• Ешқандай Нәтиже Табылған Жоқ

«ОДОБРЕНО» «СОГЛАСОВАНО» - APA Repository

N/A
N/A
Protected

Academic year: 2023

Share "«ОДОБРЕНО» «СОГЛАСОВАНО» - APA Repository"

Copied!
86
0
0

Толық мәтін

(1)

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ

Басқару институты қолжазба құқығында

Джумагулова Айгуль Алмисаевна

МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТАҒЫ

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН БАСҚАРУ СТРАТЕГИЯСЫ

«7М041 Бизнес және басқару» дайындық бағыты бойынша

«7М04105 – Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасы

«Бизнес және басқару» магистрі дәрежесін иелену үшін магистрлік жоба

«7М04105 – Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасы бойынша

Ғылыми жетекші _____________________ Мухияева Д.М., PhD Жоба қорғауға жіберілді: «___»____________________2023 ж.

Басқару институтының директоры ____________________ Гаипов З. С., c.ғ.д.

Астана, 2023

(2)

2

МАЗМҰНЫ

НОРМАТИВТІК СІЛТЕМЕЛЕР... 3

БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР ………... 5

КІРІСПЕ………...………. 6

НЕГІЗГІ БӨЛІМ………...……….. 10

ҚОРЫТЫНДЫ... 62

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕККӨЗДЕР ТІЗІМІ……...……….. 64

ҚОСЫМШАЛАР………...………... 69

(3)

3

Нормативтік сілтемелер

Осы магистрлік жобада келесі нормативтік құжаттарға сілтемелер пайдаланылған:

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі

№ 319 Заңы.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын бекіту туралы»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 726 қаулысы.

«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу- ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы.

«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 бұйрығы.

«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VІ ҚРЗ.

Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, 2012 жылғы 14 желтоқсан.

«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығы.

«Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-IV Заңы.

«Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулысы.

«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді, білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83.

«Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығы.

«Халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы № 185 бұйрығы.

(4)

4

«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығы.

«Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, мамандандырылған, арнаулы білім, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға және ересектерге қосымша білім беру ұйымдарынының үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығы.

«Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 355 бұйрығы.

(5)

5

Белгілеулер мен қысқартулар ЕББҚ - Ерекше білім беруді қажет ететін ЖОО - Жоғары оқу орны

МЖМБС - Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты

МТО - Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту

ПМПК - Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация

ТжКБ - Техникалық және кәсіптік білім беру

ЭЫДҰ - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (Organisation for Economic Co-operation and

Development)

ҰБДҚ - Ұлттық білім беру деректер қоры ШЖМ - Шағын жинақты мектептер

HR - Human Resources (Адами ресурстар)

PISA - Programme for International Student Assessment (Білім алушыларды халықаралық бағалау) SLT - Senior Leadership Team

(Жоғары басшылық командасы) ECM - Enterprise Content Management

(Корпоративтік мазмұнды басқару) БЖБ - Бөлім бойынша жиынтық бағалауы ТЖБ - Тоқсандық жиынтық бағалауы

ХЭБО - Халықаралық электр байланысы одағы

(6)

6

Кіріспе

Білім беруді басқару – күрделі динамикалық жүйе ретінде қажетті, тиімді шешімдер қабылдау үшін оның дамыту перспективаларын айқындауды қажет етеді. Болжамды сапалы бағалау, сондай-ақ оны білім беру жүйесін басқаруда ұтымды пайдалану адами капиталдың сапасы мен тұтастай экономиканың тиімді қызметіне оң әсерін тигізеді.

Яғни, білім – ол экономика мен ғылыми-техникалық әлеуеттің, нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің артуына тікелей әсер етуші тетік болып табылады.

Бүгінгі таңда территорияның ауқымдығы, пайдалы қазбалар мен қаржылық капиталдың ауқымдылығымен бәсекеге түсу мүмкін емес, себебі қоғамның жинақтаған білім қоры мен білім деңгейі елдің экономикалық-әлеуметтік ілгерлеуіне түрткі болатын негіз [1]

Шын мәнінде, денсаулық сақтау, қаржы, құқық қорғау және тағы басқа салалардағы даму білім беру жүйесіндегі жетістікпен тығыз байланысты.

Интеллектуалды, әлеуметтік және экономикалық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндігі бар, заманауи жаһанданған қоғамды құру - мемлекеттегі саясаттың басты міндеті болып табылады. Қазіргі әлемдік басқару жүйесі - қаржылық-саяси элитаның материалдық және идеологиялық әл-ауқатының ағымдағы деңгейін ұстай алатын тұрақтылық пен қажетті күнкөрістің экономикалық минимумын құруға ниетті.

Ғылыми-техникалық прогресс пен экономикалық модельдің қарқынды өзгеруі жағдайында экономиканы басқарудың барлық салаларында және деңгейлерінде басқарушы кадрлардың түбегейлі жаңа құзыреттерін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Тиімділігі жоғары болашақ менеджердің моделін қалыптастыру және дамыту үшін қазіргі уақытта оның кәсіби тұрғыда өсуі мен классикалық менеджмент саласындағы құзыреттілігімен шектелмейді.

Білім беру саласындағы басты стратегия – ол білім алушылардың үлгерімдерін және білім беру сапасы мен тиімділігін арттыру, ауыл мен қала білім алушыларының білімдерін теңестіру, талантты мектеп басшылары мен педагогтерді жұмысқа тарту болып табылады. Яғни осы міндеттерді бірізділікпен жүзеге асыру негізінде білім беру сапасының артуына ықпал етуге болады. Білім саласында мықты стратегияны қалыптастыру озық елдердің тәжірибесін енгізу, талантты мамандарды, білікті басшыларды білім саласына тарту аздық етеді [2].

Білім беру ұйымдарын тиімді басқару үшін жалпы адамзаттық құндылықтар мен стратегиялық көрегендіктің, әлеуметтік көшбасшылықтың, әмбебап және арнайы менеджмент технологияларының үйлесімді болуы керек.

Сондай-ақ теориялық әзірлемелерді отандық кәсіпорындар мен ұйымдарды басқару практикасына сәтті енгізу тәсілдері қажет. Осыған байланысты, білім беруді дамытуда жаңа технологияларды қолдану стратегиясын әзірлеу қажеттігі туындайды. Стратегияны таңдау – ол маңызды бағыттарды анықтай отырып, ұйымның басымдықтарын, даму перспективаларын таңдау және оларға қол

(7)

7

жеткізу үшін қажетті іс-шаралар кешенін әзірлеуге бағытталған іс-шаралар кешені. Ол мемлекеттің білім беру саясатымен, әлеуметтік тапсырысымен, аймақтық және жергілікті ерекшеліктерімен анықталады. Стратегия білім беру жүйесі мен қоғамның жағдайына байланысты түрленуі мүмкін.

Зерттеу өзектілігі.

Әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және әкімшілік қоғамдық институт ретінде әлемдік басқару жүйесінде қоғамның мәртебесін, оның әл-ауқаты мен даму деңгейін жүйелі түрде арттыратын білім беруді дамытудың маңыздылығымен анықталады. Білім беру жүйесі де өзге әлеуметтік жүйелер сияқты үнемі даму мен ұштауды қажет етеді. Әлбетте, әлеуметтік жүйелердің теңгерімсіздігі (дисфункциясы) білім беру жүйесінің дамуын тежеп қана қоймай, оның қанағаттанарлықсыз деңгейі жағдайында денсаулық сақтау, экономикалық, құқық қорғау жүйелерінде олқылықтардың орын алуына әкелуі мүмкін. Сондықтан, сапалы білім беру жүйесі мультипликативті әсер беруі арқылы мемлекетіміздің басқа әлеуметтік жүйелерінің өркендеуіне оң әсерін береді.

Білім беру ұйымының тиімділігі – басшының стратегиялық ойлау деңгейіне, даму перспективаларын белгілей білуіне, педагогтерді шығармашылық және әдістемелік жұмысқа жұмылдыра отырып, білім беру ұйымында жайлы, сенімді қарым-қатынас орнату арқылы педагогтерді ынталандыру, білім беру процесін тиімді ұйымдастыра білуі, көшбасшылық қабілеттерін басқарып отырған ұйымның игілігі үшін қолдана білуіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда басқарушы лауазымға тағайындау, олардың біліктілігін арттыру, іріктеу мен ротациялау процестерін жетілдіруге баса назар аудару қажет. Мектеп директорларының бір ұйымда басшылық ету кезеңінде білім сапасын арттыруы қанша уақытта нәтиже беретінін, білім саласының қызметкерлерін бағалаудың құралдарын халықаралық тәжірибеге сүйене отырып зерделеуді қажет етеді.

PISA халықаралық зерттеулерінде ауыл мектептерінің білім алушыларының білім сапасы қалалық қатарластарынан әлдеқайда төмен екендігін көрсетіп отыр. Ауыл мен қала білім алушылары арасындағы білімдегі алшақтықты төмендету маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Шағын жинақталған мектептер (бұдан әрі - ШЖМ) еліміздің жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының 40–қа жуық процентін құрап отырғандықтан, білім сапасын көтеру үшін қажетті құралдар интернет, цифрлық құрылғылар мен педагог кадрлармен қамтамасыз ету бүгінгі күннің міндеті. ШЖМ-де физика, математика, химия, биология және шет тілдері пәндерінің мұғалімдерінің тапшылығы проблемалары бар. ШЖМ-нің білім алушылары жылына үш рет тірек мектептеріне оқу сессияларына он күнге жіберіліп отырады. Біріншіден, балаларды тасымалдау, оларды жатын орындармен қамтамасыз ету, тамақтандыру шығындары болса, екінші маңызды мәселе оларды тасымалдау барысында өмірінің қауіпсіздігіне де қатер әкелуі мүмкін. Осы орайда, ШЖМ-де мұғалімдер жетіспеушілігі бар пәндер бойынша тірек мектептерінен не болмаса

(8)

8

республиканың білікті мамандарын онлайн трансляция арқылы виртуалды сабақ жүргізуге жағдай жасау қажеттігі туындайды.

Виртуалды оқытуды жүргізу үшін интернет жылдамдығы жүргізілетін процестің түрлеріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, интернетті бір уақытта қолданатын пайдаланушылар саны, интернетті пайдалану түрі және тағы басқа себептер әсер етуі мүмкін.

Дегенмен, кем дегенде онлайн сабақтарды тұрақты өткізу және бейнеконференциялар арқылы байланысу үшін бір пайдаланушыға интернет жылдамдығы кемінде 10 Мбит/с болуы ұсынылады. Бұл дыбыс пен кескінді берудің жақсы сапасын қамтамасыз етеді, сонымен қатар байланыс кідірістері мен үзілістерін азайтады.

Республика бойынша интернет жылдамдығы 10 Мбит/с дейін – 1 297, 10 Мбит/с-тан жоғары 2 678 мектеп бар. Жоғары жылдамдықта интернет жылдамдығы (20 мбит/с және одан жоғары) бар білім беру ұйымдары жалпы білім беру ұйымдарының 48,9%-тін құрайды.

Қалай болғанда да мультимедиялық материалдарды, ағынды бейнелерді және басқа онлайн ресурстарды пайдалану, интернет жылдамдығының жоғары болуы, қашықтықтан оқыту процесінің сапалы жүруіне мүмкіндік береді.

Проблемасы. Елімізде орта білім беру саласының басты стратегиясы білім алушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету және оған жағдай жасау. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан бірқатар стратегиялық бағыттар белгіленген.

Дегенмен, ауыл мен қала білім алушыларының арасындағы білім көрсеткіштеріндегі алшақтық, сапалы кадрлармен қамтамасыз ету, материалдық техникалық база және жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету сияқты мәселелер сақталып отыр.

Мақсаты мен міндеттері. Мемлекеттік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастыруда халықаралық тәжірибе мен ағымдағы жағдайды зерделей отырып, білім беру ұйымдарын басқаруды жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттер қойылды:

Білім беру жүйесін басқарудың теориялық және әдіснамалық негіздеріне зерделеу жүргізу: «білім беру саясаты», «мектептің оқыту саясаты», «орта білім берудің кадрлық саясаты» түсініктері арасындағы өзара байланысты зерделеу;

Білім беру ұйымдарын басқарудың құзыреттіліктерін және оқыту процесіндегі мәселелерді айқындау;

«PISA» халықаралық зерттеулер негізінде білім алушылардың көрсеткіштері және білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау механизміне талдау жүргізу;

ШЖМ білім сапасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік білім беру ұйымдарын басқару стратегиясын жетілдіру;

Зерттеу объектісі. Мемлекеттік саясатта орта білім беру жүйесіндегі ұйымдастырушылық-басқару құрылымы.

Зерттеу пәні. Білім беру жүйесін мемлекеттік басқару процесінде туындайтын ұйымдастырушылық, басқарушылық қатынастар жиынтығы.

(9)

9

Ғылыми жаңалығы. Мемлекеттік саясатта білім беру жүйесін басқару стратегиясының мазмұнын ашу және оны жүзеге асыру барысында кадрлық саясатты жетілдіру арқылы ауыл мектептерінің көрсеткіштерін қала мектептерімен теңестіру.

Күтілетін нәтижелер. Зерттеу барысында күтілетін нәтижелер келесідей:

− авторлық көзқарас тұрғысынан теориялық зерттеу негізінде білім беру жүйесін басқарудың стратегиясын нақтылау және тұжырымдау.

− мемлекеттік саясатта білім беру жүйесін басқару стратегиясының мазмұнын ашу және оны жүзеге асыру барысында кадрлық саясатты жетілдіру;

− халықаралық тәжірибелерді зерделеу негізінде тиімді басқару құралдарын ұсыну;

− ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы бойынша алшақтықты азайтудың тәсілдерін ұсыну;

− білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау қағидаларында көрсетілген бағалау құралдарын жетілдіру бойынша ұсыныс беру.

Зерттеу әдістері. Магистрлік жобаны әзірлеу барысында білім саласындағы басты проблемаларды анықтауда, олардың шешу жолдарын халықаралық тәжірибеге зерттеудің эмпирикалық, сандық және сапалық, теориялық әдістері қолданылды. Тірек мектептерінің функциясына SWOT талдау, білім мазмұнын, әдіснамасын әзірлеуге қатысушы мамандармен эксперттік сұхбат әдісі қолданылды.

Магистрлік жобаның теориялық және практикалық маңыздылығы.

Магистрлік жобада алынған нәтижелер білім беру ұйымдарын әрі қарай дамыту үшін қолданылуы мүмкін.

(10)

10

Әдебиетке шолу

2014 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) өткізген зерттеулерге сәйкес Қазақстандағы орта білім беру шолуында отандық оқу бағдарламалары оқушыларға функционалдық сауаттылықтың ең төменгі деңгейіне ғана қол жеткізуге мүмкіндік беріп, жоғары деңгейдегі ойлау дағдыларын дамытуға ықпал етпегенін көрсетті.

Сонымен бірге, TIMSS және PISA зерттеулерінің нәтижелері де Қазақстандық оқушылардың математикалық ойлау, мәтінді талдау және баға беру, ойлау дағдыларының дамуы және алған білімдерін өмірде қолдануы неғұрлым әлсіз екенін көрсетті.

Дегенмен, қазіргі таңда біліктілігі жоғары мұғалімдердің материалдық- техникалық базасы күшті, әдістемелік-материалдық қолдау жоғары деңдейде қамтамасыз етілген мамандандырылған, дарынды балаларға арналған, жекеменшік, халықаралық мектептерде қызмет етуге ұмтылысы көптеп кездеседі.

Тәжірибелі әрі білікті мұғалімдерді мектепке тартуға, білім сапасын арттыруға әр мектеп басшысы жауапты. Осыған байланысты білім саласындағы уәкілетті орган білім беру ұйымдарында көшбасшылықты жетілдіру тетігін күшейтуге баса назар аударып, кешенді жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезде мектеп директоры лауазымына ашық конкурс арқылы тағайындау, үміткерлердің міндетті түрде менеджмент бойынша арнайы курстан өтуі сияқты өзгерістер енгізілді. Бұл өз кезегінде мектеп директорларының ұйымды менеджмент принциптеріне сүйене отырып басқаруына ықпал етеді. Мектептің негізгі қызметі білім беру екені белгілі. Яғни білім ұйымындағы педагогикалық процесті жетілдіру, білім сапасын арттыру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету тікелей білім беру ұйымындағы менеджментке тәуелді.

Әлеуметтік желілердегі жариялымдар, бұқаралық ақпарат құралдар, өтініштер әлі де мектеп басшыларының өз лауазымдық міндеттерін атқаруда педагогикалық этиканы бұзуы, бюджетті мақсатсыз пайдалануы, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауы сияқты қателіктерге жол беретінін көрсетіп отыр.

Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, Министрліктің стратегиялық, операциялық жоспарлары негізінде жол карталарына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган білім беру ұйымдарының қызметіне, басқару жүйесіне бағалау, олардың қазіргі мүмкіндіктеріне сандық және сапалық талдау жүргізіп, әлсіз және ұтымды жақтарын анықтауда. Мектеп директорларын кәсіби дамыту ЭЫДҰ-да оңтайлы жолға қойылған. Елімізде білім саласы қарқынды дамып, үнемі өзгеру үстінде.

Қазақстан Республикасының «Стратегиялық жоспары 2025» стратегиялық құжаты стратегиялық бағыттың дәлдігі мен бірізділігіне сүйене отырып, проблемаларды алдын-алып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Аталған құжаттың басым бағыттары – еліміздің экономикасын жаңғырту үшін функционалды сауатты, сыни тұрғысынан ойлай білетін, алған

(11)

11

білім мен дағдыларын өмірде қолдана білетін білім алушылардың қабілеттерін қалыптастыру мақсатында оқу бағдарламаларын қайта жаңғырту, педагог кадрлерді сапалы даярлау, білім беруді жаһандық ортаға интеграциялау, білім берудің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, «ақша оқушының артынан жүреді»

қағидатын енгізу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру арқылы кадрлық саясатты нығайту, оларға бәсекеге қабілетті еңбек ақы орнату.

Бүгінгі таңда президентіміздің кемелді саясатының нәтижесінде, балаларды балабақшаларға қабылдау процесі автоматтандырылды, орта білім беру деңгейінде электрондық күнделіктер мен журналдар енгізілді. Сонымен қатар, қашықтықтан оқытуға арналған цифрлық білім беру контенті құрылды.

Мұғалімдер еңбекақысы да 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайын 25%

артып, 2023 жылы педагогтердің еңбекақысы 100% көтерілген. Педагогтердің оқу жүктемесін азайту, оларды қайта даярлау мен кәсіптік даярлау деңгейлерін арттыру міндеттері де орындалуда [3].

Елімізде білім беру жүйесін дамытудың 2029 жылдарға арналған стратегиялық бағыттары Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген.

Осы стратегиялық құжатта орта білім саласындағы кезекті өзекті проблемалар белгіленді:

• Дарынды балаларды қолдаудың жеткіліксіздігі;

• Өзгермелі әлемнің мүмкіндіктеріне сай білім мазмұнын жетілдіру;

• Тәрбиелік компонентті күшейту;

• Білім алушының функционалдық сауаттылығын дамыту;

• Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту;

• Орта білім беру инфрақұрылымын дамыту;

• Оқушы орындарының тапшылығы;

• Білім беруге шығындарын ұлғайту және оны әлемдік стандарттарға жеткізу;

ЕБҚ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау [4].

Профессор, Нобель сыйлығының лауреаты Джеймс Джозеф Хекман өз зерттеуінде балалар бес жасқа дейін дамуына, оқуына әлеуеті жоғары болады.

Балалардың ерте дамуына салынған инвестициялардың қайтарымы 13 %-ды құрайды. PISA-2018 зерттеуіне қатысқан 15 жастағы білім алушылардың ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымына барғандары орташа есеппен қатарластарынан барлық бағыт бойынша 20 баллға жоғары болған. Әрбір баланың бастауыш деңгейде тең білім алуы үшін сапалы мектепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етудің маңызы зор екендігін атап өтті. Көші-қон ағыны мен бала туу деңгейінің жоғары болуы, елді мекендерде халықтың тығыз орналасуы мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы проблемаларын туындатуда. Бұл мәселе 2023-2029 демографиялық өсуге байланысты ушығуы мүмкін деп болжануда.

(12)

12

Тағы бір маңызды ақпараттың бірі Оксфорд Университетінің оқытушысы Эрвард Мелхиш мектепке дейінгі білім беруді сапасы ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізеді деген, мектепке дейінгі білімнің, әсіресе жағдайы төмен отбасылардағы және ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларды дамытуда оң әсерін берген. Мектепке дейінгі білімнің сапасына сол ұйымдарды қызмет ететін педагогтердің білім мен біліктілігі оң әсер береді. Яғни педагог және көмекші персоналдардың күнделікті тәжірибеде өзін-өзі ұстауы, эмпатия көрсете білуі, балаларды ынталандыра білуі де маңызды болып табылады.

Ұлттық білім беру дерекқорынан (бұдан әрі - ҰБДҚ) алынған ақпаратқа сәйкес елімізде 11 104 мектепке дейінгі ұйымда 965 204 бала тәрбиеленуде. 2022 жылы 2-6 жасар балалардың 89,4 % үлесі, 3-6 жастағы балалардың 98,5 %-і мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен (бұдан әрі - МТО) қамтамасыз етілген.

Жаңа өңірлердің құрылуы, халықтың тығыз орналасқандығы және көші- қон салдарынан Алматы (92,9 %), Жетісу (98,0 %), Түркістан (99,3 %), Ұлытау (89,5 %) облыстары, Астана (99,2 %) және Алматы (94,6 %) қалалары 3-6 жастағы бүлдіршіндерді 100 % МТО-мен қамтамасыз ете алмады.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (бұдан әрі- ПМПК) мәліметіне сәйкес республикамызда ерекше білім беруді қажет ететін (бұдан әрі - ЕБҚ) мектепке дейінгі жастағы 47 000 баланың 56%–і (арнайы балабақшалары мен арнайы топтарына 9709 бала, жалпы білім беру топтарына 16305 бала) мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиемен қамтылған.

2022 – 2023 оқу жылында 7 687 орта білім беру ұйымында 3,7 млн білім алушы, оның ішінде 552 жекеменшік мектепте 170 146 білім алушы оқиды.

Соңғы үш жылда білім алушылар саны шамамен 300 мыңға, білім беру ұйымдары 247 бірлікке артып отыр. Білім алушылардың санының өсуі және оқушы орындарының тапшылығы салдарынан көп ауысымда оқыту өзекті проблеманың бірі болып қалып отыр. Сонымен бірге, алдағы үш жылда оқушы орындарының болжамды тапшылығы 1,12 млн құрайтын болады.

Сапалы білім берудегі маңызды міндеттердің бірі – қала мен ауыл мектептері арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. 6909 мемлекеттік мектептің 68 %-і (5 271) ауылдық жерде орналасқан, оның ішінде 52 %-і (2 722) ШЖМ.

Ауыл балаларының білімдегі артта қалулары үш жыл сайын қайталанып отырған PISA зерттеуінен де аңғаруға болады. Мәcелен, PISA-2018 зерттеуінде олардың көрсеткіштері қалалық білім алушылардан 37 балға төмен болды.

Бұған бірнеше себептерді алға тартуға болады, білікті мамандардың тапшылығы, материалдық инфрақұрылымның жұтаңдығы, тіпті ауыл мектептерінің 39 % –і ғана интернеттің жоғары жылдамдығына (20 мбит/с және жоғары) ие.

Сонымен қатар, Жаслан Нурбаев «Орта білім жүйесіндегі теңсіздік:

Қазақстан Республикасындағы шағын жинақты мектептерді реформалау саясатына талдау» еңбегінде білім алудағы теңсіздік кірістің теңсіздігіне әкеледі, ол өз кезегінде қоғамның мемлекетке деген сенімін жоғалтатынын айтты. Еліміздің мектептерінің жартысынан көбі шағын жинақты мектептер

(13)

13

болғандықтан қаржыландырудың жеткілікті бөлінбейтіндігі, интернет сапасының төмендігі (4 Мбит/с), материалдық-техникалық базаның, ресурстардың әлсіздігі сияқты проблемаларды көтеріп, АҚШ, Финляндия, Эстония, Швеция елдерінің тәжірибелеріне сүйене отырып ауылдық балалардың сапалы білім алуы үшін мектептерді сақтап қалу, талантты педагогтерді тарту, ауылдық мұғалімдердің жалақысын қала мұғалімдерінен қарағанда екі есеге арттыру сияқты ұсыныстарын берген [5].

Білім беру саласындағы саясатта мектепті басқару маңызды орын алады.

Мектептердің дамуында басқарушы органдардың маңызы артып келеді.

Мектептің стратегиялық бағытына әсер беретін саясаттағы ағымдағы өзгерістер жөнінде мектеп басшылығы, білім бөлімдерінің басшылары хабардар болуы керек. Peter Earley жүргізген зерттеулеріне сүйенсек мектептің білім сапасын жақсартуда басқарушылық органның біліктілігі мен құзыреттілігі маңызды деп таныған. Басқарушы органның төрағасы мектеп директорымен келіссөз жүргізіп, тиімді басқаруы қажет. Алайда, губернатордың (әкімнің) міндеті мектептің тиімділігі мен жағдайының жақсаруына үнемі көңіл бөлуі мен бағалауына емес, бақылауға бағытталған. Білім саясатына білім бөлімінің, білім басқармасы басшысының, білім саласындағы уәкілетті орган басшысының әлеуеті мен біліктілігі айтарлықтай әсер етеді [6].

Басқару – өз алдында дағдыдан бөлек өнерді, ыждахаттылық пен табандылықты, еңбекті қажет етеді. Бұл үнемі ізденіс пен бақылау процесіне тәуелді. Күнделікті қарбалыста жұмыс ағынын жеңе отырып, үстіртін шешімдер де қабылданып жатады. Шындығына келгенде басшының негізгі жұмысы ақпаратты өңдеумен, таратумен, сонымен бірге қабылдаумен шектелмейді.

Басшының маңызды міндеттері тұлғаралық, ақпараттық және шешім қабылдау сияқты топтарға жіктелген:

Тұлғаралық міндетке өкілдік (сөйлей білу, кездесулер жүргізу), көшбасшылық (жалдайды, үйретеді, ынталандырады), ұйымның ішкі және сыртқы қарым-қатынасын, өзіндік ақпараттық жүйесінің болуы жатады.

Ақпараттық міндетке мониторинг жүргізу, ақпаратты қызметкерлеріне тарату, ұйымның өкілдік қызметін мойына алуы, сөз шешендігі маңызды болып табылады. Сонымен бірге кәсіпкерлік қызметі де шешуші рөл атқаратынын атап өткіміз келеді. Себебі ұйымның қызметін жетілдіру, өзгермелі уақыт жағдайына бейімделу, ұйымның әлсіз тұстарын анықтау, оны жетілдіру тетіктерін іздеу, адами ресурстарды, уақытты және келіссөздерді ұйымды дамыту жолында ұтымды пайдалану басшының асқан шеберлігі [7].

Директорларға ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстары теориялық, мазмұн жағынан білімдерін арттыруға бағытталған. Курста білім беру ұйымын басқарудағы проблемаларды талқылау, тәжірибемен алмасу жұмыстары жүргізілмейтіндігі белгілі болды. ЭЫДҰ елдерінде біліктілік арттыру бағдарламалары ұзақ мерзімге дейін (1 жылға дейін) ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде директорлар үшін кәсіптік талқылау мен бірлескен пайымдау ортасы болып табылады.

(14)

14

Білім беру ұйымдастыру жүйесінде де тағы бір кедергі бар, ол – кәсіби даму үшін ақшалай және басқа да ынталандырушы құралдардың әлсіздігі.

Директорларға лауазымына сәйкестігін растау үшін үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша «басшы- ұйымдастырушы», «басшы-менеджер», «басшы-көшбасшы» біліктілік санаттары беріледі [8] Өз кірісін арттыру мақсатында мектеп директорлары сабақ өткізуге, интернатты басқару, сыныптан тыс жұмыстар, сынып жетекшісі, білім беруге ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыстарды қосымша атқарады.

Бұл бір жағынан сыныптағы білім беру процесіне еніп, шынайы көріністі көруге мүмкіндік беріп, педагогикалық ұжымның алдында директордың абыройын асқақтатып жатса, екінші жағынан мектеп басқаруға жұмсалатын уақыт пен назарды алады. Директор лауазымын тартымдылығын арттыру мақсатында оларды тағылымдамаға жіберу, біліктілік санаттарын енгізу, жалақыларын көтеру шаралары қабылданды. Сонымен қатар директорларға дербестік берудің қадамы ретінде мектептің білім сапасын арттыру мақсатында ресурстарын бөлу функциясы беріліп, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүзеге асырыла бастады.

Жұмыс бабында басшының ынталандыру құралдарын пайдалануы педагогтің өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай тудыра отырып, оның тиімді әрі сапалы еңбектенуіне жол ашады [9].

Кез-келген жағдайда басшы нәтижеге қол жеткізуді көздеуі қажет. Алайда беделді, табысты ұйымдардың басшылары нәтижеден гөрі процеске көңіл бөлгенді жөн санайды. Басқару процеске бағытталған жағдайда тәртіп, уақытты басқару, біліктілікті арттыру, адамгершілік, коммуникацияға жете назар аударылады. Қорыта келгенде процеске бағытталу – білім беру ұйымдары басшыларының кадрлардың біліктілігіне баса назар аударуын, олардың үздіксіз дамуын үйлестіре білуін талап етеді [10].

Білім беру ұйымының алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруда көшбасшы болып табылатын тек басшының ғана емес, сонымен бірге басқару командасының атқаратын рөлі де маңызды. Команда қалыптастыруда қызметкерлер бірлігінің мықтылығы, бір-біріне тәуелділігі мен өзара жауапкершілігі жоғары деңгейде болғанда көзделген мақсатқа қол жеткізеді.

Алайда, білім беру саласындағы басқару модельдеріне әсер ететін сапа мәселесі бар. Бұл өмірдің жалпы сапасына деген алаңдаушылық, қазіргі уақытта, әдетте, ұлттың жаһандық экономика жағдайында тиімді жұмыс істеу қабілетімен анықталады. Елдің артта қалуын алдын алу үшін бәсекеге қабілетті болуы шарт, ол жоғары тиімді экономиканы қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатындықтан азаматтарды қажетті біліммен, дағдылармен және қатынас түрлерімен қамтамасыз ететін жоғары тиімді білім беру жүйесін қажет етеді.

Білім беру мен экономикалық қажеттіліктер арасындағы бұл байланыс, әрине, әрқашан болған. Үнемі білім саласын жаңғыртуды талап ететін бұл жол көптеген педагогтер үшін қолайлы емес. Бұл мектеп директорының қызметіне айтарлықтай әсер етті. Бұрын мемлекеттік оқу бағдарламасына сәйкес жұмыс істеу жеткілікті болғанымен, қазіргі таңда ұлттық немесе халықаралық

(15)

15

перспективаға ұмтылу қажет. Бұл ұлттық, мемлекеттік және жергілікті қажеттіліктерге сәйкес басымдықтардың белгіленуіне және өзгеруіне қарай үздіксіз стратегиялық көшбасшылық және басқару қабілетінің жоғары болуын қажет етеді. Мектеп директоры оқу бағдарламасының оқушылардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес бейімделуін, дарындылықтарын дамытуда тиімді, озық оқыту технологияларын, тәсілдерін оқыту-тәрбиелеу процесінде қолдануды енгізуге жауапты.

Бүгінгі күннің басты проблемалардың бірі өмір сүріп жатқан қазіргі әлемде оқу бағдарламасы, оқыту және тәрбиелеу процестері, сондай-ақ оны қамтамасыз ету жүйелері үнемі заманның ағымына бейімделуінің баяу жүруінде болып отыр.

Лондон мен Оксфорд университеттерінің оқытушылары Ирам Сирай- Блэтчфорд, Пэм Сэммонс, Эдвард Мелхиш, Кәтти Сильваның жүргізген Мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру саласындағы тиімді жобасына (EPPSE 3-14) 770 орта білім беру ұйымынан 2900 білім алушы қатысты.

Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек мектептің позитивті моральды- психологиялық климаты, материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде жарақталған білім беру ұйымдарының білім алушылардың математика мен жаратылыстану ғылымдары жетістіктерін жақсартуға түрткі болды. Әлеуметтік- мінез-құлық нәтижелері үшін де келесі оң әсерлерін тигізді: жоғары «өзін-өзі реттеу» және «әлеуметтік» мінез-құлық, сондай-ақ қоғамдағы теріс мінез- құлықтың төмендеуіне әкелді.

Мектеп директорының қасиеттері «математикадағы прогреске және әлеуметтік-мінез-құлық көрсеткіштерінің жақсаруында маңызды әсер етсе, мұғалімнің жаратылыстану ғылымдарындағы прогреске жетелегені көрініс тапты.

Саяси күн тәртібі сапаны бағалауға, оның мазмұны мен зерттеу тәсілдеріне әсер етеді. Білім берудегі саясаттың өзгерістері білім стандарттарында, бағдарламаларында, мұғалімдерді қолдау мен біліктілік арттыруда да көрініс табуы қажет. Сонымен қатар, Э.Мелхиш білім саласындағы болған өзгерістерге баға беру емес, зерттеудің нәтижесінде ғана енгізілген реформа болуы тиіс деген [11].

Питер Ерлеудің мектептегі көшбасшылықтың ең жоғары деңгейінің бес моделін ұсынған:

Дәстүрлі

Басқарушылық

Бірнеше ведомстволық басқару Федеративті

Жүйелік көшбасшылық

Бұл моделдер мүдделі жақтардың басым көпшілігімен мақұлданған.

Олардың әрқайсысының әлеуетті басымдықтары болғанымен, модельдердің тиімділіктері жоғары болуы үшін барлығына негіз оқытуға бағдарланған көшбасшылық болуы тиіс.

Бірінші модель - дәстүрлі, тек білікті мұғалімдерден, сонымен бірге мектеп директорынан, бір немесе екі орынбасардан және/немесе бірнеше басшының

(16)

16

көмекшілерінен тұратын аға басшылар командасынан (SLT-Senior Leadership Team) тұрады. Бұл модель мектептердің барлық түрлерінде және оқытудың барлық кезеңдерінде қолданылғанымен, ол бастауыш секторда, әсіресе шағын мектептерде жиі кездеседі. Респонденттердің көпшілігі жалпы білім жүйесінде көптеген өзгерістер болғанымен, басқарудың бұл моделі мектептерге өзгерістер енгізе қоймаған. Бұл яғни тұрақсыз модельге айналуы мүмкін.

Екінші жеке модель - басқарылатын модель қаржы директорларын (мектеп бизнесінің жетекшісі) және/немесе кадрлар бөлімін (HR) қоса алғанда, аға көмекші персонал арасында бөлінген тегіс құрылым мен нақты рөлдерге ие.

Міндеттерді екі немесе одан да көп адамдар арасында әр түрлі жолмен бөлуге болатын бірлескен басқару тетіктері. Бұл тәсіл нақты міндеттерді бөлумен ерекшеленеді. Осы модельде білім беру ұйымының бір немесе екі қосалқы көмекшілері болады. Бірлескен басқару механизмі міндеттер бір немесе бірнеше адамдар арасында бөлінеді.

Үшінші модель бірнеше ведомстволарды басқарушы модель мекемелердің оқытушылар құрамымен де, SLT-дің (Senior Leadership Team) басқа агенттіктер мамандарымен, мұғалімдерімен өзара әрекеттесуіне бағытталған.

Федералды модель мектептер арасындағы өзара ынтымақтастықтың деңгейлерімен сипатталады. Федералды модельге конфедерациялар мен атқарушы тараппен бірлескен стратегиялық басқару органдары кіреді, бірақ федералды модельдер басқа модельдерді міндетті түрде жоққа шығармайды.

Мектеп басшылығының бесінші моделі - бұл жүйелік көшбасшылық моделі, онда мектеп директоры кең жүйеге өз үлесін қосу үшін мектептен тыс бірқатар міндеттерді өзіне жүктейді [6, chap. 4].

Білім сапасына әсер ететін факторларға оқушылардың отбасылық жағдайы мен шығу тегі, мектептің ресурстары және институционалдық факторлар жатады.

Білім алушының оқу сауаттылығы бойынша үлгерімін анықтауда отбасы мен өмірбаяны сияқты факторлардың маңыздылығы келесі авторлармен анықталды. Eric A. Hanushek and Ludger Woessmann үйде кітаптардың болуы оқушының әлеуметтік, және экономикалық жағдайының жақсы көрсеткіші ретінде қарастырып, білім алушылардың жақсы үлгеріміне әсер ететіндігі болжанды. Білім алушылардың үлгерімі мен әлеуметтік-экономикалық шығу тегі арасындағы тығыз байланысты Lee and Barro өздерінің зерттеулерде көрсетілген.

Eric A. Hanushek айтуынша мектеп сипаттамаларының білім сапасына әсеріне келетін болсақ, ең көп зерттелген мәселе оның иелігіндегі ресурстар болып табылады. Lee and Barro зерттеулеріне сүйенсек бір оқушыға жұмсалатын мектеп шығындары мен оқушылардың үлгерімі арасында оң байланыс жоқ екенін көреміз. Сыныптағы білім алушылар санының аз болуы олардың үлгерімінің жақсы болуына оң әсерін береді [12,13]. Ал, Fuchs and Woessmann мектепте материалдың жетіспеушілігі және компьютерлерді көп пайдалану оқушылардың үлгеріміне теріс әсер ететін фактор ретінде ұсынылған. Lee and

(17)

17

Barro оқытушылар құрамына келетін болсақ, олардың білім деңгейі, жалақы деңгейі де оқушылардың үлгеріміне оң әсер ететін фактор ретінде ұсынған.

Woessmann жеке мектептер мемлекеттік мектептерге қарағанда оқу үлгерімі жағынан әлдеқайда алда екендігін растайды. Тағы бір жиі талқыланатын аспектілердің бірі мектептердің автономия деңгейі. Gunnarsoon-ның Латын Америкасы елдеріндегі 10 бастауыш мектептің деректерін талдау нәтижесі мектеп автономиясы мен қоғамдастықтың білім беру ұйымында шешім қабылдауға қатысуы (орталықсыздандыру деңгейінің көрсеткіштері ретінде) оқу үлгеріміне оң әсер береді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, Bishop оқу бағдарламасына сыртқы сынақтарды енгізу білім алушылардың үлгеріміне оң әсерін көрсеткені жөнінде айтқан.

«Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шешу жолдары» атты кітабында академик А. Құсайынов Қазақстандағы орта білім беру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға өз бағасын беріп, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып олардың шешу жолдарын ұсынған. Орта білім беру жүйесіндегі олқылықтарды автор реформалардың шикілігімен, қаржыландырудың шектеулігімен және басшылықтың жиі ауысуымен байланыстырады. Сондай-ақ, халықаралық PISA, TIMSS зерттеулерінің қорытындыларының көңіл толтыратындай болмауы білім жүйесін жаңғыртудың теріс тенденцияларын айқындаған. McKinsey компаниясының 25 елде жүргізген зерттеуіне сүйенсек, білім сапасының жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу – ғылыми негізде қабылданған білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізінде жүзеге асқан.

Зерттеуге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік саясатында басты мақсат ретінде ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, дәстүрлік құндылықтар, ана тілді сақтау және дамыту, ойлау қабілеті ерекше қалыптасқан шығармашыл, рухани бай тұлға қалыптастыруға басымдылықтар берілген [14].

Сонымен қатар, жалпы орта және жоғары кәсіптік білім беру жүйелерінің дамыту стратегиясын анықтауда әлемдік тенденцияларды ескере отырып, жалпы білім беру жүйесі үшін мемлекеттік білім беру стандарттарын әзірлеу мен педагог кадрларды даярлауда А. Е. Әбілқасымованың, К. К. Жампейісованың, К. Е. Көшербаевтың, Т. Садықовтың және С. Ж. Пралиевтің қосқан еңбектерінің үлесі орасан зор.

Ұлы Британияның Durham University білім және мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Stephen Gorard мемлекеттік саясат саласында қызмет етушілер, соның ішінде білім беру саясатын әзірлеушілер дәлелдемелерге сүйенген ақпараттарды негізге алады деп айтқан. Кез-келген саясаттағы өзгерістерге арналған идеяларға бастамашылық білдіруде саясаткер мен кеңесшілер сенімді ғылыми деректерге сүйенуі қажет.

Шындығына келгенде білім беру саласында жаңа саясат пен реформалар қабылдауда дәйекті дәлелдер мен оның тигізетін әсері жиі негізге алына бермейді. Тіпті дәлелдемелер қабылданатын саясатқа қарама-қайшы болса да қабылданып жатады. Тіпті түбегейлі бағаланған саясаттың өзі уақыт елегінен өткенде жақсы нәтиже береді немесе тоқтатылады. Тоқтату көбінесе үкіметтің өзгеруімен қатар жүреді. Бұл өз кезегінде келесі тәуекелге әкелуі мүмкін. Бірінші

(18)

18

қаражат мәселесі. Мәселен, Мемлекеттік және басқа да көздерден ғылыми дәлелдемелерге негізделмеген білім беру бастамаларға қаражат бөлінеді. Және оның пайдасы аз, тиімділігі жоқ деп танылғанға дейін ұзақ уақыт бойы қаражатты алып отырады. Келесі, білім алушылардың әр легі кез келген саясатты басынан бір рет өткізуге мүмкіндігі бар, және ол оң нәтиже беретін саясат болуы шарт. Әрбір негізсіз саясат игілікті іске жұмсауға болатын уақытты, күш-жігерді және ресурстарды алатындықтан алтернативті қаржылық мүмкіндіктері болады [15].

Білім саласындағы басты стратегиялық бағыттары болып табылатын ауылдық мектептерінің білім сапасын арттыру, білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау, әлеуетті педагогтерден басшы лауазымына үміткерлер пулын құру жолдары, құралдары келесі бөлімшелерде қозғалады.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесін басқарудың заманға сәйкес бейімделуінің қажеттігі туындап отыр. Басқарудың ұлттық деңгейі стратегиялық бағыттарға негізделіп, кез-келген реформаны зерттеудің нәтижесінде енгізу арқылы білім беру саясаты мен сапалы білім беруді

қалыптастыруға бағыттау келешектің жарқын болуына жол ашады.

Ақпарат көздері

СӘЙКЕС КЕЛЕТІН ҚҰЖАТТАР

Көне және орта түркі жазба ескерткіштер тіліндегі тілдік деректер мен грамматикалық көрсеткіштер қазіргі қазақ сөзі мен тілінің тарихи тамырын анықтауға арқау бола алады.. Оған

теңге кӛлемінде 1443 жобаны қайта қаржыландырды.Сонымен қатар,«Жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын және орта бизнес субъектілерін кредиттеудің негізгі шарттарын анықтау туралы»