НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ
ГҮЛТАС САЙЫНҚЫЗЫ ҚҰРМАНБАЙ
СӨЗТӘРБИЕ
(МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР ТАҒЫЛЫМЫ)
АСТАНА, 2011
Халқымыздың асыл мұрасы мақал-мәтелдерді сақтау, кейінгі ұрпаққа аманаттау – ұстаздың ғана емес, барша қауымның ата-бабалар алдындағы парызы. Автор бұл еңбегінде өзі дәріс беретін студенттерге, атап айтқанда, қазақ тілінен практикалық сабақта қолданып жүрген мақал-мәтелдерін және ол мақал-мәтелдерді өмірде қолдануға септігін тигізетін сұрақ- тапсырмаларды ұсынған.
Еңбек мектеп оқушыларына, студенттерге, ұстаздар мен ата-аналарға, жалпы оқырман қауымға арналады.
Ұрпақ тәрбиесi – ұлттың тағдыры. Өз ұрпағының тәрбиесiн өз жолына қоя алған ұлт қана өз тағдырын өзi ойдағыдай қамдай алмақ.
Автордан
Бүгінгі Қазақстан – адамдардың халықаралық қарым-қатынасы мен ақпарат алмасуына шекарасы ашық, дүниежүзілік саяси-әлеуметтік, экономикалық ықпалдастық шараларына белсене араласатын демократиялық және зайырлы мемлекет. Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан біздің еліміз қазірдің өзінде Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің, ірі діни конфессиялар мен әр түрлі саяси көзқарастар арасындағы бейбіт сұхбаттың алтын көпіріне айналып, жаһандану мен бүкіләлемдік рухани жақындасу үдерісінің асау иіріміне тартыла бастады. Қазақстанның жер қойнауының табиғи шикізаттарға байлығы, әлемдік ірі державалардың геосаяси және геоэкономикалық мүдделерінің дәл осы аймаққа тоғыса шоғырлануы болашақта біздің елімізді жаһандану үдерісінің қазанында қайнатып, дүниежүзілік ақпарат және тасымал жүйесінің маңызды буыны жасауы әбден ықтимал. Әрине, біз, қазақстандықтар, әр түрлі саяси, діни, мәдени, экономикалық көзқарастар мен мүдделер арасында бейбіт сұхбаттың, өзара келісім орнағанын қалаймыз. Алайда, еліміздің барлық мүдделер қақтығысын бейбіт жолмен шешуді жақтайтын гуманистік саясаты мен халқымыздың бойындағы қонақжайлық біздің өз ұлттық мүддеміз жоқ дегенді білдірмейді.
Қазақстанның мемлекеттік және аймақтық қауіпсіздігі, ішкі рухани келісімнің бұзылмауы – көздің қарашығындай қорғайтын құндылықтарымыз.
Білімі мен білігі жағынан шетелдердегі замандастарымен бәсекеде жеңілмейтін, сонымен қатар, бойында ұлттық ділі сақталған, отаншылдық рухы кемел қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу қажеттігі туындауда. Тек осындай ұрпақ қана еліміз мерейін бүгінгі жеткен биігінен аласартпай, жаһандану деп аталатын үдерістің теріс ықпалын бойына дарытпай, әлемдік даму көшіне ілеспек. Жас ұрпақ Отанын жанындай сүйетін, ұлттық тарихы мен мәдениетін қастерлейтін, рухани кемелденген болып өсіп жетілуі қажет. Жастардың бойында ұлттық дүниетаным мен діл мәйегін сіңіріп, оларды нағыз отаншылдық рухта тәрбиелеп өсіруге қажетті қазіргі заманғы оқу құралдары мен технологиялары жасалуға тиіс. Теңіз тамшыдан құралатыны сияқты жас ұрпақтың елжандылық сезімінің қалыптасуына осы бір дидактикалық құралдың пайдасы болар деп ойлаймыз.
100 мақал-мәтелдің сырын ашайық
1. Сөз қадiрiн бiлмеген өз қадiрiн бiлмейдi.
Сөзді дұрыс сөйлеу де, сөзді дұрыс түсіну де өте маңызды. Адамдардың қарым-қатынасының баянды болмағы, бір-бірін түсінуі, жұмыстың алға басуы – сөзге байланысты. Орынсыз сөзді айтып, адам жанын қатты жаралап алу да оңай. Орынды айтылған сөз, біріншіден, өзіңіздің беделіңізді арттырады, екіншіден басқа адамдардың ар-намысына тимей, олармен жақсы қарым-қатынастың негізін салуға көмектеседі.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Қадір сөзінің синонимдерін айтыңыз.
2) Ойдан жағдаят құрап, жоғарыдағы мақалды қолданып сөйлеңіз.
3)Осы мақалға ұқсас мақалды білесіз бе? Немесе өзіңіздің ой- тұжырымыңызды қанатты сөз түрінде жазып көріңіз. Мысалы, «Ата-ананың қадірін – балалы болғанда білесіз», «Туған жердің қадірін ...
2. Халқын сүйген – салтын да сүйедi.
Әр халықтың өзінің салт-дәстүрі, сенім-нанымы болады. Ол – халықтың көне тарихымен бірге жасасып, озығы қалып, тозығы ескіріп ұмытылып жатады. Салт-дәстүрі жоқ ел болмайды. Қандай ел болмасын өз халқының салт-дәстүрін сыйлайды, құрметтейді. Халық арасында мынадай аңыз бар:
Ертеде, біздің дәуірімізге дейінгі заманда біздің ата-бабаларымызды жау шауып ала алмапты. Әскери дағдылары дамығаны сонша жау әскері ортаға келгенше тиіспей тұрады екен де, олар ортаға келгенде жан-жағынан шабуылдайтын көрінеді. Сонда түріктердің салт-дәстүрін жақсы білетін бір азғын, жаудың әскер басына: «Түріктер ата-бабаларының аруақтарын қатты қадірлейді, егер ата-бабаларының бейітін талқандасаңыз, бүкіл түрік сонда жиналады. Сол кезде соғыса аласыз» депті.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Қазақ халқының қандай салт-дәстүрлерін білесіз?
2) Халық пен салттың қандай байланысы бар?
3) Ойдан жағдаят құрап, жоғарыдағы мақалды қолданыңыз. Мысалы, шетелдік қонаққа қазақ дәстүрі бойынша қойдың басын қойдыңыз...
3. «Үйдiң жылы, суығын Қыс түскенде бiлерсiң.
Кiмнiң алыс-жақынын Iс түскенде бiлерсiң»
Халқымыз «Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз» демекші, адам баласының басынан небір күндер, әр түрлі жағдайлар өтеді. Жақсы күнде
жаныңнан табылатын жақындарды, басыңа қиындық түскен кезде іздеп таппай қаласың. Ал қиындықта қасыңыздан табылған, қол ұшын беріп көмектескен адам – сіздің адал досыңыз. Сондай достарыңздан айырылып қалып жүрмеңіз. Халық даналығы қарапайым үйіңіздің жылы болғанын да, адамдарды тани білуді де үйретеді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Мұндағы негізгі айтылмақ ой не? Үйдің жылы, суығы ма?
2) «Іс түскен» деген сөз тіркесін қалай түсінесіз?
3) Ойдан жағдаят құрап, жоғарыдағы мақалды қолданыңыз.
4. «Ата асқар тау,
Ана бауырындағы бұлақ, Бала жағасындағы құрақ»
Біздің халық көбінде ер азаматты асқар тауға балайды. Ол – ер азаматқа деген сенім, құрмет. Осы мақалда да сол ойды меңзеп тұрғаны анық. Ананы суға, бұлаққа теңеуде де үлкен мән бар. Сусыз тіршілік бола ма? Құраққа теңеген бала асқар таудың етегінде болса, бұлақтан нәр алса, ол тамаша болып өспей ме? Ақылды, берекелі ата-ананың балалары да өз әке- шешесіндей ақылды, көргенді, адамгершілігі, кісілігі мол болады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Осы мақалға ұқсас өзіңіздің қанатты сөзіңізді жазыңыз.
2) Мақалды қолданып, шешендік сөз үлгісінде монолог жасаңыз.
3) Ойдан жағдаят құрап, жоғарыдағы мақалды қолданып сөйлеңіз.
5. «Тозбасты ұста соқпайды, Өлместі Құдай жаратпайды»
Өмірдің өтпелі екенін ұқтыратын осындай қанатты сөздерді ата- бабаларымыз ежелден-ақ білетін болған. Сөзбен қайғылыны тоқтатып, басу айтқан, жұбатқан. Ал біздің халық қашаннан да сөзге тоқтаған. Сондықтан да бір жағдай болғанда, қимас заттыңды жоғалтып, сындырып алғанда қатты ренжімеу керек. Зат болған соң ол сынады, тозады. Ал қайғы келгенде де қарсы тұра білу керек. Абайдың сөзі бар емес пе: «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме, қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме» деген.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Осы мақалды қандай жағдайда айтады деп ойлайсыз?
2) Мақалдың философиялық мәні туралы диалог құрастырыңыз.
3) Өзіңіздің қанатты сөзіңізді жазыңыз. Жағдаятты досыңызбен бірге құрыңыз.
6. «Кешегi күннен алыс жоқ, Ертеңгi күннен жақын жоқ»
Халық даналығы ұрпағына қандай асыл сөзді, тәрбиені осы бір мақал арқылы қалдырғанын түсінейік. Тоқсан ауыз сөз айтуға болатын еді. Өткенге өкінбеуді, оның ешбір пайдасы жоқ екенін, ертеңгі күннің, мейлі ол 20,30,40 жыл болса да, оның жақын екенін тобықтай түйінмен жеткізіп тұрған жоқ па?
Сондықтан да, өткенге өкіне берудің қажеті жоқ. Бүгінгі күнмен өмір сүру керек. Ал болашақтағы жақсылықтың іргесін ереңге қалдырмай, бүгін қалаған дұрыс.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Ойдан жағдаят құрап, жоғарыдағы мақалды қолданып сөйлеңіз.
2) Осы мақал сізді қандай ойға түсірді?
3) Сіз осы мақалды кімдерге айтар едіңіз? Не үшін?
7. «Айрылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа»
* «Қайырылмастай сөз» деген –ауыр сөз. Жүректі жаралайтын сөз. Достық дегенді мінсіздікпен шатастыруға болмайды. Адам – пенде. Пенденің әрекетінің дұрысы да, кей-кейде бұрысы да бола береді. Досыңа өз басың өте адал бол. Ал дұшпандықпен біреулер араларыңызға сына қақса, ауыр сөз айтпас бұрын, ойланыңыз. Уақыт – емші. Өзіңізді сабырға шақырыңыз.
Мінсіз адам болмайтынын ойлап, достық қарым-қатынасыңызды сақтап қалуға тырысыңыз.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Түсінуге қиын сөздер болса, сөздіктен қараңыз.
2) Дос туралы монологыңызда жоғарыдағы мақалды қолданып сөйлеңіз.
3) Достық туралы, дос, жолдас туралы өз қанатты сөздеріңді жазыңыз.
8. « Бiлiмдiмен дос болсаң, Сасқанда ақылын айтар.
Бiлiмсiзбен дос болсаң, Топ iшiнде бетiң қайтар»
Білімді тар ұғымда, білімі бар адам деп, ал кең мағынада көргенді, ақыл-парасаты мол, білімді, жақсы мінезді адам деп білеміз. Бұл мақалдағы
«білімді» осы екіншіге дәл келеді. Сондай адаммен дос болған адамдар өздерін бақыттымын десе болады. Ал «білімсіз» дегендер білімдіге қарама- қарсы адамдар. Адамгершілігі, кісілігі төмен адамды білімсіз адам дейді.
Абай: «... білімсізге қылған жақсылық өзі адамды бұзады» дейді емес пе
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Білімді досыңыз бар ма? Оның қандай пайдасын көрдіңіз?
2) Досыңызға мінездеме беріңіз.
3) Сіз өзіңіз жақсы доссыз ба?
4) Жағдаят құрап, арасында мақалды қолданып сөйлеңіз.
8. «Ұясын ұнатпаған құс – оңбас»
Қазақ халқы тұрақтылықты, адалдықты жақсы көреді. Құсқа байланысты да олардың қалыптасқан пікірлері бар: Сауысқанды бірлігі жоқ деп ұнатпайды, қарғаны тілеуі жаман деп ұнатпайды, көкекті өз атын өзі шақырады дейді, қарлығаш құстың еңбекқорлығын, адалдығын ұнатады, қараторғайды, бозторғайды әнге қосады, бұлбұлды, қыранды үкіні қатты бағалайды. Құс тіршілігін бақылаған бабаларымыз, адамдардың жөнсіз, өз үйінен безген жаман әрекетін бетіне айтпай, құстың жаман қасиетін айту арқылы түсіндіреді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Мақалды жастар тәрбиесіне қатысты жағдаятта пайдаланып, диалог құраңыз.
2) Сізге қандай құстар ұнайды? Неге?
3) Өз үйінен адамдар неге безеді? Сіз ондай жандарға не айтар едіңіз?
10 « Жақсы жолдас ерттiм дегенше, Жарты жолдан өттiм де»
Адамның жас күнінде жолдастары көп болады. Бірге ойнаған да жолдас, бірге жүрген де жолдас. Егер баланың сол жолдастары жақсы болса, талапты, мәдениетті болса, бала соларға еліктеп, өзі де жақсы болуға тырысады. Ал егер керісінше тәртіпсіз, бұзақы болса, ол қиын жағдайға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан әр ата-ана баласының жанындағы жолдастарын танып, біліп жүргені абзал. Жора-жолдастары жақсы болса, көмектессе, қиындықты жеңуге болды. Мақалдың бізге айтпағы да мүмкін сол шығар.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Мақалдың дәл сізге берері не?
2.Осы мақалды тақырып етіп алып, шағын киносценарий жазып көріңіз.
11 «Ақылды қайғырған жерде, Ақымақ той қылады»
Қайғы әр түрлі болады, ел қайғысы да болады, ер қайғысы да болады.
Яғни, қайғы жалпы да, жеке де болады. Қайғы мен қуаныш бір-біріне антоним сөдер, антоним ұғымдар. Бір біріне жанаспайтыны да сондықтан.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Дәл осындай жағдайды естіп, көрдіңіз бе?
2. Жақының қайғырып жатқанда, той жасап, ойнап күлген адамгершілікке жата ма?
3. Мақал сізді неге тәрбиелейді?
12 «Әр күннiң өз таңы бар, Әр жанның өз қамы бар»
Тіршілікте адамдар бір-біріне жүк артып, міндет қылып жүреді.
Жалпы ол дұрыс емес. Әр адам «мен бір-ақ рет айтқанда істей қоймады, келісе қоймады»,– деп ренжіп жатады. Сіз бір рет айтсаңыз, басқа қаншама адамдар да бір рет айтқан болады. Сол себепті де сол адамның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Егер сіз сол жақсылықты, сол істі қиналмай жасайтын болсаңыз, сонда өкпелеңіз. Олай ете алмаған жағдайда, ренжімеңіз. Әр адамда өз тіршілігі, өз қамы бар.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Мақалдың мәнін түсіндіріп айтып беріңіз.
2. «Қамы» деген сөздің орысша баламасы қандай?
3. Мақалды қолданып, шағын өнегелі әңгіме жазыңыз.
13 «Араға ерсең балдан татарсың, Қоңызға ерсең қиға батарсың»
Мына тіршілікте аралардың өмір сүру тәртібі өте ерекше көрінеді.
Олардың ортасында жалқау аралар болса, олар оны қатты жазалап, тіптім өлтіріп тастайды екен. Аралар тынбай гүлден нәр тасып, еңбек етеді. «Араға ерсең» дегенде адамның араға ермейтіні – түсінікті. Ара сияқты еңбекқор адаммен бірге жүрсең, бірге еңбек етсең деген мағынада айтылып тұр. Қоңыз да еңбекқор ғой дерсіз. Бірақ қоңыз әрекеті өз қарабасының игілігі үшін. Ол бал арасы сияқты адамдарға тамақ әзірлемейді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Мақалдың мәні ара мен қоңыз туралы ма, әлде адамға қатысты ма?
2. Мақалдың мәнін өз сөзіңізбен түсіндіріп беріңіз.
3. Диалог құрастырыңыз.
14. «Түйеқұсқа: - Жүк артамын, десе, – Мен құспын, дептi.
– Ұш, десе,
– Мен түйемiн, дептi»
Түйеқұстың тіл қатып сөйлей алмайтынын бәріміз білеміз. Мұндағы айтылмақ ой біздерге, адамдарға қатысты. Мойны еш жұмысқа жар бермейтін, жалқау адамның сөзі де, сылтауы да көп болады емес пе? Кейде өзіміздің бойымыздан да жалқаулықты көреміз. Егер сол жалқаулық болмаса, біз қаншама істерді атқарар едік, талай биіктерге де көтеріліп қалар едік...
Келісесіз бе?
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1) Осы мәтелді оқығанда, көз алдыңызға не елестеді не болмаса кім туралы ойладыңыз?
2) Дәл осы мәтелді қолданып, сахналық қойылым сценарийін жазып көріңізші.
3) Осы мәтелге ұқсас мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді жазыңыз.
«Еріншектің ертеңі таусылмас» т.с.с.
15. Бiр тауды төңкеретiн де бар, Бiр дәндi зiл көретiн де бар.
Адамдардың адамгершілік қасиеттері еңбекке қатысынан білінеді.
Біреулер бар кішкентай шаруа тапсырсаңыз, соны таудай етіп, қабығы түсіп жүріп орындайды. Сондай кескін-келбетін көргенде сол кісіге аз шаруаны тапсырғаныңызға өкінесіз. Ал кейбіреулер аз тапсырмаңызды молынан орындайды. Жоғарыдағы халық даналығы сондай адамдарға айтылған сөз болса керек.
1. Мақалдың мәнін достарыңызға түсіндіріп беріңіз.
2. Мультфильм сценарийін жазып, кейіпкерлеріңізге жоғарыдағы мақалды айтқызыңыз.
16 Ақылды қасыңнан қорықпа, Жарымес досыңнан қорық.
Достың да, қастың да жарымес емес, ақылды болғаны жақсы екен-ау.
Досың болса да, ақылы жетпегендіктен жамандық жасауы мүмкін екен.
Ойланып, көрейік.
1. Мақалдың мәні не? Неден сақтандырады?
2. Ойдан жағдаят құрап, жоғарыдағы мақалды қолданыңыз.
17 Адамды тұрар адам қып, Ақжүректiлiк пен адалдық.
Адам баласының жақсы қасиеттері көп. Солардың ішінде ақжүректілік дегені қандай қасиет деп ойлайсыз? Ақжүрек адамдар көп жағдайда өздері көп қиындық көріп жатпай ма? Сіздің ойыңыз қандай?
1. Ақжүрек, адал адамды кездестіріп көрдіңіз бе? Ол кім?
2. Өнегелік шағын әңгіме жазыңыз.
18 Шеге тағаны сақтайды, Таға тұлпарды сақтайды.
Тұлпар ерiн сақтайды, Ер елiн сақтайды.
Ердің елін сақтауының арқасында біздер бүгінгі күнге жетіп отырмыз.
Тарихымызға көз жүгіртіп көріңізші. Қазақ халқының ұлан байтақ жерін жаудан қорғауда ер азамат пен тұлпардың рөлі ерекше болды. Халық даналығы осы бір ауыз сөзбен халқымыздың тарихынан да, тіршілігінен де хабар беретіндей.
* Мақалды жаттап алдыңыз, оны қандай сәтте қолданамын, пайдаланамын деп ойлайсыз?
* Егер суретші болсаңыз, осы мақалға қандай сурет салар едіңіз?
* Өзіңіздің қанатты сөзіңізді жазыңыз.
19. Алтыныңа сенгенше, ақылыңа сен.
Адам баласы тек өзіне, өзнің біліміне, ақылына, күшіне сену керек.
Біреулерден жақсылық болса, ол – жақсы. Бірақ соған сеніп кетіп, өзіңді жетілдірмей, еңбек етуге ерінсең, нәтижесінде түксіз қаласың.
1. Мұндағы «алтын» деген сөздің орнына басқа қай сөзді қолдануға болады?
2. Ақыл адамға не береді? Санамалап айтыңыз.
20. Жаманға сөз қатпағанның өзi жауап.
Жалпы адамды «жақсы», «жаман» деп бөлуге болмайды. Жаман деген түсінік – парықсыз, сөздің мәнін түсінбейтін, сөз сөйлей білмейтін. т. б.
ұнамсыз қасиеттері көп адам туралы айтылған болу керек. Жоғарыдағы мақал сондай адамммен сөйлесіп, пікірлесіп, түсінісу қиын болғандықтан шыққан.
1. Мақалдың мәнін өз сөзіңізбен түсіндіріп беріңіз.
2. Жағдаят ойлап, сөз арасында қолданыңыз.
21 Ұзақ болса да жолдың турасы жақсы.
«Жолдың турасы» деген кең мағынада адамның өмір жолы туралы мағынаны білдіреді. Ешкімге қиянат жасамай, алдап кетпей, адал өмір сүрген адам жолдан таймаған, тура жолмен жүрген болып есептеледі.
1. Мақалдың тура мағынасы мен ауыспалы мағынасын түсіндіріңіз.
2. Өзіңіздің өмір жолыңыз туралы монолог жазыңыз.
22. Елiңде абыройлы болсаң, түзде жүгiң қалмас.
Елдің көңілі – елеуіш. Жаманын ұмытып, елеуіштен өткізіп жіберіп, жақсысын алып қалып, ескеріп, құрмет көрсетеді. Тарихта аты қалған тұлғалардың баршасы елдің есінде, көңілінде солай сақталғандар.
1. Мақалдың ауыспалы мағынасын түсіндіріңіз.
2. Елге абыройлы болған дегенді қалай түсінесіз?
3. Абырой адамға не үшін керек?
23. Ынтымақ жоқ үйде ырыс жоқ.
– Бақ, қайда барасың?
– Ынтымаққа барамын.
Ынтымақ деген – үлкен ұғым. Ол бірлік дегенді де білдіреді. Жеке отбасының ынтымағы сол отбасы мүшелерінің бақытын қамтамасыз етсе, елдің ынтымағы – мемлекеттің халқының бақытын жасайды.
1. Осы мақалдың берер тағылымы не?
2. Осы тақырыпқа өзіңіздің қанатты сөздеріңізді жазыңыз.
24. Пасық адам паң келер.
Білімді, мәдениетті адам ешқашан да кеудесін көтермейді. Олар соншама инабатты, қайырымды, қарапайым болады.
1. «Паң» деген сөздің синонимдерін жазыңыз.
2. Мақал сізге қандай ой салады?
3. Мысал жазыңыз. Кейіпкерлеріңіз аңдар болсын.
25. Асыл тектi балапан ұясында ән салар.
Адамға меңзеп айтылған мақалдың мәні – баланы кішкентай кезінен өнерге баулу қажет.
1. Мақалдың ауыспалы мағынасын түсіндіріңіз.
2. Мақалдың тура мағынасындағы суретті көз алдыңызға елестетіп, сурет салыңыз, мультфильм сценарийін жазыңыз. Кейіпкеріңз мақал-мәтелді қолданып сөйлейтін болсын.
26. Ақылдының бүгiнгi iсi кеше тынған.
Ақылды адам барлық ісін ойланып істейді. Асығыстық немесе, артық сөз айту ондай адамға жат.
a. Мақалдың сізге қандай пайдасы бар деп ойлайсыз?
b. Осы мақалды жазып, жұмыс орныңызға, көрінетін жерге іліп қойыңыз.
c. Күнделікті, бір апталық, бір айлық жұмысыңыздың жоспарын жасап, сол тәртіппен жұмыс жасап үйреніңіз.
27. Бiреуге үйретсең, өзiң де үйренесiң.
a. Жомарттық адамды сыйлы, абыройлы, қадірлі етеді. Малға, дүниеге ғана жомарт болмау керек, біреуге үйретуге де жомарт
болу керек. Біреуге үйретсең, өзің де үйренесің. Ізденесің, көп оқисың, т.б. Өзіңізге тәжірибе жасап көріңіз...
b. Өзінің айналаңда білімге жомарт, үйретуге жомарт адам бар ма?
Бар болса сол адамның қасиеттері туралы айтып беріңіз.
28. Парызың “сөйле” деп тұрғанда Үндемей қалу қып-қызыл қылмыс.
* Парыз деген сөздің мағынасы өте салмақты. Парыз халықтың алдында, ел алдында, ата-ана, ұстаз алдында болады. Егер сіздің өз жеке басыңызға ауыр сөз айтылса, оған төзуге болады. Ал егер сіздің халқыңызға, еліңіз туралы ғайбат сөз айтылса, кемсітсе, оған төзуге болмайды. Онда шынында да «Үндемей қалу – қылмыс».
* «Парыз бен қарыз» деген тақырыпқа телехабар жүргізіңіз.
29. Керексiздi сатып алсаң, Кейiн керегiңдi сатарсың.
*Осы мақалды базарға, дүкенге барғанда, немесе бір затты сатып алғыңыз келгенде есіңізде ұстаңыз.
* Отбасыңызда сатып алу мен алмау туралы келеңсіз жағдайлар болмау үшін осы мақалды көрінетін жерге қағазға жазып, іліп қойыңыз.
*Жағдаят ойласытырып, ерлі-зайыптылардың диалогын құрыңыздар.
30. Асыл сөз арнап берген сыйдан артық.
* Қазіргі кезде адамдарды берген сыйлығымен бағалап, құрметтеп жатады. Ол дұрыс емес. Себебі материалдық дүние барлық адам да бірдей емес. Сондықтан ізгілігі, адамгершілігі, кісілігі жоғары адамдар көлеңкеде қала береді. Егер сіздің тарапыңыздан осы бір мәселені шешу қолдан келсе, онда сіз шын мәнінде биік адамсыз.
Сіз құрметтеген адам жағдайын айтып, сізге сыйлық жасай алмадым деп жатса, сіз «Асыл сөз арнап берген сыйдан артық» деп айтпайсыз ба?
*Өзіңіздің қанатты сөздеріңізді, ой толғамдарыңызды жазып көріңіз.
31. Абыройың артқан сайын арқалар жүгiң де ауырлайды.
* Жалпы адамдардың қызметі, лауазымы өскен сайын адам мінезі өзгереді.
Кейбіреулер үшін мансап билігін жүргізіп, байып қалудың жолы болса, ал енді біреулерге ол үлкен жауапкершілік жүктейді. Елдің қамын көбірек ойлайтын болады, бұрынғыдан да көбірек жұмыс жасайды. Ондай жанның абыройы өседі.
* Бірнеше жағдаятқа байланысты осы мақалды қолданып көріңіз.
32. Тауы биiк болса, шатқалы да терең.
* Мәтелдің мағынасын түсіндіріп беріңіз.
* Биікке шығарда түсетініңді де ойланғаныңыз дұрыс. Биікттің басында қалу – көп жанның маңдайына жазылмаған бақыт. Биіктен түскеннен кейін төменде өмірді жақсы сүру үшін, биікте тұрғанда әділ, шапағатты болу керек. Монологты ары қарай өрбітіп, жоғарыдағы мәтелді сөзіңізде қолданыңыз.
33. Ойсыздың бәрi өркөкiрек.
a. «Ойсыз» адам дегенді қалай түсінесіз? Ойсыздың орнына тағы қандай сөзді қолдануға болады?
b. Адамға жараспайтын мінездің бірі - өркөкіректік. Ондай адамда кісілік, адамгершілік аз болады. Азға мәз болып, бір күн таққа отырса, түспейтіндей күй кешіп, есі шығады. Алдына келгеннің еңкейіп келгенін қалайды. Сондай адамды көргенде халықтың
«Ойсыздың бәрі – өркөкірек» деген қанатты сөзін есіңе аласың.
c. Өзіңіздің мінезіңізді бір тексеріп қойыңыз.
34. Онның ойы бiр жерден шықса, оң ойлағаны.
a. Халқымызда тағы бір мынадай сөз бар: «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген. Қыңыр адам елдің сөзіне де, ісіне де қарсы болып, көптің ашу-ызасын тудырады. Ондай адамдарға қыңырсың десең, қатты ашуландырып алуың мүмкін. Сондықтан ондай адамға: «Онның ойы бір жерден шықса, оң ойлағыны»
десеңіз, ол ойланады.
35. Асқар таудың көлеңкесi алысқа түсер.
a. Мақалдың ауыспалы мағынасын түсіндіріп беріңіз.
b. Қолында билігі бар адам көп жақсылық жасай алады. Жақсылық деген жақындарын жаман болса жақсы деу емес, жақсылық қоғамға, елге, ұжымға болатын игілікті іске адамдарды жұмылдыра білу. Нәтижесінде адамдар да соның жақсылығын көру. Сондай басшыларға, тұлғаларға «асқар таудың көлеңкесі алысқа түсер»деп айтуға болады.
c. «Мен сыйлайтын асқар таудай тұлға» деген тақырыпқа монолог айтыңыз.
36. Уақыт ұшқан ұшқындай, Жылт етiп артта қалады.
a. Осы мақалға ұқсас мақалдарды, қанатты сөздерді естеріңізге түсіріп, жазып келіңіз.
b. «Уақыт» деген философиялық ұғымға өз көзқарасыңыз қалай?
Сіз үшін уақыт арзан ба, қымбат па?
37. Жеті атасын білмеген – ұл жетесіз,
Жеті ғасыр тарихын білмеген – ел жетесіз.
Жеті саны қазақ үшін киелі сандардың бірі. Жеті атасын ұрпағына үйретуді бабаларымыз өздеріне парыз санаған. Жеті атадан аспағанша жастардың бір-біріне үйленуіне тиым салған. Ал енді жеті ғасыр тарихын білмеген елдің жетесіз болатыны неліктен? Сіздер қалай ойлайсыздар?
38. Арық қазбасаң - атызға су келмейдi.
Кейде біз қызық ойлаймыз. Ешқандай әрекет жасағымыз келмейді, еңбек еткіміз келмейді, бірақ бай болғымыз келеді. Жақындарымызды өзіміз іздемейміз, егер олар келмесе өкпелейміз. Адам өзі әрекет жасамайынша, Алла да оның аузына су тамызбайды. «Арық қазбасаң – атызға су келмейді» деген сол емес пе?
Осы мақалды пайдаланып, өнегелі қысқа әңгіме жаз.
39. Жер қазына, су алтын.
Дүниежүзінде ауызсу мәселесінен үлкен мәселе жоқ. Кейбір елдер ауызсуды басқа елден сатып алып ішіп отыр. Ал біздің ауыз суды қалай болса солай қолданғанымыз, шын мәнінде, қылмыс емес пе?
Осыған сіз не дейсіз?
«Жер – қазына, су – алтын» тақырыбында өз ұрпағыңызға қандай өнегелі әңгіме айтар едіңіз?
40. Пiрiң көп болғанша, Бiлiмiң көп болсын.
«Пірің» деп отырғаны қолдаушы, сүйеуші деген мағынаны білдіріп тұрса керек. Қалай ойлайсыз, біліміңіз бар, бірақ қолдаушыңыз жоқ.
Пікірталас ұйымдастырыңыздар.
Білім туралы білген мақал-мәтел, қанатты сөздеріңізді жазып көріңіз.
«Білімді адамның алдынан қайда барса да алтын тартылады» деп Сайф Сараи бабамыз неге айтты екен?
41. Қолы ашықтың жолы ашық.
Қолы ашық дегені – жомарт адам дегені. Жомарттық қасиетті халқымыз ежелден жоғары бағалаған. «Береген қолым – алаған» дегені де сондықтан. Қолы ашық адам қадірлі болады, солсебепті де оның жолы болады.
Мақалдың мәнін түсіндіріңіз.
42 Адамның тiзгiнi ақылы.
Адам сөйлер сөзін, істейтін ісін, әрекетін ақылмен басқармаса, қиындыққа ұшырайды. Орынсыз сөз айтып опық жеуі мүмкін.
Ақыл туралы көптеген мақал-мәтел, қанатты сөздер бар емес пе?
Есіңізге түсіріп, жазыңыз.
Сіз осы мақалмен келісесіз бе?
Тізгіні – жүрек шығар? Достарыңызбен пікірталас ұйымдастырыңыз.
43. Сүйдiрген де тiл, Бездiрген де тiл.
«Сүйдірген», «бездірген» деген сөздердің мән-мағынасы қандай?
Тіл туралы тағы қандай мақал-мәтел, ұлылар айтқан қанатты сөздерді білесіз?
44. Ақылдың өлшемi – парасат.
Парасат өлшеміне нелер, қандай қасиеттер сай келеді?
Ақылдың нәтижесі, көрінісі парасат болғаны ма? Сонда парасатты адам болу үлкен мәртебе екен-ау. Сіз қалай ойлайсыз?
45. Адал адам ауыр сөзден тартынар.
Мақалдың мағынасын ашып, түсіндіріңіз.
Ауыр сөз дегенге қандай сөздер жатады?
Өмірдегі бір жағдаятты ойластырып, осы мақалды қатыстырып сөйлеңіз.
46. Әдiл тiл ақыл таразысы.
Адам баласына сыпайы, қарапайым болған жарасады.Ал жалпы, адамды көріктендіретін – тілі. Тілі шешен, үні әуезді, құлаққа жағымды болса, дыбыстарды дұрыс айта алса, қазақтың тілі сылдыраған бұлақтай, күмбіреген домбыра үніндей естіледі. Нағыз мәдениетті адам аузынан шығатын сөзді тежей алады, біреудің арына, намысына тиетін сөзді айтпайды, әділ болады. Сондай адамға «әділ тіл – ақыл таразысы» деген рас екен-ау деп айтуға болады.
Осы тақырыпқа өзіңнің қанатты сөздеріңді жаз.
47. Iстiң сәтi өз уақыты.
* Көптен ойыңа алған ісің біткенде кеудеңді шаттық кернеп, иығыңнан жүк түскендей жеңілденіп қаласың. Сондай сәтте «Істің сәті – өз уақыты» деп еріксіз айтасың.
* Өз өміріңізде осы мақалды қалай қолданар едіңіз?
48. Әр құс ұясына қарай ұшады.
* Мәтел сөздің мағынасын өз сөзіңізбен түсіндіріп беріңіз.
Өмірдегі жағдаяттардың бірін мысалға келтіріп, осы қанатты сөзбен ойыңызды қорытындылаңыз.
* Құстың ұясына қарай ұшып келе жатқанын, ұядағы балапандардың әңгімесін сюжет етіп, мультфильмнің сценарийін жазып көріңіз. Мүмкін ол балаларға арналған ертегі болар...
49. Атаға баланың алалығы жоқ.
* Ата-ана үшін өзінен туған баланың бәрі бірдей. Кейін қарым- қатынастарында алалық, бірін ерекше санау, т.б. болып жатса, оған балаларының мінездері, адамгершілік қасиеттері, әрекет- амалдары әсер етеді. Еске ұстайық: адамның жасы ұлғайған сайын қайраты азайып, күші кемиді. Үлкен кісілер де бала сияқты өздеріне көңіл бөлгенді, әңгімелескенді жақсы көреді. Хақымыз: «Қартайғанда бір бала» деп тегін айтпаса керек. Сіздің ойыңыз қандай?
Ата-аналарыңызбен сырыңызды айтып, әңгімелесесіз бе? Бүгіннен бастап көріңіз...
50. Ауыр iстен қорықпа, Ауыр сөзден қорық.
* Хақымызда: «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген сөз бар емес пе? Ауыр жұмысты, істі қиналсаң да жасап тастайсың. Ал ауыр сөз естісең, көпке дейін қиналып жүресің. Басыңнан шықпайды, ойыңнан кетпейді. Сол себепті де ауыр сөз естімеуге тырысу керек.
Өзіңді ақылыңмен тізгідей алсаң, әділ болсаң, ізетті болсаң, кісіге қиянат жасамасаң ең бастысы өз ісіңе жауапкершілікпен қарасаң, саған ешкім ауыр сөз айтпайды. Қалай ойлайсыз?
* Сіз қандай ашуланып тұрсаңыз да ауыр сөз айтпайсыз ба? Онда сіз өте мәдениетті адамсыз.
51. Елiңдi жек көрсең, Елге қайтiп сиярсың.
Жерiңдi жек көрсең, Көрге қайтiп сиярсың.
* Мақалды жаттап алып, мәніне көңіл аударыңыз. Ойланып көріңіз.
Іштей: «Елін жақсы көрмегендер де жап-жақсы өмір сүріп жатыр ғой. Мысалы, сол пәленше елге не істеді?..» деген ойлар келер, мүмкін келмес те. Бірақ сіз ондай адамдармен өзіңізді еш салыстырмаңыз. Сіз мүлдем ондай жан емессіз. Сіз еліңізді де, қасиетті Жеріңізді де жақсы көресіз. Ал жек көргендерге жоғарыдағы мақалды айта аласыз.
* Осы тақырыпқа сіздің де айтарыңыз бар деп ойлаймыз. Жазып көрсеңіз болады.
52. Жiгiттiң құны жүз жылқы, Ары мың жылқы.
* «Құны» деген сөздің синонимдерін атаңыз. Ол сөздің орнына қандай сөзді қолдануға болады?
* Ар, ұят деген ұғымдар архаизмге айналып бара жатқан жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз?
53. Қуантар болсаң асық,
Мұңайтар болсаң сабыр тұт.
* Сізге осы мақал ұнай ма? Адамдарға қуаныш сыйлау дегенді қалай түсінесіз? Өзіңіздің әректіңізде қайсысы басым?
* Жағдаятқа байланысты осы мақалды қолданыңыз.
54. Тау тауға қосылмас, адам адамға қосылады.
* Дана халқымыз осы сөзбен нені білдіргісі келді екен?
* «Адамның күні адаммен» деген мақалмен жоғарыдағы мақалдың қандай байланысы бар.
55. Қос қылыш қынға симас.
*Шынында да қос қылышты бір қынға сайдыра алмайсыз ғой.
Мәтелдің мәні не? Нені меңзейді? Өз сөздеріңізбен түсіндіріп айтыңыз.
* Қанағатсыздық туралы жағдаяттық әңгіме диалог құрастырыңыз.
56. Бұтағы көп ағашқа құс қонады, Атағы жақсы адамға сөз ереді.
Ағаш басына жел үйір, Жақсы адамға сөз үйір.
* Осы мақалдың мәнін ашатын сіздің өміріңізде немесе сіздің таныстарыңыздың өмірінде оқиға болды ма?
* Сіз қалай ойлайсыз, неге атағы жақсы адамға сөз ереді?
* Сіз туралы сөзге шамадансыз ба, әлде дұрыс қабылдайсыз ба?
57. Ердің ісін ауыр қылма, Сәйгүлікті жауыр қылма.
* Сәйгүлік дегеніміз тұлпар ғой. Тұлпар атты жауыр қылатын адам (күте алмайтын) қандай адам?
* «Ердің ісін ауыр қылма» дегенді қалай түсінесіз?
* Өмірде жүрген ортасына салмақ салып, қиындықтар әкеліп жүретін адамдар болады. Ал керісінше, ешбір салмақ түсірмейтін де адамдар болады.
Сіздің пікіріңіз?
58. Құты қашқан құдыққа құласа, үстіне құм құйылар.
* Құт сөзінің синонимі береке. Сонда берекесі қашқан адам дегенді білдіреді. Ал осы мақалдың тура мағынасы мен ауыспалы мағынасын түсіндіріп бере аласыз ба?
* Жолы болмаған адамның өмірі туралы күлдіргі әңгіме сюжетін ауызша айтыңыз.
59. Су татырмағанға сүт бер.
Таспен ұрғанды аспен ұр.
* Осы екі мақалдың ұқсатығы мен айрмашылығы қандай?
* Біздің халықтың тамаша бір қасиеті қонақжайлылығы. Осы жоғарыдағы екі мақал да халықтың осы қасиетіне орай тумадма екен? Сіз қалай ойлайсыз?
60. Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш.
* «Кеш» дегені «кешір» дегені. «Алдыңа келсе» дегені «кешірім сұрай келсе» дегені екен. «Атаңның құны» дегені не?
* Кешірімді болған жақсы қасиет пе? Жағдаяттық әңгіме құрастырып, осы мақалды қолданыңыз.
61. Ас тасыса – майы төгілер, Ашу тасыса – ақыл төгілер.
* Мақалдың мәнін түсіндіріп беріңіз.
* Өзіңізбен араласып жүрген адамдардың арасында сіз мінезіне қызығаты, сүйсінетін адамдар бар ма?
* Сіз өзіңіз тез ашулансыз ба әлде сабырлы, ұстамдысыз ба?
62. Еріншекке есік те асу көрінер, Жалқауға бұлт та жүк көрінер.
* Осы мақалды есіңізде ұстаңыз. Өзіңіздің бойыңызда еріншектік пен жалқаулық болса, ойланыңыз. Өзін өзгерте алмаған адамның қолынан көп нәрсе келмейтіні есіңізде болсын.
* Осы мақалды көрінетін жерге А4 қағазға жазып, іліп қойыңыз.
* Жағдаят ойласытырып, өнегелі әңгіме мәтінін құрастырыңыз.
63. Жазбайтын мерген болмас, Жаңылмайтын білгіш болмас.
* Кейбір адамдар біреулердің жасаған кемшілігін, қателігін кешіре алмайды. Ол дұрыс емес. Себебі қателеспейтін адам баласы жоқ.
Өзіңізде қателесесіз. Сонда сізді кешірмесе қалай болар едіңіз?
Сондықтан достарымзды, балаларымызды, әріптестерімзді т.б.
кешіре білейік.
* Өзіңіздің қанатты сөздеріңізді, ой толғамдарыңызды жазып көріңіз.
64. Тай өссе – ат тынығады, Ұлы өссе – әке тынығады.
• Мақалдың мәнін қалай түсінесіз? Ұлы-қызы қандай болса әке-шеше тынығады?
• Сіз қалай ойлайсыз, қазіргі балалар әке-шешесін қаншалықты тынықтырып жүр?
• Өз мақсат-міндеттеріңізді ауызша айтып көріңіз, сөз арасында мақалды пайдаланыңыз.
65. Тексіз адам қонаққа тесіле қарайды.
* Ешуақытта адамға тесіле қарауға болмайды. Ол әдепсіздік болып саналады. Байқадыңыз ба ондай адамды тексіз дейді екен.
* Өнегелік әңгіме өрбітіңіз.
66. Пышақ қанша өткір болғанмен, өз сабын өзі кесе алмайды.
* Мақалды қалай түсінесіз?
* Дәрменсіздік деген сөздің мағынасын ашып айтыңыз. Сол сөздің мақалға қандай қатысы болуы мүмкін?
67. Еккенде келісіп алса, жинағанда жанжал болмайды.
* Қазіргі бизнеспен айналысып жүрген жандарға өте-мөте қажет мақал сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
* Жағдаяттық диалог жасаңыз.
68. Ұлыны ұлы тұтса – құт болар.
* Ұлылық дегенді қалай түсінесіз? Адамды қандай белгілеріне қарап ұлы дейді?
* Сіз кімді ұлы дейсіз? Неге? Шын сөйлеңіз.
69. Белгісі болса, жолдан жаңылмас, Білімі болса сөзден жаңылмас.
* Сіз жолынан, сөзінен жаңылмаған жанды кездестірдіңіз бе?
* Білім туралы білген мақал-мәтел, қанатты сөздеріңізді жазып көріңіз.
70. Ер салмағын ел көтереді, Ел салмағын жер көтереді.
* Ел мен жер туралы сіз не ойлайсыз?
* Елге салмақ салмай, ауырын жеңілдетуге, қауымын көңілді етуге бола ма?
71. Ынталының ісі лезде бітеді, енжардың ісі кейін кетеді.
Ынта, ықылас, пейіл деген мағынасы жағынан жақын сөздер. Қандай іске де адамның ынтасы, пейілі болмаса, ол іс аяғына жетпейді, немесе шала істелінеді. Сол себепті де жұмысты ынтамен жасаған дұрыс.
72. Жақсы аттың жалын сақтағанша, Жақсы ердің көңілін сақта.
* Адамның көңілі қалса, ол –жаман. Со себепті де халқымыз: «қалған көңіл – шыққан жанмен тең» деген. Кейбір адамдар өзінің ғана жағдайын ойлап, өзгенің жүрегіне ауыр болатын әрекеттерді істеп, ауыр сөздерді айта салады. Сондай жағдайда кейбір жүрегі әлсіз адамдар ауруға ұшырап, немес қайғылы жағдайларға да ұшырайды.
* Сіз өзгенің көңілін қалдырмас үшін өзіңізге аздап болса да зиян келетін іс жасай аласыз ба?
* Адамдарды ренжітіп жүретін жандарға сіздің көзқарасыңыз?
73. Ерте шықсаң алдыңнан күн шығады,
Кеш шықсаң алдыңнан түн шығады.
* Осы мақалдың мәнін ашатын тағы қандай мақалды білесіз?
* Барлық іске үлгеру үшін істі ерте бастаған жақсы. Түн ұйқы үшін берілген. Ал кейбір жастар, әсіресе, студенттер сабақ т.б. жұмыстарын күндіз жасап тастауға ерініп, есесіне таң атқанша сабақ қарайды. Осы дұрыс па?
74. Жаман болатын жігіт шегіншек келер, Кедей болатын жігіт еріншек келер.
* Шегіншек келер дегенді қалай түсінесіз?
* Еріншек адамның бай болғанын тарихта ешкім білмейді. Сіз білесіз бе?
75. Ердің еңбегін күндегенше, Өзіңнің жігеріңді шыңда.
* Көреалмаушылық, күндестік деген жақсы қасиет емес. Ол дерт сияқты.
Адамның түр-түсіне әсер етіп, ортасына сүйкімсіз етеді. Сол себепті де өзгені күндегенше өзіңнің жігеріңді шыңда деп айтқан.
* Досыңның бойынан көреалмаушылық мінез көрсең, осы мақалды қалайша қолданар едің?
76. Қажымалы мың жолдас, жоқпен тең, Жанын қиған бір жолдас, көппен тең.
* «Қажыту» деген қинау, мазалау дегенді білдірсе керек. Ондай көп достардан гөрі адал, сен үшін жаны қиятын адал бір достың болғаны жақсы.
Бізідің дәуірімізге дейін 6 ғасырда өмір сүрген Анақарыс бабамыздың мынадай сөзі бар: «Сансыз көп сапасыз достардан, адал жалғыз достың болғаны жақсы» деген.
* Адамдар 100 пайыз досына сыр айтады ма? Сыр айтуға қалай қарайсыз?
77. Аз қайғыны ас басады, Көп қайғыны дос басады.
* Аз қайғы, көп қайғы дегенді қалай түсінесіз? Аз қайғыны неге ас басады?
* Досыңыз қайғырғанда қол ұшын бере аласыз ба?
78. Көп алдында сөйлеген – көсемдіктің белгісі, Көпке сөзі ұнаған – шешендіктің белгісі.
* Мақалдың мәнін ашатындай, «иә, ол сол адам ғой» дейтіндей өзі көсем әрі шешен адамды білесіз бе?
* Өзіңіз саяси тұлғалар арасынан кімдерді шешен санайсыз? Сіз шешен болғыңыз келе ме?
79. Адамның өзі жетпеген жерге сөзі жетеді.
* Қай кезе де, кім туралы болса да жақсы сөз айтқан дұрыс. Жақсы сөз де, жаман сөзде иесіне әйтеуір жетеді. Бір үлкен мансапқа жеткен адамнан: «сіз осындай дәрежеге қалай жеттіңіз деп сұрағанда, ол: мен барлық адамдар туралы тек жақсы сөз айттым» деген екен. «Адамның өзі жетпеген жерге сөзі жетеді» деген мақалды бабаларымыз тегін айтпаса керек.
80. Азды алмаған, көптен құр қалар.
* Қанағатшылық – жақсы қасиет. Адамдардың өз бағын өзі байлайтыны осы қанағатсыздықтан. Кейбір адамдар аз жалақы береді екен деп, жұмыс істемей жүреді. Ал жұмыс істемеген адам мүлдем жалақы алмайды. Аз болса да жоқ емес, бар ғой. Бұдан басқа да мысалдар келтіріп, ойларыңызды ортаға салыңыздар.
* Жағдаят ойласытырып, екі адамның диалогын жасаңыздар.
81. Ашу тұрған жерде ақыл тұрмас.
* Мақалды өз өміріңізге қандай жағдайда пайдаға жаратасыз?
* «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деген мақал да бар. Ашу дұшпан болғанда ол адамға не істей алады?
82. Ас тасыса майы төгіледі, Ашу тасыса, ақыл төгіледі.
* Мақалдың тура мағынасын да, ауыспалы мағынасын да дәлелді сөзбен түсіндіріңіз.
* Жағдаят ойлаңыз, әңгімеңізді ішінде мақал-мәтелдер болатын болсын.
83. Мал шөпке, адам сөзге тоқтайды.
* Мал шөпке тоқтайтыны рас, ал адам сөзге қалай тоқтайды? Мұнда халықтың айтпағы не?
* Сөзге құлақ асу, сөз тыңдау, басқа біреудің сөзін бөлмеу – мәдениеттің бір түрі. Кейбір адамдар мүлдем сөз тыңдамайды. Ол үшін өзінен басқа жан сөйлемеу керек. Өзі ғана дұрыс айтады. Қанша жерден бәрін біліп тұрсаң да бәрін білемін деп айтпа. Сабырмен басқалардың сөзін тыңдай біл.
84. Өзің көтермейтін сөзді басқаға айтпа.
* Адамның жанын жаралау деген оп-оңай нәрсе. Ауыр сөз, ойланбай айтыла салған сөз адам жанын жаралайды. Сол адамның орнына өзіңді қойып көр.
Сол үшін сөзге абай болған дұрыс.
* Сөз қылыштан өткір деген рас па? Қылышты оңды-солды жұмсасаң көп адамды жарақаттап, көп адамды өлтіресің. Сол себепті де сөзді оңды-солды ойланбай сөйлей бермеу керек.
85. Ақыл – жас ұланнан, Жүйрік – тай-құнаннан.
* Біздің халқымыз жастарды, балаларды ерте жастан даналыққа, парасаттылыққа тәрбиелеген. Олардан көп үміт күткен. Сол себепті де ақылды жастан күткен.
* Үлкен кісінің монологын әзірлеңіз.
86. Келіні жақсы үйдің керегесі алтын.
* Келіннің мәртебесі, отбасындағы рөлі туралы монолог әзірлеңіз. Сөз ішінде мақал-мәтелдерді пайдаланыңыз.
87. Адам болар жігіттің, Жары өзіне лайық.
Керуен бастар жігіттің, Нары өзіне лайық.
* Жар таңдау – күрделі жұмыс. Адам өмірінің негізі – жұбайлық өмір. Сонда өмір серігіңнің адамгершілік, кісілік келбеті сенің өміріңді өрнекті, сәнді етеді.
* Осы мақалды пайдаланып диалог жасаңыз.
88. Аттың бәрі тұлпар болмас, Құстың бәрі сұңқар болмас.
1.Адам өзінің шамасын білгені жақсы. Сонымен қатар ұстаз өзінің барлық шәкірттерінен тұлпар жасауға тырыспау керек. Ол мүмкін емес. Талант, жауапкершілік, білімге құштарлық, еңбекке талпыныс бірдей емес. Сол себепті баланың мүмкіндігін ескергені дұрыс.
2. Сөз арасында жоғарыдағы мақалды пайдаланып, әңгімелесіңіздер.
89. Талапты ерге нұр жауар.
1. Халық даналығы осылай дейді. Талапты ерге нұр жауар. Сіз қалай ойлайсыз?
2. Топтық әңгіме құрыңыздар. Осы мақал төңірегінде әңгіме өрбітіңіздер.
90. Анаңа ауыр сөз айтпа, Атыңа ауыр жүк артпа.
1. Ана туралы өзіңіздің толғанысыңызды, сезіміңізді жазып көріңіз. Мүмкін мақалдың сізге керегі болып қалар?
2. Ана туралы даналық сөздерді дәптеріңізге жазып жаттап алыңыз. АНа туралы кім көп мақал-мәтел біледі екен?
91. Өсер жастың алдын кеспе, Өсер ағаштың басын кеспе.
* «Алдын кеспе» деген талантты, болашағы бар адамға кедергі келтірме, әдейлеп жамандық жасама деп тұр. Жамандық жасап, жастарды өсірмейтін адам, ол бір адамға ғана емес, Отанға жамандық жасағаны. Елге жақсылықты ер жасайды емес пе?
* Сондай жандарға сіздің көзқарасыңыз қандай?