Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы,
халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі, түрколог
Шыңғыс ханның мазары табылды…
Осыдан 847 жыл бұрын Кіндік Азияда дәлірек айтсақ бүгінгі Монғолия Республикасының шығыс солтүстігіндегі Кентей жотасының Дэлүн-болды атты орманды сайдың бір қуысындағы киіз үйде оң қолына қан шеңгелдеп бір бала шар етіп өмірге келді. Әлем дір етті…
Тәңірдің таңбасын қолына ұстап, жазмыштың жарлығын адам атты пендеге мойындатып, Тәңір текті Тәңірден жаратылған ұл осылай Жер- Анамен қауышты.
Қайран қаласыз! Неге? Сол дәуірдегі мәдениет пен өркениеттің бесігі Лояньда емес, Тұрфан, Қашқарда да емес, Мысыр, Бағдад, Самарқанды да емес, Константинополь мен Римде де емес сонау шығыста ит байласа тоқтағысыз, қар мен жаңбырдың астында қалған иесіз де иеліксіз жартылай жабайы тайпалар ортасынан әлемді бір шыбықпен айдаған ұл туғанына! Иә, осындай ұл туғанына қайран қаласыз! Қиыр шеттегі сол тайпаның адамдары құмырысқадай быжынап тұрса бір сәрі-ау! Көсенің иегіндегі селдір қылшықтай 10-20 шақырымда әрең дегенде бір жалғыз үй қарасын көрсететін, адам атты пендекеш тым сирек кездесетін осынау қиыр шеттен, Тәңірдің дырау қамшысын ұстаған ұл туғанына қайран қаласыз?!
Бұл тағдырдың ісі ме? Әлде Құдайдың бұйрығы ма? Әлде Тәңірдің жазмышы солай ма?! Таң қалғаннан басқа айтар жауап таппайсыз!
Сол қиыр түкпірде пенделер ру-ру боп дар-дар айырылып, бір-бірімен ит пен мысықтай аңдыса арпалысып, бірін-бірі қырып-жойып, көздің жасы көл болып, сезімнің шері мұз болып, толарсақтан қан кешіп жатты.
Шығыс Сібірдің қатал табиғаты уақ-уақ мінез көрсетіп қаһарына мініп, айналдырған азын-аулақ тұяғын жұт жалмап, кедейшілік меңдеткен қиюы қашқан қу тағдыр бір жағынан қысып тұрды. Оңтүстік Шығыс Азия қуаңшылдыққа шалынып, аспанға телміріп, тамшы жаңбыр тілеп, жер бауырлап жалбарынып жатты. Барлық жерде аштық, зорлық, зомбылық.
Қатал табиғат, қараңғы қоғам. Бұл бір ғана Азияның келбеті, бет-бейнесі.
Таяу Шығыста алтын атты жылтыр металмен мақтанып, бір-біріне сес көрсетіп ырылдасқан ұсақ халифаттар. Еуропаң да маңдайы шылқып тұрмаған. Олар қала, мемлекеттерге бөлініп, Крест жорығы басталып, қоғам қанға малынып, аспаннан қан жауып тұрды. Бүкіл әлем реттіліктен айырылып бір жүйеге келтіретін тәртіппен қара қылды қақ жарған заңға шөлдеп тұрды. Заңсыз, законсыз қанқұйлы қаһарлы дәуір! Қоғам осылай кете берсе адам атты пенде жер бетінде өмір сүре ме, сүрмей ме деген сұрақ туған заман. Өмір сүрсе қандай жолмен қалай тұру керек? Кім жол көрсетеді?
Кімге сенеді?
Ол адам шығыс пен батыстың ортағасырға дейінгі ғылым білімін жетік меңгерген, парасат пайымы шексіз, бүкіл әлемді өз үйім деп, бүкіл әлем халқын өзімнің туыс-туғаным деп сезінетін, адами өресі биік, ақыл ойдың кені болу керек еді-ғой. Керісінше әліпті таяқ деп білмейтін қараңғылықтың қапасында қалған жартылай жабайы ортадан әлем билеушісін тудырып шығарды. Ол кім еді?
Қаршадайынан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын тартып, көлеңкесінен басқа серігі, ат құйрығынан басқа қол ұшын берер қамқоршысы жоқ арман мен үмітті арғымақ қып мінген тесік өкпе ұл еді. Тәңір оны әншейін бір қатардағы бос белбеу ұл емес нағыз ер етіп туғызды.
Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, қайрат пен жігер, найза сүңгімес намыс пен темірдей төзімділікті Тәңір оған мейлінше мол сыйлапты. Ол аз дегендей алып ақыл, пайымды парасатты үйіп-төгіп беріпті.
Жас Темүжін өмірмен бетпе-бет келіп, тағдырдың талайына талатқанда жігерін жалынға жанып, қайратын қатыгездіктің запыран суымен суарып, ұрған сайын өршелене алға тек алға, шыңыраудың түбінен шыңға ұмтылып, жанкештілікпен жеңіп шыққан Адам.
Табынар иесі бір Тәңір болса, қолға ұстаған дұғасы Бірлік – Ынтымақ болды. Ақылшысы да, бас иетін пірі, құдайы да – Анасы Алун-қуа. Оның қолға ұстаған ұраны Бірлік – Ынтымақ! Әуелі аға-бауырын, сонан соң руын, одан соң тайпасын Ынтымақ атты құдіретке айрандай ұйытты. Осыдан кейін бірінің жағасынан бірі алып, қапқа салған мың сиырдың мүйізіндей қажасқан монғол тайпаларын біріктірді. Жанын қолға ұстап, жанталасып монғолым деп еңіреп, Мәңгілік ел идеологиясын бүкіл монғолдардың миына құйып берді. Осыдан кейін Кіндік Азиядағы бүкіл киіз туырлықтылар мүддесін алға қойып, солардың жыртысын жыртты. Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр іспетті түркі тайпаларын туысым деп бауырына тартты. Онымен де болдым, толдым демеді. Бүкіл әлемге қол созды. Осылайша, дүние жүзінің қақ жартысын Киіз туырлықтылардың билігінің қол астына енгізген қайраткер.
Әлемді бағындырған қайраткерлер аз болса да бар ғой. Александр Македонский, Наполеонды атауға болады. Солардың ішінде Батыс пен Шығыс неге қайта-қайта Шыңғыс ханды еске алып қайырыла береді. Оның құпиясы неде? Осы сұраққа тоқтала кетейік.
Шыңғыс ханды әлем екі шекте бағалап келді. Біріншісі, қатыгез, қанішер, әлем мәдениетін жермен жексен еткен күнәһар деп бағалады.
Екіншісі, талантты әскери қолбасшы, әлем мәдениеті мен өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері.
Иә, екеуі де шындық. Осы екі тұжырымның сыртында үшінші пікір ұсыну мүмкін емес. Олай болса, Шыңғыс хан қақында сөз саптаушылардың біразы бірінші тұжырымның шылауында кетіп, жамандықтың, жабайылықтың, қанқұмарлықтың небір пәле-жаласын оның мойнына артып бақты. Шыңғыс ханның иеленген Қытай, Парс, Араб, Грузия, Армения, Ресей елдерімен батыс еуропа тарихшылары Ұлы қағанды қорқыныш пен үрейдің
«қара тажалы», басқыншы, қатыгез, тонаушы етіп көрсетіп ондаған том еңбектер жариялап насихаттады.
Шыңғыс хан деген осы бір ұлы тұлғаның аты адамзат тарихына алтын әріппен жазылғанымен өшпенділіктің өшпес уының әсерінен осылайша аса үлкен айыптау науқанына ұшырап қуғындалып келді.
Ал екінші тұжырымның етегінен ұстағандар оны ақтап мақтаумен болды. Шыңғыс хан тым күрделі қайраткер. Жоғарыдағы екі тұжырым қатар тұрғанда ғана Шыңғыс ханның нағыз табиғи бейнесін көрсетіп береді. Екеуі де бір парақтың екі беті сияқты болғандықтан осы екі тұжырымды қатар алып жүріп ұлы тұлғаны түсінетін боламыз. Ұлы тұлға туралы үлкен еңбек жазған ғалымдардың бір екеуін тыңдалық.
Шыңғыс ханның нағыз келбетін ашып, оның іс-қимылын және монғолдардың Шүршүттің Алтын еліне жасаған жорығы туралы нақты қорытынды жасаған адам академик Б.Я.Владимирцев еді. Ол былай дейді:
«Шыңғыс хан қытай еліне жасаған жорықта адам төзгісіз қатыгездік жасап, қолға түскен мыңдаған қарапайым жандарды қинап, тозаққа сап, көптеген
елді-мекен, қалаларды күлге айналдырған деп асыра ағат жазушылар көптеп кезігеді. Бірақ та монғолдарды қатыгез, қанішер ретінде көрсетіп қаралау тарихи шындыққа еш жанаспайтынын көптеген ғалымдар зерттеу еңбектерінде көрсетіп келеді. Шыңғыс хан қырып-жоюды алға қойған қаныпезер деген тұжырым тым қисынсыз екені тарихи деректерде дәлелденген. Монғолдың қоластына кірген қытай, қидан азаматтарын, қатардағы жауынгер, генерал, қызметкерлерді өзіне пайдалану үшін Шыңғыс хан әуелі қолдап, қоршап жұмыс беріп сенім артып отырғаны көптеген деректерде расталған. Шыңғыс хан еш уақытта адамдарды бостан босқа қырып жоймаған, керісінше ол мүддесіне шебер пайдалана білген».
ХІХ ғасырдың аса беделді тарихшысы Хенри Хавард: «Шыңғыс ханды қатардағы қарапайым басқыншы ретінде бағалауға болмайды. Ол жаулап алған мемлекеттер мен империяларды тарихи даму үрдісіне сай дұрыс бағыттап, дұрыс ұйымдастыра білгендіктен, ол өмірден өткеннен кейін де орнатқан ұлы империясы өсіп өркендей берді. Даму процесі тежеліп қалған жоқ. Қоғамдық саяси, экономикалық жүздеген еңбектерде оны білікті қайта құрушы деп атаған. Оның жасаған заң жүйесі мен ел басқарып, билік жүргізген іс-әрекеттері бүгінгі өркениет биігінен алып қарағанда зиялы қауымды таңқалдырады. Бүгінгі саяси әлемнің алға қойып отырған әділеттілік, демократия, азаматтық қоғам, төзімділік, байсалдылық, адамгершілік, азаматтық рух, реттілік сияқты ұғымдар Шыңғыс хан ордасында іске асып тұрған екен» - деп жазады. Ал, АҚШ-тың «Вашингтон пост» өткен мыңжылдықтың тарихи тұлғалар ортасынан ең атақты қайраткерлікке Шыңғыс ханды шығарып келген-ді. Бұл баға Шыңғыс хан әлемдік тұлға екенін көрсетіп ұлықтағандықтың дәлелі болмақ.
Шыңғыс ханның заманы қандай дәуір еді. Қанқұйлы, толарсақтан қан кешкен қанішер заман еді. Анты – не өлім, не өмір. Жеңілсең жемтіксің, жеңсең қаһармансың. Осы жүйеден сол дәуірде ұлылардың ұлысы да, ақылдылардың ақылдысы да шыға алмаған. Қоғамның осы қатал заңының құрбаны болып қала берген.
Шыңғыс хан жеңді. Жеңілгендерге уәжін түсіндіріп, бірігіп өмір сүруге шақырды. Көнгендерін көлеңкесімен қорғады. Көнбегенінің басын кесіп тастап отырды. Қоғам солай, қоғамда өмір сүру заңдылық солай. Өйткені ортағасырдағы қоғам жүйесі осылай қалыптасқан.
Шыңғыс хан өзіне қандай мақсат қойды? Шыңғыс ханның алға қойған мақсаты тым үлкен еді. Ол Монғол елімен ғана шектелмей дүние жүзін бір ғана алып империя қоластына бағындырып, әлем халықтарына бейбіт, тыныш әрі жақсы өмір сүру мүмкіндігін алып беруге ұмтылды. Шыңғыс хан соңғы сөзінің бірінде: «Өмір сүрген қамшының сабындай аз уақытымда адамзаттың мың жылдық тыныштығын ойлап қолыма қару алдым. Осы мақсатымнан ғажайып мол қуат алып, ұлы қолды жігерлендіріп, қолбасшылардың жан-жүрегін иемденіп, рухына рух қосып соғысқа кіруші едім» деген екен.
Шыңғыс хан ұлы далалықтардан бастап бүкіл әлемді заңдық құқықта өмір сүруге, заңмен өзін қорғауды үйреткен қайраткер. Қоғамда өмір сүріп отырған адам атты пендеге әділеттілікті заңмен ұстатқан тұлға.
Шыңғыс хан ұлы далада темірдей тәртіп орнатуды ең басты мақсат тұтқан. Ол халқына өсиет айтып, жарлық шығарып бұйрық бергенде темірдей тәртіптілікті өсиеттеп өзі мұқият орындатып еді. Ол, жасаған жаңа заңы қақында: «Баласы әкесін тыңдамаса, бауыры ағасына ермесе, күйеуі әйеліне сенбесе, әйелі ерінің сөзін көтермесе, ерген елі ерін сыйламаса, нояндары қарашаларының арасында абыройсыз болса, байлары кедейін асырамаса, жер-жерде бейбітшілік орнамаса біздің ұлтымыздың қуаты кетіп, рухсыз болады. Барған жерімнің бәрінде өз бет-бетімен кетушілер көп екен.
Суайттар, ұрлықшылар, қарақшыларға дейін пайда болған. Сондықтан мен халқымның ескі салты бойынша оларды жөнге салып бұл өлкеде бейбіт бақытты өмірді орнатуды мақсат етемін» депті.
Сондықтан Шыңғыс хан монғол елін тәртіпке келтіретін «Ұлы Яаса»
атты заң шығарып орындатқан. Оның ұстанған бағыты, шығарған заңы үнемі мүлтіксіз орындалып отырған. Мысалы, «Елге темірдей тәртіп орнату үшін
өтірік-өсекті тоқтатып, ұрлықты жойып, өлтіруге тиістіні өлтіріп, жазалауға тиістінің жазасын тартқыз» деген бұйрық түсірген. «Ұлы империяның халқы
«тон жағалы, ел ағалы» деген ұстаныммен үлкенді сыйлап, үкіметтің заңын адам басы мұқият орындау керек. Бұл заң ұлы далада мамыражай бейбіт өмір сүретін мүмкіндік туғызады. Ел көлемінде қалыптастыруға және мұқият орындауға тиісті тәртіп ережелерін заңдастырып бекітіп «Көк дәптерге»
жазып, ұрпақтан ұрпаққа қалдыр, ешкім бұзуға құқы жоқ» деп бұйырған еді.
Кейін бұл заң империя құрған кезде бүкіл империяға қызмет етті.
Шығысы Қытайдың Гонконгісінен батысы Жерорта теңізіне дейін, оңтүстігі Таяу Шығыстан Солтүстік Сібір аралығындағы осы заңның алдында бас иіп, осы заңмен өмір сүріп, осы заңмен тыныстады.
Шыңғыс хан тумысынан табиғи әскери қолбасшы болды. Табиғат оған ең әуелі осындай талант берген.
Шыңғыс ханның ұйымдастырушылық ерекше таланты Қытай, Шүршіт, Қидандардан құралған отыздай әскери бірлестіктерді, қосындарды қысқа уақытта біріктіріп, бір ережеге бағынған, көп ұлттан құралған алпауыт армия жасақтаған кезде көзге түсті. Оларға монғол әскерінің қатал тәртібін қабылдатып, бір жүйеге келтіріп, бас қолбасшының бұйрығын бұлжытпай орындайтын темір әскерге айналдырды. Бұл стратегиясы Монғол армиясының адам қорын ұлғайтып, ежелгі дұшпандарының әскери күшін өзіне пайдалы түрде іске асыра алатын мүмкіндік туғызды. Шүршіттің Алтын елі мен кең байтақ сахарада жасаған жорықтарда Ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның әскери талантын жарқырата көрсеткен мүмкіндіктер туғызды.
Шыңғыс хан талантты әскери қолбасшы, соғыс алаңының ер жүрек көсемі болумен қатар ұлы армия мен оның бөлімдерін қажетті орынға дұрыс орналастыра отырып, олардың әрбір іс-қимылдарын жіті қадағалап, бүкіл армияны ұршықша иіріп іске қоса білетін әскери стратек қолбасшы, сезімтал әдіскер екенін көрсете білген. Ол адамдардың тілін тауып, іске қоса білетін қабілетімен қоластындағы әскери қолбасшылардың күш-қайратын, қарымына қарай бүкіл ұлт мүддесіне пайдалана алатын кемеңгер адам болған. Шыңғыс
ханды тек монғолдың ғана емес дүние жүзінің талантты әскери қолбасшыларының бірі әрі бірегейі ретінде танып, мың жылдықтың даңқты қолбасшысы деп әлем зиялылары мойындады.
Ол қасында жүрген нөкерлерінен бастап қарапайым халқының еңбегін бағалап қамқорлық жасауды өзінің алғы істерінің бірі және бірегейі ретінде түсінді.
Темүжін ұлы қаған тағына отырғаннан кейін өзіне жан тәнімен беріліп қызмет еткен қара халықты қарадан төреге дейін, құлдан биге дейін көтеріп ұлықтады. Халқын хан тұқымының иелігіне бөліп берумен бірге олардың иелік ететін жер көлемін белгілеп басшылық ететін нояндарды сайлады.
Шыңғыс хан қағанатын орнатуға жан аямай күрескен 88 нөкерін атын атап, түсін түстеп лауазым ұсынып, 95 мыңдыққа бөліп нояндыққа тағайындайды.
Бұл туралы «Монғолдың құпия шежіресінің» 202-бабында: «Мемлекет орнатып, елді ел етуге жанкештілікпен атсалысқан серіктерімді «ақсүйек»
деп жариялап, күш-қуатын арнаған нөкерлерімді мыңдықтың нояндығына тағайындаймын» деп жарлық түсіріп лауазым таратқан еді.
Бүкіл империяның жетім-жесірлері мен мүгедектерге арнап қор ашқан.
Оларға ай сайын, мезгіл сайын хан қазынасынан нәпақасын таратып беріп, биліктің тікелей қамқорлығына алып бағып-қағып отырған. Дүние жүзінде Шыңғыс ханға дейін ұлы патшалар мұндай қайырымдық қорын ашып мүгедектерге жәрдем етпеген.
Шыңғыс ханның әлем мәдениеті мен өркениетіне енгізген қайта құру ісінің бірлі жарымын тілге тиек етсек.
1. Монғол елінің мемлекеттік қорғаныс күшін жаңа дәуірде жаңаша жасақтаған. Күш-қуаты толысқан елдермен иық тіресетіндей деңгейдегі қуатты армия болған. Империя орнатқан кезде қоластындағы 30-дан астам елдің қосындарын қолға алып, монғол армиясының темірдей тәртібіне бағындырған.
2. Қағанның және бүкіл халықтың тыныштығын қорғайтын «тұрғақ»
атты ішкі әскер «кішіктін» деп аталатын тұрақты милиция іспеттес күштік ұйымдарын жасақтап іске қосқан.
3. Ел басқару ісіне әскери және демократиялық билік құрылымын енгізуі бүкіл әлемдік өркениетке қосқан жаңа саяси жүйе болып есептелінді.
4. Ел аумағында әкімшілік территориялық құрылым жасақтап, ел басқарушы және ел ішіндегі басшылардың (шенеунік) міндетін төменнен жоғарыға дейін анықтап берді.
5. «Ұлы жаса» (яса) атты үкіметтік заң шығарып, әуелі монғол елінде, одан соң империя көлемінде іске қосып, бүкіл әлем халықтарының қақ жартысын заңдық құқықта өмір сүруге қалыптастырды. Бұл дегеніңіз әрбір азаматтың құқы заңмен қорғалды деген сөз. «Ұлы жаса» ұлттық этика мен адами норманы ұштастырған ерекше заң.
6. Монғол елін ашық есік елі етіп жариялап, әлем мәдениетін енгізуге жол ашты.
7. Біріккен Монғол империясын орнату арқылы мал шаруашылығын экономикалық негізгі тірегі еткен монғолдар іспетті көшпелі қоғамның өндіріс күші мен өндіріс қаруын түбірімен өзгертіп, көшпелі және отырықшы шаруашылықты елге айналдырып, елдің экономикалық дамысын алға қоя білді.
8. Ұлы Гоби, Хами, Тұрфан, Такала-Макан сияқты шөл далаға құдық қаздырып, кәрзі орнатып аңқасы қатқан қарапайым бұқараның шөлін қандырып, егінін суарып, нәпақасын тауып еңбек етуіне мүмкіндік тудырған.
9. Дүние жүзінде алғаш рет «Үкілі почта (Өдтэй шудан)» деп аталатын мемлекеттік байланыс жүйесін іске қосты. Оны тұрақты әрі ілкімді жүргізу үшін «Өртең (Өртөө)» атты мыңдаған бекеттер жасақтап, қызмет жасатқан.
10. Империя қоластындағы ұлттар мен ұлыстарға дін бостандығын берумен қатар адамдарды дініне, тегіне, тіліне, атақ-даңқына, лауазымына қарай бөліп қарауға заңмен тосқауыл қойды.
11. Батысқа жасаған жорығы еуропалықтардың есін жиғызып, қала мемлекеттен бір орталыққа бағынатын заңдық құқықты мемлекет орнатудың үлгісін көрсетті.
12. Шыңғыс хан ұрпақтары басшылық еткен Киіз туырлықтылар билігі басы бірікпеген орыс халқын біріктіріп, орыс хандығын құрып берді.
Шыңғыс хан жорығы болмаса Орыс империясы орнамас еді.
13. Жетім-жесірлер мен мүгедектерді асырайтын мемлекеттік қор жасақтап іске асырған.
14. Бір ғана монғол тілін ұлтты біріктіруші бас идеологиясы етіп алып, алғашқы әліпбиін жасап, монғолдардың рухани қуаттылығын арттыру ісін алға қоя білді.
15. Ел басшысы – Ұлы қағанды мадақтап, қолпаштауға тосқауыл қойған. Ол өз атында ақша да шығартпаған, мүсінін де жасатпаған. «Ел басы мақтаншақ болса ел іші жарамсақ болады» деп өсиет айтып, ел ішінде жарамсақтар армиясын жасақтауды тыйып тастаған.
Ол, дүние жүзі бір ғана империяның қоластында бір ғана заңға бағынып, бүкіл адамзат бейбіт жақсы өмір сүрсе екен деп армандаған.
Сондықтан да қоластындағы халқына жаңа тәртіп биік адамгершілік қасиет дарытуға ерекше мән беріп әсер етті. Шыңғыс ханнан бұрын да, кейін де оның деңгейіне жетпесе де кішігірім патшалар ел басқарды. Біразы Шыңғыс ханның ойлағанын ойлаған болар, талпынған болар. Демек, біреуінің қарынның қамы, екіншісінің бала-шағасының, үшіншісінің туыс-туғанының қамы, төртіншісінің адами парасатының кемшіндігінен мұндай Ұлы іске саусағын да сұға алмай өмірден өткен болар, келешекте де солай болар…
«Форбос» журналы соңғы нөмірінің бірінде әлемдегі ең бай адам Шыңғыс хан болған деп жар шашты. Бұл мүлдем жалған. Ол өмірінде өз басына арнап дәулет жинамаған. Барлық тапқан байлығын халыққа арнаған, соларға жұмсаған.
Ал оның бір империя бір заң жобасы бүгінгі ХХІ ғасырда жаһандану бағдарламасымен ұқсас келеді. Еуропада Еуро Одағы құрылып
экономикасын бір тізгінге ырықтандыра бастады. Ұлы Шыңғыс ханның осы мақсатты бұдан 800 жыл бұрын адамзаттың алдына қойғанын көріп отырсыздар.
Уақыт сыны Шыңғыс ханның адамзат тарихында алатын орнын белгілеп, жасаған еңбегін безбенге салып бағалап берді. Соның нәтижесінде оның ұлы істерін зерделеп, сараптап парасатына бас иді.
Міне, көріп отырсызар жоғарыдағы тұжырымдар бүгінге дейін Шыңғыс хан туралы, оның жасампаз істері туралы әлем ғалымдарының саралап сараптап жасаған тұжырымдары.
Әлем Шыңғыс ханды уақ-уақ еске алып, ол туралы сөз қозғап, қалам тартып, оның жақсылығы мен ағаттығын неге безбендей береді деген сұраққа біздің сөз еткен жоғарыдағы уәждеріміз жауап береді-ау деймін. Шыңғыс ханның жасап кеткен осы құндылықтары алтын таққа отырған ханды да, қарапайым қарашаны да тыныш жатқызбайды-ау!
Иә, тыныштық бермейді-ау, бермейді…
Ұлы қаған өмірден өткен кездегі оқиғаны жазба нұсқалар бойынша ой елегінен бір өткізелік.
Шыңғыс хан қайта бас көтерген Таңғыд еліне қолды өзі бастап аттанады. Бәйбішесі Бөрте, қағанның қасына Есүй қатынды ертіп жіберді. Ол – өте ақылды, өткір, алғыр әйел-тін. Таңғыд жолында «Алтын гандыр» атты белегірден ұлы қол өтіп бара жатқанда қаған қамшысын түсіріп алады.
Көмекшілері жетіп келіп қамшысын алып бермекші болғанда қаған тоқтатып:
- Жатсын! Біраз жатсын. Мен осы жердің аумағына көз шалайын.,- дейді.
Аса үлкен бел де емес, белегір. Ағаш өспеген, жан жағы ашық. Жер атауы Алтын мұнара (Алтын гандир) деп аталады екен. Біраз тұрған соң болды дейді. Қол алға жылжып жүріп кетеді. Сөйтіп, қаһарлы қағанның қолы Таңғыд елін қайта жаулап алып, тыныштандырып қайтар күні (1227 жылы қыркүйек айының басында) ұлы тұлға бүгінгі ҚХР-дың Гансу өлкесінің Чин Сүн Сян деген жерінде көз жұмады. Қағанның мүрдесін қазақ арбасына
артып елге қайтады. Жолда жоғарыдағы қамшы түсіп кеткен Алтын мұнара беліне келгенде хан мүрдесі артылған арбаның артқы екі доңғалағы жерге кіріп кетіп шығара алмай әуреге түседі. Жер әлпеті белегір әрі құрғақ, жауын жаумаған. Сөйте тұра құдайдың құдіретінше арба доңғалақтары жерге кіріп кеткен. Күштейін десе арба сынады, күштемейін десе ұлы мүрдені жеткізу ісі кешігеді. Қолбасшыларының бірі Тәңірге жалбарынып дұға оқып, осы жерге үш күн аялдайды. Ақыры дұғадан кейін арба доңғалағын жерден шығарып алады.
Бұл бүгінгі Ішкі Монғолияның (ҚХР) Зүүн-хошун (Солқол-қосыны) ауданының Ежен-қора деген жері еді. Ұлы қағанның мүрдесі үш күн аялдаған осы жерге қаралы керуен кеткен күннен бастап монғолдар 8 киіз үй тігіп ұлықтап бүкіл халықтың тәу ететін қасиетті орға айналдырған. Иә, сөйтіп ол жерге бұқара халық тәу еткеніне 847 жыл өтіпті-ау. Бүгінгі күні ҚХР-дың Үкіметі киіз үй архитектурасымен қазіргі заманның сәнді ғимараттарын тұрғызып, әлем туристерінің көрнекті ордасына айналдырған.
Монғол империясының билік басындағылар сол кезде Ұлы қағанның қайтыс болғанын, оның қайда жерленгенін соншама құпия ұстаған. Қағанның жылдығында оның өмірден өткені туралы хабар таратқан.
Шыңғыс хан дүниеден өткенімен ұрпақтары оның ұлы ісін жалғастырып алып жүріп кетті. Ұлдары Өгедей де, Құбылай да, Толуй да, немерелері Күйік, Мөңке, Батилар бірінен-бірі асып туды. Шыңғыс ханның орындай алмай арманда кеткен ойларын орнына қойды. Жылдар өтті.
Қытайдан Тоғон темір хан 1360 жылы қуылды. Таяу Шығыстағы Құлағудың Илхандығы 1256-1344 жылға дейін, 88 жыл, Шағатай хандығы 1241-1350 жылға дейін 149 жыл, Жошы ұрпақтары басқарған Алтын орда 1242-1492 жылға дейін 250 жыл билік құрды. Бағыну, бағындыру деген не екенін білмейтін, үкімет, билік дегеннен хабары жоқ орыс халқының басын қосып, ел етіп орыс княжествосын орнатып берді. Орыс халқына жаны ашығандықтан емес, салық ісін жеңілдетіп, бір орталықтан алып тұру үшін жасалған саясат еді.
Ұлы тұлға ол дүниелік болғанымен, оның аруағы әлем тарихымен бірге бүкіл континентті сілкіндіріп аунап түсіп, рухы әлсін-әлсін адамзатты ойға батырды. Қасиетті рух бүкіл әлемді түртіп оятып тыныштық бермеді.
Ұмытуға, ұмытылуға тиісті емес екенін киелі рух адамзаттың есіне сала берді. Мыңдаған кітаптар мен мақалалар, ондаған кинолар мен пьесалар ойналды. Сөйтіп, Ұлы қағанның мүрдесін іздеу жорығы басталды. Оған да 200 жыл өтті.
Соңғы 200 жылда 100-ге жуық экспедиция Орталық Азияны кезіп, басын тауға да тасқа да ұрды. Сол жолда мерт болғандар да баршылық.
Барлығы да сәтсіздікке ұшырады.
Атақ шығаруды мақсат еткен алаяқтар бірнеше мәрте ұлы адамның жатқан жерін таптық деп жалған ақпараттарды таратты. Бірақ, бәрі де жалғандықтан аспады. Ұлы тұлғаның мүрдесін іздеген 200 жылда шетелдік бір ғана адам қаған мазарының басына барып қайтыпты. Ол 1903 жылы америкалық кезбе (атын ұмыттым) Кентай жотасындағы Бурхан-Халдун тауына барған. Сонда алты ай бойы тұрып, тұрғын халықпен етене шүйіркелесіп, ішіне кіріп ел аузындағы аңыздарды жазып ала отырып, Бурхан-Халдун тауына шыққан. Сапарын аяқтаған соң еліне барып Шыңғыс ханның мазары Бурхан-Халдун тауының үстінде деген тұжырым жасап жолсапар белгілеуін жариялаған.
1795-1847 жылдары өмір сүрген монғолдың атақты ғұлама тарихшысы әрі жазушы Ванчинбал «Көк судар» (Киелі шежіре) атты тарихи еңбегінде (кейін бұл еңбекті ұлы Инжинаш жалғастырып жазып аяқтаған): «Шыңғыс ханның мүрдесін Онон, Керулен өзенінің бастау алған басы, Бурхан-Халдун тауының төбесіне тас үй орнатып жерлеген. Мүрдені шынар ағашынан жасалған сандыққа әспеттеп орналастырып, сандықты үш алтын белдікпен сақиналап бекіткен. Алтын белдікті сандық арнайы айналмалы механизмге орнатылған деген аңыз бар. Тәңірдің қалауы бойынша қасиетті сандық ғасырда бір рет орнында айналып тұрады-мыс. Алтын құрсаулы сандықтағы Шыңғыс хан мүрдесінің басы шығысқа қараған уақытта мазарды ашса қауіп-
қатерсіз болады-мыс. Сол кезде мүрдені шығаруға рұқсат беріледі деп есептейді. Күн шығыстан көк бұқа мініп келген, белуарына түскен сақалы бар қарт адам бастап мүрдені ашуға тиісті дейді. Мүрденің басы күн шығысқа қарамаса табылмайды да, табыла қалған жағдайда ашуға, шығарып алуға болмайды. Ондай жағдайда мүрденің киесі атады-мыс. Табиғат апаты болады, күтпеген алапат соғыс басталады. Адамзатқа емі табылмас індет тарайды-мыс деген аңыз бар» деп жазып қалдырған. Аңыз монғолдар ортасында да ауызша сақталған. Бұл ақпараттардың сыртында көшпелілер әлемінің әйелдері, соның ішінде монғол әйелдері «қасиетті» деп аталған тауға шығуды ұйғармайды. Өйткені «қасиетті» деп аталған тауларда Ұлы адамдардың мүрдесі жерленген. Ұлы мүрдені төмен етекті әйелдер басатын жосын жоқ. Егер ондай жағдай болса бұл аса ауыр күнә деп есептелген.
Жоғардағы жазба және ел аузындағы аңыздар мен ұлттық дәстүрге әбден қаныққан Нямаагийн Даваа деген монғол азаматы Ұлы қағанның мүрдесін іздеуге бел буған. Талай монғолдар ұлы бабасының мазарын табуға ат салысқан. Соның ішінде бұл Н.Даваа деген кім?
Нямаагийн Даваа Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерінің басында туып, сонда ойнап өскен. Оның бабалары Күлтегін мен Білге қаған кешенінің шырақшысы болған екен. Кішкентайынан ұлы әкесінің тәрбиесін көріп, сол кісінің айтқан талай аңыздарын естіп, миына тоқып сусындаған. Ұлы әкесі Күлтегін кешені орналасқан Көшө-Цайдам жазығының оңтүстік шығысында 6 км жердегі Шіветі-Қайрхан тауының басына Давааны ертіп апарады.
Таудың үстіндегі тастан арнайы қалап тұрғызған алып кешенді көрсетеді.
«Бұны сырт адамға айтуға, көрсетуге болмайды. Мұнда аса үлкен құпия жатыр. Осы құпияны ашуға атсалыс» - деп атасы тапсырады. Монғолдар өте ішті халық. Біз талай рет сол жерге барып, тұрғын халқымен әңгімелесіп, ішке тартып сырласып жүргенімізде бірде бір рет бұл жер туралы тіс жарып, сыр ашпаған.
Сол кішкентай Н.Даваа азамат болып ат жалын тартып мінеді.
Бизнеспен айналысып туристік база құрады. «Анод» атты коммерциялық
банк орнатады. Ақша бар, дәулет жетеді. Енді ол ата өсиетін орындауға ат салысады. Таудағы кешен Шыңғыс хан мазарын табуға бір себеп болатындай, соған көмектесетіндей болып сезіне береді. Сөйтіп ол Мысырға барады. Ферғаун патшаларын таудың астын тесіп жерлегенін көреді. Тан дәуіріндегі қытай патшаларын таудың ұшар басына таяу астын тесіп дәліз шығарып жер үй орнатып жерлегенін көреді. Сөйтіп ол ең әуелі Күлтегін кешенінің алдындағы Шіветі-Қайрхан тауындағы кешенге тарихшы Ж.Бор, археолог О.Батсайханмен бірге қазуға кіріседі. Кешенді үйметастардан тазалау кезінде Білге қағанның мүсінін табады. Алып кешенді бір-екі жылда қазып біту мүмкін емес екені түсінікті. Алғашқы нәтижесі анықталады.
Н.Даваа Білге қаған кешенін қазу үстінде Монғолия Ғылым академиясы мен Үкіметіне мәселе қоя отырып, олардың лицензиясын алып
«Тәңір тегі» атты ғылыми зерттеу қор құрып, Бурхан-Халдун кешенін қазу әдістемесін жасайды. Осыдан кейін жоғарыдағы ақпараттарды сараптай отырып, геолог, геофизик, радиофизик, археолог іспетті арнайы мамандармен, қазіргі заманғы техникамен жабдықталған экспедиция ұйымдастырып, Бурхан-Халдун тауының үстіндегі кешенмен екі жыл бойы жұмыс жасаған. Тікұшақпен аэрофотоға түсіріп ғарыштық ақпараттарды пайдаланады.
Бурхан-Халдун тауы теңіз деңгейін 2367 м биіктікте. Кезінде монғолдың тайчуд тайпасы Темүжінді ұстап алып өлтірмекші болғанда, осы Бурхан-Халдун тауына келіп бой тасалап, Түнкіліг-Қорқының (Түңкелі бұлақ) басына жеті тәулік түнеп жаны аман қалған еді. Хорезм шахына жорыққа аттанар алдында Шыңғыс хан Бурхан-Халдун тауының ұшар басына шығып үш күн, үш түн бойы мойнына кісесін салып тұрып Тәңірден тілек тілеген. Қандай бір ұлы жорыққа аттанар алдында осылайша Бурхан- Халдун тауына шығып тілек тілеп бір Тәңірдің алдында уәжін айтып жеңілдеп аттанатын болған. Енді міне, сол Бурхан-Халдун тауының үстінде Ұлы қағанның мүрдесі орналасыпты.
Бурхан-Халдундағы кешеннің биіктігі 22 м, ұзындығы 280 м, көлдеңеңі 190 м екені анықталды. Геофизикалық бақылаулар жүргізеді. Радиометр мен радиомагниттік әдістемелер арқылы жүргізілген сараптамалардың нәтижесі бірдей шығады. Сараптамалардың нәтижесінде таудың үстіндегі кешеннің астында 30 м тереңдікте бағалы метал және сүйек орналасқан табыттың суретін шығарады. Осылайша, бұл адам мүрдесі жерленген орын екені анықталады. Жоғарыдағы жазбаша дерекпен ел аузындағы әңгіме бойынша Шыңғыс хан мүрдесі осы деген қорытындыға келген. Шыңғыс ханның мазары табылғаны туралы ресми ақпаратты 2008 жылдың басында жариялады.
Тарихшы һәм жазушы Ванчанбал «Көк судар» атты еңбегінде Бурхан- Халдун тауының айналасындағы кіші таулардың үстінде Шыңғыс ханның ұлдары Өгөдей, Толуй, немерелері Мөңке, Күйік төртеуі жерленгенін ашық жазған. Міне, осы төрт ұлы қағандардың төртеуінің де мазарлары түгелдей Бурхан-Халдун маңынан табылып отыр.
Ұлы қағанның мазары осылайша табылды. Өкініштісі, Ұлы қағанның сүйегін сырқыратып мазарын қазуды монғол халқы рұқсаттамайды. Бұған монғол үкіметінің үкімі жүрмейді. Себебі, монғол билігі халықтың уысында.
Демек мазарды ашуға бүкіл ұлт рұқсат бермегендіктен қаһарлы қаған мазары әлі де 1000 жыл бойы әлемнің ашкөздерінен құпиясын сақтап жата берер. Техниканың соңғы жаңалықтарының мүмкіншілігін сарқа пайдалана отырып, мазар кешенін қазбай-ақ құпиясын ашар…
× × ×
Ұлы қаған әлем пендесіне көптеген өсиет қалдырған еді. Соның бірлі- жарымын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Шыңғыс хан өсиеттері
Қабылдаған шешімді өзінен бастап орындамаса, Ол адам елбасшысы емес, бишара.
Адам деген пендені бай, кедейлігімен, атақ- лауазымымен алалау пасықтың ісі.
Адам туса бір дәуірлік,
Көк шықса бір мезгілдік.
Жасаған көмегіңді көмейіңнен шығарма.
Жайсыз қылығыңды кішкентай деп ойлама.
Жақсы да, жаман да болымсыздан басталады.
Даңғойды тым асырма, Даукесті мүлде тыңдама.
Шыққан тегіңді ұмытпауды – ұрпағыңа, Ішкен суыңды ұмытпауды – досыңа үйрет.
Тау гүлі жаңбыр көрсе жанданады, Тау тұлғалар сын естісе тазарады.
Жасанды гүл жаңбыр суымен жоғалады, Жағымпаз жандар сын естісе қуарады.
Өзіңнің кемшілігіңді басқадан естіп білгенің жақсы, Сезіміңнің кемшілігін өзің біліп жеңгенің жақсы.
Бишікте отырып ұрлық қылсаң, Өз басыңмен төлейсің.
Билікте отырып ұрлық қылсаң, Ұрпағыңның тағдырымен төлейсің.
Ағаш кесуге өткір балта керек, Алтын таққа алып парасат керек.
Мәйекті сөзін айтпаған білімді ғалымнан, Түйсігін айтқан ақымақ артық.
Әлемге бейбітшілік орнатып нұрыңды төк, Әйелге сезіміңді беріп нәріңді төк.
Бурхан-Халдун тауы
Бурхан-Халдун тауының басындағы Шыңғыс ханның мазары
Шыңғыс ханның мазары
Мазардың радиометр мен радиомагниттік әдістемелер арқылы түсірген фотосы
Жер астындағы табыттың радиометр мен радиомагниттік әдістемелер арқылы түсірген фотосы
Шыңғыс хан мазарының сызба суреті (жанынан)
Шыңғыс хан мазарының сызба суреті (алдынан)