Коммерциялық емес Акционерлік қоғамы
ҚАЗАҚ ТІЛІ
В1 деңгейі. Барлық білім беру бағдарламаларына арналған СӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқаулық
Алматы 2021
ҒҰМАРБЕК ДАУКЕЕВ АТЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС
УНИВЕРСИТЕТІ
Тіл білімдері кафедрасы
ҚҰРАСТЫРУШЫ: Д.М. Арыстанғалиева. Қазақ тілі. В1 деңгейі. Барлық білім беру бағдарламаларына арналған СӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқаулық. – Алматы: Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ, 2021.
– 22 б.
Әдістемелік нұсқаулықта В1 деңгейіне байланысты алты семестрлік жұмыстардың тақырыптары, тапсырмалары, нұсқалары және қажетті әдебиеттері берілген. Қазақ тілі. В1 деңгейі. Барлық білім беру бағдарламаларына арналған СӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқаулық бойынша білім алатын бакалаврларға арналған.
Әдеб. көрсеткіші – 18 атау.
Пікір беруші: К.О. Ажиев
«Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2020 жылғы жоспары бойынша басылады.
© Ғұмарбек Дәукеев атындағы «Алматы энергетика және байланыс унверситеті » КЕАҚ, 2021 ж.
Кіріспе
Ұсынылып отырған Қазақ тілі. В1 деңгейі. Барлық білім беру бағдарламаларына арналған СӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқаулық қазақ тілі пәнінің типтік оқу бағдарламасына сәйкес құрастырылған.
Әдістемелік көрсеткішке студенттердің қазақ тілінен (В1) оқу материалдарын игеруіне қажетті СӨЖтапсырмалары енгізілген. Қазақ тілінде еркін, жатық сөйлеуге үйрететін/машықтандыратын шығармашылық, танымдық, ізденімдік тапсырмалар, топтық жұмыстар берілген.
СӨЖ орындаудың негізгі мақсаты – студенттің әлеуметтік- гуманитарлық дүниетанымын байытып, мемлекеттік тілде, қазақ тілінде, жазбаша және ауызша ой-пікірін еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыру.
Өздік жұмыстарды орындауда қойылатын міндеттер – тілдік, танымдық қорын толықтыру, жазбаша сауаттылыққа үйрету, бейнебаян, презентация, баяндама, сұхбат жүргізу дағдысын жетілдіру болып табылады. Өздік жұмыстарды орындауға қойылатын талаптар:
Өздік жұмыстардың таратылу және қабылдау кестесінде көрсетілген мерзім аралығында орындалуы тиіс.
Мәтіндік құжаттар А4 (210х297 мм) пішіміндегі қағазға компьютерлік терілім көмегімен 14 кегльмен, Times New Roman қарпімен орындалады.
Жұмыстың соңында әдебиеттер, интернет қорларының тізімі және сілтемелер берілуі қажет.
Студенттің № 1 өздік жұмысы
Тақырыбы: «Мен таңдаған мамандық» Бейнебаян.
Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ең қиын мамандық – адам болып қалу.
Хосе Хулиан Марти Мамандық… «Мамандық» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда: «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенді білдіреді екен. Бірақ болашағымызбен тікелей байланысты бұл сөздің бұлай аударылатынын қазіргі жастардың көбісі біле бермейді, тіпті менде енді ұға бастағандаймын. Бұрындары, яғни есте жоқ, ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмаған, әр адамның өз қолынан қандай жұмыс келеді сол жұмысты істеп, өмір сүрген. Ал қазір ше? Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болып, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық келе бастады, әлі де олардың шегі көрінер емес. Дегенмен саны бар, сапасы болмаса оның елімізге, өзімізге не пайдасы бар?!
Мамандық таңдау деген — өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге — әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң. Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау… Бұл
— өте жауапкершілікті және маңызды іс.
Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз — өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоюы керек деп ойлаймын. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек.
Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!
Автор: Асқар Жұмаділдаев Жұмыстың орындалу мерзімі: 1ай.
Жұмыстың мақсаты:
болашақ мамандығыңыздың әлемі туралы ақпарат беру;
мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттыру;
сүйікті ісі арқылы Отан-Анаға, ұлтына, ана тіліне, отбасына қызмет ету сенімділігін арттыру.
Қойылатын талаптар:
уақыт мерзімі 3-5 минуттан аспау керек;
студент өз ойын еркін, мазмұнды жеткізе білу керек: монолог, диалог түрінде дайындау;
жұмыс мерзімінде өткізілуі керек.
Тапсырма:
1. https://youtu.be/rLkzq86AVxA 2. https://youtu.be/h2Y3lsN89Ok 3. https://youtu.be/zJtOsYkGQf8
Көрсетілген сілтемелерді негізге ала отырып, бейнебаян жасаңыз.
Студенттің № 2 өздік жұмысы
Тақырыбы: «Сапалы тағам – салауаттық өмір салтының бастауы».
Презентация Жұмыстың орындалу мерзімі: 1ай
Мақсаты: тиімді презентация жасау ережелерін, слайд жасау әдістерін, презентацияны интерактивті түрде жүргізу тәсілдерін үйрету.
Адамдардың бір-бірін тыңдауы үшін негізгі үш себеп бар:
1) жеке басының мүддесі;
2) кімнің сөйлегені;
3) қалай сөйлегені.
Тиімді презентацияның ережесі:
1) тыңдаушыларға не керек екенін біліңіз;
2) оларға керек нәрсені беріңіз;
3) олардың тілінде сөйлеңіз;
4) өз сөзіңізді өмірден алынған әңгімелермен толықтырыңыз.
Тиімді презентацияның бас қағидасы – өз басыңыз немесе өз тауарыңыз туралы ойламаңыз, тыңдаушылар мен олардың мұқтаждықтары туралы ойлаңыз, өзіңіз білетін нәрсе туралы емес, оларға нені білу қажет, сол туралы айтыңыз.
Адамдардың қызығушылығын тудырып, оларға өзіңізді тыңдатудың ең жақсы тәсілі – оларға не керек екенін түсіну және олар қажеттіліктерін сізді тыңдай отырып, қалай қанағаттандыратынын көрсету. Сіз өз пікіріңізді айтпай тұрып, әуелі оларға не керек екенін білетініңізді, олардың көзқарасы сіз үшін маңызды екенін дәлелдеуіңіз керек. Тыңдаушы қызығушылығын анықтайтын тағы бір фактор – сөйлеушінің жеке басы мен ол туралы тыңдаушылардың пікірі.
Адамдардың кейбір қасиеттері біздің назарымызды аударып, өзін тыңдатқызады.
Адамдарды тыңдататын тағы бір себеп – сіздің сөйлеу дағдыңыз бен шеберлігіңіз. Қарым-қатынастың әртүрлі тәсілдері өз сөзімізді басқаларға жеткізудің тиімді амалы болып табылады. Қазіргі ақпарат ағыны мол заманда сөз хабар жеткізудің негізгі тәсілі емес, қазір сурет арқылы хабарды тиімді және тез жеткізудің мүмкіндігі мол. Заманауи тыңдаушы тек сөзге қанағат етпейді, оған айтылған сөздің көрнекі дәлелі керек.
Презентация тыңдаушыларға сіздің нақты сөздеріңіз бен сөйлемдеріңізді емес, сіздің идеяңызды жеткізу тәсілі болып табылады. Алдымен презентацияның жоспарын жасап алыңыз. Сізге тыңдаушының не істегені керек?
Оларды қалай басқаша ойландыра аласыз? Олардың есінде не қалуы керек?
Жоспар сіздің негізгі кілтіңіз болады. Бірақ сөздің сценарийін жасаудың керегі жоқ. Сценарий жасаудың орнына, негізгі айтатын ойыңызды белгілеп алыңыз.
Презентацияңызды интерактивті түрде әрбір тыңдаушы қатысатындай етіп жасаңыз. Сұрақтар қойып, берілетін материалды талқылауға барлық адамдарды тартыңыз.
Сөйлеуші суреттерді ауыстырып, өзі, компаниясы туралы айтып, ал тыңдаушылар есінеп, сағаттарына асыға қарап отырса, мұндай презентация тиімсіз болатыны белгілі. Презентация-монолог – ең нашар презентация.
Статистика бойынша, адамдардың көбінің сөйлегісі келеді, тыңдағысы келетіндер аз. Сіздің міндетіңіз – бұл жұмысқа әрбір адамды тартып, әр адам өзінің осы іске қатысы бар екенін сезініп, әңгіме өзі үшін өзекті екенін түсінетіндей етіп интерактивті презентация жасау.
Адамның миы көру мен есту арналарының үйлесімі арқылы алған ақпаратты тиімді сақтай алатыны белгілі. Зерттеу мәліметтері бойынша, адам оқылған ақпараттың 30 % және естіген ақпараттың 20 % есте сақтаса, ақпаратты бір мезгілде естіп және көрсе, есте сақталу 50-75 %-ға артады екен.
Презентацияның талаптары.
1) Презентацияның мазмұны:
- тақырыпты ашу;
- материалды беру (слайдқа бөлудің негіздемесі);
- графикалық ресімдеу негіздемесі (суреттер, сұлбалар, диаграммалар);
- мазмұндау сауаттылығы;
- жоба тақырыбы бойынша қосымша қызық ақпараттың болуы;
- ақпарат көзіне сілтемелер (оның ішінде Интернет қорлары).
2) Презентацияны безендіру:
- презентация дизайнының бірегейлігі;
- қолданылған дизайнның негіздемесі;
- презентацияға қосылған суреттердің стиль бірлігі;
- ресімдеуде өзіндік (авторлық) элементтерді қолдану;
- графиканы оңтайландыру;
- мультимедианың: графиктер, анимация, бейне, дыбысты пайдаланудың негіздемесі; навигацияның: бөлімдер атауларының, слайдтар мен гиперсілтемелерді ауыстыру батырмаларының болуы.
Слайдтар қалай жасалуы керек?
Слайд жасағанда мынадай шарттарды ескеру керек:
- бір слайдқа бір сөйлем жазыңыз;
- әр слайдқа сәйкес сурет қосыңыз;
- сіздің ойыңызды дәлелдейтін кескін немесе сурет, сіз сипаттап отырған заттың тұжырымын түсінуге мүмкіндік беретін диаграмма, деректер көрсетілген кесте, үдеріс алгоритмін көрсететін блок-сұлба;
- слайдта стандартты суреттер мен шаблондар болмауы керек;
- слайдтың дизайнына көңіл бөліңіз;
- қарапайым фонды таңдаңыз, ирегі көп шрифті таңдамаңыз, мәтіннің түсі фоннан ерекшеленуі керек;
-әрбір слайд қажетболуы керек;
- слайд сөйленген сөзді толықтырып немесе қорытындылауы керек;
- аудитория слайдтың сөздің қай жеріне қатысы бар екенін анық білуі керек;
- слайдтағы ақпарат қысқа, нұсқа болуы керек;
- слайдта ақпарат көп болмауы керек, күрделі сұлбалар мен тізімдерді бірнеше слайдқа бөлу керек;
- слайдта толық сөйлемдерді емес, сөз тіркестерін пайдалану керек;
-толық сөйлемдерді тек дәйексөз немесе анықтама болса ғана жазу керек;
- слайдтардың түстері бірдей болуы керек;
- слайдқа әртүрлі безендіру элементтерін көп қосуға болмайды;
- мағыналық жүгі жоқ кескіндерді қосуға болмайды;
- ғылыми жаргондарды қолдануға болмайды.
Қойылатын талаптар:
жоғарыда жазылған талаптар орындалуы тиіс;
жұмыс жазбаша жазылып, ауызша қорғалады;
қорғау уақыты 3-5 минуттан аспау керек.
Презентация тақырыптары:
қазақтың ұлттық тағамдары;
қазақстандық отандық өнімдер;
қазақтың сусындары;
қазақтың дәнді дақылдарынан жасалған тағамдары;
қазақтың ұлттық ет тағамдары;
қазақтың ұмытылған тағамдары.
Студенттің № 3 өздік жұмысы. Эссе жазу
Тақырыбы: «Өнер көкке жеткізер». Театрға саяхат.
Шығармашылық сипаттағы өзіндік жұмыс түрлерінің бірі – эссе. Эссе – прозалық әдеби жанр. Француз тілінен аударғанда «очерк» немесе «нобай» деген мағынаны білдіреді. Эссе автордың дара әсерін, белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын көрсетеді. Ол белгілі бір сұраққа толық жауап бермейді, тек сол мәсеге қатысты өз ойын немесе әсерін көрсетеді.
Эссе студенттің кез келген мәселеге қатысты ой-пікірін білдіре алу деңгейін, шығармашылық ойлау қабілетін, сауатты жазу дағдысын тексеруге мүмкіндік береді. Эссе студенттің сыни ойлау қабілетін дамыту үшін керек.
Қазір әлемдік білім беру жүйесінде адамның теориялық білімі мен тәжірибесіне емес, сыни ойлау қабілетіне қарап бағалау жүйесі қалыптасқан. Сондықтан кез келген адам эссе жазу арқылы осы қабілетті жас кезінен қалыптастыруы керек.
Эссе жазу тәртібі әдетте үш қадамнан тұрады:
Кіріспе бөлім: тақырыптың тұжырымдамасы және оның маңызы, риторикалық сұрақ, дәйексөз және т.б. болуы мүмкін.
Негізгі бөлімде қарастырылып отырған мәселе бойынша әртүрлі көзқарастар келтіріп, мәселенің тарихын қозғауға болады.
Әдетте негізгі бөлім әрқайсысында үш бөлім болатын бірнеше тармақшалардан тұрады: тезис (дәлелді пікір), дәлелдеу (тезисті дәлелдеу үшін пайдаланылатын дәлелдер) және тұжырым (негізгі мәселеге ішінара жауап).
Дәлелдер оқырманды қандай да бір көзқарастың шынайылығына сендіру үшін айтылған пікірлер болып табылады. Бұл өмірден алынған түрлі жағдайлар, ғалымдардың пікірі, дәлелдемелер және т.б. болуы мүмкін.
Қорытындыда негізгі бөлімде ұсынылған және әр тезис бойынша тоқталған барлық тұжырымдар біріктіріледі.
Алғашында оқушыларды эссе жазуға үйрету үшін еркін тақырыптан бастаған жөн деп санаймын. Эсседе ең бастысы тезистік пікір болуы керек. Егер тезистік пікір тақырыпқа сәйкес болмаса немесе жүйесіз құрылса, эссе ары қарай оқылмайды да, бағаланбайды да. Ал еркін тақырыпқа тезистік пікір жазу шығарма жазғаннан жеңіл. Алдымен эссенің тақырыбына ассоциация құрып, жалпы түсінік қалыптастыру керек. Тақырып туралы не білесің, не ойлайсың, осы туралы жазғанда тезистік пікір шығады. Келесі кезекте әрбір ұсынылған ақпаратқа дәлелдер мен мысалдар жазылуы тиіс. Бұл негізгі бөлімді құрайды.
Қорытынды бөлім «эссемді қорытындылай келе», «сөзімнің соңында» деген сияқты түйіндеуге арналған сөздермен басталуы тиіс. Қорытынды бөлімде жаңа ойдың болмауы шарт. Соңғы бөлімде тек қана негізгі бөлімде қозғаған ойыңнан нәтиже шығару керек немесе ұсыныс білдіруге болады.
P.S. Эсседе біреудің ойын, тарихын, жолын көшіре алмайсың. Ойлануға, еңбектенуге тура келеді. Демек, эссенің тағы бір артықшылығы – жалқаулықпен күресуге көмектеседі.
Театрлар:
* Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры.
*Мемлекеттік неміс драма театры.
*Мемлекеттік қуыршақ театры.
* Мемлекеттік Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры.
* Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры.
* Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры.
Жұмыстың мақсаты:
шығармашылық, танымдық, ізденімдік қабілеттерін қалыптастыру;
шығармашылық ойлауын дамыту;
жүйелі түрде өз ойын нақты жеткізе білу.
ішкі ой-сезіміңді қағаз бетіне сауатты жаза білу;
көркем әдебиет пен мәдениеттен рухани байлық алу.
Қойылатын талаптар:
эссе көлемі (200-250 сөз) болуы керек;
эссе тақырыбы толығымен ашылып,нақты дәлелдермен берілуі керек;
еркін құрылым. Эссе кіріспе мен тезистік пікір, негізгі және қорытынды бөлімнен тұрады: шығарманы ІІІ жақта жазған болса, эссенің өн бойында студенттің өзіндік көзқарасы айқын көрініп тұру керек. Яғни, «Мен», «Менің ойымша» деп, тек І жақтан жазылуы керек.
жұмыс А4 форматында 14 шрифтпен басылуы тиіс.
Тапсырма:
театрға бару;
театр өмірімен танысу (тарихы, сахна, авансцена, арьерсцена, оркестр, театр репертуары);
қойылым туралы ақпарат (атауы, қоюшы-режиссері, рөлді сомдаған әртістер);
алған әсерін жеткізу (кейіпкердің не қойылымның негізгі меңзеген айтайын деген ойы, қойылым мақсаты).
Студенттің № 4 өздік жұмысы. Бейнебаян
Тақырыбы: Телехабарға шолу.
Телевизия дегеніміз – ең ықпалды ақпарат құралы. Ол – әлеуметтік айна, бұқаралық қарым-қатынастың маңызды буыны әрі саяси идеялық аса мықты қару. Оны бүгінде тек ақпарат құралы ретінде қарастырушылық бар. Бұл мүлде жеткіліксіз. Адамзаттық және ұлттық өнерді, мәдени құндылықтарды таратушы телевизияның нағыз өнер екенін естен шығармауымыз керек.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 72 телеарна жұмыс істейді.
«Қазтелерадио» компаниясының мәліметі бойынша, қазақ телевизиясының хабар тарату аумағы жылдан жылға өсіп келеді. Телеарналар:
1. Qazaqstan.
2. Qazsport.
3. Balapan.
4. Хабар.
5. Kazakh TV.
6. Білімжәнемәдениет.
7. 24 kz.
8. Astana TV.
9. КТК.
10. Жетіншіарна.
11. 7 Kazakhstan.
12. Первый канал Евразия.
13. Мир.
14. 31 канал.
15. НТК.
16. Таң.
17. СТВ.
18. MuzZone.
19. HitTV.
20. «Қазақстан «РТРК»» АҚ облыстықфилиалыныңтелеарнасы.
21. Аймақтық телеарна немесе Алматы.
22. Балапан HD.
Телебағдарламалар түрлері: Таңғы («Таңшолпан», «Қайырлы таң, Қазақстан»), саяси-қоғамдық (Қазақстан, Менің елім, Арнайы репортаж, Ашық алаң, Басты бағдарама, Жаңалықтар, Еңселі Елорда Апта.kz, Меншікті мекен, Парламент), әлеуметтік (Сыр сұхбат, Жан жылуы, Заң сөйлесін, Денсаулық), спорттық (Толағай, Көкпар), руханиат (Келбет, Кеш жарық, Сөз мерген, Сөнбес сәуле) т.б.
1 сурет - Қазақ телеарналарының келбеті Жұмыстың орындалу мерзімі: 1ай
Жұмыстың мақсаты:
БАҚ-тан алынған әртүрлі жағдайды дұрыс бағалау, түсіну;
ой-пікірін дұрыс жүйелеу;
сөз әдебі, ұлттық рухани, мәдени құндылықтарды және мінез-құлық үлгілерін меңгеру.
Қойылатын талаптар:
нақты бір телеарна, нақты бір бағдарлама (қазақ тілінде) таңдалып алынуы тиіс;
оқу жыл басынан үзбей бағдарламаны көру керек;
бағдарлама туралы толық ақпарат алу тиіс;
ойын толық, жүйелі, мазмұнды жеткізе білуі керек;
тыңдалған бағдарламаның мазмұнын ашық, қысқаша баяндай білуі керек;
жұмыс ауызша қорғалып, жазбаша өткізіледі.
Тапсырма:
1. https://youtu.be/lsg1M2dcKWg осы сілтемені негізге ала отырып, жұмысты орындаңыз.
Студенттің № 5 өздік жұмысы (жазбаша)
Тақырыбы: «100 жаңа есім» жобасы. Постерлік баяндама. Жұптық жұмыс.
Постерлік баяндама – конференцияларда, семинарларда ақпарат берудің қажетті түрлерінің бірі, соның арқасында қысқа уақыт ішінде үлкен көлемді әртүрлі жоспарлы мәліметтерді жеткізуге болады. Бұл жұмыстың визит карточкасы болып саналады. Стендтік баяндама- бұл ең көп көрнекі ақпарат және ең аз көлемді мәтін.
Жұмыстың орындалу мерзімі: 1ай Жұмыстың мақсаты:
жоба жеңімпаздарының озық идеялары және ашылымдарымен таныса отырып, білімге, ғылымға деген ізденісін арттыру;
болашағына мақсат қоя білетін білімді, отаншыл тұлға қалыптастыру.
Қойылатын талаптар:
1 Шрифтің ұсынылатын өлшемдері:
Постердің тақырыбы – 16 кегль;
автордың аты жөні – 14 кегль;
баяндаманың негізгі мәтіні – 14 кегль.
Тақырыпқа байланысты иллюстративті материалдар (графика, сурет, сұлбалар, фотосуреттер, кестелер және т.б.) постерде болуы міндетті.
2 Постерлік баяндама құрылымы:
тақырыбы;
қатысушылардың аты-жөні;
баяндаманың мақсаты;
баяндаманың мазмұны, нәтижесі (мәтінмен бірге графика, таблица, кесте, сурет және т.б болуы мүмкін);
қорытынды;
сілтемелер және т.б.
– баяндаманыңқағаздағы нұсқасын А4 форматында шығарып, тапсыру керек.
Постерлік баяндамаларды талқылау барысында қатысушы берілген сұрақтарға толық жауап беруі тиіс.
Тапсырма:
1. Өзіңізге ұнаған, үлгі тұтқан жаңа есімді алып. постерлік баяндама.
2. Жасау. Үлгісі төменде келтірілген сілтемеде берілген.
3. https://yadi.sk/d/Tz6K-RD2VwglnQ
Студенттің № 6 семестрлік жұмысы
Тақырыбы: жағдаяттық диалог.
Мақсаты: білім алушының кәсіби әрекеті барысында туындауы мүмкінәртүрлі жағдайларға байланысты диалог құрастыра білуі.
Тапсырма: оқытушы ұсынған нұсқалардың тақырыптарын негізге алаотырып, жағдаяттық диалог құрастыру.
Қойылатын талаптар:
жұмыс көлемі – әр сөйлеушіден 15-20 реплика.
кәсіби және қоғамдық-әлеуметтік салаларға байланысты қатысымдық жағдаяттарға негізделе құрылуы тиіс;
тапсырманы жұп болып орындауға да болады. Жұптарды оқытушы ұсынады.
Жағдаяттық диалогты құрастыру барысында төменде берілген сұхбаттасуда қолданылатын тілдік оралымдар мен диалогтың түрлерін пайдалану ұсынылады.
Сұхбаттасуда қолданылатын тілдік оралымдар.
Сұхбатты бастау
Менің ойымша, біз әңгімемізді келесі мәселені талқылаудан бастағанымыз дұрыс сияқты...
Бүгін мен белгілі мәселелерді қайтадан талқылауды ұсынамын...
Бүгінгі кездесуіміздің себебін сіз жақсы білетін болғандықтан, бірден талқылайтын мәселемізге көшсек...
Әңгімемізді біз .... талқылаудан бастасақ.
Менің сізбенкездесугекелгенсебебім...
Біз әңгімемізді мені көптен толғандырып жүрген ... мәселеден бастасақ.
Осыған дейін арамызда болған келісімге сәйкес, әңгімемізді...
қарастырудан ан бастағанымыз дұрыс болар деп ойлаймын.
Келіскенді немесе құптағанды білдіру
Сіздердің шарттарыңыз бізді толық қанағаттандырады. Бұл ойыңызға біз қарсы емеспіз.
Біз келісімге келе аламыз деп ойлаймын.
Мен сіздің көзқарасыңызды толық құптаймын. Біздің бұл пікіріңізге қарсы айтарымыз жоқ. Бұл, біздің ойымызша өте жақсы идея.
Мен сіздің пікіріңізбен толық келісемін.
... туралы менің көзқарасым сіздікімен толық сәйкес келеді. Тұтастай алғанда сіздің шарттарыңызды толық қабылдауға болады. Жалпы біз келісімге келдік деп есептеуге болады.
Толықтыру ретінде Тағы бір жайға назар аударуға болмайды ...
Осы ойдың дәлелі ретінде бірнеше цитаталарды келтірейін.
Айтпақшы, осы сәтте толықтыруға рұқсат етіңіз ... . Өз көзқарасын қорғауға тырысу
Мен бұл бапты басқа көзқарас тұрғысынан қайтадан талқылауды ұсынамын.
Біз осы мәселені басқа қырынан қарастырып көрейікші.
Мен сізден осы сұраққа қатысты қосымша мәліметтерді алғым келеді. Біз әңгімеміздің негізгі тақырыбынан біршама ауытқып кеткен сияқтымыз.
Осындай себептерге байланысты, осыған дейін қарастырған баптардың бірқатарына қайта оралуды ұсынамын.
Мен бұл мәселені шешудің басқа жолын көріп тұрмын, сол себепті түсініктеме бере кеткім келеді...
Талқылағалы отырған мәселені шешудің басқа да жолы бар екендігімен сіз келіседі деп ойлаймын.
Мен ... туралы мәселені қайта қарастырудың қажеттігі жайында айтқым келеді.
Мүмкін, осы мәселеге қатысты сарапшылардың қорытындысы сізді қызықтыратын шығар.
Өтінішті білдіру Егер келіссеңіз, біз сізге қарыздар болар едік...
Сіз осылай істей алмайсызба...
Сізге қиын болмаса...
Сізгеа уыр тимесе...
Мен сізге риза болар едім, егер...
Біз сіздің көмектесе алатындығыңызға сенеміз...
Мен сізден ... сұрағым келеді.
Сіздің тарапыңыздан үлкен көмек болар еді, егер...
Белгісіздікті немесе күдікті білдіру
Бұл мәселеге байланысты пікірім толық қалыптасып болған жоқ. Кейбір мәселелер мені қатты күдіктендіреді.
Менде айтқандарыңыздың нақтылығына сенімсіздік тудыратын мәліметтер болғандықтан, сіздің мына мәселелерді анықтауыңызды өтінер едім.
Кейбір мәселелерге байланысты сіздің ойыңызды толық түсіне алмадым.
Осының қажеттілігі жайлы үлкен күдігім бар.
Менің ойымша мұндай шешімді қабылдауға әлі ерте сияқты. Мен бұл мәселенің басқаша шешілгенін қалар едім.
Келіспеушілікті, қабылдай алмауды білдіру
Тұтастай алғанда сіздің ұсынысыңызды қабылдауға болады, бірақ...
Біздің көзқарасымыз сіздікінен біршама бөлектеу. Біз бұл мәселеге басқа түсінік тұрғысынан қараймыз.
Жалпы сіздің ұсыныстарыңыздың көпшілігімен келісеміз, бірақ біздің бірнеше ұсыныстарымыз бен ескертулеріміз бар.
Сіздің нұсқаңызбен келісу оңай емес, себебі оны іске асырудың белгілі бір қиыншылықтары бар.
Бізді сіз ұсынған шарттар толықтай қанағаттандыра алмайды.
Өкінішті, біздің қаржылық жағдайымыз сіздің өтінішіңізді қанағаттандыруға мүмкіндік бермейді.
Өкінішке орай, біз сіздің шартыңызды қабылдай алмаймыз.
Біз сіздің осы мәселені көтеруге көп күш салғаныңызға ризашылықпен қараймыз, бірақ біз келісе алмайтындығымызды білдіруге мәжбүрміз.
Нақты жауап бермеуге тырысу Сіздің сұрағыңызға нақты жауап беру қиын, себебі...
Аталған мәселеге тек қана жалпылама түрде ғана жауап беруге болады.
Мен оның жалпы сұлбасын ғана шамалаймын.
Маған ол туралы айту қиын.
Мен сізгетолықжауапберугеқиналамын.
Өкінішке орай, ол туралы біздің толық мәліметіміз болмай тұр.
Біз ол туралы білмейміз, сол себепті көтерілген мәселе жайлы нақты ешнәрсе айта алмаймыз.
Сұхбатты аяқтау
Сонымен, біз әңгімеміздің соңына жақындап келеміз.
Кәне, біздің келісімдеріміздің қорытындысын шығарайық. Сұхбаттың қорытындысы ретінде менің айтқым келгені...
Менің байқауымша, біз бүгінгі сұрақтардың бәрін қарастырып болдық.
Меніңше ... мәселесін шешілді деп есептеуге болады.
Сіздерге бүгінгі талқылауға қатысқандарыңыз үшін біздің фирмамыздың атынан алғыс білдіріп, болашақ әріптестігіміздің сәтті болатындығына сенім білдіруге рұқсат етіңіздер.
Талқылауға қатысуға уақыт бөлгендеріңіз үшін сіздерге шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Менің ойымша сіздер өз шешімдеріңізге риза боларсыздар.
Диалогтың түрлері:
а) диалогтық сұхбат (разговор) – бір тақырыпқа арналған қысқа уақыттық әңгіме;
б) диалогтық әңгіме (беседа) – шешім қабылдау мақсатында мәліметтермен бөлісіп, оқиғаға немесе жағдайға қатысты өз көзқарастарын білдіру;
в) келіссөз (переговор) – мәмілеге келу мақсатында белгілі бір мәселені талқылау;
г) интервью – баспасөз, радио, теледидар журналистері жүргізетін әңгіме;
д) пікірсайыс (дискуссия);
е) іскерлік – тікелей «жанды» диалог;
ж) телефонмен әңгімелесу – вербалды әңгіме.
Жағдаяттық диалогты құрастыру үлгісі
Жағдаят: сіз басшысыз. Жұмыстан шыққысы келетін қызметкердің өтінішіне қол қоюдан бұрын оны шақыртасыз. Сіз оның жұмыстан кетуіне қарсысыз. Себебін біліп, оны орнында қалдыруға үгіттеңіз.
Қызметкер: «Сәлеметсіз бе, Диас Жандарбекұлы!»
Басшы: «Сәлеметсіз бе, Дания Даниярқызы! Отырыңыз! Бүгінгі кездесуіміздің себебін сіз жақсы білетін болғандықтан, бірден негізгі мәселеге көшсек. Сіздің жұмыстан өз еркіңізбен кетуіңіздің себебі қандай?»
Қызметкер: «Маған ол туралы айту қиын».
Басшы: «Біз осы мәселені басқа жағынан қарастырсақ. Сіз тәжірибелі, білікті мамансыз. Сіздей қызметкердің кетуі – біз үшін ауыр жағдай. Жиырма жыл еңбек еткен ұжымыңыздан кету сізге де оңай емес шығар?»
Қызметкер: «Өкінішке орай, мен сондай шешімге келдім. Мен сіздің маған алаңдаушылық білдіргеніңізге ризашылықпен қараймын, бірақ жұмыстан кетуге мәжбүрмін».
Басшы: «Мен сізден неге өтініш жазғаныңызды ашып айтуыңызды сұрағым келеді. Басқа жұмыс таптыңыз ба?»
Қызметкер: «Мен отбасы жағдайыма байланысты жұмыстан шығамын деп өтініш бердім. Балам биыл университеттің ақылы бөліміне оқуға түсті. Мен оның оқуының ақшасын төлеуім керек қой. Жалақым аздық етеді, сол себепті айлығы жоғары жұмысқа орналасатын болдым».
Басшы: «Сіздің жағдайыңыз енді түсінікті болды. Мен сіздің көзқарасыңызды толық құптаймын. Дегенмен мен сізден осы шешіміңізге қатысты қосымша мәліметтерді алғым келеді. Айтып отырған мекемеңіз жекеменшік пе? Онда келісімшарт қанша уақытқа жасалады?»
Қызметкер: «Жекеменшік фирма. Алдымен екі ай сынақ мерзімі болады.
Сосын үш жылға келісімшарт жасаймыз деген».
Басшы: «Дания Даниярқызы! Әрине, сіздің өмірлік тәжірибеңіз бар, әрбір жағдайды дұрыс шеше алатын парасатты жансыз. Алайда талқылап отырған мәселені шешудің басқа да жолы бар екендігімен сіз келіседі деп ойлаймын.
Жекеменшік фирманың ертеңі белгісіз. Онда жалақы уақытылы берілетініне де күмәндануға болады».
Қызметкер: «Сіздің пікіріңізге қарсы айтарым жоқ. Өкінішке орай, менің басқа амалым қалмады. Әрине, осы жердегі әріптестерімді, үйренген қызметімді мен қимаймын».
Басшы: «Тағы да айтқым келеді: біз сіздей өз ісіне адал, ортасына сыйлы, жауапкершілігі мол қызметкерді мақтаныш етеміз. Жас мамандар үшін де сіз таптырмас ұстазсыз. Бізге сіздей маман керек».
Қызметкер: «Мен сізге және әріптестеріме ризашылығымды білдіремін.
Менің кетуімнің себебін дұрыс түсінгендеріңізді қалаймын».
Басшы: «Өкінішті, біздің қаржылық жағдайымыз сіздің мәселеңізді жақын арада шешуге мүмкіндік бермейді. Дегенмен жуық арада бізде жаңадан бөлім ашылады. Сіз бөлім меңгерушісі лауазымына әбден лайықтысыз. Бөлім меңгерушісінің жалақысы жоғары. Оған жұмысының нәтижесіне қарай сыйақы да беріледі. Осы ұсынысыма қалай қарайсыз?»
Қызметкер: «Сіздің ұсыныңыз мені қызықтырады. Бұл ойыңызға мен қарсы емеспін».
Басшы: «Біз келісімге келдік деп ойлаймын. Менімше, мәселе шешілді деп есептеуге болады. Сізге менің сөздеріме құлақ асып, шешіміңізді өзгерткеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Сұрақтарыңыз бар ма?»
Қызметкер: «Менде сұрақ жоқ. Түсіністікпен қарап, қолдау көрсеткеніңізге көп рақмет. Келешекте қойған талаптарыңызды орындап, сеніміңізді ақтауға тырысамын».
Басшы: «Сізге еңбекте табыс, ісіңізде сәттілік тілеймін. Егер қиындықтар болса, келіңіз, біз сізден көмегімізді аямаймыз».
Қызметкер: «Рақмет, сау болыңыз! Басшы – Сау болыңыз!»
Жағдаят нұсқалары:
1 нұсқа
«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» акционерлік қоғамының «Ғарыштық техника және технологиялар институты» ЕЖШС –нің құрылымы туралы Ғылыми бағыттағы ғарыш жүйесі зертханасы меңгерушісімен тілші сұхбаты.
2 нұсқа
«Шымкент мұнай өңдеу зауыты» жанармаймен мерзімінде қамтамасыз етуді кешіктіріп жатыр. Осы мәселені себебін анықтап, дұрыс шешу мақсатында зауыт директорымен сұхбат жүргізесіз.
3 нұсқа
«АстанаЭйр» компаниясының ұсынылған шарттары орындалмауда, сондықтан осы келеңсіздікті шешу мақсатында жүргізілетін шаралар жөнінде компания мен әуежай басшылары ой бөліседі.
4 нұсқа
«Қазақстан экономикасының даму болашағы» тақырыбына университеттің әр мамандық студенттері арасындағы сұхбат.
5 нұсқа
«ZETA» жиһазы үлкен сұранысқа ие, сондықтан фирма директоры тауардың сапасы мен бағасын көтеру туралы мәселені көтерді. Осы мәселе төңірегінде фирма есепшісімен талқылап, шешуді ұсынады.
6 нұсқа
Сіз «Өзенмұнайгаз» ААҚ-ның басшысысыз. Сіз бұрғылау-монтаждау басқармасының бас маманымен жұмысты оңтайландырудың жолдары туралы әңгімелесесіз.
7 нұсқа
Сіз «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алып жатқан студентсіз. «Автоматтандыру және басқару» мамандығында оқитын досыңызбен өз мамандығыңыздың артықшылықтары туралы айтып, сөз жарыстырыңыз.
Досыңыздың сіздің мамандығыңыздың бүгіні және болашағы жайлы айтқан пікірлерін қостап немесе жоққа шығарып, тақырыпты ары қарай дамытыңыз.
8 нұсқа
Автоматтандыру және басқару мамандығының студенттеріне Hyundai, Hitachi, Siemens-тердің автоматтандыру жүйелерін оқыту туралы ғалым- профессордың берген сұхбаты.
9 нұсқа
«МАЭК-Казатомпром» АҚ кадрлар бөлімі директорының жас маманды жұмысқа қабылдауы. Бұл орайда жұмыс тәртібі, ережелері және болашағы (перспективасы) туралы сөз қозғаңыз.
10 нұсқа
Сіз «Қазақмыс» компаниясының президентісіз. Шетелдік компанияның басшысына сіздермен бірігіп жұмыс істеудің қажеттігін айтып, мұндай бірлескен еңбектің тиімді болатындығына серіктесіңіздің көзін жеткізіңіз.
11 нұсқа
Еліміздегі ірі ұлттық байланыс операторы «Қазақтелеком»
телекоммуникациялық компаниясының IT маманы мен студент арасындағы сұхбат.
12 нұсқа
Сіз «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның басшысымен жаңа жоба бойынша жүргізілетін жұмыстар туралы әңгімелесіңіз.
13 нұсқа
Сіз «Алматыгаз» АЕО» ЖШС-ның бас маманысыз. Алдағы күндері Алатау
ауданының тұрғындарына газ жүйесін қосуға тиіссіздер.
Қызметкеріңіздің біреуімен осы жұмысты қалай орындау керектігі, оның ерекшелігі және осы істі неден бастап, немен аяқтау керектігі жайында пікірлесесіз.
14 нұсқа
Сіз «Қазақстанда қалыптасқан экологиялық мәселелер және оны шешу жолдары» атты семинарға қатыстыңыз. Семинарда көтерілген мәселе төңірегінде әріптестеріңізбен ой бөлісіңіз.
15 нұсқа
«Экология – халық тағдыры» тақырыбында Алматы қаласының бас экологымен оңтүстік астананың экологиялық мәселелері және оны шешу жолдары туралы әңгімелесіңіз.
16 нұсқа
Алматықаласы Төтенше жағдайлар департаменті қаланы 45% -ға электр қуатымен, сондай-ақ 30% - ға жылу энергиясымен қамтамасыз ететін Жетісу ауданындағы ЖЭО-1 тіршілікті қамтитын нысанында арнайы-тактикалық жаттығу өтті.
Оқу-жаттығудың басты мақсаты туралы Төтенше жағдайлар департаменті өкілі мен Жетісу ауданы басшысы арасындағы сұхбат.
17 нұсқа
Сіз АЭжБУ студентісіз және қала тұрғынысыз. Сізге Алатаудың бауырындағы қалада тұрып өмір сүру де, оқу да ұнайды. Алатау бауырындағы Көкжайлау мекені туралы досыңызбен сұхбат (әңгіме).
18 нұсқа
«Білім де бәсекеге түседі» тақырыбына сұхбат.
19 нұсқа
Өскемен машинажасау зауытының бас мастері көлікті жаңа заманға сай автоматтандыру, яғни көлік ішіндегі температураны бірқалыпты ұстау режімі туралы ойды ортаға салады.
20 нұсқа
Қазақстаннан келген әріптесіңіз сізден шетелден инвестиция тартудың қыр-сыры туралы айтып беруді өтінді. Әріптесіңізбен білім саласына инвестиция тартудың ерекшелігі жайлы сұхбат жүргізіңіз.
21 нұсқа
ЖЭС-1 орталығының «Бу қазандықтары» цехының маманы мен машықтанудан өтіп жатқан студент арасындағы «Бу және газ турбинасының құрылысы мен жұмыс істеу принциптері» туралы сұхбат.
22 нұсқа
«Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та Ғарыштық техника және технологиялар саласы бойынша білім алып жатқан магистрантсыз. Осы саланың АҚШ-та дамуы туралы 4 курс бакалавр студенттерімен ой бөлісіңіз.
23 нұсқа
Өз мамандығыңызға байланысты ашылған ғылыми жаңалықтар төңірегінде оқытушыңызбен сұхбаттасыңыз.
24 нұсқа
Алматы қалалық электр тораптары басқармасының басшысы және «Алатау жарық» компаниясының бас маманының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі бойынша жүргізген сұхбаты.
25 нұсқа
«АлмаТВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жоба-конструкторлық бөлімінінің бөлім басшысыз.Сіздің бөлімге ақпарат қауіпсіздігінің маманы және WEB–қосымшаның әзірлеушісі керек. Маман қандай болуы, нені меңгеруі керек? Сіздің ойыңыз?
26 нұсқа
Сіз жас мамансыз. Алғашқы жұмыс күнінде жаңадан келген маман ретінде ұжыммен танысуыңыз керек. Әуелі басшылықпен немесе ұжым жетекшісімен жақынырақ танысып, негізгі міндеттеріңізді анықтап алыңыз.
27 нұсқа
Симпозиумдаэкономистер, инженерлер, экологтар секциялары тобы жұмыс істеуде. Әр секция баламалы энергия мәселелерін өз кәсіптері тұрғысынан талқылап, өз шешімдерін айтады.
28 нұсқа
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу керек. Бұл – патоматтандыру, роботтану, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа мәліметтер» екенін атады. Бұл – уақыт талабы.
Алайда, инновациялық дамуды бірінші орынға қойғанымен, елімізде робототехника саласының баяу дамығанын жоққа шығара алмаймыз. Осы мәселе бойынша сұхбаттасыңыз.
29 нұсқа
Екі студент кітапханада кездесіп, латын әліпбиіне көшудің болашағы жөнінде пікірлеседі.
30 нұсқа
Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің директоры мен студенттер кәсіподақ ұйымы төрағасы АЭжБУ-да жыл сайын өткізілетін қайырымдылық шарасының дайындығы туралы пікірлеседі.
31 нұсқа
Сіз АЭжБУ ректорысыз. Қалалық энергетика бөлімінің басшысымен техника саласында үш тілді еркін меңгерген маманды дайындаудың қиындығы мен жетістіктері туралы ой қозғаңыз.
32 нұсқа
Сіз «Ақпаратты қамтамасыз ету жүйелері» кафедрасының студентісіз.
Мобильді оқыту бағдарламасы бойынша 1 семестр Рига техникалық университетінде білім алып келдіңіз. Институт директорымен оқу туралы сұхбаттасасыз.
33 нұсқа
Сіз мекемеде директорсыз. Орынбасарыңызды шақырып, айлық жоспардың не себепті орындалмағандығы және бұл мәселені қалай шешуге болатындығы жайлы әңгімелесіңіз. Әңгіме өлшеу жүйелерінің бөлшектерін
жасайтын кәсіпорынға қатысты жүруі тиіс. Диалогта өлшеу жүйелерінің бөлшектеріне, олардың атауларына, жасалу технологиясына қатысты сөздер болуы керек.
34 нұсқа
Сіз «Алматы Су» МКК-ның басшысысыз. Сіз ағынды суларды бұру бөлімінің бас маманымен «Қыс, көктем мезгіліне Алматы қаласының дайындығының жүйесін құру» жобасының міндеттері мен оның мақсаттары туралы әңгімелесесіз.
35 нұсқа
«Востокмашзавод» АҚ цех басшысыз.Сіз тәжірибе алмасу мақсатында шетелге бардыңыз. Шетелдік әріптесіңізбен «Бұрғылау мұнай және газ қондырғыларына арналған машиналар мен жабдықтар» туралыжәне оны дамыту мәселелері төңірегінде ой бөлісіңіз.
36 нұсқа
Сіз Түркісіб аудандық төтенше жағдайлар комитетінің инспекторысыз.
Алдағы қысқы маусымға тұрғындардың дайындығы, пеш, газ қондырғыларының дұрыс орналасқандығы жөнінде тексеру барысында тұрғындармен әңгімелесесіз.
37 нұсқа
«АЭжБУ-жетекші оқу орны» деген тақырыпқа сұхбат құрыңыз.
38 нұсқа
Екі маман ұялы желілер және сымсыз рұқсат ету жүйелерінің ерекшеліктері жайында сұхбаттасады. Әңгімеге арқау болған тақырып: жер үстіндегі жылжымалы байланыс жүйелерінің бірінші және екінші буындарының өзіндік ерекшеліктері.
39 нұсқа
Зертханада. Сіз кіші ғылыми қызметкерсіз. Басқа бөлімге аға ғылыми қызметкер болып ауысқалы жатырсыз. Орныңызға магистратураны жаңадан бітіріп келген қызметкер жұмыс істемек. Оған қауіпсіздік техникасын (химиялық құралдармен, электр жабдықтарымен жұмыс істеуді) түсіндіріп, сұрақтарына жауап беріңіз.
40 нұсқа
Сіз «Аспап жасау» мамандығында оқитын АЭжБУ студентісіз. Осы мамандық жайлы білгісі келетін досыңызбен өз мамандығыныздың артықшылықтары, болшағы туралы әңгімелесесіз.
Әдебиеттер
1. Айтбаева Б.М. Қазақ тілі (В1 деңгейі) оқулығы. – Қарағанды, 2014. – 205 б.
2. Балабеков А.К., Бозбаева-Хунг А.Т., Досмамбетова Г.Қ., Салыхова Б.О., Хазимова Ә.Ж.. Қазақ тілі: ортадан жоғары деңгейге арналған оқулық. Ұлттық тестілеу орталығы. – Астана, 2017.
3. Бозбаева-Хунг А.Т., Балабеков А.К., Досмамбетова Г.Қ., Салыхова Б.О., Хазимова Ә.Ж. Қазақ тілі: орта деңгейге арналған оқулық. Ұлттық тестілеу орталығы. – Астана, 2017.
4. Бектұров Ш., Бектұрова А. Казахский язык для всех. - Алматы, 2004.
5. Ерназарова З.Ш. Эссе түрлері. Оқу-әдістемелік құрал. – Алматы:
Bilimsema баспасы, 2019. - 80 б.
6. Жекеева К.О. Қазақ тілі В1 деңгейі. Оқу құралы. - Алматы: Ғ.Ж. Дәукеев атындағы АЭжБУ, 2020.
7. Күзекова З.С., Байтелиева Ж.Д. Қазақ тілі: орта деңгейге арналған оқулық. – Астана, 2016.
8. Күзекова, З.С. Қазақ тілінің функционалды практикалық грамматикасы:
оқу құралы. - Астана: Фолиант, 2015. - 180 б.
9. Қазақ тілі (тіл үйренушілердің В1 және В2 деңгейлеріне арналған): орыс тілді топтарға арналған оқу құралы./ Қ.С. Құлманов, Б.С. Абдуова, т.б. – Астана, 2015. - 298 б.
10. Қазақ тілі: деңгейлік оқу-әдістемелік кешенінің негізгі оқулығы (базалық деңгей)/ Ж.Қ. Түймебаев, Қ. Қадашева, Ұ.О. Асанова. - Алматы, 2013. - 208 б.
11. Қарабаева Х.Ә. Қазақ тілі: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2014.
12. Құлманов Қ.С., Абдуова Б.С. Қазақ тілі (тіл үйренушілердің В1 және В2 деңгейлеріне арналған): орыс тілді топтарға арналған оқу құралы – Астана:
ЕҰУ. 2015. - 298 б.
13. Сыздық С. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы).
Астана: Елорда, 2000. – 532 б.
14. Салқынбай А.Б., Егізбаева Н.Ж. Қазақ тілі. Базалық деңгей: оқу құралы.
– Алматы: Қазақ университеті, 2017.
15. Салқынбай А., Егізбаева Н., Жұмағұлова А., Иманқұлова С., Рысбай Б.
Қазақ тілі: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2016.
16. Орыс бөлімінде оқитын студенттерге арналған «Қазақ тілі-І» және
«Қазақ тілі-ІІ» пәніне байланысты «Сандық білім беру ресурстары». – Астана, 2014.
17.Төлеуп М.М., Советова З. С. Қазақ тілі. Техникалық оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. - Алматы: АЭжБУ, 2015. - 198 б.
18.Төлеуп М. Кәсіби бағытталған тілде сөйлеу біліктілігін дамыту. Оқу құралы. - Алматы, 2005. - 78 б.
Мазмұны
Кіріспе... 3
№ 1 Студенттің семестрлік жұмыс... 4
№ 2 Студенттің семестрлік жұмысы... 5
№ 3 Студенттің семестрлік жұмысы... 7
№ 4 Студенттің семестрлік жұмысы... 9
№ 5 Студенттің семестрлік жұмысы... 11
№ 6 Студенттің семестрлік жұмысы... 12
Әдебиеттер... 21
2020ж. жиынтық жоспары, реті 32
Арыстанғалиева Динара Миржановна
ҚАЗАҚ ТІЛІ
В1 деңгейі. Барлық білім беру бағдарламаларына арналған СӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқаулық
.
Редактор: Ж.Н. Изтелеуова
Стандарттау бойынша маман: Е.Т. Данько
Басуға қол қойылды _ _ _ Пішімі 60х84 1/16
Таралымы 50 дана Баспаханалық қағаз №1
Көлемі 1,8 есептік-баспа табақ Тапсырыс __ Бағасы 900 теңге
«Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті»
коммерциялық емес акционерлік қоғамының көшірмелі-көбейткіш бюросы
050013, Алматы, Байтұрсынұлы көшесі, 126/1