайтарып бер. Егер бүлдіріп, сындырып, не жоғалтып алсаң досыңнан кешіріп сұрап, дәл сондай, не досың қалаған затты алып бер.
Тамшы сөздер:
* Мінсіз дос іздесең – доссыз қаласың.
* Кешіре білген адамның жауы аз болады.
* Баласы тәртіпті болса, анасы қартаймайды.
* Төрге досыңды отырғыз.
* Қызғаншақ адам жалғыз қалады.
* Шындық бар жерде – ұят бар.
* Арлы бала ата-анасына алғыс әкеледі.
* Ақымақ бала ата-анасына уайым әкеледі.
ҮШІНШІ САБАҚ МІНЕЗІ ЖАҚСЫ БАЛА
- Досым, сәлем. Бұл келіп тұрған мен ғой. Әңгімелесуге қалай қарайсың? Мен саған асығып тұратын болдым, себебі сен менің досымсың ғой...
МІНЕЗ БЕН ЖІГЕРДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҮШІН
Ең бастысы әділ әрі шыншыл болу керек. Қандай адамды шыншыл адам дейміз? Өтірік айтпайтын, қорықпайтын адамды біз шыншыл адам дейміз.
Шыншыл адам ол әділ және батыл болады. Ол достықты құрметтейді. Ол алыс-жақын туысқандарды, таныстарды және танымайтын адамдарды сыйлайды және жақсы көреді. Кішіпейіл және шыншыл болуға тырысқан адамдарда уақыт өте келе өте мықты рух және жақсы мінез қалыптасады.
Мұндай адамды: «ол өзін-өзі тәрбиелей алатын мықты адам» деп айтады.
Кішкентай достым, егер сен қажырлы және жақсы мінезді болғың келсе,
27
менің саған айтар ақылдарым бар:
1. Тәртіпті және ұқыпты бол. Уақытыңды қажетсіз ойынмен, бос еркелікпен өткізбе.
2. Епті, ширақ және күшті болу үшін таңертең міндетті түрде дене шынықтыру жаттығуларын жаса. Күшті болсаң, өзіңе сенімді боласың әрі басқа достарыңды қорғай аласың.
3. Барлық жерде, өзіңе таныс және таныс емес орталарда өзіңді дұрыс ұстай біл, адамдармен сыпайы қарым-қатынас жаса, кішілерге қамқорлық көрсет, үлкен кісілерге көмектес.
4. Әрқашан қоғамдық көліктерде үлкендерге, ауырып не болмаса шаршап тұрған адамдарға, кішкентай сәбилері бар адамдарға орын бер. Себебі сен ақылды, тәрбиелі баласың ғой.
5. Ешқашан достарыңды және үлкендерді алдама. Қорқақтар және тәрбие көрмегендер ғана өтірік айтады, ондай адамдарға ұқсамайтын бол!
6. Егер саған ата-анаң ойыншықтарыңды, кітаптарыңды, төсегіңді жина десе, сен оны сол сәтте орындап таста, кейінге қалдырма. Жалпы ол сенің міндетің болып саналады.
7. Үйдегі бауырларыңмен (іні, қарындас, сіңлі, әпкелеріңмен) тату бол.
Қызғаншақ болма. Ол – өте жаман қасиет. Сен кішкентай кезден ойыншыққа, киімге, т.б. таласып өссең, үлкен болғанда үлкен нәрселерге таласатын боласың. Оның арты жақсылыққа апармайды. Ақылды болу үшін кішкентай кезден тілалғыш, мейірімді, қамқор болуды естен шығарма.
8. Жігер дегенді қалай түсінесің? «Жігерлі бол» деген тілек бар. Ол қайратты, күшті, талапты бол деген. Бастаған ісіңді соңына жеткізсең – сен жігерлі боласың. Немесе сабағыңды жақсы оқып, онымен қоса спортпен шұғылдансаң, үйде ата-анаңа қолғабыс жасасаң сен талапты да талантты бала боласың.
28
Тамшы сөздер:
Мінез – құрастыратын ойыншық сияқты. Оны жақсы құрастыру өз қолыңда.
Сабырлы бала – сүйкімді бала.
Мақтаншақ адам – күлкілі.
Жылауық бала - әлсіз бала.
Шыдамдылық ерлікке жеткізеді.
ТӨРТІНШІ САБАҚ.
ОЙЫНДЫ ДА ОЙНАЙ БІЛ
– Досым, жағдайың қалай, сабақтан жалыққан жоқсың ба?
Ендеше жақсы мінез сабақтарымызды бастайық. Біз ойнаймыз...
Менің ақылды досым, байқайсың ба, балалар ойнаған кезде достарымен төбелесіп, бір бірлеріне өкпелеп жатады. Ондай кезде тез татуласып, ойынды түк болмағандай жалғастыру керек.
Таза ауада ойнаған денсаулыққа пайдалы. Бірақ барлық нәрсенің шегі болады. Қауіпті ойындарды ойнамаған жөн (тас атып ойнау, садақ және тағы басқа үшкір, өткір заттармен).
Қатты терлеп жүріп, салқын сусын ішпеу керек. Себебі тамағың ауырып қалады. Ойын кезінде жеңіліп қалып жатсаң, қатты ренжіме, досыңа ауыр сөз айтпа, бұл бар болғаны ойын ғой. Егер досың жеңіліп жатса да, сен оның көңілін түсірмей: «бұл ойын ғой, мүмкін келесі жолы сен жеңесің» деп айтқаның дұрыс. Кейбір ойындарды үйде де ойнауға болады. Бірақ тым шуылдап, үлкен кісілердің мазасын алуға болмайды. Әсіресе қонаққа барғанда «тәртіпсіз бала екен» деген жаман сөзге ілінбеу керек.
Достым, сенің ақылың, парасатың бәрінен де артық. Сондықтан сен ойнағанда да ойлай білуің керек. Үлкен кісілер әңгімелесіп отырғанда, немесе тамақ ішіп отырғанда сендер қатты шулап ойнасаңдар дұрыс болмайды.
29
Көңілді ойын түрлері Ойын ережесі:
1. Ойын ережесін сақта, алдап не болмаса өтірік ойнап жеңіске жетуге тырыспа.
2. Басқалардың ұтылғанына қуанба.
3. Әрине ұтылғаның өкінішті-ақ, бірақ еңсеңді түсірме, жеңіске жеткендерге өкпелеме, дұрыс ойнамады деп жеке бір балаға да өкпелеме.
Достармен кейбір ойындарды қалай ойнау керек.
1. Көңілді тығылмаш ойын:
Іздеуші көзін байлап, асықпай онға дейін санайды. Қалғандары жақын, іздеушінің дауысы естілетін жерлерге тығылады. Іздеуші 10 деп санаған кезде тығылғандар әр түрлі сөзді өз қалаулары бойынша айқайлап айтады:
- Сәлеметсің бе?
- Кеш жарық!
- Барлығы жақсы!
- Рақмет…
Іздеуші тығылғандардың дауыстары арқылы кім қай жерде екенін табу керек. Кімді бірінші айтады сол іздеуші болады.
2. Көңілді көз жұмып ойнау.
Іздеуші бастаушы болып сайланады. Оның көзін байлап қояды. Ол бөлмедегі балаларды байлаулы көзімен ұстауға кіріседі. Іздеуші кімді бірінші ұстаса сол іздеушінің көмекшісі болады және оның көзін де байлайды. Енді екі іздеуші басқаларын іздеуге кіріседі. Келесі ұсталған баланың көзі байланып, осылайша ойын жалғаса береді. Қай бала ең соңында ұсталады, сол келесі ойында іздеуші болады.
3. «Сақина жасыру» ойыны. Барлық балалар екі қолдарының алақандарын беттестіріп отырады. Ойынды жүргізуші бастап, қолындағы сақинаны бір баланың қолына салады. Басқалар соны табу керек. Тапқан балаға сыйлық
30
беріледі, немесе таппаған балалар өз өнерлерімен айып төлейді. Ойын өте қызық болады, себебі балалар өлең, тақпақ, жаңылтпаш, ән немесе күлдіргі әңгіме айтады.
4. «Доп тосу» ойыны. Кішкене допты лақтырады, балалардың қайсысы көп допты тосып алса, сол бала жеңімпаз болады.
5. «Бес тас» ойны. Көлемі біркелкі кішкентай бес тасты шашып жіберіп, біреуін қолына алады. Енді сол тасты жоғары лақтырып, ол тасты тосып үлгергенше, жердегі бір тасты қоса іліп алып үлгеру керек. Солай бес тасты да жинап алады. Екінші айналымда бір тасты жоғары лақтырып, жердегі екі тасты алу керек. Ең соңында бес тасты бірақ алады. Ала алмағандар ойыннан шығып отырады. Бес тасты да лезде жинап алған бала жеңіске жетеді. Бұл ойын жылдамдыққа, ептілікке үйретеді.
Қамшы сөздер:
Ойын кезінде өкпелеме.
Ойнап жүріп те адам мәдениетті бола алады.
Ойынның да ережесі, заңы болады. Соны сақтаған дұрыс.
Ойында ренжіген бала ер жеткенде де жақсы мінезді болмайды.
Ойынға көп уақыт жұмсама.
Денсаулығыңа, ақыл-ойыңа пайдасы бар ойындарды ғана ойна.
БЕСІНШІ САБАҚ
ДАСТАРҚАН БАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ
Сәлем дос! Досым, сені білмеймін, менің қарным ашты. Тамақ ішер алдында екеуміз қолымызды сабындап жуып алуды ұмытпайық.
Ең алдымен бірнеше ережені біліп ағаның жөн.
Дастарқан басында өзін-өзі қалай ұстау керек?
• Шынтақты столдың үстіне қоюға болмайды, тек білекті қою қажет.
• Ас пен салаттарды үлкен ыдыстан өз қасығыңмен алдыңдағы табағыңа салуға болмайды, ортадағы ыдыстың қасығымен салу
31
керек.
• Асты қасықпен, не болмаса шанышқымен басыңды сәл еңкейтіп жеген дұрыс, басыңды табаққа шейін еңкейтіп жеуге болмайды.
• Асты жабық ерінмен толық шайнап жеген дұрыс. Ауызда тамақ тұрған кезде сөйлемеу керек. Тамақты тым асығып та, немесе тым жай ішуге де болмайды. Бір қалыпты ішу керек. Тамақты, шайды өте ыстық түрінде қабылдамаған дұрыс, сәл суытып барып қабылдау керек.
• Ыдысыңа өзің тоятындай ғана тамақ салып ал. Ас ішіп болғаннан кейін, пышақ пен шанышқыны табағыңның үстіне бір-бірінің қасына қою қажет
Ас ішетіндерге кеңес:
Шанышқымен жейтін тағамдар: ет пен жайма, қуырдақ, котлеттер, рулеттер, салат, жұмыртқа, күріш, макорон, тұшпара, картоп т.б.
Пышақ және шанышқымен жейтін тағамдар: құс еттері, кесек еттер, кесек қуырдақтар.
Қасықпен жейтін тағамдар: ботқа, ірімшік, көже, езілген картоп, т.б
• Нанды қолмен алып, ауызға салып тістемей, қолмен үзіп ауызға салған жөн.
• Торттарды және басқа тәтті піскен тағамдарды қолмен алып жемей, кішкентай қасықпен жеген дұрыс.
• Аш ішіп болған соң сулықпен ауызды сүртіп қой.
• Дастарқаннан тұрған соң, қолыңды жақсылап жуып ал.
Ал енді ас иесіне кеңес:
Сізге үстел жапқыш, қағаз сулық, табақтар (үлкені, кішісі), кеселер, шыны кеселер, шанышқылар, пышақтар, қасықтар (ас ішетін, тәтті жейтін), гүлдер және гүл салатын ыдыс ұсынылады:
32
Тапсырма: осы заттарды әдемі, дұрыс және ыңғайлы орналастыру қажет.
Шешімі:
1. Үстел үстіне үстел жапқышты жабу керек.
2. Оймен, үстел үстіне сызық сызғандай, табақтарды әр орындыққа қарама- қарсы қою қажет. Егер түскі ас мәзірі болса, таяз табақтың үстіне шұңғыл табақ қою қажет.
3. Пышақты табақтың оң жағына жүзімен қаратып, шанышқыны сол жағына үшкір жағын жоғары қаратып қою керек. Ас және шай қасықтарын табақтың артқы жағына үстелдің шетіне қарама-қарсы қою керек.
4. Су, шырын ішетін ыдыстарды ас қабылдайтын ыдыстардың оң жағына қояды. Қағаз сулықты тәрелкенің үстіне қой.
Құрметті қонақтар,сіздерді дастарқанға шақырамыз!
Тамшы сөздер:
Ас ішу – адамның міндетінің бірі. Оны орындау керек.
Асты дұрыс ішпеген бала биік болып өспейтінін қара.
Асты қадірлемеген адамға байлық келмейді, бақ қонбайды.
Нанды басуға, шашуға, қоқысқа тастауға болмайды.
Нан – тағамның патшасы.
Асты менсінбеу - кесірлік. Кесірлік - өте жаман әдет.
Адам мәдениеті асты дұрыс ішкеннен көрінеді.
Аузыңда асың тұрғанда, асықсаң да сөйлеме.
Асыңды достарыңмен бірігіп ішсең, берекелі болады.
Асты тұрып ішуге болмайды.
Асты о ң қолмен ішу керек.
АЛТЫНШЫ САБАҚ ҚОНАҚ КЕЛСЕ ҚҰТ КЕЛЕДІ
Сәлеметсің бе, достым! Екеуміз тамақ ішудің ережесін біліп алдық, енді
33
қонақтарды қабылдауды үйреніп алсақ... Қарсы емессің бе?
Онда кірісейік...
Сонымен, қонақтарды қабылдаймыз. Егер үйдің иесі болсаң:
• Сенің үйіңнің табалдырығын аттаған бөтен адам қонақ болып есептеледі, сондықтан жақсы көңілмен және мейіріммен қарсы алу керек.
• Егер келген қонақ асығыс болмаса, сен оған сыртқы киімін шешкізіп, киім ілгішке киімді ілуге көмектесуің керек.
• Келген қонаққа өз үйіне келгендей жағдай жасап, төрге шығарып, ыңғайлы орынға отырғызу қажет.
• Келген қонақты әңгімеге тартып, әңгімені қонаққа айтқызып, өзің тыңдаушы бол.
• Қонақты жалғыз өзін біраз уақытқа қалдыруға болмайды. Егер саған бір нәрсеге айлану керек болса, қонақтан кешірім сұра.
• Егер келген қонақ көп отырып қалып, ал сенің шұғыл істейтін шаруаларың болса, онда ойларыңды қонақ өкпелемейтіндей түсіндіріп айту қажет.
• Егер қонақтардың қасында ата-аналарың болса, бірінші қонақтан, содан соң ата-анаңнан кешірім сұрап, үстел басынан тұруға болады, не үйден шығуға болады.
• Келген қонақтар бірінші рет келіп отырса: «Сізбен танысқаныма қуаныштымын, әзірше, сау болыңыз, менің жаттығуым, (немесе т.б.
жұмыстарым) бар еді, айып етпеңіздер» деп айтқан орынды болады.
Қонаққа байланысты мақал-мәтелдер:
Қонақтың орны – төр.
Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады.
Жақсы қонақ келсе, қой егіз табады.