Коммерциялық емес акционерлік қоғам
Тіл білімдері кафедрасы
ҚАЗАҚ ТІЛІ
С1 деңгейі. Барлық білім беру бағдарламаларына арналған СӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқаулық
Алматы 2020
ҒҰМАРБЕК ДАУКЕЕВ АТЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС
УНИВЕРСИТЕТІ
ҚҰРАСТЫРУШЫ: Г.С. Алмухаметова. Қазақ тілі. С1 деңгейі. Барлық білім беру бағдарламаларына арналған СӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқаулық. – Алматы: Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ, 2020.
– 38 б.
Әдістемелік нұсқаулықта дәрісханадан тыс орындалатын өздік жұмыстардың (СӨЖ) түрлері, көлемі мен мақсаты, жұмысты орындауға қойылатын талаптар қарастырылған. «Қазақ тілі» пәні бойынша СӨЖ тапсырмаларына арналған әдістемелік нұсқаулық барлық білім беру бағдарламалары бойынша С1 деңгейінде оқитын бакалаврларға арналған.
Әдеб. көрсеткіші – 32 атау.
Пікір беруші: ф.ғ.к., доцент М.Қ. Нұрмаханова
«Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2020 жылғы жоспары бойынша басылады.
© «Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті» КЕАҚ, 2020 г.
Кіріспе
Бүгінде жоғары оқу орындарында, әсіресе техникалық жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту сапасының деңгейін көтеру, тілді меңгертуге байланысты жұмыстарды жүргізу күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды.
Ұсынылып отырған әдістемелік нұсқаулықта «Қазақ тілі» пәнінен барлық білім беру бағдарламалары үшін С1 деңгейі бойынша оқитын бакалаврлардың сабақтан тыс уақытта орындайтын өздік жұмыстары берілген.
Жаңа заман талабы студенттердің өз бетімен орындайтын жұмыстарына басымдық береді. Студенттердің өздік жұмысы жоғары оқу орындарындағы білім үрдісінің бөлінбес бір бөлігі екені белгілі, өйткені жоғары оқу орындарының негізгі міндеті өз бетінше білім алуға, алған білімін өз бетінше дамытуға бейім шығармашыл мамандарды қалыптастыруға бағытталып отыр.
Студенттердің тапсырмаларды өздігінен орындауы олардың танымдық қызығушылықтарын арттырып, танымдық белсенділікке, шығармашылықпен жұмыс жасауына дағдыландырады.
Бұл әдістемелік көрсеткішті жазу барысында дәрісханадан тыс орындалатын өздік жұмыстар (СӨЖ) студенттерден көп ізденуді қажет ететінін ескердік. Әдістемелік көрсеткіште берілген өздік жұмыстардың түрлері, көлемі мен мақсаты типтік оқу бағдарламасы негізінде жасалған жұмыс бағдарламасында қарастырылған. Біздіңше, әдістемелік көрсеткішке топтастырылған бұл жұмыстар студенттің іздену қабілетін ұштайды, білімін толықтыру мақсатында тер төгуді қажет етеді. Мұндай шығармашылық жұмыстар студенттердің дүниетанымына, ізденімдік қабілетінің дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар өздігінен ой қорытып, шешім шығаруға, дұрыс сөйлеп, сауатты жазуға, тіл байлығын арттыруға жәрдемдеседі деген сенімдеміз. Демек, студенттердің өздігінен орындайтын жұмыстарын сапалы ұйымдастыру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін нығайтуға, дамытуға, кәсіби біліктілігін арттыруға болады деген тұжырымға келеміз. Сондықтан әдістемелік көрсеткішті құрастыру барысында студенттердің өздік жұмыстары көлемінде берілетін шығармашылық, ізденімдік қабілеттерін дамытуға бағытталған тапсырмалар жүйесін ұсындық.
СӨЖ тапсырмалары және СӨЖ-ді орындауға қойылатын талаптар
1 № 1 СӨЖ: «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбына эссе жазу (жазбаша орындалады)
Жұмыс түрі: эссе жазу.
Жұмыстың мерзімі: 1 ай.
Жұмыстың мақсаты: ұсынылған тақырып бойынша ақпарат көздерін (оқулықтар, ғылыми әдебиеттер, Интернет) пайдалана отырып, жан-жақты іздену нәтижесінде өз түсінігін жазбаша баяндап беру дағдысын қалыптастыру.
Қойылатын талаптар:
- жұмысты А 4 форматында 14 шрифтпен басу;
- жұмыс мерзімінде өткізілуі керек;
- эссе көлемі (300-500 сөз) болуы керек.
Жұмыстың мерзімі: кесте бойынша.
Жұмыстың орындалу барысы: студент ұсынылған тақырып шеңберінде өз ойын эссе түрінде мазмұндап жазады. Эссе туралы, оған қойылатын талаптар төменде көрсетілген.
Эссе деп белгілі бір мәселе бойынша адамның өз ойын толғап, пікір білдіріп жазуын айтамыз. Демек, оқыған, талқылаған ақпараттар негізінде белгілі бір тақырыпқа өз көзқарасыңды, ойыңды жоспар бойынша жазу. Эссе - франц. «essay» «шығармашылыққа талпыныс», ағылш. «assay»- байқау, көру, очерк; латынша «exagium» - салыстыру, өлшеу деген мағынаны білдіреді.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде эссеге: «Эссе – бір нәрсенің әсерінен болатын толғаныстан туған шағын әдеби шығарма» деген анықтама берілген.
Ол шағын көлемдегі проза түріндегі еркін композиция. Қандай да бір мәселені еркін түрде жазу, сын және публицистика жанры. Эссе нақты тақырып бойынша жеке әсері мен ой толғанысын бейнелейді.
Эссенің мақсаты - өз ойын жазбаша түрде жеткізу және өз бетінше автордың шығармашылық ойлау дағдысын жетілдіру, дамыту, әртүрлі тезистер, дәлелдер келтіре отырып берілген тақырыпты ашу.Эссе жазу білім алушыны өз ойын дәл және сауатты жеткізуге үйретеді, ақпаратты жүйелеуге, талдаудың негізгі категорияларын қолдануға, себеп-салдар байланыстарын бөлу, қажетті мысал келтіру, өз қорытындыларын дәлелдеу, сөйлеудің ғылыми стилін үйренуге баулиды. Эсседе автор өз пікірін дәлелдеу үшін әртүрлі әдістерді қолдана алады. Эссе авторға еркіндік береді. Эссе жазу пайдалы, себебі ол автордың өз ойын нақты және сауатты тұжырымдауына көмектеседі, қойылған мәселенің нақты мазмұнын көрсетеді. Онда өз бетінше жүргізілген талдаулар жазылуы тиіс. Эссе — бұл өз тілімен және стилімен жазылған өздік жұмыс, сондықтан цитаттың аз болғаны да жақсы.
Эссенің мақсаты - адамды ой толғауға итермелеу. Эссе тақырыбында мәселені ойлау төңірегіндегі сұрақтар болуы тиіс.
Эссе жазуда мына қағидаларды есте сақтау керек.
1. Эсседе адам маңызды мәселені көтеріп, оқырманның назарын аударады, ой тастайды.
2. Эссе арқылы жеке ой, көзқарас беріледі. Эсседе бір ой бірнеше рет қайталанбау керек.
3. Эссе жазу үшін белгілі тақырып, қарастырылатын мәселе бойынша өз ойыңыз, айтар идеяңыз болуы керек. Бұл ой нақты, түсінікті, анық болуы тиіс.
4. Эсседе берілетін ой, идея басқаларға пайдалы, қажетті болғаны дұрыс.
5. Жеке түйінді қорытынды пікір болуы қажет.
6. Эсседе ойды жүйелі беру үшін оның құрылымын жақсы меңгеру керек.
Эссе құрылымы. Кез келген эссе мағыналық бөліктер - абзацтан құралады. Абзац іштей мына бөліктерден тұрады:
- негізгі ойды жеткізетін тезисті ұсыну;
- тезисті түсіндіру;
- дәлел келтіру-мысал немесе айғақ келтіру;
- қорытынды жасау.
Үлгі.
Тезис. Бәсекеге қабілетті білікті маман дайындау – бүгінгі күннің басты талабы.
Түсіндіру. Қазіргі кезде дүние жүзінде мамандықтар өте көп. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар. Кейбіреулері адамнан ақыл-ой қабілетін, теориялық білімді қажет етсе, екіншілері білік-дағдыларды, осы заманғы техниканы меңгеруді талап етеді. Алайда қандай мамандықтағы адамға болсын, адамдармен тіл табысу, яғни коммуникативтік құзырет те, тілдік құзырет те өте қажет. Себебі әр маман ең бірінші адамдармен сөйлеседі және тіл арқылы қарым-қатынас жасайды.
Дәлел келтіру. Мамандық тандау - бұл өте маңызды іс. Өйткені біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз.
Мамандықтың саны әр алуан: дәрігер, мұғалім, ұшқыш, есепші, аспаз, елші, қаржыгер, архитектор, механик, көлік жүргізуші, сазгер, сатушы, ғарышкер және т.б. Бірақ бұларды байланыстыратын маңызды нәрсе - бұлар бәрі халық үшін қызмет атқарады. Ал халық үшін қызмет көрсету маңызды мәселе.
Жапондықтардың пікірі бойынша, дүние жүзіндегі ең беделді мамандықтар электроншы-бағдарламашы және заңгер болып есептеледі.
Біздің мамандығымыз ондай болмаса да өз жұмысымызды мақтан етеміз.
Қорытынды. Қоғамымыздың қай саласында жұмыс істесек те, ең басты мақсат - халыққа, елге қызмет ету, оның шаруашылығын өркендету, республикамызды әлемге таныту. Ол үшін алған білімімізді үнемі дамытуға, шетел тілдерін еркін игеруге, қазіргі түрлі технологияны меңгеруге ұмтыламыз.
Кіріспе – берілген тақырыпты негіздеу, ол логикалық және және стилистикалық байланысқан компоненттер қатарынан тұрады. Бұл кезеңде өз зерттеуі барысында ашқалы отырған тақырыпқа қойылатын сұрақты дұрыс
қою керек. «Кіріспе жазу барысында аталған тақырыпқа анықтама беру керек пе?», «Мен алған тақырып неліктен маңызды?», «Менің тұжырымдауымда қандай түсініктер қолданылуы мүмкін?», «Мен тақырыпты кішкене тақырыпшаларға бөле аламын ба?», т.с.с. сұрақтарға жауап іздеген жөн.
Негізгі бөлім. Тақырыптың теориялық негізі мен сұрақтың мазмұнын жазу. Мұнда эссенің негізгі мазмұны жазылады және ол біраз қиындық тудырады. Сондықтан негізгі бөлімді шағын тақырыпшаларға бөлуге болады.
Әр тақырыпшаларды дәлелді түрде тұжырымдау негізгі сұраққа жауап беруге көмектеседі.
Қорытынды бөлім. Эссенің қорытынды бөлімінде негізгі бөлімде айтылған сұрақтың мәнін бекітеді және мазмұнының маңыздылығын ашады, мұнда тақырып бойынша дәлелді қорытынды жасалады. Қорытындыда кіріспеде берілген ойды басқа сөздермен қайталап, ойды жинақтау керек,
«Эссенің басында айтылған мәселе бойынша не деуге болады?» деген сұраққа жауап болу қажет. Қорытынды бөлімде қолданылатын әдістер: қайталау, иллюстрация, цитата, әсер беретін тұжырым.
Эссенің жазылу жоспары:
- кіріспе (эссенің 30 % көлемі);
- негізгі бөлім (эссенің 60 % көлемі);
- қорытынды (эссенің 10 % көлемі).
Эссе жазуда ұстанатын қадамдар:
1 қадам. Контексті анықтаңыз.
Сізге эссе берілді, онда кейбір өлшеуіштер анықталды: бұл эссенің көлемі, бірінші парағының үлгісі, т.б. Қандай талаптар қойылса да, оларды сақтау керек. Ең бастысы - эссенің негізгі ойы.
2 қадам. Тақырыпты таңдаңыз.
Берілген тақырыптың сіз үшін маңызды, қызықтысын таңдауға болады.
Сонда эссе жазу қиынға соқпайды. Сіз негізгі тезисті анықтап аласыз, бірақ ол тым күрделі болмау керек. Қажет болған кезде ойыңызды жалғастыруға болады. Тезис – бұл эссеңізде бір нәрсені дәлелдеуге немесе түсіндіруге тырысқаныңыз, мысалы «Менің отаным – гүлденген Қазақстан». Тезистің көлемі бір сөйлемнен артық болмасын, эсседегі сіз айтатын ойды сиғызу қажет.
3 қадам. Ақпаратты жинаңыз.
Тезисті дәлелдемелермен толықтыру үшін, сізге ақпарат қажет. Өзіңіз білетін, оқыған ақпарттарды еске түсіріңіз. Фактілер қай жерден басталатынын байқаңыз. Сіздің көзқарасыңызды жоққа шығаратын пікірлер мен фактілерге назар салмаңыз. Жақсы эссе жазушы өз тезисі үшін дәлелдерді таба алады.
4 қадам. Эссені жоспарлаңыз.
Басты ойыңызды фактілермен дәлелдеуге уақыт келді. Сіз жинаған барлық ақпаратты мұқият оқып алыңыз. Басты принциптер мен байқауларды көріп тұрсыз ба? Жазу барысында қандай тәртіпті сақтайтыңызды
ойластырыңыз. Эссе құрылымын жинақтау үшін, қысқаша жоспар құрастырыңыз, параграфтарға атау ойлаңыз.
5 қадам. Алдымен негізгі бөлімді жазыңыз.
Мәтін тезисін бекітуге көмектесетін басты үш ойды анықтаңыз. Әрбір көзқарас мысал және дәлелдермен бекітілуі тиіс. Қысқаша эсседе әрбір абзац бір ойдың мән-жайын баяндайды. Көлемді эсседе көзқарасты негіздеу үшін бір бет қажет болады. Өз жоспарыңызды сақтаңыз, сөйлемдеріңізді логикалық тәртіпке келтіріңіз. Барлық негізгі идеяларды жазып болғасын, барлық үзінділерді байланыстыратын сөйлемдермен жазыңыз.
6 қадам. Қорытынды жазыңыз.
Өз негізгі идеяларыңызды жинақтап, оқырманға қай бағдарда оқып, оларды дамыту керегін ұсыныс жасаңыз. Тезистен қандай қорытынды шығаруға болады? Қандай сұрақтар жауапсыз қалды?
7 қадам. Кіріспені жазыңыз.
Негізгі бөлім мен қорытындыны жазып болғасын кіріспе туралы ойланыңыз. Тезистік дәлелдемені түсіндіріңіз және оны қалай дәлелдейтіңізді жалпы суреттеңіз. Қарапайым сөз тіркестерін қолданбаңыз: «Эссе мына туралы...» немесе «Бұл эссе тақырыбы ...» немесе «Қазір мен сізге ...». Жалпы дәлелден бастаңыз, оны сұрақ немесе мәселемен кейін тезиспен және сіздің көзқарасыңызға қысқаша шолумен бекітіңіз.
8 қадам. Жазғаныңызды оқыңыз.
Эссені басынан аяғына дейін тексеріңіз. Бір сөйлем екінші сөйлемге дұрыс жалғаса ма? Бір абзац пен екінші абзацтағы ой ажырап кетпеген бе?
Әрбір дәлел алдынғысымен байланысты болу керек. Егер сізге ой тәртібі мен абзацтар құрылымы ұнамаса, оларды өзгертіңіз.
9 қадам. Қателерді тексеріңіз.
Мәтіндегі қателерді тексеріңіз: грамматикалық, пунктуациялық, стилистикалық. Қайталанатын сөздер, жаргонизмдерден қашқақтаңыз, пунктуацияны тексеріңіз.
Төменде берілген эссе үлгілерімен танысыңы:
Ең қиын мамандық адам болып қалу
Хосе Хулиан Марти Мен таңдаған мамандық
Мамандығым –мақтанышым. Демек, мамандығыма, өмірімнің бір кетік кірпішіне мақтана аламын ба? Қазіргі таңда мамандық таңдау, таңдаған мамандық бойынша жоғары білімді, білікті маман атанып қызмет атқару міндеткерлікті, жауапкершілікті қатаң талап етеді. Әрбір адам баласының алдында болашаққа деген нық сенім мен жарқын үміт кішкене бала кезден қалыптасады. Сондай болашаққа деген сеніммен үміт менің де бала кезімде жетегімнен алды. Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу, үлгі болу арманым, мақсатым болуының бірден-бір себебі – асқар тауым Әкешім болды. Бала күнімнен аға буын өкілдерінде, тарихшы, технолог, құқық қорғау қызметкерлері, тракторшы, тіпті ғалымның өзін тәрбиелейтін, білім нәрін
беріп, оқумен сусындататын «ұстаз» деп ой –санама түйді. Міне, менің өмірдегі бір кірпішім – мамандығымды таңдауымның себепкері осы еді.
Мамандықтың ең қиыны – адам болып қалу болса, ұстаздық – ол адам бола отырып, адам тәрбиелеу. Барлық адамдарды адам етумен қоса алғанда, барлық мамандық иелерін тәрбиелейтін, білікті маман дайындайтын ол – мұғалім. Мамандығым –мұғалім. Осы бір қастерлі екі сөзде тұңғиық терең бір ой жатыр. Ұстаздық ету өмірімнің бір басты бөлшегі. Өмірімді киелі мектепсіз елестете алмаймын. Күнделікті өміріміздегі әрбір жексенбі, яғни бір демалыс күніміздің өзі алдағы оқушыларға білім нәрін беруге арналады. Кемеңгер, алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсариндай болу, тарихта алтын әріптермен
«ұстаз» есімі ойылып тұрып орын алуы әрбір ұстаздың арманы болар. Менің де өмірімдегі үлгі тұтар кейіпкерім, ұстаздарымның ұстазы, еліміздегі алғашқы білім ордасы мектептердің ашылуының негізін салушы осы – Ыбырай Алтынсарин бабамыз. Себебі әлемді тану, өз-өзіңді тану бәрі-бәрі мұғалімнен бастау алады. Мұғалім – қоғамның зиялы мүшесі. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан- жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн. Шарықтаған шабытпен, терең ойлы ұстаздан білім алған жас болашақтарымыздың алдында кез келген қамал қалай ашылмасқа?! Шәкірті қандай болса, ұстазы сол алдындағы шәкіртінің көңілінен шығатындай білім бере алатын кемеңгер, дана болуы шарт. Осы орайда Абай Құнанбаевтың: Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға, — деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Әр шәкіртіміз өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе!? ХХІ ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар , күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды , дені сау, ой өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес , тағылымы терең, ой өрісі кең, білімі бар азаматты тәрбиелеу әр мұғалімнің міндеті. Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Мұғалімнің негізгі басты мақсаты – рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыу болып табылады.
Қорытындылай келе, мұғалім бақыты - білімді ұрпақта, абыройлы еңбекте дер едім.
Менің мамандығым- менің болашағым!
Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», — деп халқымыздың ұлы ақыны, ойшылы, сазгері, қара сөздің қас шебері Абай Құнанбаев атамыз айтып кеткендей, кез келген адам «Өмір» деген атты дүниеде өз орнын табуға тырысады, яғни өседі, көреді, өнеді,тәрбиленеді.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, қалаған мамандықтарының қызығын көреді. Балалық шақта кішкене сәби жүрек қиялшыл, жақсыға құмар
еліктегіш болып келеді. Бала кезден мен армандаған мамандық-ұстаз болу еді.
Қазіргі таңда сол мамандықтың иесі болып табыламын.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы.
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы.
Ұстаз болу – адамның асылдығы, - деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғанымды мақтан етемін. Себебі ұстаз болу- жай мамандық емес. Ұстаздық-қызық та бейнеті көп мамандық.Осы орайда менің мақсатым: тек білім қағидаларын меңгерту ғана емес, сонымен бірге өзін-өзі тануға, дамытуға ұмтылатын,ақылды да алғыр, қабілетті, өз көзқарасын ашық айта алатын балаларды тәрбиелеу.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалімнің бейімділігі, дарындылығы көбінесе оқушының тағдырын шешеді. Мұғалім үнемі шәкірттерімен қарым- қатынаста болып, үйренсем, білсем, таныссам деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл, ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға » дейді қазақ. Бұл басқа емес, дәл ұстаз, мұғалім мамандығына арнап айтылған мақал.
Қай заманның болсын мұғалімі ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, ұстаз деген киелі мамандықтың сырын ашып, өз еңбегімнің жемісін көріп, мектеп деген үлкен өзенде жүзіп келе жатқаны — өз мамандығымды шексіз сүюден болар. Біріншіден — өз мамандығымды сүйдім, сол өз мамандығымды сүю арқылы өз шәкірттерімнің жүрегіне жол тауып, оларды өз істеріме сүйсіндіре білдім. Бұл мұғалім үшін үлкен қуаныш.
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Менің ойымша, ұстаз болу — кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Нағыз ұстаз шәкірттерін «біз жақсы ұстаздан сабақ алдық» деп айтатындай дәрежеге жеткізу керек. Ұстаз сөзінің ұғымы мен үшін кең дүние. Оның ең негізгі мәні — жақсылыққа тәрбиелеу, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізуге үйрету дегенді білдіреді.
Ұстаз бен шәкірт сүйіспеншілігі – адам баласының қатынастарының ең бір абзалы, әрі мағыналы, мәнді түрі.
Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы.. тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. К.Д. Ушинскийдің «Мұғалім — ол өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі де тоқтайды» деп бекер айтпаған. Сол үшін де ұстаздықтың қыр- сырын жетік меңгеріп, игеру жолында тынбай еңбек етуді мақсат етуде. Жүсіпбек Аймауытов «Мұғалім істеген ісі өнімді, берекелі болуын тілесе, әуелі өз қызметін шын көңілмен жақсы көрсін» деген екен. Олай болса,
құрметті ұстаздар, өз мамандығын, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйе отырып, осы іске деген қызығушылықпен, әрбір ізденіс, әрбір іс- қимылымыз тек оқушыға, оның біліміне, оның болашағына ғана арналса, шәкірттеріміз сол білімді жоғары дәрежеде көрсетіп, ақылды да алғыр, қабілетті, өз көзқарасын ашық айта алатын, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелейтініміз күмәнсіз.
Менің педагогикалық ұстанымым
Ұстаз болу - жүректің батырлығы, ұстаз болу - сезімнің ақындығы,Ұстаз болу- мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы. Еліміздегі өзгерістер мен білім беру жүйесінде болып жатқан жаңалықтар «мектептің жүрегі» деп орыны айшықталған мұғалімдер алдына жауапты да маңызды міндет қойып отыр.
Абай атамыз: «бала тәрбиесіне 3 жақ әсер етеді, ата- анасы, ұстазы, және жүрген ортасы. Қайсысының ықпалы зор болса, баланың мінезі солай қалыптасады.»деген ойы ұстазға да ауыр салмақ салып тұр. Себебі баланың үш мезгілі ұстазбен өтеді. ХХI ғасырға оқушыларды қалай даярлаймыз, қалай оқытамыз, білімді қалай береміз, міне, осы сұрақтар мұғалімді күнде мазалап жүруі керек.
Мектептегі оқушыларға сапалы білім беру нәтижесі мұғалімнің ұстанымына байланысты. Ұстаным дегеніміз не? «Психологтар «ұстаным»»
ұғымын адамның іс- әрекетке бейімділігімен байланыстырады. Социологтар оны жеке тұлғаның негізгі құндылығы есебінде атап көрсетеді. Менің педагогикалық ұстанымым оқушыларға әділ болып, олардың білім сапасын көтеру болып табылады. Әрине, тек өз пәнінді жақсы білетін маман болу аз, оқушылардың жанын түсінетін адал, шыншыл тәрбиеші болу да қажет.
Шәкірттеріміз мектепте алған білімін қоғамда қолдана білсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Алдымызда мөлдіреп отырған бүгінгі оқушылар, ертеңгі қоғамның мүшелері. Бірі- дәрігер, бірі- экономист, бірі- тілші болып, ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, қоғамда кірпіш болып қаланады. ХХI ғасырда жаңа технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанда, оқушыларымыз да сол технологияларды үздік игеретін,заман талабына сай шәкірттерге білім беруіміз керек. Сондықтан да мұғалім мамандығына талап жоғары болады. Әр адам әлпештеп өсірген ұл мен қызын мектепке жетектеп әкеліп, мұғалімге зор сенім артады. Қарапайым сөйлеу тілін игеріп келген балаға әдебиетіміздің қайнар бұлағы - сөз әлемінің сиқырлы тілін үйретемін.
2 № 2 СӨЖ: «Қазақстандағы экологиялық ахуал» тақырыбына дөңгелек үстел (ауызша, топтық жұмыс)
Жұмыстың мерзімі: 1 ай.
Жұмыстың мақсаты:
Студенттердің жұрт алдында сөйлеу шеберлігін қалыптастыра отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерге өз көзқарасын білдіре алу мақсатында дөңгелек
үстел өткізу. Талқыланған тақырыптары бойынша сипаттама, шолу, талдау салыстырма, қорытынды жасай білу дағдыларын қалыптастыру.
Жұмыстың кезеңдері:
- топқа бөлініп, тақырып таңдау;
- берілген тақырып бойынша топ болып материал іздеу;
- материалды іріктеп, сұрыптау;
- қорытынды қорғау.
Көрнекі құралдар: буклет, каталог, кесте, слайд-шоу, плакаттар, бейне роликтер.
Қойылатын талаптар:
- жұмысқа топ мүшелерінің толықтай қатысуы;
- дөңгелек үстел мақсаттары мен міндеттерін білу;
- тақырыптың өзектілігін ашу;
- әдеби тіл нормасы мен сөз әдебін сақтау;
- уақытынан кешіктірмей қорғау.
Жұмыстың барысы: Жұмыс дөңгелек үстел түрінде өткізіледі.
Студенттер 2-3-тен топқа бөлініп, оқытушы алдын ала берген тақырыптарды таңдап, пікірталасқа дайындықпен келеді. Әр студенттің өз ойын нақтылай алуы, қарсы пікірлерді айта білуі, талқыланған тақырыпқа сәйкес кәсіби және термин сөздерді пайдалана алуы; сөйлеу мәдениеті мен сауаттылығы, шешендік қабілеті, жұрт алдында өзін - өзі ұстай алуы мен сөз әдебі бағаланады. Студенттер өз ойларын жеткізу барысында өздері жүргізген сауалнамалар мен бейне роликтерді пайдалана алады. Көмекші құрал ретінде алдын-ала сауатты жасалған слайд материалдарын қолдануларына болады.
Дөңгелек үстел тақырыптарын талқыламас бұрын, ең алдымен дөңгелек үстелді өткізу тәртіптерімен жете танысулары керек.
Дөңгелек үстел тақырыптарын оқытушылар ұсынады, сонымен қатар студенттер ұсынылған тақырыптардан бөлек өздеріне ұнаған қоғамымызда орын алып жатқан кез келген өзекті мәселелерді талқылауларына болады.
Студенттерге ұсынылатын дөңгелек үстел тақырыптары:
1. Қазақстанның экологиялық аймақтары.
2. Қазіргі кездегі экологиялық зардаптар.
3. Қазақстандағы экологиялық проблемаларды шешу жолдары.
4. Экология- бүкіл әлем тағдыры.
5. Экология ғылымының қазіргі кездегі өзекті мәселелері.
6. Қазіргі заманғы қоғамның экологиялық-экономикалық даму аспектілері.
7. Экологиялық сараптама.
8. Қазақстандағы ауа, су, топырақтың экологиялық жағдайы.
9. Экологиялық қозғалыстар.
10. Қазақстанның экологиялық картасы.
11. Ғаламдық экологиялық мәселелер.
12. Жергілікті экологиялық мәселелер.
13. Экологияны қалай жақсартамыз?
14. Өз аймағыңыздың экологиялық мәселелерін шешу жолдарын ұсыныңыз.
15. Экологиялық мәселені шешуге қосатын менің үлесім.
16. Шығыс Қазақстанның экологиялық проблемалары.
17. Маңғыстаудың экологиялық ахуалы.
18. Қазіргі кезде Қазақстанда қалыптасқан экологиялық мәселелерді шешу жолдары.
19. Байқоңыр ғарыш айлағының экологиялық мәселелері.
20. Экология – қазіргі заманның басты мәселесі.
21. Алматы қаласының экологиялық проблемасы.
22. Теміртаудың экологиясы.
23. Атмосфералық ауаның ластануы және оны қорғау.
24. Экологиялық мәдениет.
25. Экологиялық ұйымдар.
26. Экологиялық тәрбие.
27. Құрлық суларының экологиялық мәселелері.
28. Экология – табиғат жүрегі.
29. ҚР экологиялық дағдарыс және экологиялық апаттық аймақтар.
30. Биотехнологияның экологиялық мәселелері.
31. Қоршаған ортаның химиялық және радиациялық ластануы.
32. Ғарыш және экология.
32. Экология – халық тағдыры.
Дөңгелек үстел үлгісімен төменде көрсетілген сілтемелер арқылы танысуларыңызға болады [2].
Дөңгелек үстел – білім алушыларға белгілі бір мәселені барынша кеңейтіп, ақпарат алуды арттыруға әсер ететін және олардың өзіндік көзқарасын бекемдейтін, әрі олардың танымдық қызметін ұйымдастырудың белсенді формаларының бірі, пікірталасты мәдениетті түрде логикалық және шығармашылық тұрғыдан жүргізе білуге тәрбиелеудің төте жолы. Дөңгелек үстел нақты проблеманы шешу кезіндегі ақпараттық сипаттағы семинар- дискуссияның ерекше бір түрі болып саналады.
Дөңгелек үстелдің белгілі бір мақсаты болады. Сол себепті оның жұмысы нақты жоспар бойынша ұйымдастырылуы керек. Дөңгелек үстел семинар-сабақтарының басты мақсаты қатысушыға ең құнды, ең мәнді ақпарат беру және талқыланатын тақырып бойынша пікір алмасу болып табылады. Бұндай талқылаудың нәтижесінде алынған тақырып бойынша белгілі бір шешім шығарылмайды, қатысушылардың ұстанымдары туралы тек өзара ақпарат алмасады. Алайда дөңгелек үстелдің ерекшелігі – оның қатысушылары өзекті мәселенің шешімін бірігіп табуды көздейтіндігінде.
Демек, дөңгелек үстел (шеңбер) – бірліктің символы.
Дөңгелек үстелде сөз бір студентке бірнеше рет айналып келуі мүмкін.
Келесі сөйлегенде студенттер алдындағы ойларын қайталамай, оларды ары қарай жалғастыруы және басқалардың пікірін ескеріп отыруы қажет.
Кез келген дөңгелек үстелдің негізгі элементі модерация болып табылады. «Модерация» термині итальян тілінен аударғанда «moderare» сөзі
«жұмсарту», «жібіту, жұмсарту», «тежеу», «ұстамдылық», «құрықтау» деген мағына береді. Дөңгелек үстел жүргізушісін модератор деп атайды.
Модератор (жүргізуші) міндеті – дөңгелек үстелді бастап, қатысушылар құрамы мен іс шара тақырыбын таныстырып қана қоймай, барлық жұмысты бастан аяқ қадағалап отыру. Сонымен қатар жүргізуші талқыланып отырған мәселеге қатысты ақпаратпен алдын ала танысып, берілген регламентті сақтау үшін дау тұғызып отырған мәселені жылдам басқа арнаға бұрып әкету шеберлігіне ие болуы керек.
Дөңгелек үстелді өткізудегі ең маңызды мәселе күн тәртібін сақтау.
Дөңгелек үстел өткізу кезеңдері:
І кезең – дөңгелек үстел өткізуге дайындық қадамы;
ІІ кезең – дискуссиялық, яғни тақырыпты талқылау кезеңі;
ІІІ кезең – дискуссиядан кейінгі қорытынды кезең.
Дайындық кезеңі:
А) Тақырып таңдау (тақырып өзекті әрі, қайшы пікір туғызатындай болуы керек).
Б) Мақсатын нақтылау.
В) Қатысушыларды таңдау.
Г) Модераторды (жүргізуші) таңдау.
Д) Тақырыпты қатысушыларға алдын ала беру.
Е) Өткізілетін орынды дайындау (қатысушыларға шеңбер құрып отыру ұсынылады).
Тақырыпты талқылау кезеңі
Тақырыпты талқылау барысында келесі жағдайлар орын алмау керек:
- қатысушылардың тең құқығын бұзу;
- бір-бірін үгіттеу;
- біреудің көзқарасын дәлелсіз жоққа шығару;
- жүргізушінің өз пікірін білдіруі.
Бұл кезеңде жүргізуші дөңгелек үстел тақырыбын хабарлап, қатысушыларды анықтайды, талқыланатын мәселемен қысқаша түрде таныстырады. Қатысушылар «проблемалық тұстарды» айқындап, бірінші кезектегі сұрақтарға жауап іздеп талқыланатын тақырыптың мағынасын толық түсінуге тырысады. Тақырыптың даулы тұстары анықталып, мәселенің шешімін табуға кедергі келтіретін мәселелер сөз болады. Әрбір қатысушы өзінің жеке көзқарасын ортаға салып нақты дәлел келтіреді.
Қорытынды кезеңі:
А) Дөңгелек үстел мақсаты мен міндетін еске түсіру.
Б) Талқыланған мәселе бойынша қатысушылардың қорытынды пікірлерін тыңдау.
В) Барлық қатысушылардың ортақ немесе соған жақын жалпы ұстанымдарын қалыптастыру.
Г) Талқылау барысында жеткілікті деңгейде қамтылмаған мәселеге
қатысушылардың назарын аударып, барлық қатысушыларға алғыс білдіру.
Дөңгелек үстелдің кейбір өзіндік ерекшелігіне назар аударған жөн.
Біріншіден, ақпараттың жандануы. Дискуссия үстінде қатысушылар жалпы көзқарасты емес, өзінің жекелей пайымын айтады. Ол өз бетімен аяқ астынан ойға оралып, ақырына дейін түйінделмеуі де мүмкін. Сондықтан, осындай ақпаратқа байыппен қарап, оның ішіндегі ең құндысын, ең сенімдісін басқа дискутанттардың пікірімен салыстыра отыра, шұғыл түрде қолданып, көрсете білу керек.
Екіншіден, аталған семинар-сабақтың көп дауыстылығын (полифония- лығы) атап өтуіміз қажет. Дөңгелек үстел кезінде іскерлік шу бой көрсетіп, көп дауыстылық орын алады. Ол өз кезегінде шығармашылық пен өрелік ахуалдың, тақырыпқа қызығушылықтың орнауына өз көмегін тигізеді. Осы көп дауыстың ішіндегі ең «бастысына» назар аудару керек. Сол арқылы осы негізде өз ойын білдірем дегендердің барлығына өз пікірлерін айтып шығуына мүмкіндік беру қажет. Тап осы жағдай дөңгелек үстелдің ерекшелігі болып табылады. Сонымен дөңгелек үстел – өрелі оқушылардың семинар-сабақ үстінде өзара ақпараттық қарым-қатынас жасау процесі, онда тек ақпарат алмасу ғана емес, өзінің жеке позициясын қорғау мен өзгенің пікірін мойындау, жоққа шығару, бейімдей түзету де орын алады. Осылайша қажетті жаңа ақпараттық кеңістік пайда болып, жүргізуші ұстаздар тарапынан жаңартпашылық нұсқаулар мен шешімдер қабылданады. Дөңгелек үстел дәстүрлі сабақтардан көп ерекшеленеді, атап айтқанда қайталау сабақтарынан бөлектенеді. Дискуссия кезінде дискустант әуелі «өзі үшін», содан кейін
«өзгелер үшін» түйіндеулер іздестіріп, сол арқылы өз ойын өзгелерге мойындатады. Сонымен дөңгелек үстелдің негізі – ақпарат пен қарым-қатынас жасау болып табылады.
Дөңгелек үстелде төмендегідей ережелерді ұстанған жөн:
- біреудің сөзін бөлуге болмайды;
- басқаның пікірін сыйлау керек: келіспеушілікті сөз, мимика, ишара, интонация арқылы білдіруге болмайды;
- берілген уақыт шеңберінен аспау керек;
- бірнеше рет сөйлеген жағдайда бұрын айтылған ойды қайталамай, оны ары қарай жалғастыру керек;
- туындаған сұрақтарды дөңгелек үстел соңында ғана қоюға болады.
Дәңгелек үстелдің қатысушысы төмендегідей тілдік формулаларды қолдануына болады:
- бұл мәселе жөнінде мен... айтар едім;
- менің ойышша (пікірімше)...;
- менің байқауымша,...
- менің есебімше,...;
- ...деген жалпы пікірге қосыла отырып,...;
- ...деген дәңгелек үстел қатысушыларының ойымен келісуге болады, алайда...;
- мен мәселенің мына тұсына көңіл аудару керек деп санаймын...;
- менің көзқарасым бойынша, мәселе тереңде жатқан сияқты;
- мен... пікірін басшылыққа ала отырып, ... деп санаймын;
- менің негізгі ойым...;
- менімше, бұл мәселенің шешімі - ...
- мен... деген ... сөздеріне сүйене отырып, ... деп есептеймін;
- ... қарағанда, біз басқа жолмен жүруіміз керек сияқты...;
- ... деп бекер айтылмаған шығар, сол себепті...;
- ... деген пікірмен келісу қиын, біріншіден..., екіншіден..., үшіншіден...;
- ... деп ойымды қорытамын;
- ... деген тұжырым жасағым келеді;
- менің сөзімнің тобықтай түйіні...;
- осылайша,... деген қорытынды жасаймын;
- сонымен, мен ойымды ... деп қорытындылаймын.
Дөңгелек үстел тақырыбы: «Үш тіліді білу-заман талабы»
Мақсаты: Елбасы бағдарлап берген межелерге жету жолдарын талқылауға салу, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру. Патриоттық сезімін оятып, тілін, Отанын, елін, жерін сүюге, салт - дәстүрін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: тіл туралы ұлылар ойлары, баспасөз материалдары, слайдтар.
Түрі: дөңгелек үстел.
Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығын ең негізгі ұйытқы болған - оның ғажайып тілі. (Н. Назарбаев).
Ұлттық руханиятымыздың өзегі - тіл. (Әбіш Кекілбаев).
Қазақ тілі - қазақтың маңдайындағы жалғыз жарық жұлдызы. (Асылы Осман).
Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін Ұлы (Ш. Айтматов).
Дөңгелек үстелдің барысы. Кіріспе сөз:
Құрметті бүгінгі дөңгелек үстелге жиналған қонақтар, тіл жанашырлары! Сіздерді өткір тілді, дархан пейілді, қазақ елінің «Тілдер мерекесі» күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Дүбірлетсін өңірді, Дүрілдетсін дүлдүлі.
Қазақ деген елімнің
Құтты болсын, бұл күні!- дей отырып, дөңгелек үстелімізді ашу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалсын.
1. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.
2. Жүргізуші сөзі.
Қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы
Заңы» күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз.
«Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», — деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез - келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Осындай атаулы күнде бәріміздің де мерейіміз өсіп, қойынымыз қуанышқа толып отырғаны сөзсіз.
Қуан далам, қуанатын күн бүгін.
Серпіп таста мұңды көңіл түндігін.
Тіл туралы заңым енді күшіне.
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
Қуан халқым, күшіне енді тіл заңы.
«Сүйінші» деп ақындарың жырлады.
Ел елдігі сыналады тілімен.
Сол арқылы жайқалады гүл бағы, - дегендей, Тіл апталығы аясында өткізіліп отырған "Үш тілід білу-заман талабы"» атты дөңгелек үстел басындағы ой бөліске қош келдіңіздер!
Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы, Танимысың сен мені.
Мен қазақтың баласы! - деп ақын Қ. Аманжолов ағамыз айтқандай осы дөңгелек үстелдің арнайы қонақтарымен таныстырып өтемін.
3. Дөңгелек үстелімізді бастамас бұрын «Тілім менің ғасырлардан аманат» тақырыбына арналған слайд - шоуға назар аударайық.
4. Дөңгелек үстелдің мақсатымен сұрақтарына тоқталып өту.
Бүгінгі жас ұрпақ - мемлекеттің болашағы, ертеңгі күннің азаматы. Ал, оның бақытқа жетер даңғыл жолы - туған Отанын, туған тілін сүюден басталады. Сондықтан да, бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты - ұлтшыл емес, ұлттық сана - сезімі мол, Отанын, ана тілін өз анасынан кем сүймейтін азамат пен азаматша тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру, патриоттық сезімін ояту.
Қазіргі заман жеке адамдардың ғана емес, тұтас ұлттардың да өткеніне үңіліп, болашағын бағдарлауға жол ашты. Ендігі жерде қазақ тілінің беделін көтеру, оның арын арлап, жоғын жоқтау, олқысын толтыру өз қолымызда, сіз бен біздің қолымызда. Сондықтан бүгінгі дөңгелек үстелде талқыланатын сұрақтарға назар аударайық.
Дөңгелек үстелде талқыланатын сұрақтар:
1. Мемлекеттік тілдің қазіргі таңдағы жағдайы қандай?
2. Мемлекеттік тілдің дамуын тежеп тұрған не?
3. Тілдің үш тұғырлығы.
4. Жаһанданудағы тілдің көрінісі, орны қандай болуы керек?
5. Әр сұрақтан кейін қатысушылардың жауаптары, пікірлері тыңдалады.
6. Қорытынды сөз.
Бүгінгі дөңгелек үстеліміз өз мәресіне жетті. Егеменді еліміздің тұғыры қашан да тіліменен биік. Тіл тағдыры туралы көкейді тескен көл ойлармен сусындадық. Туған тілім - тұғырым. Бұл сіздердің басқа тілді меңгерулеріңе ешқандай бөгет болмайды, қайта адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер - сол ана тілің. Ана тілінің бүге - шүгесіне, терең иірімдеріне бойлай білу - саналы азамат болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол - туған жерді, отанды, ата мекенді сүйе білу деген сөз. Осы азғантай уақыттағы айтылған сөз, өнер толғаған сезім, ұлылардан қалған ой - пікірлерді көкіректеріңе мәңгі қалдырыңдар дей отырып Абайдың мына сөзімен аяқтағым келіп отыр.
Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге Көкірегіңде болсын көз.
Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға көп - көп рахмет!
Дөңгелек үстел тақырыбы: Мамандықтың бәрі жақсы
Дөңгелек үстелдің мақсаты: студенттермен мамандық түрлеріне шолу жасай отырып, әр мамандықтың қыр-сырларын талқылап, осы мамандықты таңдау себебін ортаға салу.
Қолданылатын көрнекіліктер: слайд-шоу, бейнероликтер, мамандықтар тізімі.
Әлемде 50 мыңға жуық мамандық бар екен және жыл сайын оған 500 - ге тарта жаңа түрі қосылып отырады екен. Олардың ішінен өзімізге қажеттісін қалай таңдауға болады?
Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар, сәйкесінше, түрлі мамандықтар келді. Әлемде мамандықтардың түр-түрі бар деп жатырмыз. Әлемде көргенге қызық, таңқалдыратын ең қызықты мамандық түрлері, ең қауіпті мамандықтар, ең сұранысқа ие мамандықтар, ең жоғары жалақы алатын мамандықтар бар.
Бейнеролик: ең қызықты мамандықтар.
Сұрақ. Осы бейнероликке байланысты бірнеше сауал қойғым келіп отыр. Яғни, басқа да қандай қызықты мамандық түрлерін білесіздер.Қызықты мамандықтар тек қана өзінің ерекшелігімен ғана қызықты ма, әлде әрбір тұлға өз мамандығын қызықты етуі керек пе?
Статистиктердің зерттеуі бойынша жыл сайын 25 млн адам өзінің жұмыс орнын ауыстырып, оның 12 %- і қайтадан өз орнына қайтып оралады екен. Бұдан мамандықты таңдауда әр маман қателесіпті деуге бола ма? Әлде өзінің игерген мамандықтары бойынша біз бен сіздер қызмет етіп, оқып жүрген Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінің бірқатар студенттері өз кәсіптерін нәсіп етіп жүргендері де бар арамызда. Осы сөзімізге дәлел боларлықтай бейнеролигімізге назар аударсақ. (Бейнеролик ұсынылады).
Сұрақ. Осы аталған статистикалық мәліметтер мен шынайы өмірлік мысал арасындағы салыстырмалы нәтижелерді қалай бағалар едіңіздер? Ой бөліссек. Болашақта Қазақстан нарығы мен дамуына қажетті сұранысқа ие 10 мамандық түрі бар. Олар:
1) Инженерлер.
2) IT саласының мамандары.
3) Нанотехнология.
4) Электроника және биотехнология мамандары.
5) Маркетологтар.
6) Қызмет көрсету бойынша мамандар.
7) Логистер.
8) Экологтар.
9) Дәрігерлер.
10) Химиктер.
Дүниеде, өмірде мамандық таңдауда әртүрлі факторлардың әсер ететіні белгілі. Олай болса Е.А. Климов бойынша мамандық таңдаудағы 8 фактордың болатынын атап көрсеткім кеп тұр:
1. Жанұядағы үлкен адамдардың әсері.
Сенің өмірің үшін өзіне нақты жауапкершілік артатын үлкендер де бар.
Бұл қамқорлық сенің болашақ мамандығың туралы мәселеге де қатысты.
2. Дос-жарандарыңның көзқарасы.
Сенің жасыңда достық ұғымы өте биік, әрі берік және сенің мамандық таңдауыңа үлкен әсерін тигізеді. Тек жалпы кеңес беруге болады: сенің қызығушылығыңа сәйкес және өзің өмір сүретін қоғам талабына сай болатын шешім дұрыс болмақ.
3. Мұғалімдер мен мектеп ұстаздарының көмегі.
Мектеп қабырғасында оқушының оқу үрдісіндегі және сабақтан тыс белсенділігін бақылай отырып, тәжірибелі ұстаз сен туралы өзің байқамай жүрген қабілеттерді көреді. Білікті ұстаз сенің жаныңа жағатын мамандықты таңдауға көмектесе алады.
4. Жеке кәсіби жоспарлар.
Бұл жағдайда, жоспар деп отырғанымыз- сенің кәсіпті меңгеру сатылары туралы түсінігің.
5. Қабілет.
Өзіңнің қабілетіңнің жан- жақтылығын білімде ғана емес, басқа да түрлі әрекет жетістіктерінен байқауға болады.
6. Қоғамдық құрметке деген ықылас деңгейі.
Өз еңбек жолыңды жоспарлай отырып, өз ықыласыңның нақты мүддесін қорғау өте маңызды.
7. Ақпараттандырылғандығы.
Сен таңдаған мамандық туралы мәліметтер дұрыс, нақты әрі көп жақты болуына сен толық сенімді болу керексің.
8. Әуесқойлығы.